БІЗГЕ ЖАМАН ЖАЗУДАН БАСҚА БАРЛЫҚ ҚҰҚЫҚ БЕРІЛГЕН ЕДІ...
БІЗГЕ ЖАМАН ЖАЗУДАН БАСҚА БАРЛЫҚ ҚҰҚЫҚ БЕРІЛГЕН ЕДІ...
Жазушы Молдахмет Қаназды көпшiлiк балалар жазушысы деп қабылдайды. Оған себеп – «Чика – Дабылдың баласы» атты шығармасы. Әдеби ортаға енуiне негiз болған да аталмыш повесi. «Жалын» журналының жабық бәйгесiнде жеңiмпаз атанған бұл повесть жас қаламгердiң әдебиетке деген сенiмiн арттырып, беделдi тәп-тәуiр қызметiмен қош айтыстырған екен. Осылайша қазалылық жас қаламгер алматылық әдебиетшiлердiң көшiне iлесiп, қазақ әдебиетiне өзiндiк сара жолын салды.
– Молдахмет аға, ең алғаш рет әдебиет дейтін ауылға қандай әңгімеңізбен келдіңіз?
– Бүгінге дейін он шақты кітабым шығыпты. Оның ішінде қайта басылғандары бар, аудармаларым бар дегендей. Әдебиет деген үлкен ұғым ғой. Әр адамның творчествосы алақұла болады. Сол он томның ішінде оқырманның кәдесіне жарайтыны екі том ғана. Жалпы, менің шығармашылығымды үшке бөліп қарауға болады. Негізінен елдің тұрмысы, содан кейін балалар әдебиеті және тарихи тақырып. Тарихи тақырып деп отырғаным, Жаңғожа Нұрмағамбетұлының көтерілісі.
– Білуімізше, сіз әуелі балалар әдебиетінен бастадыңыз емес пе?
– Шындығында, балалар әдебиетінен бастағанмын. Ең бірінші студент кезімде «Қызыл көйлек» деген бір әңгіме жаздым. Ол әңгімемді әуелі мұғалімдеріме көрсеттім. Бұл 60 жылдары болу керек. «Қызыл көйлекті» әуелі үйірмеде талқылады. Кеулімжан деген ұстазым бар еді. Сол кісі қолымнан жетелеп апарып, әлгі әңгімені облыстық радиодан оқытты. Ол кезде өзіңнің даусыңды радиодан есту қызық қой. Жаспыз. Жас адамға тіптен қызық. Сол әңгімеме тіпті радиодан қаламақы да алдым.
– Студентке қаламақы алу қызық болған шығар, әрине.
– Қызық болғанда ше? Қаламақы беретінін де білмеймін ғой онда. Жалпы, оқырманға мені «Чика – Дабылдың баласы» атты шығармам таныстырды. Мені жұртшылық сол арқылы біледі. Байқап отырсаң, қандай жазушы болмасын, оның негізгі шығармасы болады. Мәселен Мұхтар Әуезов десе, жұрттың бәрі «Абай жолы» деп біледі. Сайын Мұратбековтің «Жабайы алмасы», Қалихан Ысқақовтың «Қоңыр күз еді»-сі белгілі. Сол сияқты көпшілік мені балалар жазушысы деп қабылдады. Одан кейін ол шығармам жалғыз болмасын деп, артынан үш повесть қостым. Екі ертегі жаздым. Бұл әңгімелердің бәрінің арқауы – экология мәселесі болды.
– Балалардың психологиясын дәл, дөп басып тану оңай емес. Бала психологиясы деген өте күрделі мәселе. Баланың деңгейіне ыңғайлап, шығарма жазу да оңай болмаған шығар. Қалай ойлайсыз?
– Ол анық нәрсе. Жазба саласына келгенде кейбіреулердің журналистік шеберлігі мықты боп жатады. Біреулер мақаланы тез жазып тастайды. Кейбіреулер өз табиғатында жазушы болып туады. Балалар жазушысымен жәй жазушының арасында жер мен көктей айырма бар. Кейбіреулер балаға жазылатын дүниені оңай көреді. Балаларға арнап, шығарма жазып, есімім танылғанымен де, балалар жазушысы болып қала алғам жоқ. Себебі шын мағынасында балалар жазушысы емеспін. Баланың жан-дүниесін түсініп, соның психологиясын зерттеген Өтепберген Ақыпбекұлы, Қастек Баянбаев, Мұзафар Әлімбаев, Сейдахмет Бердіқұлов сияқты жазушылар болды. Қазақ әдебиетін қарап отырсаңыз, шын балалар жазушысы болып туғандар бар. Оқырманның кәдесіне шығармам жарап жатса, қанағаттанамыз. Бірақ енді балалар жазушысы болып қалдым деп айта алмаймын. Айналадағы қоршаған ортадағы болып жатқан дүниені балалық таныммен қабылдап жазған дүниелерімнің бәрі соғыс жылдарындағы балалық шақтағы көргендерім. Бүгінгі бала шын мәнінде маған түсініксіз. Өзім балалы болсам да, оларды түсіне бермеймін. Сондықтан болар, бала тақырыбына қайта бара алмай жүргенім.
– Сіз түсіне алмай жүрген бүгінгі бала сіздің шығармаңызды немесе «Менің атым Қожаны» оқи ала ма? Қабылдауы ше?
– Осы тұрғанда біз қаланың баласының психологиясын білеміз. Олар көп жағдайда бұған атүстілеу қарайды. Шамалы есейгеннен кейін, өзі қызығып оқымаса немесе әдебиетке бейім, көркемдікке жақын бала оқуы мүмкін. Қаланың баласы іздеп жүріп оқиды дегенге мен сеніңкіремеймін. Мұның неше түрлі жағдайлары бар. Кітаптың насихаты төмен, біріншіден. Екіншіден, мұғалімнің деңгейі төмендеп кетті. «Қазақ әдебиеті» газетін оқымайтын мұғалімдерді білемін. Өздері қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Бүгінгі өркениетті қоғамда барлығы компьютерленіп кетті. Мұның бәрі әдебиетке ауыр салдарын тигізеді ғой. Ауыз әдебиетін, балалар әдебиетін жандандыру қажет болса, телеарналарға әдебиетті көп енгізуіміз керек. Негізгі біздің алтын сандығымыз – ауыз әдебиеті. Ұшан-теңіз оқиғалары бар, ұшан-теңіз образдары бар. Жұрт жоқтан бар жасайды. Түк мағынасы жоқ. Балалардың психологиясына кері әсер ететін сондай дүниелер. Бұған біз мемлекеттік тұрғыда келуіміз керек. Ұлттық мультфильмдер туралы жиі айтып жатады. Бірақ соны дамытып жатырмыз ба? Жоқ. Жалпы қайталап айтамын, балалардың әдебиетіне, балаларды тәрбиелеуге мемлекеттің өзі қамқор болғаны жөн. Баланың тағдырын, кітабын, тәрбиесін базарға салуға болмайды.
– «Чика – Дабылдың баласын» алғаш рет кім оқыды?
– Оны ешкім оқыған жоқ. Бұл шығарманы ешкімге оқытпаудың, көрсетпеуімнің екі себебі бар. Бірінші, конкурстың шартында, ол жасырын болу керек. Екіншіден, ол шығарманы елде жүріп жаздым ғой. Зейнолла Шүкіровпен ағалы-інілі болған адаммын. Бірақ ол кісіге көрсете қойған жоқпын. Үшінші нәрсе, бұл шығарма іске аса ма, жұрт қабылдай ма, жоқ па, білмеймін ғой. Содан қорыққан болуым керек. Сол себепті де, бұл шығарманы ешкім оқи қойған жоқ.
– «Жалынның» жабық бәйгесі сіздің келесі бір шығармаңызға арқау болды ма?
– Бұған тіптен дауласатыны жоқ. Егер сол шығарма болмаса, менің «Ақ тайлағым-ай» немесе «Қияндағы күн нұры» деген повестерім шықпас еді. Мұның бәрінде әлеуметтік мәселелер қозғалды. Әрине, «Жалынның» бәйгесі осының бәріне түрткі болды.
– Елде жүріп жазушы болуға болмай ма? Қолына қалам ұстағандардың көбі әдеби ортаны іздеуінің себебі неде?
– Зейнолла Шүкіров Қызылордада тұрады. Мен Қазалыдамын. Айына бір-екі рет келіп кетемін. Әуелі апам мен Зәкеңнің үйіне келемiн. Мен отбасылық жағдайыммен елде көп болдым. Алматыдағы жаңалықтардың бәрін Зәкемнен естимін. Бір күні ол кісі маған: «Алматыда Одақта жазушыларға арнап үй салынайын деп жатыр екен» деді. Қабдыкәрім Ыдырысов маған хабарласты бір күні. «Орын дайын, кел» деді. Қабдыкәрім ағамның арқасында баспаға жұмысқа тұрдым ғой. Қабдыкәрімнің мені шақыратын да себебі бар. Өйткені Зәкеңді көтеріп, бірнеше рет Алматыға съезге алып келгенім бар. Қабдыкәрім, Нәсіреддин, Саид, бұлардың достықтары өте керемет еді. Соғыстың қиындығын көрген балалар ғой. Әуелі Алматыға шыққалы тұрғанымда, әкем қайтыс болды. Соған қарайлап, тағы біраз жүріп алдым. Оның алдында кетейін деп жатқанымда, жеңгем қайтыс болып, тағы қарайлап қалғанмын. Зәкеңнің досы шақырған соң, бұл жолы бас тарта алмадым. Әдеби ортаға келудің тағы бір себебі, жазатын адам қалаға қарай алаңдайды да тұрады. Қазіргі жазатын адамға Алматыға келу шарт емес. Үйінде отырып жазса да болады. Сарайда отырып та, жазуға болады. Үш-төрт сиырың болса, бір кітап шығарасың қазір. Ол кезде кітап шығару өте қиын. Сол жағдайлардың бәрі мені Алматыға, әдеби ортаға қарай жетеледі ғой. Бұл жерге келген соң, жаман болғам жоқ. Қабдыкәрім ағам үй алып берген жоқ. Үйді Қонаевтың өзінің қолынан алдым. Бұл да болса, балаларымның арқасы. Балаларымның бәрі жоғары оқу орнын бітірді. Әдеби ортаға өз деңгейінше танылдым. Мұның бәріне еш өкінетінім жоқ. Партиялық ұйымның, партиялық тәртіптің маған көп пайдасы тиді. Өйткені мұндағы тәртіппен андағы тәртіптің арасында жер мен көктей айырмашылық бар еді. Сондықтан мұнда көп жамандық көргем жоқ. Тек, қызғанған адамдар ғана жаманат байлады. Оған түк сасатыным жоқ. Өмір болған соң, ондай болады. Жүре алмай бара жатсаң, итеріп тастайтындар да кездеседі. Ал көріне бастасаң, дұшпандарың да көбейеді екен.
– Сіздің қатарластарыңыздың арасында «жеті жетім» атанған жазушылар да бар. Ол кісілермен аралас-құраластығыңыз қалай болды?
– Әдебиет жағынан «жеті жетімді» білемiн. Өздерінің ойлап, тауып жүрген аттары ғой. Одан кейін «бес тапал» болды. Мен бұлардан бөлек өстім. Ресми түрде қатысқанымыз болмаса, әдебиет жөнінен қатысқанымыз жоқ. Сол жігіттермен қатар қызмет атқардым. Жақсысынан үйрендім, жаманынан жирендім. «Жеті жетімнің» бірі – Болат еді. Онымен бірге қызмет істедім. Оларды білем, бірақ менің ол топқа араласым жоқ. Өйткені мен елде көп жүрдім. Адамға араласу үшін жиі қатысатын жақын жерде болу керек. Жаманды-жақсылы қиындықты бірге кешуің керек. Олар қазақтың әдебиеті мен мәдениетінде үлкен орны бар азаматтар ғой.
– Бұрындары жыл сайын Жазушылар одағында жыл қорытындысы өтетін. Сол жыл қорытындысында біреулердің есімі танылып жатса, біреулердің шығармасы сынға ұшырап жатты. Сізде сол сыннан өттіңіз бе?
– Ол жыл қорытындысынан мен атүсті өтіп жүрдім. Әрбір адам өзін жазушымын деп есептейді. Мен мынадай шығарма жаздым, жұрт соны неге оқымайды деп келеді. Ол творчество адамына, музыкантқа, өнер адамына тән қасиет. Маған жазушылардың қорытындысынан гөрі, әдебиетті оқығаным, сыншыларды білгенімнің көп пайдасы тиді. Плехановты, Белинскийді, Чернышевскийді оқыдым. Әдеби қорытындының екінші жағынан жақсы жағы да бар. Кім артық, кім кем дегендер айтылып жатты. Мұның бәрін көрдік. Сосын кітап іздеуге құмар едік. Ол уақытта адамдар кітапты «аулайтын». Жасырын қара базар деген болады. Сол жерде таптырмайтын кітаптар сатылатын еді.
– Әдебиетке деген құмарлық қолына қалам ұстағанның бойында ғана болған жоқ қой. Кез келген оқырман кітапты іздеп жүріп оқыды. Бір-бірінен сұрап жүріп оқыды. Әуелі кітаптың алыстан атын естіп, қызығатын еді. Қазір ше? Қазір неге қызықпаймыз?
– Бүгінгі оқырман өз көзқарасын айтады. Әркім өзінің дәуіріндегі нәрсені айтады. Соғыс кезіндегі, соғыстан кейінгі балалықтың өте қиын болғанын білеміз. Бірақ сағынамыз. Аш болдық, жалаңаш болдық. Әкеміздің күпәйкесін киіп, мектепке бардық. Бәріміздің ортақ аяқ киіміміз болды. Әуелі інім барып келеді. Содан кейін кезек маған келеді. Қиындықтарға қарамастан, сезінген, түйсінген, өзің тәжірибе жинақтаған өзіңнің дәуірің бәрінен де жақсы. Бұл –анық нәрсе. Сол дәуірде кітапқа құмарлық өте күшті еді. Ұрланып оқитын, жасырынып оқитын. Ең бірінші әліппені оқыдық қой. Менің Жұпар дейтін апам болатын. Сол үнемі бір кітапты қойнына қысып жүретін. Ағаш керуетке отырып алады да, әлгі кітапты оқиды да жатады. Ара-арасында бір жұмыстары шығып қалса, соған кетіп қалады. Содан бір күні әлгі кітапты көрейін деп қолыма ұстап көрдім. Үшінші класта оқитын кезім. Сыртын қарасам, «Мың бір түп» деп жазулы тұр. Сол жылдары «Мың бір түн» шыққан ғой. Соңғы н әрпі, ашық болмаған соң, п болып оқылады. Аздап-аздап оқи бастадым. «О, патшам, о, раббым» деп басталып кетеді. Әңгімелері қысқа-қысқа. Бір күні Жұпар әпкем менің оқып жүргенімді байқап қалды да, желкемнен түйіп-түйіп жіберді. Сол кездің өзінде кітапқа деген құмарлығымыздың басым болғаны ғой. Оқырман шын мәнінде, кітапқа құмар болды. Адам негізі рухани өмірге бейім ғой. Кейде оның дәрежесі көтеріледі, кейде төмендейтін кезі болады. Қазір әдебиетке деген, кітапқа деген сұраныс төмендеп тұр. Дүниеқұмарлық басым болып кетті. Қоғам солай қарай бейімделіп барады. Өйткені капитализм ғой. Капитализм – сенің рухани тіршілігіңе қарамайды. Біздің кезімізде идеология басым болды. Ол идеология адамның әдебиетке деген құмарлығын арттырды. Кеңестік идеологияның қысымы қатты болса да, жұртшылықтың әдебиетке деген құмарлығын арттырды. Оқырманның бәрі кітапты іздейтін. Кітап жинау бәсеке болды. Кейін сәнге айналып кетті. Әлемдік әдебиет болмаса, үйдің іші кемшін түсіп тұратындай көрінетін. Оқырманы азайғанымен де, саналы жұрт құрымайды. Олар іріктелуі мүмкін. Бұрынғыдай жаппай оқырман бола береді деп ойламаймын.
– Сіздер әдебиетке келгенде әдебиеттің есігі кез келгенге ашық болған жоқ. Санаулылар ғана өтетін еді. Қазір «шөп те өлең, шөңге де өлеңге» айналып кеткен сияқты. Сарапқа салып, талап қойып жатқандар да көрінбейді.
– Кеңес Одағы кезінде әдебиетті басып тастау, біржола тұқыртып тастау деген болған жоқ. Кеңестік идеологияға қарсы шығып, елден қашып кетіп, шет елде иммигрант болып жүріп жазғандар қазақ әдебиетінде болған жоқ. Кеңестік идеологияға келіспейтін адамдар іштей қарсылығын білдіріп жатты. Жақтырмау болды. Асқар Сүлейменов, Сейдахмет Бердіқұловтың іштей қарсылықтары болды. Бірақ сыртқа білдірген жоқ. Бірақ әдебиетке келуге мемлекеттің тарапынан ешқандай кедергі болған жоқ.
– Таланттарды тану жағынан ше?
– Ол жағынан да кедергі болған жоқ. Тек, идеологиялық жағынан шектеу болды. Қазір кітапты шығардым, әдебиетке ендім деп айтуға болмайды. Бұған таразы керек.
– Естуімізше, ол кездері одаққа мүше болу да оңай болмаған сияқты.
– Әрнәрсе көбейген сайын қадірі кетеді. Ол уақытта ерекше сүзгiден, талаптан өтіп тұратын. Бұрын одаққа мүше болу үшін әуелі арыз береміз. Оған екі-үш қаламгерден кепілдеме керек. Мүше болғаның туралы куәлікті Мәскеу беретін. Мүше болу-болмау, басты мәселе онда емес. Екі-үш кітап шығардым екен деп жазушы болып кетпейді, шырағым. Бірақ ресми мүше болды деген сөз, ұжмаққа жетті, дүниежүзіне белгілі болды деген сөз емес. Жазушылыққа мүше болмай-ақ тамаша жазушы, тамаша суреткер болуға болады.
– Кітапты шығарудың да талабы ерекше болды. Бір кітапты баспаға әзірлеу үшін бірнеше кезеңнен өтеді екен. Бүгінгі кітаптарды шығару үрдісіне де осындай талаптар қою керек емес пе? – Бұл ұзақ әңгіме. Кітаптың сұрыпталуының қиындығын мынадан-ақ білуге болады. Менімен бірге бір бөлімде Өтежан Нұрғалиев жұмыс істеді. Сәбит Дүйсенбиев, Әлия Бөпежанова, Бақыт Сарбалаев болды. Бұл бірсыпырасы ғана. Қолжазба міндетті түрде үш рецензиядан өтетін. Содан кейін барып, қайта редактордың қарауына баратын. Сосын қайта жөндеуге жіберетін едік. Сол жөндеуден кейін қорытынды жазып, ұсынатынбыз. Ұсынылғаннан кейін ғана жоспарға енгізіледі. Одан ары қарай Мәскеуге жіберіледі. Бір кітап үш жылдан кейін ғана жарыққа шығатын еді. Мұның идеологиялық жағынан талабы қатты болғанымен, екінші жағынан пайдасы да болды. Ең соңғы қарайтынымыз, бұл кітап кеңестік идеологияға қарсы емес пе? Оның арасында коммунистік партияға қарсы сөз айтылып кеткен жоқ па?! Көрдіңіз бе, қандай сүзгіден өтетін?! Екінші жағынан, мұның пайдалы жағы да бар. Кітаптың көркемдік деңгейі де жоғары болады. Артық-ауыстары қысқартылады. Кейбір тұстарын қайта жазуға тура келеді. Сол себепті де, шығарманы жазбастан бұрын, ана жақтан кітап шығаруға бөгет боларлық адам бар-ау деп қауіптеніп отырасың. Қазір кітап жазу оңай болып кетті ғой. Оны біреуге жаздыртып та алады. Бұл да жақсы. Шығара берсін. Бірақ ең жаман жері, оқырманның талғамын өлтіреді. Қарапайым оқырман үшін мынау да кітап, анау да кітап. Біреу отызға толса да, кітап шығара беретін болды. Бұл әдет емес, ауруға айналып барады. Мұның бәрі оқырманның талғамын быламық қып жібереді.– Сіз ұзақ уақыт Жаңғожа батырды зерттедіңіз. Жаңғожа батырды зерттеуіңізге не себеп болды?– Мен Жаңғожа батырдың жетінші немере ұрпағымын. Мұның мәні онда да емес. Бұл кісі туралы ұшан-теңіз ғажап әңгімелер естіген едім бала кезімде. Ол әңгімелерді айтқанда да, аталарымыз есік-терезелердің бәрін жауып, жасырын айтатын. Бұл әңгімелерді айтқан кезде шалдар аһылап-үһілеп, көздеріне жас алып отыратын еді. Себебі Жаңғожа батыр саяси ғайбатқа түскен өте таза адам. Бұл Кеңестер Одағы кезінде де жақсы атты болған жоқ, патшалық Ресейге жақсы болған жоқ. Би мен сұлтандарға да жаманатты болды. Мұны кезінде Тынышбаев айтқан. Соған қарамастан, бұл феодал, билік көздеуші деп ғайбаттаған. Бар-жоғы тоғыз-ақ түйесі болған. Тоғыз түйесін қорғау үшін адам жауға шаба ма? Қазақта орыстың бекінісін қоршап, шабуыл жасаған екі-ақ адам бар. Біреуі – Ақмоланы шапты. Хан Кенесары. Кенесарының қолында мүлкі болды. Ізінде айдап жүрген пәленбай жылқысы бар. Ханның аты хан. Жаңғожа бес мың адаммен Қазалы бекінісін қоршады. Бұл жәй адам. Қазақтың тарихын ақтарып қарап отырсақ, орыстың ақшасынан бас тартқан жалғыз-ақ адам бар екен. Ол – Жаңғожа батыр. Қасиетті адам екені осыдан көрініп тұрған жоқ па? Дінге өте адал болған. Жолдастарына адал болған. Жаңғожа батырды өлтірткенде Катенин патшаға рапорт береді. Сонда Катенин өзінің рапортында: «Өте беделді адамды өлтірдік» деп жазады. Оның өте қасиетті екенін, жұртының оны қадір тұтатынын дұшпанының өзі мойындап отыр. Жаңғожа батырды Шойынбаев қана зерттеген. Бекмаханов бұған қарсы шыққан. Шындығында Жаңғожа батыр осал адам емес. Ол кісіні зерттеу үшін Мәскеуде болдым. Орынборда болым, Ташкентке бардым. Архивтерді ақтардым. Осының бәрін зерттеп жүріп, көзім жеткен бір нәрсе, Жаңғожа батырдың тазалығы, адалдығы. Еліне, жұртына деген қамқорлығында шек жоқ. Жаңғожа батыр туралы таңды-таңға ұрып, әңгіме айтуға болады. Оған сенің газетіңнің беті жетпейді.
Гүлзина БЕКТАСОВА