380
ЖҰМАҚЫН ЖАЗҒАН АБЫЛАЙ
ЖҰМАҚЫН ЖАЗҒАН АБЫЛАЙ
Өзіміз ғана емес, өзге төрткүл дүниені шарлап келіп, қазақтың бейнелеу әлемінің есігін қағып, «Кім бар-ау?» дейтін талғамы жоғары, өресі биік қауымға масаттанып көрсетер інжу-маржанның сапында Жұмекең, суретші Жұмақын Қайрамбаевтың бүкіл еңбектері тұрар еді.
Өткен ғасырдың ортасынан аса бере, дүние есігін ашып, бүгін кемеліне келіп, кескіндеме дейтін алып пештің көмейінен ақ құрыштай құйылып түскен, Жұмақындай шебердің сандығын ашып бір қарасаңыз – тіні ақ алмастай бағалы, ділі өлшеусіз рухани байлықтың үстінен түсесіз. Көсіп жіберсеңіз, «Құрбан айт», «Сейіл», «Киелі бұлақ», «Немере» деп тізіле кететін, кілең мықты картиналары соған дәлел. Оңы мен солы бір, палиндромдай, ойы мен қол шеберлігі осынау картиналарына «жан бітіріп», күллі көрерменнің көкірегіне желгек кезбедей келіп, меймандай қонып, сол кеуденің иесіндей тұрақтап қалады. Қарап тұрсаңыз, шығармасының аясы өте кең. Натюрморттан тартып, пейзаж дейтін етене жанрдың қай-қайсысына кенеп керіп, палитра ашыпты. Әсіресе портрет саласында өндіріп жазды. Жұбайы мен қызының камералық портреттерінен бастау алған адам бейнелері түпсіз тереңге бет түзеп, арыны күшейе береді. Осыған дейін жазған портреттерінің бір парасы Абылай хан образы деп білемін өз басым. «Кеңестік реализмнің» тұйық шеңбері ашылғаннан кейін-ақ қазақтың бейнелеу өнері өзінің жоғалтқан мұрасын іздеуге біржола ден қойғаны мәлім. Тарих қойнауына кеткен, бейнелеу-сурет тілімен айтылуға тиіс аймаңдай тақырыптар андағайлап алдымыздан шыққанда Жұмақын суретші «Абылай хан» сериясын жазуды мықтап қолға алған. – Хандарымыз бен батырларымызды, жақсылар мен жайсаңдарымызды, ел болып бірігу, халық болып тұтасу жолында қанын да, жанын да аямаған арыстарымызды ұлықтау үрдiсi басталды. Портреттер сомдауға баспалар бәйге жариялап жатты. Тәуелсіздік рухымен екінші тынысы ашылған суретшілер аламанға кірді де кетті. Менің таңдағаным Әбілмансұр образы болғандықтан, ол туралы дерек жинадым. Дастандарды сүзіп шығуға тура келді. Сөйтіп, 1944 жылы Германияда салынған алғашқы нұсқаға тоқтадым. Сол портреттен кейін бір қаулап өсер дән жатқанын жүйкем сезді… Нобайларының бәрi жинала келіп, ортақ образға айналды (Кейiн антропологиялық портретiн қалыптастырғанда менiкi түп қазығынан алшақ кете қоймапты). Нәтижесінде, бақ жанып әлгi бәйгеден «менiң атым» келдi, алғашқы плакаттық нұсқасы көп тиражбен халықтың қолына кетті. «Қазағым» деп, өз елінің болмысын дәріптей алатын саналы жанның төріне ұялмай іліп қоятұғын сол вариант жаныма жақын, – дейді суретші, тоқсаныншы жылдардың басын еске алып.Ел басына күн туған зауал шақта халқын қырғыннан аман алып қалудың небір озық үлгісін көрсеткен даңқты хан портретінің содан бері қарай неше варианттары дүниеге келді. Сурет салу өнерінің «салтанатты портрет» дейтін айрықша жанр санатына талай жақсы картина қосылды. Ақшаңқан мұрақ кигізіп, ақ боз ат мінгізіп, әншейін «Салт атты» деп тақырып қойса да, әлеумет оның Абылай хан екенін жазбай танитын жағдайға жетті. Суретшінің жанын жай таптырмаған хан образы жылдармен жылжи келе, кеңейіп, кемерінен асып, шарықтап, көп тұлғалы, кескіндеменің кемел тілімен, композицияның ұтқыр шешімімен жазылып, тағы бір «Абылай хан» дейтін алып полотноға ұласты. Астана жұртының назарына биыл ұсынылған бұл картина өзінің расында үлкендігімен ерекше. Ені екі жарым, көлденеңі бес жарым метр болатын алып полотно Тәуелсіздік сарайының төрінен орын алып, көрерменнің көзайымына айналды. Сізге қарай ту сыртын қасиетті Түркістан, Ахмет Йассауи кесенесінен тартқан қалың топ келе жатар еді бұл картинада. Көпшіліктің тап ортасында ақбозға мінген Абылай хан. Өңкей бір бас киімімен күн жасқаған салтанатты киімді кісілер қаумалаған ханның жүзі байсал мен бекзатқа, пайым мен парасатқа толы. Дер шағы, зар шағы! Әлеумет шамамен үш топқа бөлініп, баяу алға басып келеді. Картинаның оң жағында – әнші-күйші, кернейші, сал-серісімен араласқан, ауыртпалықтың өзін «көппен бірге ұлы той» қылатын қалың бұқара болса керек. Салт аттының сол жағын ала халықтың дәулеттісі мен бағланы, би менен бектері келеді. Тап осы кісілердің ішінен Төле, Қазыбек, Әйтекелерді көрер едіңіз. «Мына қариялар тап солар» деп, көкірек көзіңіз жазбай тани қояды. Қапиядан жол табар адал ұлын дәл танып, хан көтергеніне еш шүбәлары жоқ дана қарттар да бізге ақыл тұнған көздерін жай тастап, өтіп барады. Одан арғы тұста ауыздығымен алыстырып қазанат мінген, алаш туын көкке тіреген батырлар тұтасып келеді. Үш топтың алдарында да қалқан мен алдаспан ұстаған сардарлар. Картинада Түркістан өңірінің аптап ыстығы сары, қызыл сары бояулармен көрініс тауып, аспанның көкшіл реңімен, көлеңкені қапқан алқара көк түспен шарпысады. Сөйтеді де қарама-қарсы «суық» пен «ыстық» түстер ойнап, «жан бітеді». Кезінде суретші әріптесі Қалиолла Ахметжанов та: «Суретші туындылары жайында сөз қозғағанда оның көркемдік тілінің ерекшелігіне тоқталмай кетпеуге болмайды. Кескіндеме өнерінің өмірі – бейнелеу құралы, «тілсіз тіл» – түстер, бояулардың өзара қатынасы. Жұмақын туындыларында тақырыпты бейнелеу ақ пен қара, жасыл мен қызыл, көк пен қызғылт, күлгін мен сары сияқты қарама-қарсы түстердің қайшылығына құрылып, жарық пен көлеңкенің қарсыластығы арқылы шешіледі. Бұл көркемдік тіл «Мәңгілік», «Жекпе-жек», «Аллегория» сияқты еңбектерінде арпалыс пен шиеленістің сыртқы бейнесі, ішкі динамикасы мен қайшылығы күшейіп, күрестің әсерін тудырады. Бейнелеу тілі тақырыптың мағынасына сәйкес келіп, тұтастық құрайды», – дегені бар. Айтса айтқандай, сол әдіс айтылмыш картинадан да өз мінезін және тауып, көрермен көзімен барып оның барақат жүйкесін табады. Әп-сәтте жайылып түсесіз. Осындайда «Әп бәрекелді, картина болса, осындай болсын!» дейтін лепестің айтылып қалары сөзсіз. Ханның тақымындағы сұлу сәйгүлік шіркін, картинаның салтанатты қалпын үдете түсіп, әсем басып келеді. Қазақтың асырып айтатын, «баспа-бас қызға бермес» жануар, қолбасшының ақ, зерлі шапанымен астасып-тұтасып кеткен. Бипаз қолды шеберден шыққан ер-тұрман мен шылбыр-тізгін, үзеңгі, өмілдірік біткен әлгі салтанатты күшейте түсіп, иесінің кәмар белдігі мен қолына таққан жүзік тамғамен ынтымақ табады. Бұл да болса суретшінің қазақ халқының этнографиясын, ғасыр мөлшеріндегі қандай құрал-жабдықпен тұтынғанын дөп білетін сұңғылалығынан хабар берсе керек. Сәйгүлік демекші, сонау эпостардың қойнауындағы жылқы баласымен өмірі бірге батырлардан тартып, күні кешегі Исатайдың Ақтабанға деген ғазиз махаббатындай, Жұматай Жақыпбаевтың Кенежиренге деген іңкәрлігіндей ерекше бір сүйіспеншілік жатады Жұмекеңде жылқы баласына деген. Содан болар, Жұмақын Қожақынұлы шығармашылығында Қамбар ата баласы үйір-үйірімен жүргені. «Табын», «Шеру», «Бетпе-бет», «Аңсау» дейтін картиналары біздің айтпағымызды үдете түсіп, қысқа тілдің жеткізе алмаған тұсын, кем кетігін толтырып жібереді-ай! «Хан тәңірі» полотносын айтып жеткізуге біз секілді суретшінің шорқақ тілі жететін бе еді?!. …Өзі де жарау мініп, қазақтың бейнелеу әлеміндегі реализм дейтін алаңға қарғып шыға келген тұлпарының сауырынан күн домалап: – Әй, мұндайды мен де саламын ғой!– деп әкіреңдеп келгенді демде сабасына салар адуын қуатпен, «Ал, еріп көрші, кәнеки!» деп жайлап айтып, шашасына шаң жұқпай тайпалап бір жөнелгенде, тап өзіндей кім бар екен үзеңгі қағыса кететін? Иә, Керей мен Жәнібектің құрған алып мемлекеті бірер ғасырдан соң ел болып, ары қарай өмір сүруі сынға түскен шағында, елдің бірлігі, халықтың тұтастығы жолына өмірін сарп еткен сардар образы – қазақтың бейнелеу өнерінің ғана емес, халықтың қазынасына қосылған сом дүние.Қашанда жетпейтін уақыт шіркіннің Жұмекеңмен бір сәт кездестіріп қалған сараң сәтінде:– Сүндетке отыратын «жiгiт болып», ашамай қонып, шашақ тағынып, тай мiнiп, әкесiмен үзеңгiлесе әлдебiр сапарға аттанған балақай туралы «Киелi» дейтiн суретiңiз бар. Маған ерекше ұнаған картинаның бірі осы. Бұл қазiр қайда, кiмде?– деймін суретшіден. – Музейдегiлер «Киелi» деп аударыпты ғой, бұл о баста «Сакраментальды» деген атауға келетiн сурет. Қазақшада баламасын таппағам. Оны аударып та керегi жоқ. Тақырып көкейiн тестi ме, көрермен әлгi сөздi өзi-ақ iздеп тауып алады. Несiне бәрiн шайнап аузына саламыз. Ол ас болып жарыта ма? Сүндет дейтiн бiздiң балалық кезiмiздiң анық болып, санада табы қалған кадры iспеттi. Таңертеңнен көретiнiң – сый-сияпат. Қоржының тәттiге, жанқалтаң теңгеге толып, әй бiр шалқитын кезiң… Картинадағы айтпақ ой балақайдың «мұсылман» болғанында емес. Баяғы ататегiмiз, ислам келместен бұрын-ақ қадiрлеп-қастерлеп өткен тазалық дейтiн киелi нәрсесi жайындағы картина. Бұл – ұмыта салуға күнә, алып тастауға еш болмайтын, ата-бабамыздан жiбi үзiлмей, бiрiнен-бiрiне берiлiп отыратын ең бiр сиқырлы, тақырыбының аясы өте кең дүние. Қазір, Астанада, Президенттiк мәдениет орталығында. Суретші портрет жазу барысында қариялар образына жиі барды. «Жолаушы», «Әке портреті», «Тарих», «Данышпандар», «Тілдесу» атты шығармалары осы бір сөзге дәлел.«Қариялар азайып бара жатқан» заманда судай төгілтіп өсиет тоқитын, бордай егілтіп аят оқитын нағыз қарттарды аңсап, сағынып барып түсіреді кенебінің бетіне. Мұндайда кемеңгер де ақылды, білімі асқан ойшыл, данагөй, болашақты болжай білетін ақылшы адамдардың бейнесін кез келген суретшінің жүрегі дауалап сала бермейтінін қаперге алсақ, Жұмақын Қайрамбаев салмағы арта түседі. Тәлімдік мәнге ие, өнеге-үлгі, туа бітті әулиелер бейнесін жасап отырып, Жұмақын суретшінің көкейіне солардай қартая аламыз ба деген қиын сұрақ келетіндей. Қолда бардың қадіріне жете алдық па, солардың нұсқаған жағымен жүрдік пе? Әйтпесе «Майқы би айтқан өсиеттің нәтижесі қане, Мөңке бидің болжауы ше?» дей ме екен. «Менiң Абайым» дейтiн картинасы да осы пайымымыздың бір парасы. Құдайдың қазақ пешенесiне жазған ғұлама жанын суретшi өз көзiмен, көкiрек көзiмен көрiп, өз тереңінен танып барып кенеп бетiне түсiрген. Маңдайы кере қарыс болса да елiнiң маңдайына сыймаған данышпанның портретi де рамаға сыймай, «ақылманның тағдыры осылай таршылықта өтедi» дейтiн ишарамен бiтiрген.Жұмақын Қайрамбаевтың суретшілігінен бір ғана детальдің суретші қауым ғана емес, қазақ баласы үшін мақтаныш болатын жөні бар. Өздеріңіз білесіз, Петербордың Эрмитаж музейінде Рембранттың «Даная» атты картинасы сақтаулы. Бұл өзі – дақпырты алысқа кеткен санаулы шедеврдің бірегейі. Сол картинаны Жұмекең Ленинградтың Репин атындағы Кескіндеме, архитектура және мүсін академиясының жоғарғы курсында оқып жүріп, айлап отырып көшіреді. Жазып бітіргеннен кейін, әділ қазылар тарапынан «түпнұсқаға ең жақындаған көшірме» деп танылып, мөр соғылып, Академияның сурет қорына табыс етіліпті. Жұмекең оқуды тәмамдап, елге қайтқан бірер жылдан кейін түпнұсқа «Данаяға» музейде тұрған жерінде әлдебір делқұлы у құйып жіберіп, картина әбден бүлініп, тоқсан процент бояуы ағып түсіп қалады. Сонда реставраторлар алғаш абдырап, артынша ес жиып, Данаяның көшірмелерін іздей бастайды. Ақыры бәрі бір ауыздан Жұмекеңнің жазған нұсқасына тоқтап, соған қарап отырып түпнұсқаны қалпына келтіреді ғой! Әне, тас жарған қазақ талантының бір парасы! Енді бір сәт, Жұмекеңнің шығармашылығынан көз тайдырып, төңірегіне қарасаңыз – Темірбек Жүргенов атындағы Көркем-өнер академиясындағы отыз жылдай сабақ берген ұстаздық қызметі түсер еді назарыңызға. Қайрамбаевтың алдынан Досбол Қасымовтай, Талғат Тілеужанов, Мейіржан Нұрғожин, Өмірбек Жұбаниязовтай қазақтың бейнелеу өнерінің тарландарының өткеніне куә болар едіңіз. «Күлтегін», «Отырар шайқасы», «Кенесары хан», «Ұшақ-ұшақ» атты мықты картиналарды дүниеге әкелген осынау хас шеберлер өз кәсіпқой палитрасын Жұмекеңнің алдында ашқан-тұғын. Болашақта ұстаздан шәкірт озып жатса, тек сүйініш. – Бәсе, Қайрамбаевтан оқығандар осылай болса керек-ті! – дерсіз сүйіне. ,Біз өткен жазбаларымыздың бірінде: «Бұл кісінің жұрт алдына шығып алған марапаты да жоқтың қасы. Әншейінде күмпілдеп, кейде босқа соғылып жататын Даңқтың да шыңдауылы Қайрамбаевқа келгенде әредік, үнсіз», – дегенбіз. Енді, бүгін сол Даңқ мырзаның сыналар шағы туған секілді.Жеңiс КӘКЕНҰЛЫ,