МАҒАУИЯ МАҒАУИН ТУРАЛЫ

МАҒАУИЯ МАҒАУИН ТУРАЛЫ

МАҒАУИЯ МАҒАУИН ТУРАЛЫ
ашық дереккөзі
578

Мен бүгiнде Қарағанды облыстық “Орталық Қазақстан” газетiнiң бас редакторы қызметiн атқарып жүрген Мағауия Сембайды көп жылдан берi бiлемiн. “Егемен Қазақстан” газетiн қадiрлi Шер-ағаң, Шерхан Мұртаза басқарып жүрген кезде мен Маңғыстауда, Мағауия Қарағандыда меншiктi тiлшi болып қатар жұмыс iстегенбiз. Екеуi де өндiрiстi облыстар. Содан ба, әлде бiз өзiмiз де бiле бермейтiн басқа бiр себебi бар ма, әйтеуiр екеумiз әу бастан-ақ бiр-бiрiмiзге ықыласты болдық. Бiр-бiрiмiзге деген ол ықылас басқа қызметтерге жегiлiп кеткенде де сөнiп, семiп қалмады. Қайта бұрынғыдан да жақындаса түскендеймiз. Кездескен сайын бiр-бiрiмiзге құшағымызды аша ұмтылып, амандық-саулық сұрасып, арқа-жарқа болып қалатынымыз бар. Ал алда-жалда кездесуiмiз тым сирексiп бара жатса, бiр-бiрiмiздi телефон соғып iздеп жатамыз.

Міне, сол қадірлі Мағауия Сембайдың “Алаштың алдаспаны” атты кітабы қолымда тұр. Ежелгі әріптес, етене жақын қаламдастың кітабын бірден-ақ оқып шықтым. Кітап төрт бөлімнен тұрады екен. “Қуатты ойдан бас құрап, еркеленіп шығар сөз” деген бөлімі тұтастай аты-жөні бүгінгі таңда қазақ халқының айбарындай естілетін Мұхтар Мағауинмен сұхбатқа, яғни жазушының шығармашылық зертханасына үңілуге, оның бүгінгі қоғам проблемалары мен кешегі тарихына байланысты көзқарастарынан сыр тартуға құрылыпты.

Мұхтар Мағауин, сөз жоқ, қа­зіргі таңда қазақ халқының маңдайына басар ат төбеліндей ғана азаматтардың бірі. Ол кісі біздің білуімізше, өзінің рухани ішкі дүниесіне, дәлірек айтсақ, шығармашылық әлеміне, оқшау ой-толғамдарына басқа жұртты көп араластыра бермейді. Аралас­тыр­ғаны былай тұрсын, тіпті ашыл­майды да. Содан да ол өзі­нің шығармашылық зертхана құпиясын сұхбат арқылы жария етуге тіпті де құлықсыз. Міне өзін өзгелерден жеке ұстап, кісі киік болып жүретін ағамызға Мағауия, әйтеуір жол таба біліпті. Яғни бұл Мағауияның журналистік әбжілділігінен болса керек.

Әрине Мұхтар Мағауин көп- көп нәрсені көп жұрттан басқаша ойлап, басқаша қорытады. Оған талай рет көзіміз жеткен. Ол кісіні тыңдап отырсаңыз, Ресей империясы тұсында әбден айтыла- айтыла ойымыз бен бойымызды алып, қусырып қысып тастаған схемалар мен стереотиптердің тас- талқаны шығады. Ол Мағауияның сұрағына орай былай дейді: “Біздің тарихшылар 700 жыл бойы моңғолдар биледі дейді. Орыс тарихшыларының сөзін қайталайды. Шыңғыс ханмен болған жойқын соғыста, кейбір ағайындар айтып жүргендей, біз Отырарды қорғағанымыз жоқ, жаудан бостан қылдық. Қыпшақ қауымына, яғни бізге тиесілі Отырарды ілкіде Хорезм басып алған болатын. Ал біз Отырарды қайтарып алдық. Неге десеңіз, Шыңғыс ханның жеңімпаз әскерінің негізгі бөлігін құраған түрік тайпалары еді. Сол кезде атағы шыққан зорлары–Керей, Найман, Жалайыр, Қатаған, Қоңырат”.

Бұл сөздерді естіген бірқатар азаматтардың әлек-шәлегі шы­ғып, ер-тоқымдарын бауырына алып тулаулары әбден мүмкін. Тулағандарын да көргенбіз. Бірақ әркімнің, әркім болғанда да Мағауин сияқты тұлғаның өзіндік тарихи танымын айтуға хақылы болса керек. Сондықтан оған бола апшудың тіпті де қажеті жоқ. Оның үстіне Мағауин бұл пікірін айту үшін айта салмапты. Бәр-бәрін де тереңдегі тамырынан тартып айтады. Дәйегі де, дәлелі де жеткілікті. Солай бола тұра, бұл пікірдің санамызда орнығуы үшін әлі де мұқият зерттеулердің біраз уақыт керек екенін бәріміз жақсы білеміз.

Жазушы бұл пікірін тереңдете кеп “Еуропаны тік тұрғызған жұрт, жұрт айтып жүргендей, қайдағы бір моңғол-татарлар емес–өзіміздің қазақ екен! Ендеше, бізге елдің қоры болу – ұят. Тәуелсіздік тіз­гі­нін алған қазақ елі күндердің күні өркениет өрінен ойып орын алатынына бек сенімді ол”, – деп түйіндейді.

Мен Mұхаңның бұл сөздеріне тіпті де шүбә келтірмеймін. Олай дейтінім, кезінде мен шовинистік көзқарастағы орыс жазушысы, КСРО сыйлығының лауреаты В. Чивилихиннің “Жад”( “Память”) деген көлемді романын оқыған едім. Сол кітабында В. Чивилихин орыс халқының жауы ретінде біздің түсінігіміздегі татар-моңғолды емес, ең алдымен түрік тайпаларын: Керей, Найман, Жалайыр, Қоңыраттарды жау етіп көрсетеді. Сондықтан бұл ретте Мағауин тұжырымы нақты деуге болады.

Мағауия Сембай кез-келген адамға оңайлықпен ішін бере қоймайтын Мұхтар Мағауинмен “тіл табысып”, оның ішкі әлемінен көптеген сыр мен гәпті шығарып алыпты.

Ол сонымен бірге жұрт айтып жүрген “Ойбай, Мағауин еліне сыймай кетіпті, оның біреулерге қара қазандай өкпесі бар екен” –деген жел сөздерге де тойтарыс береді. “Жақсының артынан сөз ереді, жаманның артынан бөз ереді”, – дейді қазақ. Ұзақ сүрең әңгімеден бір байқағаным, Мұхтар Мағауиннің елге, жерге деген өкпе-назы жоқ, қайта махаббат сүйіспеншілігі, сарғайған сезімі арқаңды шымырлатады” деп қайырады. Бұл сөздерден кейін жоқ нәрсені бар қылып бақырайтып жұргендердің талайы-ақ амалсыз тоқтайтын шығар-ау.

Мағауия асыл ағасының ғалымдық қатпарларына көбірек ден қойыпты. Суыртпақтап сұрақ қойып кеп қазақ тілі мәселесіне де жетіпті. Мұхтар Мағауин бұл мәселеде де барынша ашылып сөйлеген екен. “Енді қазақ көркем әдебиет тілінің тарихы орыс әдебиет тілі тарихынан да, ағылшын әдебиет тарихынан да арыда. Орхон- Енисей жазбасын қараңыз. Біздің қазақ тілінің қазіргі жазу үлгісі. Орыстың ХII ғасырдағы “Игорь полкы туралы жыр” деген жалғыз шығармасын қазіргі орыс түсінбейді ғой аудармасыз. Ал бізде V-VIII ғасырларда тасқа қашалған ғажайып мұраларымыз бар. Құлтегіннің, Білге Қағанның, Тоныкөктің басындағы жазу, Мойын Шор жазуы. Ол кезде бүкіл Еуропада жоқ ондай ескерткіш мәдениет”. Бұл сөздерді оқыған жұрттың мәртебесі биіктеп, мерейі өседі.

Сонымен бірге Мағауия Сембай алыста, Чехияда жүрген ағасына елге қайтпайсыз ба, дегендей ишара білдіреді. Оған Мұхтар ағасы “Мен саясаткер емеспін – суреткермін. Саясаткер ел ішінде болуы керек. Елдің тіршілік қарекетіне белсене араласуға міндетті. Жазушыға ел ішінде отыру шарт емес. Осыдан 60-70 жыл бойы жинаған рухани қазына жүрек түбінде жатыр. Енді соны жалғанның жарығына шығарып кетсек. Оны Алматыда отырып жазасың ба, Америкада отырып жазасың ба – мәселе мұнда емес, қаламыңыздан туған туынды туған еліне жетіп жатса болғаны. Тургенев барлық дүниесін шетелде жүріп жазды. Гогольдің өзі Ресейге алыстан барып көз салған. Герцен ғұмыр бойы шетелде жүріп еңбек етті”,–деп жа-уап беріпті. Біз бұл сөздердің астарынан түптің түбінде классик жазушымыз, ірі тұлғамыз Мұхтар Мағауиннің елге рухани мол мұрамен оралатынын ұққандай болдық.

Сонан кейін бұл сұхбат, басқа тақырыпқа, яғни Мұхтар Мағауинмен туған жерінде бірге болған жол сапар жазбаларымен ұласады екен. Онда журналист жазушы ағасының туған-өскен жерлерінде көріп- білгендерін, сондай-ақ аралас-құралас, қо­ныс­тас-іргелес жатқан Абай елін аралағанын баяндапты. Әрине мұнда да әңгімелеуші – жазушы. Журналист Мағауия сол әңгімелердің шет- шебірін бұзбастан қағазға әдемі түсіре білген. Әңгіме желісінен байқағанымыз, Мұхтар Мағауиннің атасы Абаймен замандас қана емес, үзеңгілес те болған адам екен. Ол туралы жазушы: “Құрымбай атам – ұлы Абаймен сыйлас қана емес, аралас, дос-жар болған адам. Кемеңгер замандасы, жас кезінен-ақ біздің Құрекеңді ежелгі шежіре, қазақы тарихты терең білгендігі үшін, ең бастысы кісілігіне қарай қатты құрмет тұтқан сияқты. Абай біздің ақсақалды өз тарапынан жиі шақыртады екен”–деп оқырман қауым біле бермейтін деректі жолай айтып кетеді.Жазушы ағамыз журналист інісіне Абай елін және өзінің туған жерін армансыз таныстырыпты. Әрине, бұл желіп өте шығатын туристік таныстыру емес. Өйткені жазушының әр әңгімесінің аржағында тарихи, қоғамдық,тіпті әлеуметтік мәселелер жиі- жиі бой көрсетіп тұрады. Біз білмейтін немесе ғұмыры естімеген оқиғалар ізі қылаң беріп отырады. Мәселен 1919 жылдың қарсаңында Алаш зиялыларының бір тобы Мағауиннің атамекенінде бой тасалап жатыпты. Тарихи дерек пе? Тарихи дерек. Осы деректі тарқатып зерттесе, қаншама оқиғалар сүрлеуі тарам- тарам боп шыға келуі мүмкін ғой.

Сондай-ақ жазушының Абай өлімі туралы әңгімесінде бізге тосын мағлұматтар жетерлік екен. Мағауия Сембай жазып алған жазушы әңгімесіне құлақ түрейік: “Өзі айтқандай, қан жүрегін қайғы басқан Абайдың ішкі дерті сыртқа шыққан қиын жағдай белгілі болысымен, жан-жаққа шапқыншы жібереді. Алдымен, дәл сол күні кеш батпай жеткен ауылы іргелес Бөжей Мынғатұлы деген кісі болатын. Менің үлкен әкемнің немере ағасы. Том университетін бітірген, еуропаша емшілігімен елге танылған маман дәрігер. Абаймен жақын дос болған, мұңдас, сырлас болған. Жасы бір мүшелдей ғана кіші. Бұрын да, ол жайлауға шыққанда арнайы келіп, Абайдың денсаулық жағдайын қадағалап кетеді екен. Сол Бөжей қарайды да, Абайдың жағдайы ауыр екенін байқайды. Абайдың немересі Уәсиланың айтуынша, бір ақ дәрі береді, сірә Абайдың қан қысымы өте жоғары болған; сол қан қысымын төмендететін ем болуы керек. Бірақ Абай ешқандай дәрі ішпейді. Басын шайқайды да қояды. Үгітке де көнбепті. “Дәрі ішпеймін”… дейді де теріс қарап жатып қалады. Содан Бөжей ақсақал Абай ауылында бірер күндей аялдап, шарасыз жағдайдың шетін шығарып, тыныштық болсын деп қайтып кетеді. Осы екі ортада Доғандей ауылынан Шоқбатыр деген бақсы да келіп жетеді. Зікір айтып, жын буғанда қырық кісіге әл бермейтін, от басынан ұшып, шаңырақтан сығалайтын, қып-қызыл боп қызған темірді тілімен жалайтын, аурудың неше түрін емдейтін атақты бақсы екен. Абайды көреді де, біреулер өзінің көзіне айтты дейді, біреулер сыртқа шыққасын Ақылбайға айтты дейді. Менің жындарымның әмірі жүрмейтін өзгеше дерт”, – депті. – “Ертең жоқ бірсігүні өледі” – депті.

Бұл мағлұматтар тек абайтанушылар ғана емес, қалың оқырман қауым үшін де аса қажет қой. Өйткені Абайдың жүрген, тұрған жерлері де, айтқан сөзі де, істеген ісі де, дүниеден озған кезі де – бәрі- бәрі де біздің рухани тарихымыз, ортақ игілігіміз. Олай болса, бұл жерде Мағауия Сембайға алғыстан басқа айтарымыз жоқ болса керек.

Журналист кітабының “Атың барда жер таны”… бөлімінде Ұлыбритания мен Чехияға барған сапарларын олардан алған тағылым, әсерлерін әңгіме етіпті.

Лондонның даңқты тарихи ескерткіштерін суреттей келіп, бір кезде академик Қ. Сәтбаев секілді алыптың жүріп өткен жолдарын кезіп кетеді. Оның Черчильмен кездескен сәтін әрі нанымды, әрі қызықты етіп суреттейді. Ол кісінің паң өрлігін, білімпаз ірілігін бірер штрихпен әдемі жеткізеді.Ал “Көзкөрген” бөлімін өзінің замандастары туралы хикаялар жиынтығы деуге болады. Онда тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіровтен бастап, халық шаруашылығының әртүрлі салаларында жұмыс істеп жүрген еңбек адамдары туралы сыр шертеді. Сырттай бақылаушы ретінде емес, ішіне кіріп олардың адамдық болмыс-бітімдеріне үңіледі. Тaғы да ол зерттеулер кейіпкер мінезі арқылы, олардың жұмысқа деген, елге деген көзқарастары арқылы шынайы өрбиді. Мақтаудың жөні осы екен деп құр дабыра жалаң, жадағай сөздерге бармайды. Әрқайсысының кескін- келбеті атқарылған істерімен, әрекет үстінде ашылып отырады.

“Алтын бесік” бөліміндегі ма­қа­лалар да осы желімен жазылған.

Бір сөзбен айтқанда, қаламдас әріптесім Мағауия Сембайдың бұл кітабы кім-кімді де бей-жай қалдырмайтын, кім-кімді де ойландыратын, толғандыратын, айтары мол кітап дей аламыз.

Темiрхан МЕДЕТБЕК

Серіктес жаңалықтары