ҚАЗАҚТIЛДI БЛОГШЫЛАР ҚҰРЫЛТАЙЫ ӨТЕДI
ҚАЗАҚТIЛДI БЛОГШЫЛАР ҚҰРЫЛТАЙЫ ӨТЕДI
Наурыз айының 22-23 күндерi Астана қаласындағы Назарбаев университетiнде «Blogcamp-2012» қазақтiлдi блогшылардың екiншi құрылтайы өтедi. Аталған шарада қазақтiлдi интернет саласының белсендi қолданушылары – блогшылар, интернет журналистер, IТ мамандары бас қосып, қазақтiлдi интернеттi дамыту, жаңа технологияларды меңгеру сынды өзектi мәселелердi талқылап, өзара тәжiрибе алмаспақшы.
«Blogcamp» қазақтілді блогшылардың құрылтайы алғаш рет 2011 жылы 11-12 наурыз күндері журналистика, интернет, жаңа медиа саласын дамыту мақсатында құрылған «MediaLab», «Мiнбер», «Медианет», «AsClub» журналистiк орталықтарының ұйымдастыруымен Алматы қаласында өткізілген болатын. Шараға Қазақстанның түкпiр-түкпiрiнен және Франция, Германия, Үндiстан, Моңғолия, Ұлыбритания, Түркия сияқты шет мемлекеттерден келген 200-ге жуық қазақтілді блогшы қатысты. Шара аясында тұңғыш рет ең көп жаңаланатын, талқыланатын блогтардың, сондай-ақ, ең үздiк ақпараттық, саяси-әлеуметтiк, тақырыптық, пайдалы блогтардың авторлары арнайы сертификаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ қазақ тілінде тұсауын кескелі отырған geogebra.kz, ana-bala.kz, termin.kz, kazlife.com сынды интернет-жобаларға арнайы гранттар берілді. Нәтижесінде қазақ тілді интернет саласында жаңа сайттар пайда болды. Блог саласына қызығушылық артты. Құрылтайдың ұйымдастыру алқасының мүшесі, блогшы Ербол Азанбектің айтуынша, биылғы блогқұрылтайдың басты мақсаты – тек блог саласындағы ғана емес сонымен қатар қазнеттегі басты мәселелерді талқылау, пікір алмасу, ары қарай дамыту мәселесін талқылау. «Былтырғы құрылтайда негізінен блог саласының жай-күйі сөз болған еді. Блог – интернеттің бір бөлшегі. Биыл блог саласын ғана емес жалпы интернетті, қазақ тілді сайттарды қамтуды көздеп отырмыз. Құрылтайға Қазақстанның әр аумағынан 100-ден астам интернет қолданушы қатыспақ», – дейді ұйымдастыру алқасының мүшесі.