JANAOZEN.NET ПОРТАЛЫ АШЫЛДЫ
JANAOZEN.NET ПОРТАЛЫ АШЫЛДЫ
Жаңаөзен оқиғасы – дүйiм жұртты дүр сiлкiндiрiп, талай жанның жүрегiне жара салды. Желтоқсанның ызғарлы күнiнде лап ете қалған оқиғаның анық-қанығы бүгiнде анықталу үстiнде. Осы iске қатысы бар деген 52 адам тергелiп жатыр.
Осы аптада Жаңаөзен оқиғасына байланысты ақпараттық, қоғамдық-саяси www.janaozen.net порталының тұсаукесері болды. Порталдың бас редакторы Қасым Аманжолұлының айтуынша, ақпараттық портал Жаңаөзен оқиғасына қатысты барлық жаңалықтарды қамтып, сонымен бірге оқырман қауымды ел өміріндегі басты қоғамдық-саяси оқиғалардан құлағдар етіп отырады.
Сондай-ақ ол: «Бұл порталды аша отырып, қандай қадамға барып тұрғанымызды да білеміз. Біз бір үлкен атаудың, үлкен оқиғаның аты арқылы жарнама жасауды мақсат тұтпаймыз. Бұл таза сезімнен, таза жүректен туындаған қазақ жастарының ішкі жанайқайы және біздің кәсіби міндетіміз», – деді Қасым Аманжолұлы порталдың ашылу рәсімінде.
www.janaozen.net порталының тұсаукесеріне қатысқан саясаткерлер, қоғам қайраткерлері жастарға сәттілік тілеп, тәуелсіз ой-пікірді көпке жеткізетін ақпарат құралдарының көбейгеніне қуаныш білдірді. Айталық, «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбайұлы порталдың қоғам осындай «ақиқатты ашып айтатын» ақпарат құралдарына зәру болып отырған сәтте ашылып отырғанын айта кетті.
Сегіз журналистен құралған жаңа порталдың астаналық бөлімшесі де бар. Онда саяси тақырыптарға арналған анимациялық мультфильм, «Жаңаөзен – рухым» сияқты түрлі жобалар бар. Журналист Саламат Омаш: «Жаңаөзен – рухым» атты интернет мүшәйраның негізгі мақсаты ақындарды қасіретті тақырыпта жырменен жарыстырып қою емес, қанды оқиғадан көз жұмған бауырлардың рухына тағзым етіп, олардың есімін ел есінен шығармау. Абылай ханды Бұқар жыраудың жоқтауы, Қазыбек биді қызы Қамқаның жоқтауы, Абайдың ұлы Әбішті жоқтауы тасқа басылып, тарихта хатталған. Сол сияқты Жаңаөзендегі қайғылы оқиға туралы азалы, зарлы үнмен жазылған жырлардың лебі ғасырдан ғасырға жетуі тиіс деп білеміз. Қазақта мықты ақындар бар. Үздік жырларды тәуелсіз үш сарапшы анықтайтын болады. Жыр сайысына енген туындылар ақынның өз оқуымен камераға түсіріліп, сайттың мұрағатында сақталады», – деді.