2039
«БИЛЕР СӨЗІ КИЕЛІ»
«БИЛЕР СӨЗІ КИЕЛІ»
Дана қазақ: «Тура биде – туған жоқ, туғанды биде – иман жоқ» – дейдi. Бағзы замандардан келе жатқан бұл ұлағатты сөз әдiлдiктi асқақтатып, шындықтың шырайын шығарған билерден қалса керек. Бұл сөз күнi бүгiнге дейiн құндылығын жоғалтпаған. Қалың ел iшiнде бұрын да таласты жайлар көп болып, әдiлдiгiне жету үшiн билерге жүгiнген. Iстi бұра тартпай әдiл шешкен билердiң ел аузында аты қалғаны бесенеден белгiлi.
Белгілі зерттеуші-этнограф Тынышбек Дайрабай мен заң ғылымдарының кандидаты Молдабек Ахметовтің жуырда «Билер сөзі киелі» атты кітабы жарық көрді. Кітап арғы-бергі тарихтағы Сыр елінің билері хақында шежірелі сыр шертеді. Олардың ішінде исі қазаққа аты мәшһүр, әділдік үшін қара қылды қақ жарған Әйтеке, Досбол, Балаби, Тұрсынбай, Торғай, Мәмбет, Төребай, Басықара, Жәрімбет, Кетебай, Сапақ, Жетес және басқалардың ата-тек шежірелері туралы айтылып, ел ішіндегі әралуан дау-дамайларға жасаған төреліктері, ұтымды әрі көпшілік көкейіне қонымды кесім-шешімдері нақты деректерден алынып, ел аузында жүрген қанатты сөздері еніп отыр. Кітаптағы деректердің көбі мұрағат материалдарынан алынып жазылған. Сондай-ақ мұрағатта ғасырлар бойына қозғаусыз жатқан билердің сурет бейнелері, мөрлері, кесенелер суреттері, Бостан мен Шоқай секілді билердің бұрын айтылмай жүрген ұлағатты сөздері алғаш рет оқырман назарына ұсынылып отыр. Осы айғақ-деректермен таныса отырып, қазақ билерінің көшпелі өркениеттің салт-дәстүрін қалыптастырып, айрандай ұйытқан даналықтарына қайран қаласың. Ел ішіндегі телі-тентегін әділ шешімдерімен тыйып, жөнге салған, бірлік пен татулыққа ұйтқы бола білген, даланың ұлт табиғатына сай заң жүйесін жасаған билер ақыл-парасат қазынасы екенінде еш күмәнің қалмайды. Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, заңгер ғалым Салық Зиманов «Би – халық шежірешісі, данасы, әрі заңгері» атты зерттеу еңбегінде: «…Ерте және кейінгі жазба деректерге қарағанда ұлттық және аймақтық әділ сот тарихына енген билер саны жүзден астам. Ол билердің ішінде заңдылық пен әділ соттың «Алтын ғасырының» дәстүрлерін ғасырдан-ғасырға жеткізіп, сақтаған және оны әркез уағыздап отырған билер де көп болатын. Мысалы Майқы би, Аяз би, Едіге би (Ноғайлы – қазақ елінен), Төле би (Ұлы жүз), Қазыбек би (Орта жүз), Әйтеке би (Кіші жүз), Жәнібек би (Торғайда), Тіленші би, Есет би, Әнет баба би, Сырым би, Саққұлақ би (Бөгенбай батырдың немересі, Ереймен жерінде), Шорман би, Шоң би (Баянауылдан), Сайдалы би және Аққошқар би (Арғын елінен), Ерден би (Бағаналыдан), Бала би, Досбол би, Ақтайлақ би, Мөңке би, Байдалы би, Тоқсаба би, т.б. Таңғаларлығы олар ұлан-байтақ қазақ-қыпшақ даласының әр түкпірінде өз руластары арасында, өз ауылдарында өмір сүргенімен, олардың атағы бүкіл Ұлы Далаға әйгілі болды. Қазақ билерінің барлығы қай ғасырда, қай жерде, қай рулы елде өмір сүргеніне қарамастан қазақ әділ сотының атасы атанған Майқы биді бірдей пір тұтқан. Орталық Азияның ұлан-байтақ аумағының түрлі бөліктерінде орналасқан қазақтардың этникалық, тілдік-мәдени және идеялық-психологиялық бірлігін түсіндіретін құпиялардың бірі дәл осы қазақ құқығы мен әділ сотының жүйесінде деп есептеуге толық негіз бар», – деген.Бұл кітаптың тағы бір ерекшелігі қазіргі заң мен құқық саласында қызмет етіп жүрген айтулы азаматтардың билер жөніндегі ой-толғамдары да молынан қамтылған. Академиктің бұл анықтамасына Тынышбек Дайрабай мен Молдабек Ахметов өз пікірлерін қосқан. «…Қазақ қоғамында билік жүйесі бірнеше тармақтарға бөлінгенін көреміз. Ауыл-аймақ арасындағы билікті рудағы белгілі адам атқарса, өңір-аймақты билігімен, көсемдігімен көрінген ру, тайпа басшылары басқарған. Ең жоғары деңгейдегі билікте негізінен хандар мен сұлтандар болған. Негізгі билік оларда болғанымен билер олардың биліктерін шектеп отырған. Батырлар мен байларға қарағанда билер тобы халыққа жақын. Өйткені олар алдарына келген дау-жанжалдарды көпшілікпен, жариялы түрде шешкен. Кейде билер ру басшылығы мен әкімшілік қызметті де қоса атқарып қана қоймай, қарамағындағылардың іс-әрекетіне де жауапты болған»,– дейді. Кітаптың көлемі мен безендірілуі де талғамға сай. Білімқұмар оқырмандардың көңілінен шығарына күмән жоқ.Көлбай Адырбекұлы