ЫБЫРАЙ ЖОЛЫ

ЫБЫРАЙ ЖОЛЫ

ЫБЫРАЙ ЖОЛЫ
ашық дереккөзі
677

Тарихи тұлғалар өз дәуірінің туындысы. Қазақтың тұңғыш кәсіби ағартушысы, ақын және жазушы, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсарин де қазақ қоғамының аса бір қиын да, ерекше кезеңінің жемісі болатын. Бұл көбіне патшалық Ресейдің отарлау саясаты тереңдей түсіп, қазақ даласын толық басқаруға көшуімен байланысты болса, екінші жағынан қашаннан көрші келе жатқан екі халықтың өмірінде жаңа қарым қатынас та пайда бола бастаған еді. Соңғы құбылыс тұтас қараңғылықта отырған халықтың өміріне игі әсер етті. Арысы Батыстың, берісі Ресейдің озық мәдениеті және ғылымының ықпалымен ұлттық кадрлар рухани әлем сахнасына келе бастады. Олардың қызметі негізінен ағартушылық сипатқа ие болып, өркениеттен кенже қалушылыққа қарсы бағытталып, халықты білім-ғылым, өнерге шақырды.

Осындай кезеңде дүниеге келген Ыбырай Алтынсариннің өзінің табиғи болмысына қоса қоғамдық-саяси көзқарасының жетіле түсуіне, оның демократиялық бағытта қалыптасуына орыстың алдыңғы қатарлы педагогтары және жазушылары, олардың бостандық жолындағы ой-пікірлері мен іс-әрекеттері оң ықпал етті. Қызмет бабындағы мақсаты қазақтарды орыс­тандыру болған миссионерлермен жиі араласу да қажет болып, оларды өз халқының мүддесі үшін ұтымды пайдалана білді. Бұдан басқа жол жоқ болатын. Ыбырай Алтынсарин тағдырына өзгеден ерекше қазақтың «тұңғыш» сөзінің көбірек жазылуын белгілі жағдайда сол заманның ерекшеліктерімен түсіндіруге болады. Ол – тұңғыш кәсіби ағартушы, тұңғыш мектеп ісін ұйымдастырушы, «қараңғы қазақ көгіне» тұңғыш шамшырақ жаққан, халқын ана тілінде оқытқан алғашқы маман ұстаз, бұрын болмаған «Қазақ хрестоматиясы» кітабының авторы, бірінші «Мұсылманшылық тұтқасы» деген оқулық жазған, қазақ балаларымен қатар қыздарға да білім беру, олардың бойына түрлі кәсіптік мамандық дәнін егуді тұңғыш ұйымдастырушы және т.т. деп жалғастыра беруге болады. 1864 жылғы 16 наурызда Ы.Алтынсарин өзі жиі хат алмасқан Қазан университетінің профессоры Н.И.Ильминскийге жазған хатында былай деп еді: «Менің үнемі ұмтылған тілегім – қалай да пайдалы адам болып шығу еді. Ал қазір осыған қолым жетіп отырғанын ойласам, көңілім толық жұбаныш табады» [1, 274]. Шынында да, қараңғы қазақ даласының тарихында бұрын-соңды болмаған, маңызы жағынан теңдесі жоқ әлеуметтік мұратты алғашқы осы ұстаз тағдырына жазды. Ол кезде қазақ халқы «жылы сөзге ынтызар жетім бала сияқты» өз тіліндегі оқу-білімге сусап отырған еді. Бірақ түрлі қиыншылықтар жетіп артылатын. Патша өкіметі таза қазақ мектебін ашуға рұқсат бермеді. Екінші жағынан қоғамда ғасырлар бойы жалғасып келген жатқан орысша оқуға деген әлеуметтік қарсылықпен күресу керек болды. Халықты оқыту ісіне биліктегі оқыған адамдардың жаны аши қоймады. Ыбырай сөзімен айтқанда, жергілікті бастықтар бекіністердің жанынан мектеп салудан гөрі, үйлерінің онсыз да қызыл төбелерін боятқанды, онсыз да ақ қабырғаларын ақтай түскенді тәуір көрді. Алайда Ыбырай Алтынсарин 1864 жылғы қаңтардың 8-і күні қазақ сахарасында тұңғыш ашқан мектебіне 14 бала тартты. Өз сөзімен айтқанда, ол «балаларды оқытуға қойға шапқан аш қасқырдай өте қызу кіріседі». Және олардың кейін парақор болып шықпаулары үшін оларға адамгершілік жағынан да әсер етуге де бар күшін салады. Өйткені ол кезде ауылда орысша шала оқығандардың көбісі өз мүмкіндігін халыққа қызмет етуден гөрі, олардан өзіне қажеттіні жырып қалу үшін пайдаланатын. Ыбырай Алтынсарин «қазақтарға білім берудің басты құралы, біздің барлық үмітіміз, қазақ халқының келешегі осы деп» мектептер алдына аса зор әрі нақты міндеттер қойды. Ол мектептерге тек орыс тілін ғана оқытып, оқу-жазуды ғана үйрететін деп қарауға болмайтынын, олар оқушыларды отырықшылыққа, тазалыққа дағдыландыратын, әр нәрсеге де ақыл-оймен қарай білетін етіп шығаруы керек деген талап ұсынылды. Оның ойынша, оқушылар мектепте білім, белгілі бір бағыт алып шығып, айналасындағы халыққа өздерінің тың, адал ақыл-ойларымен әсер ете алатындай тәрбие алып шығуы қажет. Оқу үдерісінде тәрбиені терең түсінген ұстаз оған көбірек зер салғанды жөн көрді. Мектептің халықтың қалың бұқарасын қамтуы үшін Ыбырай ауылдарда, болыс­тарда, уездерде ашылуына ұмтылды. Және ауыл мектебі ауыл өміріне, болыстық мектеп – болыстағы жағдайға сай құрылуы керектігіне назар аударды. Оның ойынша, ауыл мектептері үлгілі, тәртіпті, көрнекі, мәдениетті, бүкіл мәдени-ағарту жұмысының орталығы, «қазақтарды оқытудың негізгі буыны» болуға тиіс. Ыбырай Алтынсарин халық мектептерінің тағы бір артықшылығы онда оқыған адамдар өзінің туған жерінде қалады, сөйтіп алған білімі қаншалықты аз болғанымен де, айналасындағы халықтың экономикалық тұрмысына және олардың ой-пікіріне қалай да оң ықпалын тигізеді деп есептеді. Өзінің практикалық ісінде Ыбырай өзі ашқан мектептерді сауаттылықты ашумен қатар жастарды өмірге дайындау, бейімдеу мәселесіне, оларды адалдыққа, халықты сүюге, оған қызмет етуге, шаруашылыққа болысып, ата-анасына жәрдем беруге, еңбекке тәрбиелеуге бағыттады. 1883 жылы Торғай қаласыңда ашылған қолөнер мектебін қазақ халқы өміріндегі “айрықша мәнді оқиға” деп атап, оны “қазақтардың нақты білімінің бастамасы” санады. Мектепте арнаулы сабақтармен қатар, қосымша сабақ ретінде, балаларды қол өнеріне баулыды. Ауыл шаруашылығы мектебінде оқу ісі түгелімен тәжірибеге негізделіп қойылды, онда былғары илеу, сабын қайнату, май шайқау, құмыра жасау істері, ағаш-токарь, ұста-слесарь өнерлері үйретілді. Огород егу, бау-бақша салу, мал шаруашылығы, егіншілік кәсібін үйрету назардан тыс қалмады. Осы мақсатта мектеп айналасында бақша, жеміс ағаштары отырғызылды, гүл ектірілді, олар күтіп-бапталды. Осылармен қабат құрылыстармен таныстырылды, мал емдеу тәсілдері, астыққа зиянды жәндіктермен күресу тәсілдері игерілді. Сондай-ақ техникалық мектеп ашу проблемасы да көтерілген болатын, бірақ Ыбырай бұл мақсатына жете алмады. Қазақ балаларымен қатар қыздарға да білім мен тәрбие беруді ұйымдастыру – Ыбырай Алтынсарин қызметінің айрықша маңызды қыры еді. Ол «Қостанай бекінісінде қазақ қыздарына арнап мектеп ашу туралы» Торғай облысы әскери губернаторына рапортында халықтық тәрбиеде әйелдерге білім берудің өлшеусіз маңыздылығы туралы айта отырып, мектептің жобасын жасаушылардың ойынша, қыздарға қарапайым халықтың тұрмысына керекті, мысалы киім тігу, киім пішу, шәлі тоқу, түбіт-шарқат тоқу, жіп шалу және қазақтардың қолында көп болатын жүн, қыл материалдарынан киіз басу, өрмек, бау және кілемдер тоқу сияқты әйелдер істейтін жұмыстар үйретуді көтерген болатын. Сонымен қатар «бұл істің айтарлықтай нәтижелі болуы оның пайдалы екендігіне халықтың өзінің азды-көпті көзі жетуіне байланысты болмақ» деп жазуы жайдан-жай емес еді. Шынында да, мұндай мектептерге қарапайым халық қыздарын бере қоймады, тек оқыған азаматтар ғана алғашқы қадам жасады. Мектеп ісінде жастарды қолөнеріне, ауыл тірлігіне үйретудің астарында жастарды күнделікті тұрмысқа, өмірге бейімдеу деген үлкен идея жатыр еді. Бұл сондай-ақ білім мен тәрбие егіз деген қағидаға сәйкес те тірлік болатын. Әрі бұл жастардың ертеңгі өмір сүрер жолын, мамандық бағытын айқындау да еді. Бүгінгі мектеп жүйесінің күнделікті өмірімізден соншалықты алшақтап кеткенін көргенде, осыдан бір жарым ғасыр бұрынғы ұстаздың кемеңгерлігіне таң қалмау мүмкін емес. Ыбырай Алтынсарин мектепке ең керектісі – оқытушы деп санады. Тамаша педагогика құралдары да, ең жақсы үкімет бұйрықтары да, әбден мұқият жүргізілетін инспектор бақылауы да жақсы оқытушыға тең келе алмайды деп жазды. Осылай оқытушыны дүниедегінің бәрінен де қымбат көретінін айта отырып, ол бір хатында: «Өзімнің оқытушыларымды мен туысқанымдай көремін, біздің барлық ісіміз де, ақыл-ойымыз да, тілегіміз де, материалдық күшіміз де бір. Басқаша болуы мүмкін емес. Бізге ең ауыр, жауапты кезең кез келіп отыр; бұл кезеңде біз бәрін жаңадан бастап жасауымыз керек, осы жаңалықтың бәрін де қараңғы халықтың арасына енгізіп, күшіміздің келгенінше, біліміміздің жеткенінше олардың көзін ашуымыз керек» деп жазған болатын. Сонымен қатар ол оқытушылардың кәсіби даярлығына ерекше қарап, халық мектептерімен мақсаттас оқытушылар мектебі болуы қажеттігін де ойлаған болатын. Мектеп құрылысына ерекше көңіл бөлінді. Ыбырай орталықтардағы мектептер өзінің сыртқы құрылысымен де, ішкі мазмұнымен де, білім-тәрбиесімен де ауылға үлгілі болуы қажет деп санады. Егер солай болса, онда отырықшы аудандардың бәрінен шалғай жатқан қазақ даласынан ашылмақшы болып отырған қазақ бастауыш мектептері олардан ең жақсы оқу әдістерінен, мектеп тәртібі және шаруашылық жөнінен жақсы үлгі алған болар еді деп ойлады. Ол қазақ шаруалары балаларын мектепке алып келгенде, балам білім алады деп қана қуанбасын, өзі де сол мектепті көріп, «өмірді осылай құру керек екен» деп, үлгі алып қайтатын болсын деді. Бұл үшін мектеп үйлерінің «тазалық сақтауға, ұқыптылық, тәртіп орнатуға жағдай туғызатындай етіп» жабдықталуын қадағалап отырды. Тіпті құрғақ, жылы бөлмелерде тұруға үйретудің өзі қазақ даласында тәрбиелік мәні бар жұмыс деп білді. Қазақ оқушыларының бойына ізгілік өрнегін егу үшін Ы. Алтынсарин 1879 жылы тұңғыш рет ана тілінде “Қазақ хрестоматиясы” оқулығын дайындады. Оқулықтың «Сөз басында»: «…қазақ халқы азбаған, табиғаты таза халық. Оның талабы біреу салып берген тар шеңбердің қыспағына сыя алмайды, ой пікірі еркін, оның келешегі үшін оған тек сана сезім жағынан жалпы білім мен пайдалы өнерді үйрену керек болып отыр» деп жазуын толық түсінуге болады. Хрестоматияға енген шағын әңгімелер, өлеңдер, ауыз әдебиетінің үлгілері, орыс педагогтері мен қаламгерлерінен аудармалардың тәрбиелік мәні жоғары еді. Олар еңбекке, кәсіпке үйрету, өнер, білімге баулу, жастар бойына адалдық, мейірімділік, имандылық ұрықтарын егу, үлкенді қадір тұту, ата-ананы сыйлау сияқты адами қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған болатын.Ыбырай Алтынсарин қазақтар арасында өзімен көрші халықтардың, әсіресе орыс халқының тілін білуге, олардың жазуын үйренуге ұмтылушылықтың күшейіп келе жатқанын байқай алды. «Өзінің табиғи жаратылысында әр нәрсені білуге құмар және ұғымпаз, зерек халықтың» сол кездегі экономикалық және саяси жағдайға байланыс­ты орыс тілін, орыс жазуын білуін қажет етіп отырғандығын ерекше бағалап, өз халқының болашағына үлкен сеніммен қарады. 1886 жылы жазылған «Қазақтардың болыстық мектептері туралы жазба» атты еңбегінде ол: «Қазақтардың жас ұрпағы орыстың тілі мен жазуына мәдениет пен білімнің тілі деп қарайтын болады, оларға құмары артады және азды-көпті орыс рухында өседі» деп жазды. Бұл арада ұлы ұстаздың қазақ баласының орыстанып кетуінен сақтанып отырғанын да байқау қиын емес. Өз заманының озық ойлы азаматы болған Ыбырай Алтынсарин өз кезіндегі отарлық саясаттың зардаптарын көрмей отыра алмады. 1880 жылы Орынбор оқу округінің жанындағы татар, башқұрт және қазақ мектептерін басқаратын инспектор В.В. Катеринскийге жазған хатында «Оренбург листогіне» Торғай қазақтарының басына түскен апаттар туралы мақала жазғанын айта келіп былай деген еді: «Осы мақаламда қазақ еліне орыс селендерін әкеліп орнатпақ болған пікірлерге қарсы екенімді білдірдім. Бұл пікір, меніңше, ешбір ақылға сыймайтын нәрсе сияқты. Егер істі дұрыс жүргізе білмесе, онда айттым да қойдым, қазақтар, – келешегі жақсы деп үміт етіп отырған осы халық, – тез құрып кетеді, содан кейін бұл істі ешқандай түзете алмайсың». Бұдан өз кезінде орыс­тандыру саясатының белең ала бастағанын жіті байқаған ойды танумен қатар, сол күдіктердің соншалықты негізділігін, сөз иесінің соншалықты көрегендігін қазір еліміз тәуелсіздік алғанда ғана терең сезіне алып отырмыз. Ыбырай Алтынсарин ел ішіндегі отаршылдық саясаттан туған әлеуметтік әділетсіздікті байқай алды. «Қазақ арасындағы қызмет адамдарын да көңілім тіпті сүймейді. Олар кедей қазақтарды, қарсылық көрсете алмай қасқырдың аузында жем болатын қорғансыз момындарды адамшылықтың шегінен шыға арсыздықпен тонайды, талайды» деп жазды [1, 276]. Сондай-ақ ол патша үкіметінің бұрынғы қазақ әкімдерінің орнына апарып қойған халық ағарту жұмысы жөніндегі қызметкерлерінің өздерінің қара бастарының мүддесіне бола ірі қоғамдық іске зиян келтіріп отырғанын айтты. Жергілікті әкімдерден еш бір жақсылық күтуге болмайтынын, ең жаманы – халықтың қараңғылығымен емес, үкімет өзі қойып отырған білімді адамдармен күресуге тура келетін қаймықпай жазды. Халқының бірлігін, тұтастығын ойлаған гуманист патшалық Ресей ендірген басқару жүйесіне сәйкес халық арасында болыстыққа таласып, ел ішіне іріткі салғандармен де күресуге мәжбүр болады. Амалын тауып, мүмкіндігі болған жерде, қазақ халқының елдігін бұзып, болашағын бүлдіріп жатқан жауыздыққа қарсы күресе беру керек, суға батып бара жатқан кісіні көре тұрып қол ұшын бермеу – арамдық болар еді деуі де, заман солай болған соң деп заманына ренжуін де түсінуге болады. Исламның ізгілікті қасиеттерін жетік білген Ы. Алтынсарин қазақ елінің рухани тәрбиесіндегі діннің рөліне ерекше мән берді, оны оқыту ісі және тәрбиеден бөлмеді. Себебі мұсылманшылықты қазақтың рухани өзегін құрайтын маңызды компоненттердің бірі ғана емес, бірегейі санады. Мұның үстіне ол кезде діннің қажетті және міндетті ережелерінің бәрін біріктіріп жазған бірде-бір кітап жоқ болатын. Мұны қазақ молдаларының өздері сезе бастаған еді. Осы бағытта өзінің идеясымен мәнді мұралардың бірі – «Мұсылманшылықтың тұтқасы» атты еңбек. Кітаптың жазылуының себептерінің бірін автор халықтың өз дінін білу жөніндегі талабымен, қазақ жастарына өзінің ана тілінде жазылған, мұсылман дінінің негізгі рухына сай оқуға негізгі құралдардың қажет екендігімен түсіндірді. Сондай-ақ жастардың дін жөніндегі түсініктері теріс бағытқа түсіп кетпеуі үшін, қазақтарды татарландырудың ең сенімді тәсілдерінің бірі болып отырған қазақтың жазба тілінде татар тілінің орынсыз етек алуына жол бермеуді мақсат етті. Еңбекте Ыбырай ислам туралы объективтік түсінік беруге ұмтылыс жасады, мұсылмандық құқық пен өсиеттің, діни жарлықтар мен салт-жоралардың ережелерін объективті түрде баяндап берді. Оқу құралы төрт бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлім иман туралы, екінші – Құдайға құлшылық ету – намаз оқу, ораза тұту, кедейлерге садақа беру, жалпы қайырымдылық жасау, үшінші – адамгершілік жайы, төртінші бөлімде – намаз, ораза және басқа діни жағдайларда оқылатын дұғалардың қазақшасы берілген. Оқулық осылай балаларға «діннің тек ең керекті жерлерін ғана үйретуді мақсат еткен» еді. Ы.Алтынсарин бар күш-жігерімен, білім-білігімен халқын исламға соншалықты соқыр сеніммен берілген татар молдалардың ықпалынан сақтап қалуға ісімен де, оқулығымен де күресті. «Молдалар өздерінің адам басын қатыратын ерекше қасиеттерінің үстіне, қазақтың табиғи тілін де бұзып жүр. Біздің елімізде молда (әңгіме татар — дегендер өте көп жайылып барады» деп жазды. Ұстаз ойынша, олар (татар молдалары — Ә.Б.) бүгінгі таңда жағымсыз ықпал етіп отыр, ал келешекте одан да бетер әсер етуі мүмкін. Сол себепті қазақ шәкірттерінің ақылына ақыл қосып, оларды шындыққа, басқаша айтқанда, оқуға жетектейтін құралмен қазақтардың өзіне таныс, оны ешкім жек көрмейтін құралымен іс істеуіміз керек. «Мәселенің ең мәнді жері: қазақтарға татар фанатизмінің ықпалын тигізбеу, қазақтардың білім алуына оның кесірін тигізбеу ғой. Ондай ықпалдан құтқару үшін бірте-бірте, бірақ шын құтқару үшін мазмұны балалардың білімін көтеретін, тақырыбы оларды қызықтыратын қітаптарды асықпай, бірақ алған бағыттан қайтпай қазақтың өз тілінде, олардың өздеріне таныс әріппен шығара білу керек» деді. Ыбырай Алтынсарин мектептерде жақсы білім алған, әр нәрсеге дұрыс көзқарастылар татар фанатизмінің де күлі көкке ұшады деп санады. Бұл ойлар Шоқан Уәлихановтың «Біз қалайда татарлық кезеңді айналып өтуіміз керек, өйткені олар ультрамұсылмандық бағыттың қанат жаюына ықпал етіп отыр» деген ойларымен сабақтасып жатыр. Өз халқының тұрмыс-тірлігін жақсы білген Ы.Алтынсарин қазақ қоғамындағы ертеден келе жатқан әдет-ғұрып, дәстүр нормаларының адамдар арасындағы байланыс пен қарым-қатынастарды жақсартудағы рөлін ашып көрсетеді. Ол, әсіресе, қазақтардың құда болу салтына ерекше мән беріп, одан қоғамды нығайтудың бірден-бір маңызды факторын байқады. Бұл бағытта Орынбор ведомствосы қазақтарының өлген адамды жерлеу және оған ас беру және құда түсу, қыз ұзату және той жасау дәстүрлеріне арнаған очерктер қазақ халқының әртүрлі кезеңдегі өзінің әлеуметтік сезім күйлерін танытуымен құнды. Ыбырай Алтынсарин өзінің 50 жасқа да жетпеген қамшының сабындай қысқа өмірінде қыруар жұмыс тындырды. Халықтық тәрбиеде білім берудің өлшеусіз маңыздылығын әрі оның аса қиындығын терең сезінген Ыбырай Алтынсарин өзінің өмірлік ұстанымы туралы былай жазған еді: «Ал енді Құдай басыма не салса да, мен күшімнің жеткенінше туған еліме пайдалы адам болайын деген негізгі ойымнан, талабымнан ешуақытта да қайтпаймын». Аса мағыналы да тағылымды өмір мұның айқын дәлелі бола алады. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні дегендей, Ыбырай Алтынсариннің асыл мұрасына біздің де бүгінгі күні оралуымыздың өзіндік себебі болып отыр. Қазір тәуелсіз еліміздің оқу жүйесін қайта қарап жатқанымызда тарихымызға да зер салсақ артық болмас еді. Біріншіден, ғасырлар жинаған мәдени құндылықтарды заман талабына сай жетілдіріп отырсақ, тек ұтамыз, ұтылмаймыз. Екінші жағынан, шетелдік тәжірибелерді өмірге ендіргенде, ұлттық ерекшеліктерімізді де қатаң ескеріп отыру тиімді болады. Осы жерде кезінде ұлы ғалым Шоқан Уәлихановтың діні, тегі бөлек, отырықшы орыс халқына дайындалған сот реформасын діні, тегі бөлек, көшпенді қазақ халқына пайдалансақ, онда оның пайдасынан зияны мол болады дегенін де айта кетсек артық болмас.
Әбдiжәлел БӘКIР, саяси ғылымдар докторы, профессор

Серіктес жаңалықтары