САРКОЗИ САСҚАЛАҚТАЙ БАСТАДЫ

САРКОЗИ САСҚАЛАҚТАЙ БАСТАДЫ

САРКОЗИ САСҚАЛАҚТАЙ БАСТАДЫ
ашық дереккөзі
256

Францияда өткен президенттiк сайлау­дың бiрiншi кезеңiнде социалис­тердiң үмiткерi Франсуа Олланд 28,6 пайыз дауыспен алға шыққан. Ал билiк басындағы қазiргi президент Николя Саркози одан бiр пайызға кем, 27,08 жинады. Осылайша, Францияның билiк басындағы президентi 1958 жылдан берi алғаш рет сайлаудың бiрiншi кезеңiнде жеңiске жете алмады.

Францияның Ішкі Істер министрлігінің хабарлауынша, 22-і сәуірде өткен прези­денттік сайлауға халықтың 80,56 пайызы қатысқан. Әзірге бюллетеньдердің 99,9 пайызы саналып бітіп қалған. Ал «Ұлттық майданның» көшбасшысы Марин Ле Пен 20 па­йыз дауыс жинап, үшінші орынға шықты. Бастапқыда болжанғандай, 6 мамырда өтетін президенттік сайлаудың екінші кезеңінде Олланд пен Саркози бәсекеге түсетін болды. Сайлау учаскелері жабылғаннан кейін Саркози Олландқа үш рет пікір-талас-дебат ұйымдастыруды ұсынып еді, бірақ ол біреуі де жеткілікті деп қарсы шықты. Сайлау додасында басты тақырып – елдегі экономикалық мәселелер болды.

Франция президенттігіне үміткер Николя Саркози: «Шешуші кезең келді. Халық алдағы бес жыл бойы ел үшін жауап беріп, азаматтарын қорғайтын адамды сайлап жатыр. Үнемі осымен айналыстым және бұл жұмыстың ауырлығын білемін. Олландқа келесі кезеңге дейін экономика, әлеуметтік және халықаралық қатынастар мәселелері бойынша үш рет пікірталас өткізуді ұсынамын», – деді.

Франсуа Олланд жеңіп кетсе, Николя Саркози сонау 1965 және 1974 жылы президент сайлауының екінші айналымында жеңілген социалистер партиясының төрағасы Франсуа Миттеранның кейпін киеді. Сөйтіп ол 1995 жылы Франсуа Миттеран қызметтен кеткелі бергі президент болып сайланған бірінші социалистке айналады. Естеріңізге сала кетсек, Франсуа Олланд ірі корпорациялар мен жылына бір миллион еуродан көп табыс табатын адамдарға салынатын салықты көбейтетіндігін мәлімдеген. Ол елдегі ең аз жалақы мөлшерін өсіріп, 60 мыңнан астам қосымша мұғалімді жұмысқа тартып, зейнетке шығу жасын 62-ден 60-қа азайтам деп уәде еткен.

Динара ДҮРМӘН

Серіктес жаңалықтары