«ЕЛІН СҮЙГЕН, ЕЛІ СҮЙГЕН ЕЛБАСЫ»
«ЕЛІН СҮЙГЕН, ЕЛІ СҮЙГЕН ЕЛБАСЫ»
Қазақ президенті түркі әлеміне сыйлы. Түркия президенті Абдолла Гүлдің Назарбаевты «Түркі әлемінің көшбасшысы» деп атауы тегін емес. Стамбұлда өткізілген салтанатты шарада түбі бір түркінің бірлігі, Қазақстан мен Түркияның ынтымақтастығы сөз болды.
Жуырда Түркияның рухани астанасы Стамбұл қаласында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы жазылған «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» кітабының түрік тіліндегі басылымының тұсаукесер рәсімі өтті. Аталған еңбектің авторы – ҚР Президенті кеңсесінің бастығы Махмұт Қасымбеков. Тұсаукесер рәсіміне Стамбұл қаласының әкімінен бастап Түркия Мәжілісінің депутаттары, ғалымдар, қоғам қайраткерлері қатысты. Салтанатты шараны ұйымдастыруға мұрындық болған «ДА платформасының» төрағасы Харұн Токак түркі әлемінде жарық көрген 100 кітапты түрікшеге аудару жоспарланып отырғанын жеткізді: «Махмұт Қасымбековтің бүгін тұсаукесерін жасап отырған кітабы да осы жобадағы еңбектің бірі. …Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы көп кітап оқыдым. Қасымбеков кітабының солардан өзіндік айырмашылығы бар екен. Өйткені ол бұл еңбекте ең алдымен Президенттің адамдық қасиеттерін әңгімелеп отыр. Мұндай кітапты жазу үшін Президент Кеңсесінің бастығы болу жеткілікті емес. Сонымен қатар өмір құбылыстарына терең талдау жасайтын ғалым, сезімтал қаламгер де болу керек», – деді.
Шара барысында сөз алған Қазақстанның Түркиядағы төтенше және өкілетті елшісі Жансейіт Түймебаев: «Бүгін әлемде «Қазақстан жолы» деген ұғым орнығып отыр. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды тек аймақ көлемінде емес, жаһандық көлемде де күшті мемлекетке айналдырды», – деп мәлімдеді. Бұған дейін Махмұт Қасымбеков Н.Назарбаевтың сөздері жинақталған 16 томдық еңбекті құрастырған. Елбасының жеке архиві мен мұражайын құруда да оның еңбегі зор. Түркия Парламентінің депутаты Исмайыл Сафи кітапта Мемлекет басшысының өмірі ғана емес, мемлекеттің тарихы да насихатталатынын көлденең тартты: «Бұл кітап екі елдің байланыстарының нығаюына да үлес қосады. Бүгінгі таңда түркі дүниесінің аспанында жарқыраған екі жұлдыз бар. Біреуі – Азияның ең батысындағы Түркия, екіншісі – Азияның ең шығысындағы Қазақстан. Екі мемлекеттің жарығы Нұрсұлтан Назарбаевтың есіміндегідей бүкіл түркі халықтарына нұр шашады деп ойлаймын».
Шараға келген қонақтарға ыстық ықыласын жеткізген Стамбұл қаласының әкімі Хусейн Авни Мутлы: Кітаптың бас жағында айтылған «Қаншама мықты болсаң да, бір бауырыңның болуы бәрінен маңызды» деген сөз біздің бүкіл сезімдерімізді, ойларымызды қорытындылағандай. Бауырластықтың бүкіл күштерден маңызды күш екенін айтқан бұл сөз өте мәнді», – деді.Кеш соңында сөз алған автор Махмұт Қасымбеков: «Дәл мұндай кездесу болады деп күткен жоқпын. Шағын топпен кездесіп, кітап туралы әңгімелеп беремін деп ойлаған едім. Түрік бауырларымыз бізге ыстық ықыласын тағы да көрсетті. Сол үшін үлкен ризашылығымды білдіргім келеді. Кітабымды түрік тіліне аударып, тұсаукесер жасап жатқандарыңыз үшін ең алдымен ДА платформасына, демеуші Туркуаз фирмасына, еңбек еткен бүкіл азаматтарға алғысымды айтамын. Бұл ең алдымен қазақ халқына, ел басшысы Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа көрсетіп отырған құрметтеріңіз деп білемін», – деп ағынан жарылды.
Д.Мыңжасарқызы, А.Айдарқызы