МАҚСАТ — ӘЛЕМДІК ДЕҢГЕЙДЕГІ ТУРИЗМ ОРТАЛЫҚТАРЫН ҚҰРУ

МАҚСАТ — ӘЛЕМДІК ДЕҢГЕЙДЕГІ ТУРИЗМ ОРТАЛЫҚТАРЫН ҚҰРУ

МАҚСАТ — ӘЛЕМДІК ДЕҢГЕЙДЕГІ ТУРИЗМ ОРТАЛЫҚТАРЫН ҚҰРУ
ашық дереккөзі
829

Туризм саласы – кез келген ел экономикасын алға сүйреушi күш. Жыл сайын туризмнен табатын кiрiстiң арқасында күн көрiп отырған мемлекеттер көп. Туризмдiк мүмкiндiгi мен әлеуетi мықты Қазақстанда туризм саласы кенже қалып келедi. Себебi жоқ емес, әрине. «Түркiстанның» отандық туризм саласына қатысты қойған сауалдарына ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлiгi Туризм комитетi төрағасының мiндетiн атқарушы Сергей Қаржасов мырза жауап берген едi.

– Сергей Эльдарович, ҚР Пре­зи­денті Н.Ә.Назарбаев биыл­ғы халыққа Жолдауында туризм саласын дамыту туралы Үкіметке тапсырма берді. Осы орайда, бүгінде туризмді дамы­туға байланысты қандай шаралар атқарылуда? – Туристік саланы мемлекеттік қолдаудың және ел үкіметінің күш салуларының арқасында туризм индустриясы бірқатар жылдар­дан бері едәуір жетістіктерге қол жеткізді. Елбасының 2012 жыл­ғы 27 қаңтардағы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақ­стан халқына Жолдауында айтылған бастамалардың бірі Қазақстан экономикасына, оның ішінде туристік салаға тікелей ше­тел­дік инвестициялар ағын­дарын әртараптандыру есебінен эко­номиканың орнықты өсуін қамтамасыз ету. Осыған байланысты қазіргі таңда туризм саласындағы мүдделі мемлекеттік орган Алматы облысында тау шаңғысы туризмін, Ақмола облысында Бурабай курорттық аймағын және Маңғыстау облысында «Кендірлі» әлемдік деңгейдегі туристік орта­лық­тарын дамыту, сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысында туризм­ді дамытудың кластерлік бағ­дар­ламасының мастер-жоспарын әзірлеу жөніндегі жүйелі жоспарлар жасау жұмыстары жалғасуда. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойында туристік кластерді құру, оның ішінде көлік дәлізі бойында жол бойы инфрақұрылым объектілерін салу үшін жергілікті атқарушы органдардың жер учаскелерін бөлу бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде.– Әлемдік қаржылық және экономикалық дағдарыс қазақ­стандық туризмге қаншалықты әсер етті?– Жалпы айтқанда, 2011 жылы туризм саласында атқарылған іс-шаралар барлық жоспарланған көрсеткіштердің ұлғайғанын көрсе­теді. Қазақстан Республикасы Статис­тика агенттігінің деректеріне сәйкес 2011 жылдың қорытындысы бойынша қызмет көрсетілген келушілердің саны 19 033,2 мың. адамды құрады және 2010 жылмен салыстырғанда 14,7%-ға артты (2010 жылы – 16 598,6 мың. адам). Туристер кө­бі­несе iскерлік мақсаттармен (58,7%) және демалу мақсатында (34,3% туристердің жалпы санына шақ­қанда) саяхаттаған. Туристiк салада көрсетілген қызметтердiң жалпы көлемi 7,4%-ға артып, 78 483,6 млн. теңгені құрады. 2011 жылы барлық бағыттар бойынша туристік ағынның артуы байқалды. Осылайша, сырттан келушi туристердің саны, 2010 жылмен салыстырғанда 20,6%-ға артып, 5 685,1 мың адамды құрады (2010 жылы – 4 712,6 мың адам); сыртқа шығушылар саны 8,2% артып 8 020,4 мың адамды (2010 жылы – 7 412,3 мың адам) және ішкі туристердің саны 19,1%-ға артып, 5 327,7 мың адамды құрады (2010 жылы – 4 473,7 мың адам). Жұмыс істеп тұрған туристік фирмалардың және жеке кәсіпкерлердің басым көпшілігі Алматы мен Астанада (843 және 208), сонан кейінгі кезекте – Қарағанды, Алматы, Шығыс Қазақстан мен Павлодар облыстары. Республикада келушiлерді орналастырумен шұғылданатын 1 417 кәсіпорын және жеке кәсiпкерлер 2 845,8 мың адамға қызмет ұсынып, 63 135,9 млн. теңгеге қызмет көрсетті. Орналастыру орындарында 37 368 нөмір есептелген, олардың біржолғы сыйымдылығы 81 015 төсек-орынды құрады. – Елімізге шет елдерден келетін туристерді көптеп тартуды мақсат ететін мемлекетаралық келісімдер бар ма? – Қазіргі таңда туризм саласында екіжақты ынтымақтастықты дамытуды көздейтін 29 келісім бар. Олардың ішінде 3 – көптарапты, 1 – туризм және спорт саласындағы келісім, 15 – мемлекетаралық және үкіметаралық, 10 – ведомствоаралық келісімдер. Аталған келісімдердің 13-і ТМД елдері арасында, ал қалғандары Еуропа, Азия және Таяу Шығыс мемлекеттерімен жасалған. – Қазақстандағы туризм саласы­ның қиындығы мен мұңы көп. Орталықтардан шалғай жатқан жерлердегі тарихи ескерткіштерге баратын жолдар тым нашар, елімізге келетін шетелдік туристер есепке алынбайды, оларға жол көрсететін мамандар (гид) тапшы, туристерге қызмет көрсету сапасы не сын көтермейді, не тым қымбат… Осындай олқылықтардың орнын толтыру үшін не істеу қажет? – Қазақстан Республикасы Прези­дентінің 2010 жылғы 19 наурыз­дағы № 958 Жарлығымен Қазақстан Рес­публикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған мем­лекеттік бағдарламасы бекітілді. Аталған бағдарламаның аясында Қа­зақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 11 қазандағы № 1048 қаулысымен «Қазақстан Республикасы туристік индустриясының перспективалы бағыттарын дамыту жөнін­дегі 2010-2014 жылдарға арнал­ған бағдарламасы» бекітілді. Бұл Бағ­дар­ламаның негізгі мақсаты: туризм индустриясын орнықты дамыту болып табылады. Сонымен қатар Бағдарламада «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойында туристік кластерді құру; туристік орталықтар, кешендер және орналас­тыру объектілерін салу; тау шаңғысы туризмінің инфрақұрылымын жасау; экологиялық туризмді дамытуды ынталандыру; Қазақстанның туристік маркетингтік стратегиясын қалыптастыру; туристік индустрияның кадрлық әлеуетін дамыту бойынша шаралар қарастырылған. Туризм саласындағы уәкілетті органмен іш­кі және келу туризмін дамытуға және насихаттауға бағытталған рес­пуб­­ликалық іс-шараларды ұйым­дастыру бойынша белсенді жұмыстар атқарылады. Атап айтқанда: Қазақстандағы туристік мүмкін­шіліктерді айқындау мақсатында жыл сайын Алматы қаласында «KITF» Қазақстандық халықаралық туристік жәрмеңкесін және Астана қаласында «Астана демалыс» халықаралық ту­ристік көрмелерін өткізу Орталық Азия аймағындағы ең маңызды оқиғаға айналды. Қазақстанда осындай іс-шараларды өткізу әріптестік байланыстарды анықтауға арналған қолайлы жағдайларды туғызады және өзара тиімді шарттар жасасуға ықпал етеді, сол себептен жыл сайын тек қатысушылар ғана емес, сонымен қатар қатысушы елдердің саны да артуда. Сонымен қатар, Алматы облысы әкімшілігімен бірлесіп жыл сайын аталған облыста Іле-Балқаш регатасын өткізеді, регатаны өткізудің негізгі мақсаты табиғи әртүрлілікті сақтау және туристерді туризмнің және демалыстың белсенді түрлеріне, Іле өзенінен Балқаш көліне дейін балқыма салдарларына назарын аударту болып табылады. Табиғатпен қарым-қатынас арқылы туризмнің белсенді түрін және салауатты өмір салтын насихаттауды дамыту мақсатында, өсіп келе жатқан ұрпақ жігерін тәрбиелеуде жыл сайын «Туризм нашақорлыққа қарсы» рухани туристік жорықтары өткізіледі. Қазақстанда 5 жыл қатарынан «Сарқылмас Саяхат» туристік жәрмеңкесі өткізіліп келеді. Бұл жәрмеңкенің маңыздылығы, ол жылжымалы түрде жыл сайын республиканың әр аймағында өткізіледі. «Сарқылмас саяхатты» өткізудегі басты міндет ішкі туризмді дамыту, сонымен қатар қазақстандық туристік ұйымдарға жәрдемдесу, іскерлік келіссөздерді өткізу және тиімді шарттарды қорытындылауға арналған қолайлы жағдайларды құрастыру жолы болып табылады. Еліміздің туристік әлеуетін айқындау мақсатында шетелдік көрмелерге қатысу жүзеге асырылады, атап айтсақ: «FITUR» (Испания, Мадрид); «ITB» (Германия, Берлин); «Интурмаркет» және «MITT» (Ресей Федерациясы, Мәскеу); «BITE» (Қытай Халық Респуб­ликасы, Пекин); «KOTFA» (Оңтүстік Корея, Сеул) 2011 жылдан бастап «BIT» (Милан, Италия); «JATA» (Жапония, Токио); «Top Resa» (Франция, Париж); «WTM» (Ұлыбритания, Лондон). – Бұл орайда еліміз қандай халықаралық ұйымдармен ын­тымақ­тастықта? – Қазақстан 1993 жылы Бүкіл­әлемдік Туристік Ұйымының (БТҰ) нақты мүшесі ретінде енді. Президент Н.Назарбаевтың туристік саланы дамытуға қатысты қойған міндеттеріне сәйкес, сонымен қатар Қазақстанның БТҰ-мен өзара қарым-қатынасын нығайту мақсатында Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі 2009 жылғы қазанның 2-9 аралығында Астана қаласында БТҰ-ң 18-ші Бас Ассамблеясын өткізді. Аталған іс-шараға 145 мемлекеттен 700-дей делегаттар, БТҰ-ң нақты мүшелері, оның ішінде ұйым Секретариатынан 90 өкіл және қосылған мүшелер ұйымынан 20 – халықаралық ұйым, сонымен қатар әлемдік БАҚ өкілдері қатысты. Бас Ассамблеяның қорытынды құжаттары әлемдік беделді БАҚ-та және Интернет жүйесінде жарияланды. Оның ішінде 32 мың мақала испан тілінде, ағылшын тілінде 18 мыңдай мақалалар мен бейнетаспалар жарияланды. Сонымен қоса, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойында туристік клас­терді құру, атап айтқанда кө­лік дәлізі бойында жол бойы инфрақұрылым объектілерін салу Ұлы Жібек жолының бойындағы көптеген тарихи есткерткіштерге баруға жеңілдік туғызатыны сөзсіз. Осы жоғарыда көрсетілген іс-шаралардың өткізілуі еліміздегі туристік қызметтің барынша дамуына ықпал етеді. – Бүгінде балалар мен жас­тар туризмі кенже қалған. Мем­лекеттік келешегі – жастар­дың пайдалы іспен шұғылдануына мемлекет тарапынан қандай шаралар қарастырылуда? – Балалар мен жасөспірімдер туризмін дамыту елімізде ішкі туризмді дамыту қызметін белсенді етуге мүмкіндік береді, сондай-ақ өсіп келе жатқан ұрпақтың ара­сында салауатты өмір салтын қалыптастыру, темекі тарту, алкогольді, есірткіні пайдала­ну секілді зиянды дағдыларды жоюға үлкен ықпалын тигізетіні сөзсіз. Балалар мен жасөспірімдер туризмін дамыту Қазақстан Респуб­ликасы туристік индустриясының перспективалы бағыттарын дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламада көрсетілген, онда «Менің Отаным — Қазақстан» туристік экспедициясының (турис­тік жорығының) аудандық және облыстық кезеңдерін өткізу көз­де­леді, аталып отырған іс-ша­раның мақсаты жалпы білім беретін мектептердің, техникалық және кәсіптік білім беру ұйым­дарының оқушыларын туризммен айналысудың ұйымдық нысанына тарту болып табылады. 2011 жылы барлық облыстарда туристік клубтардың, жалпы білім беретін мектептер, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары оқушыларының қатысуымен «Менің Отаным – Қазақстан» туристік экспедициясының аудандық және облыстық кезеңдері өткізілді. Сонымен қатар, спорттық туризм жөніндегі іс-шаралар Бұқаралық-спорттық, сауықтыру іс-шаралары мен республикалық және халық­аралық негізгі жарыстардың күн­тіз­белік жоспарына енгізілген, бұл жоспарға сәйкес жыл сайын Қазақстан Республикасында туризмнің алуан түрлері бойынша жарыстар өткізіліп отырады.
Дайындаған Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары