ҚАРА ДӘПТЕРДІҢ ИЕСІ

ҚАРА ДӘПТЕРДІҢ ИЕСІ

ҚАРА ДӘПТЕРДІҢ ИЕСІ
ашық дереккөзі
465

Ал Марксизм-ленинизм институтының Қазақ филиалының директоры Б.Төлепбаев «КПСС Орталық Комитетiне жолдаған Л.Ж.Күдеринаның хатында айтылатын адамдар туралы» жауабында:«Алматы. 23 желтоқсан,1987 жыл. Құпия.Сiздiң 1987 жылғы 17 қараша күнгi №426188/03 сұрауыңызға орай мынаны хабарлаймын:Л.Ж.Күдеринаның КПСС ОК жазған хатында: 30-жылдары қазақ зиялыларының көптеген өкiлдерi негiзсiз репрессияға ұшырағаны, олардың бiразы кейiннен ақталғаны, алайда оларға деген терiс көзқарастың әлi де өзгермей отырғаны, сөйтiп олардың әдеби және ғылыми мұралары әдiлетсiздiкпен ұмытылып бара жатқаны – айтылған.

Осыған орай институт тарапынан: бұл­­ арызда көрсетілген адамдардың бі­ра­зының мұраларына деген теріс көз­­қарас, олардың өткендегі саяси­ әрекеттерімен, «Алашорданың» контрреволюциялық ұйы­мымен тығыз байланыста және бур­жуа­зиялық-ұлтшылдықтың туұстарлары бол­ғандығына тікелей байланысты сақ­та­лып отыр. Бұл көзқарас дұрыс па, жоқ па,­ оған біржақты жауап беру мүмкін емес, өйткені Л.Ж.Күдеринаның атап отыр­ған адамдарының (Ә.Бөкейханов, А.Бай­тұрсынов, Ә.Ермеков, М.Жұмабаев, Х.­ және Ж.Досмұхамедовтер, М.Дулатов, М.­Тынышбаев – Т.Ж.) өмірлік іс-әре­кет­тері ғылыми тұрғыдан тереңдетіле зерт­телген жоқ. Олардың әдеби және ғы­лыми еңбектері жөнінде лайықты ба­ға да берілмеген. Ал ГПУ-НКВД ме­ке­месінде олардың кеңес өкіметіне қар­сы контрреволюциялық әрекеттерін әш­ке­релейтін құжаттар ғана сақталған. Біз­ олардың кейбіреулерінің әдеби және ғы­лы­ми еңбектерінің үлкен маңызы бар еке­нін жоққа шығармаймыз. Алайда мұны, Жа­зушылар одағы мен Қазақстан Ғылым Ака­демиясының арнайы мамандарынан құ­рылған комиссияның қорытындысы ғана анықтай алады. Сонымен қатар біз,­ аталған адамдардың әдеби және ғы­лы­ми еңбектерінің маңызы олардың идео­ло­гиялық көзқарастарын ақтауға негіз бо­ла алмайтынын да ескертеміз. Бұл мә­се­лені салмақтай отырып, науқанға айнал­дыр­май, жеке-жеке шешу керек. Осы мақ­сатқа орай Қазақстан Компартиясы Ор­та­лық комитеті не Республика Үкіметі тара­пы­нан арнайы мамандандырылған арнайы комиссия құрылғаны жөн болар еді. Ал Л.Ж.Күдеринаның хатында көр­се­тіл­ген адамдар туралы Институт мынаны ха­барлайды: (бұдан кейін жоғарыда аты атал­ған адамдардың тергеу істері туралы мағ­лұматтар берілген – Т.Ж.)…Ж.Күдерин мен Б.Сүлеев туралы инс­­титутта дерек сақталмаған. Институт­ директоры, СССР ҒА-ның мүше-корреспонденті Б.Төлепбаев», – деп­ жазылған. Біздің сол «баға берушілердің» қатарынан та­былғанымыз да тура осы күндерге сәйкес ке­летін.Шындығында да, Жұмахан Күдерин туралы тергеу ісіндегі мәліметтер де тым­ мардымсыз. Дегенмен де ұзақ жылдар­ бойы мұрағаттардан тірнектеп дерек іздестірудің нә­тижесіздігіне мойынсұна бастаған тұста, мына қамсыздықты қараңыз, кітапхананы іріктеу барысында, тосыннан аймақаралық «Феникс» қорының демеуімен 1994 жылы Мәскеуде жарық көрген Жұмахан Күдериннің қосағы Татьяна Георгиевна Күдерина-Насонова мен қызы Лариса Жұмаханқызы Күдеринаның «Өткен өмір» (Недалекое прош­лое) атты естелік жинағының қолымызға іліккені. Мәтқапылық деген осы. Соған жарыса жазушы Табыл Құлиястың «Айбынды ағартушы еді…» атты Л.Ж.Күдеринамен сұхбат, мақаласы («Астана ақшамы», 2010, 9 қазан) жарияланды. Бұл басылым­ біздің де тірнектеген деректерімізді кең­ей­те талдауға, әсіресе Ж.Күдериннің Во­ро­неждегі бақылауда өткен өмірі мен 1937 жы­лы 21 мамыр күні тұтқынға алынғанға дей­інгі өмірі туралы кеңейте әрі жинақтай пі­кір қозғауға ұйытқы болды. Ашық та шынайы әрі ешқандай жас­қа­нусыз, «кеңес өкіметі әйелдердің азапты ең­бегі арқылы күн көріп, әйелдердің рухани­ азабынан социализмнің рахатына батып отыр»­ деген тура пікірге құрылған, өмірдің улы­ тамырынан қайсарлықпен тістеп, күй­еуі­нің табасын арқалап, баласын аман сақ­тау үшін тіршілікпен кектене күрескен әде­би қабілеті бар әйелдің қайсар қаламы қа­ғазға түсірген ашынысты жазба. Кей тұс­та­рындағы бірбеткей пікірлерді Лариса Жұмаханқызының түсініктемесі арқылы жұм­сартылған, кей тұстарда бір сәттегі жеке әсер­ге құрылған үстіріктелмей айтылған сөз­дерге түсіністікпен қарауға осынау тік мі­нез­ді әйелдің кешкен азабы негіз қалайды. Сонымен, Т.Г.Күдерина-Насонованың ес­телігіндегі мәлімет бойынша Жұмахан Кү­дерин 1932 жылдың 26 мамырынан бас­тап 1934 жылдың 28 наурызына дейін Курс­кі облысының Льгов ауданаралық ауыл­ша­руашылық басқармасына агроном боп қызмет етеді. Онда да өзіне тән ғылыми негізде еңбектеніп, игі нәтижеге жетіп, сыйлыққа костюм алады. Алайда 1934 жылдың егістік тұқымын егудің жоспары жасалғанда әлгі жоспарға қарсы болып, дәнді себу тәсілін өзгертуді өтінеді. Директор дегенін істейді, Ж.Күдерин өзінің пікірін мәжілісхатқа түсіріп, оның көшірмесін алады. Көктемгі егіс өнбей қалғанда «зиянкестік жасады» деген желеумен Ж.Күдериннің үстінен іс қозғайды. Сонда әлгі мәжілісхаттың көшірмесін көрсетіп, өзін-өзі арашалап қалады. Бірақ қызметтен бо­сатылады, еш жер жұмысқа алмайды, тіп­ті селоның жеке малын бағуға да рұқсат бер­мейді. Аштықтан ісініп, көкжөтелден қан­ құса бастайды, қысылтаяң шақта М.И.Калининге хат жазады. Калининнің өз қо­лымен оның бес жылдық мерзімі төрт жыл­ға қысқартылады, ұзамай Воронеж қа­лалық тұтынушылар одағына аға агроном болып қабылданады. Сол тұста қатты қиналып жүрген Татьяна Григорьевнамен танысып, оның тауқыметін жеңілдетуге септеседі, мұның соңы жарастыққа ұласып, отбасын құ­райды. Бірінші әйелі Бибісара Жанбазаро­ва­мен ажырасқанымен де, соттың шешімі бол­мағандықтан және жеке бас құқығы шек­теу­лі екендігіне байланысты, некеге отыруға рұқ­сат етілмеген. Айдауда жүріп те ғылыми зерт­теулерінен қол үзбеген. Осы тұста етекбас­ты, тұрмыстық көрініс бол­ға­нымен де, Жұмаханның қамалғанға дейінгі өмірі туралы естелігін келтіре кетуді жөн көрдік. Өйткені мұнда жеке адамның кәдімгі тіршіліктегі қам-қарекеті бар: Т.Г.Күдерина-Насонова: «Біз кейде кеш­кі асты үйде ішіп жүрдік. Кешке қарай мен іс тігетінмін, не тоқитынмын. Сол кезде біз бір-бірімізге өзіміздің өміріміз туралы айтып беретінбіз. Сонда Жұмахан өз өмірін былай әңгімелеп берді: – Қызық, адам өзінің қоршаған ортасы­на қалай тез бейімделеді десеңші. Мен оны өз басымнан кештім, яғни өз ет-теріммен сезіндім. Мен кәдімгідей жеке мен­шік иесі болдым. Бірінші әйелім Сара менен кеткенде өзіне керектің барлығын, са­бақты инеге дейін қалдырмай алып кет­ті. Мен оның қолын қақпадым, көзі тойсын дедім әрі бұл көріністің тез­ аяқталғанын қаладым. Тек менің же­ке­ киімдеріме қол салудан сескенді. Ма­ған қалғаны: түлкінің, қара түлкінің, бұл­ғын­ның, қасқырдың терісінен тігілген бес тон, салмағы жеті фунт келетін алтын кісе. Оның есесіне шәй ішетін ыдыстан түк қалмады. Сондықтан бір нәрсе алу керек болды. Мен ұсталған заттарды сататын дүкенге бардым да, бірден көзіме түскен күміс самаурынға қосымша күмістелген, алтын жалатылған тарелкалар­ мен кеселерді, сүт құтысын, ваза мен тостағанға арналған торламаларды сатып алдым. Сондай керемет болды, бір рет сатып аласың да өмір бойы ұстайсың. Олардың барлығы сынбайтын және бактериялар жұқпайтын. Содан бас­тап ұсталған заттардың дүкеніне жиі соғып тұратын болдым. Аса сапалы бес кілем, күмістелген қазақ төсек, мұражайға ғана лайықты теріден тігілген шие түсті, қара қоңыр, қызғылт қамқа халат сатып алдым. Соның ішінде өзіме қатты ұнағаны он екі қырлы перламутты қақпағы, екі қымбат та жайлы қапталған креслосы бар журнал столы болды. Барқыт халатты, сафиян мәсіні киіп, еш қаперсіз жұмыс істеп отыратынмын. Ташкенттің Алай базарына кіре берісіндегі Калинин көшесіндегі №1 үйде үлкен әйнекті шоланы бар екі бөлмелі кооперативке тиесілі пәтерім болды. Бір бөлмеде – кітапхана, қабырғаға тізілген сөрелер толы талғаммен жинақталған кітаптар. Шоланның бұрышында соңғы техникалық жарақтармен жабдықталған фотолаборатория, су жаңа «Лейка» фотоаппараты. Шоланның қалған бос жеріне жыландарға арналған террариум жасалды. Көптеген таныстарым жыландардан қорқып маған келуден сескенетін. Мен бас алмай жұмыс істедім, үй жағдайы соған мүмкіндік берді. Тәуліктің жиырма төрт сағаты маған жетпейтін, ұйықтауға уақыт болмайтын. Алайда менің көңілім тоқ еді, өнімді жұмыс істедім, күн сайын жаңа ойлар, тың жоспарлар келіп, басыма сыймайтын. Кенет бәрі де тып-типыл болды… Мені тұтқынға алды. Мен түрмеде жеке камерада отырдым. Інжілдегі «азапшыл Иов» сияқты күй кештім. Құдай оған жақ болғандықтан да ол өзіне қажетті нәрселерден бірте-бірте айрылды ғой. Ал менің басыма бар пәле бірден үйіліп төгілді де, мысымды басып жіберді. Мен ол кезде есімнен адасқан да шығармын. Міне, сол кезде барлық ақылым, танымым, түйсігім бас көтерді. Алғашқы күндері нан да, су да татпағам. Содан кейін есім ептеп кіре бастады, менің ешқандай кінәм жоқ емес пе – деген ой келді. Өлу деген сөз, демек ештеңенің басын ашпай кету емес пе. Қалайда ақталып шығу керек. Қандай тауқымет тартсам да тірі қалу керек, қалайда өмір сүруім керек деп шештім. Тамақ іше бастадым, гимнас­тикамен айналыстым. Өзімді өзім барынша көп ұйықтауға мәжбүр еттім. Өзің үйренген әдеттен айрылу – үлкен қасірет. Бірақ та дүние-мүлік адамның пиғылын бұзады, алаңдатады. Оның әр қайсысын тазалап, қадағалап отыруың керек. Оның есесіне, қазір ештеңем де жоқ, ештеңе де алаңдатпайды, көңіліңді бөлмейді. Міне, қаннен-қаперсіз еркін өмір сүретін құс пен жылан сияқтысың. Деп келе жатты да ол кенеттен үнсіз қалып, маған ұзақ қарап тұрып: – Татьяна, сен салпаңқұлақ – шпичка­ емес­сің бе?, – деді … – Біз сондай тез жара­сып кеттік, сенімен тұру маған сон­дай рахат. Менің ойымша, егер сен сал­паң­құ­лақ болмасаң, онда құдайдың жіберген пе­ріш­те­сі болдың ғой, – дегені», – деп (сонда, 111-112-беттер) еске алады.Бұл – жәй ғана дүниеқорлық түйсікті сы­нау емес, онда «емін-еркін өмір сүретін құстар мен жыландардың бостандығын» аңсаған көңіл ауаны, ғылыми жұмысқа деген құштарлығы, алыстағы ауылға деген сағыныш бар. Соны сүйген жарына астарлап жеткізіп отыр. «Бүкілодақтық старостаның» дәргейіне сәйкес Ж.Күдерин 1934 жылы жаз айында кесімді мерзімінен бір жыл бұрын бақылаудан босатылады. Алғаш естігенде бар дауысын шығара көзінің жасын ағызып отырып қазақша ән айтыпты. Дауысын енді еркін шығаруға болатынына сенгісі келген сияқты. Воронежден оны Әшім Омаров, Әбілхамит Ақбаев, Мұстафа Бұралқиев және сол кезде Хренов (Орлов) асылтұқымды жылқы заводында директордың орынбасары болып істейтін, бұрынғы ауыл шаруашылық министрі, Воронежге іссапармен келген Кәрім Тоқтыбаев елге шығарып салыпты. Алматыға келген соң Халел Досмұхамедовтің ұлы Әділханның үйінде тұрады. «Овцеводтрестке» бас агроном болып орналасады. Ораз Жандосов оны кейіннен Малшаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына аға ғылыми қызметкер болып ауысуына ықпал етеді. Мұрағаттанушы Б.Нәсеновтің жарияланымға ұсынған Ораз Жандосовтың тергеу ісі кезіндегі жауабында бұл туралы: «Мен 1935 жылы ұйымның мүшесі, Қо­жа­новпен тікелей байланысты бұрынғы алаш­ордашы Жұмақан Күдеринмен қа­рым-қатынасымды қайта жалғастырып, оны жұмысқа алдым… 1922 жылы Кү­дерин Ташкентке кетті, кейіннен кон­тр­ре­во­люциялық әрекеті үшін сотталды, жазасын­ өтеген соң, 1935 жылы маған кел­ді»,– деген мағлұмат бар. Ғылыми-зерттеу институтында Ж.Күдерин «Қастек ауданындағы жайылымның азықтық мүм­кіндігін анықтау» деген тақырыптағы ғылыми жұмысқа белсене кіріседі. Фирдауси, Сарым (Сырым) атты ұлдары дүниеге келеді. Сол тұста тағдыр тауқыметін тартқан бауырларын жияды. Баспанасыздарға қосылып кеткен інісі Хасенді, қарындасы Қуандықты Алматыға алып келеді. Әкесі Маусымбай, ағасы Жүніс, інісі Төлеубек Қытайға өтіп кеткен екен. Жұмаханның елге оралғанын естіген інісі Төлеубек 1935 жылы бір кезде алып қашып кеткен әйелі Батым екеуі бергі бетке өтерде шекарада ұсталып, түрмеге қамалып, соққы мен қысымның кесірінен жүре алмайтындай дәрежеде (табанын тілген не аяғын сындырған болса керек) мүгедек болып, Қазақ автономиясының 15 жылдық мерекесіне орай босанып шығады. Бірақ махаббаттың табасына ұшырайды, ол түрмеде жатқанда Батым басқа біреуге тұрмысқа шығып кетеді де Төлеубек Жұмаханның қолында қалады. Міне, бастапқыда осы Төлеубектің Батымды алып қашуынан басталған қазақы тартыс, ақыр соңында, сол Төлеубектің шеттен қашып келуіне байланысты жесір дауының отын өршіткен жарынан да, іздеп келген ағасынан да, өз өмірінен де айрылған қазақы трагедиямен аяқталады. Тағдыр тәлкегіне ұшыраған Төлеубекті ажалына асықтырған қандай түйткіл? Л.Ж.Күдерина: «1988 жылы, ал­пы­сын­­шы-жетпісінші жылдары Қытайдан қай­тып оралған өзімнің туыстарыммен, аға-әпкелеріммен сөйлестім. Төлеубектің Қы­тайдан СССР-ға қайтып оралуының се­бебін олар: Төлубек – мұғалім болатын,­ ал біз онда өз қожалығымыздың малын­ бағумен шұғылдандық, бұл оған ұнамады. Тұр­мысы кедей еді. Ешкіммен араласпай­тын. Сонымен қатар, одақта оның әкесі мен­ ағасы қалған болатын, ол біздің бә­рі­міздің жанымызға бататын.­ Ол одақтан кет­кенде әкесі Маусымбай тұт­қында қал­ған, оның тағдыры туралы­ біз ештеңе біл­медік… Ұлы әкесінің тағдырын біл­­гісі­ келді (Серікқан Күдерин, Камал Тұр­ды­баева) – деп түсіндірді», – деп жазған (сон­­да). Бұл – тағдыры тәлкекке ұшырағандардың мәңгілік аңсары. Ол аңсардың өтемі – жаза ғана болатын. Ол 1937 жылы 13 қаңтар күні қайта қамалып, 36 жасында, сол жылы 11 қыркүйек күні атылып кетеді. Осы оқиғадан мағлұмдар Жер өңдеу шаруашылығының (ауыл шаруашылығының) министрі Нығымет Сырғабековтің нұсқауымен Ж.Күдерин қызметтен шығарылады (Н.Сырғабековтің өзі де «халық жауы» ретінде ұсталып, 1938 жылы 25 ақпанда, Ж.Күдериннен он күн бұрын атылып кетті). Ұзақ сарылып жүріп республика дәргейіндегі еш мекеме қызметке алмағандықтан да, Одақтық химия өнеркәсібі министрлігіне қарасты көксағыз бен таусағызды өндірумен айналысатын «КаучукОРНС» тресіне агроном-нұсқаушы болып орналасады. Тура осы күндері, яғни 1937 жылдың қыс айларының соңында Алматыға келген Мағжан Жұмабаев Жұмаханның үйінде қонақта болып, ол аударып жатқан профессор Фроловтың «Менің жануарлармен танысуым» атты кітабының аудармасымен, әйгілі «Қара дәптердегі» «Жыландар мен дін туралы» жазбасымен танысып шығып, өзара ұзақ пікірлеседі. Осындай екі бірдей «халық жауының» Ж.Күдериннің отбасының мейманы болуы, әрине тыңшылардың назарынан тыс қалмайды. Егіс даласында жүрген Жұмахан 21 мамыр күні үйге қайтпай қалады. Түнде есік қағылып, Жұмаханмен бірге тергеушілер қоса кіреді. Т.Г.Күдерина-Насонова: «Тінту басталды. Жұмаханды бәрімізден оңаша бөлменің бұрышына отырғызып қойды. Өзін қалай тұтқындағаны туралы айтуға рұқсат берді. Сөйтсе, Жұмахан алдын ала келіскеніндей, шекара ауданына рұқсат қағаз алу үшін таңертеңгі сағат 11-де НКВД-ның кеңсесіне келеді. Оған сағат он екіде бастық келген соң келуді өтінеді. Ол комендатурада ілінген қабырға сағатына қарама-қарсы тұрған орындыққа отырып кітабын алып оқиды. Сағат 12-де НКВД киіміндегі үш жігіт келіп оны тұтқындау туралы ордерді көрсетіп, өздерінің соңынан еруді өтінеді. Тінтуді сондай тиянақты жүргізді. Барлық заттарды ақтарып, қағып, сілкіді. Кітаптар мен қолжазбалардың әр беті ашылып қаралды. Сонымен таң атты. Олар асыға бастады. Тінтудің хаттамасын жасады. Кір салуға арналған себетті босатуды өтінді. Оған іріктеп алынған қолжазбаларды, кітаптарды, суреттерді салып алды да кетіп қалды. Мен олардың соңынан аулаға шықтым. Машина Мичурин көшесімен бір орам жоғары көтерілді де, Киров көшесіне қарай бұрылып, бұрыш айналып кетті», – деп еске алыпты. Қайтып тағдыр оларға көрісуді жазбады. Әрине, жоғарыдағы оқиғалардың тоғысуы, әрі шекаралық аймаққа іссапарға шығуы, қауіпсіздік мекемелерін «қатты алаңдатады» және тұтқындауға оңтайлы сылтауды пайдаланып қалады. Л.Ж.Күдеринаға әкесінің тергеу ісі туралы берілген анықтаманың көшірмесін ұсынумен шектелеміз. «Іс № … Күдерин Жұмахан, РСФСР ҚК-нің 58 бабының 7, 8 және 11 тармақтары бойынша жауапқа тартылған. Іс 37-жылдың 23 мамыр күні басталған. Облыстық прокурор Құрамшиннің 22/V-37 күні пәрмені бойынша тұтқындалды. 22/V-1937 күні тұтқындауға анықтама берген – Шабанбеков. Күдерин Жұмаханды тұтқындау туралы №51 анықтама. Күдерин Жұмахан Маусымбайұлы, 1893 ж.т., Алматы облысы Аягөз ауданының тумасы, тәргіге түскен және жер аударылған байдың баласы, партияда жоқ, 1918-19 жылдары Анненковтың ақ бандиттерінің жасағына белсенді түрде қатысқан, «Алаш» партиясының белсенді мүшесі, контрреволюциялық ұлтшыл әрекеті үшін 1929 жылы Ташкент қаласында тұтқынға алынып, 5 жылға Қазақстаннан тыс жерге жер аударылған. Оның туған ағасы, бандиттік қозғалыстың белсенді мүшесі Жүніс Маусымбаев – Батыс Қытайда (Шәуешек қаласында) эмиграцияда жүр, ал екінші інісі Маусымбаев Төлеубек 1934 жылдың соңында Батыс Қытайдан жасырын түрде СССР-дің шекарасын бұзып өтті, ол қазір тұтқында. (Жұмахан Күдерин) 1934 жылы жер аударылу мерзімі біткен соң Алматыға қайтып оралды, 1936 жылы біраз уақыт Малшаруашылығы ғылыми зерттеу институтында агроном болып істеді, ол арадан қуып шығарылған соң, қазір «Каучуконостың» қазтресінде агроном болып істейді, Степная көшесінің №64 үйінде тұрады.УНКВД (ІІХКБ) Алматы облыстық УГБ (мемлекеттік қауіпсіздік басқармасындағы) мәліметтер бойынша: Күдерин белсенді түрде контрреволюциялық әрекеттер жүргізген контрреволюциялық ұлтшыл ұйымның белсенді мүшесі болып табылады. Осы мақсатқа жету барысында контрреволюциялық ұлтшыл элементтерді өзінің айналасына топтастырды. Сол ортада Күдерин: «Мен кеңес өкіметіне қарсы әрекет жасаған Қазақстандағы және Ташкенттегі астыртын ұйымның жетекшісі болдым, бірақ бізді талқандады, бұл өте қызықты жұмыс еді, бірақ өміріңе үнемі қауіп төніп тұратын. Кім бұған басын тіксе, сол адам өлімнен де қорықпайды», – деп айтып жүрген;«Газеттерде троцкишіл-зиновьевшіл оп­по­зиционерлер туралы ескі сарынды­ қай­тадан жаңғыртып жаза бастады, олар­дың қатарына бізді де қоспақ, алайда біз­дің ұйымның жұмысы зиновьевшілердің ба­ғытына ұқсамайды, өйткені Қазақстанда нақ­ты заң жоқ»;«Троцкишілер мен зиновьевшілер 1935 жылы әшкереленген болатын, ал енді оларды тағы да қайыра сотқа тарпақ. Мұндай заң тарихта болған емес», – деп айтып жүрген. … Облыстың бірқатар аудандарында жергілікті контрреволюциялық ұялар ұйымдастырып, оларға бағыт беріп отырды. Сондықтан да РСФСР ҚК 58 бабының 10 және 11 тармақтары бойынша жауапқа тартылды. Ж.Күдеринді тұтқындауға рұқсат беруіңізді өтінемін – УГБ ІV бөлімінің бастығы, лейтенант – (Живгуль)Орындаушы, сержант – (Б.Г.Якупов)А-5». Демек, Ж.Күдерин қабылдауда күтіп отырғанда Шабанбеков, лейтенант Живгуль, сержант Якупов осы ордерді дайындап жатқан болып шықты. Сұрақ, жауаптың бұдан кейінгі бағдары осы бағытта жүргізілген. Оған О.Жандосовтың тергеу ісіне тартылған Алматы облысының аудандары мен колхоз төрағаларының көрсетінділеріне қарап, ол тергеудің заңсыздығына, қинап, азаптаумен жүргізілгеніне еш күмән келтіре алмайсың. Әрі әкесі Маусымбайдың сол кезде шетелге өтіп кеткенін, ал інісі Т.Маусымбаевтың ашық қолға түсіп отырғанын, М.Жұмабаев пен Е.Омаровтың үйіне емін-еркін келіп жүргенін ескерсек, онда «шетелмен байланыс орнатты», «контрреволюциялық ұлтшыл элементтерді өзінің айналасына топтастырды» – деген айыптарды дәлелдеудің өзі артық сияқты көрінетін. Қызы Лариса Жұмаханқызының жинақ­таған мағлұматы бойынша, 1937 жылы 15 маусым күні бірінші рет сұрақ алынады, 4 тамыз күні екінші рет шақырылады. Ал 28 қазан күні тергеудің аяқталғаны туралы хабарланады. 1937 жылы 11 қараша күні Айыптау қорытындысы жасалады. 1938 жылы 6 наурыз күні айып қорытындысымен танысып, қол қояды. Ертеңінде, яғни 1938 жылы 7 наурыз күні: «Кеңес өкіметіне қарсы ұлтшыл тер­рористік-көтеріліске қатысып, шпи­он­дық-диверсиялық қастандықтар ұйым­дас­тырып, Отанын сатқан халық жауы ре­тінде» атылды. Арада бір ай өткеннен кейін, яғни 1938 жылы 23 сәуір күні: Бірінші дәрежелі аса ауыр қылмыстарды біле тұрып жасырғаны үшін 1902 жылы Тамбов облысының Русанов уезінде туған, орташаның қызы, орыс, орташа білімді Татьяна Георгиевна Күдерина-Насонова Қылмыс кодексінің 58 бабының 2, 7, 8 және 11 тармақтарымен айыпталып, 2 жылға Алматы мен облыс орталықтарынан тыс шалғай аудандарға (өзі Шымкент пен Жамбыл облысын қалаған) жер аударылады. Сөйтіп, екі жасар ұлы мен бір жасар қызын қолтығына қысып, өмір үшін жанталасқан күресті бастайды. Алматыға оралған соң мектепте мұғалім, ботаника институтында қызметші болып өлмеші күн көреді. 2. Осы ретте Ж.М.Күдериннің артында қандай мұра қалғанынан мағлұмдар ету үшін тергеуші Уәли Якуповтың (елуінші жылдардың екінші жартысында мәдениет министрінің орынбасары болған) тінту кезінде толтырған хаттамасынан үзінді келтіреміз. Онда: «4.Қатира – 4 дана, 5. Түсірілген сурет­тер мен фотолар – 27 дана, 6. әртүрлі құ­жат­тар – 20 дана, 7. Кітаптар, тізім бойынша­ – 65 дана, 8. Әртүрлі жазулар жа­зылған дәптерлер – 30 дана, 9. Әртүрлі жаз­балар – 585 парақ, 10. Газеттің ескі қи­ын­дылары – 15 дана», – деп көрсетілген.Соның ішінде қаншама құнды ғылыми зерт­теулер ізім-ғайым жоғалып кетті десеңші. Оған Ж.Күдериннің елге қайтып оралған екі жылдың ішінде жазып, баспаға ұсынған мына еңбектерінің тізімі мысал бола алады: Ауылшаруашылығы өсімдіктерінің аурулары мен зиянкестеріне қарсы күрес, аударма, (басылым көрмеген), 1935,Өсімдіктердің терминдік атауларының ла­тын, орыс, қазақ тіліндегі салыстырмалы­ сөздігі, ҚазФАН, 1936, қолжазба күйінде бас­паға тапсырылған. Жыланды қалай үйретуге болады жә­не ол көзімен қалай арбайды, қолжазба күй­інде қалған,Қазақ руларының шежіресі, қолжазба күйінде Ғ.Мүсіреповке тапсырылған. ­«Ауыл шаруашылығының ма­ши­­на­­­лары»­ атты аудармасы (1936-1937)­ мен­ «Қант қызылшасы» (1936-1937) ат­ты­ кітабіның қолжазбалары баспа ре­­дак­то­ры Қартқожа Тоғанбаевқа (Ж.Ай­мауы­­­товтың «Ақбілек» романының про­тотипі) тапсырылған. Қ.Тоғанбаев қол­ға алынғаннан кейін қолжазба жо­ғал­ған. Үкі­меттің тапсырмасы бойынша жүр­гі­зілген, тоқыма өндірісіндегі мәні зор­ кендір (көк­тарақ, қожакендір, сора) тал­шық­тары жөніндегі көлемді зерттеуі де жа­рық көр­мей, ізім ғайып болған. Өкінішті, алаңға толы аз ғұмырда осыншама ғылыми зерттеу жүргізген ғалымның сан­-салалы еңбектері екі бірдей қамақтың (1930-1935, 1937) кесірінен тәркіленіп (аяқталғаны бар, аяқталмай қалғаны бар) қолжазба күйінде жарық көрмей кетті. Оған Т.Г.Күдерина-Насонованың:«Біздің тергеушіміз Уәли Якубов екі ап­тада бір рет сәлемдеме апаруға рұқсат бер­ді, екі айдан кейін кездесуге рұқсат етіл­ді, кездесуде Жұмахан: тергеуші менің үш­ тиындық (атудың белгісі, бір тал оқ­тың қазыналық бағасы) құным жоқ еке­нін айтты – деді әзілдеп. Тергеуші мұны ризалықпен мақұлдады. Сондай кездесудің бірінде мен «Казахстансая Правда» газетінде Алтайскийдің аударуымен басылған …дың «Жыландар туралы» өлеңіне назар аударуын өтіндім. Өлеңді оқығаннан кейін ашу қысқан Жұмахан қалшылдап кетті, демек ол өлең оның материалының негізінде жазылған болып шыққаны ғой. Сөйтсем, тінту кезінде алынған жыландар мен дін туралы жазған материалдары жинақталған «Қара дәптері» жоғалып кетіпті. Тексерткенімде тінту кезінде жасалған тізімінде жоқ болып шықты. Тергеушінің іздегеніне қарамастан, ол дәптер сол күйі жоғалып кетті», – деген өкініші дәлел. Ал қысылған кезде тергеуші Уали Якупов қайтарып берген сирек кітаптарды Ж.Күдериннің Ташкентте оқытқан шәкірті С.Кеңесбаевқа ұсынған. Соның ішінде «Салыстырмалы сөздіктің» қолжазбасын да өткізеді. 5 жыл өткеннен кейін академик: «Қолжазбаның уақыты өтіп кеткен. Маңызын жойған», – деген сылтаумен, 640 сомға бағаланған сөздіктің қолжазбасының ақшасын төлемей, Сарым Жұмаханұлы Күдеринге қайтып берген. Ал бұл ғалымның 70 баспатабақтық фразеологиялық түсіндірме сөздігі әр тұста жариялым көргені белгілі. Ол еңбектің обалын да өзімен бірге ала кетті. Қара дәптер. Дін мен жыланның арбауын көркем тәсілмен салыстырып жазылған сатиралық шығарма. Бұл шығарма ғылым мен тәжірибенің, қаламгерлік пен ғалымдықтың түйсіну шегінде орындалған еңбек. Ол Орта Азия Мемлекеттік университетінің қабырғасында жүргенде жыландардың өміріне, олардың мінез-құлығына бақылау жасап, байқағандары мен жүргізген тәжірибелерін шақпақ жолды қара тыс­ты дәптерге түсіріп отырған. Ол үшін Ж.Күдерин өзінің пәтерінде жыландардың ордалы жымын (террариум) ұстаған. «Қара дәптер» аталып кеткен бұл дәптердегі жыландардың арбау әдістері мен барлық бағыттағы діни уағыздар мен зікірлерді жарыстыра отырып, философиялық, танымдық, психологиялық салыстырулар жасаған. Әрі ғылыми, әрі танымдық, әрі көркемдік маңызы терең, орындалуы тосын бұл «Қара дәптерге» С.Сейфуллин пікір білдіріп, «Көкшетау» дастанында Жұмаханның атын атап өткен. Айдаудан қайтып келген кезде онымен М.Жұмабаев та танысып, оның бұл туындысына жақсы пікір білдірген. Бұл туынды екінші реткі жүргізілген тергеу тұсында тәргіленіп, жоғалып кеткен. Сол дәптермен бірге Ж.Күдериннің өмірінің соңғы жылындағы еңбектері жарияланбай қалған. Өкінішке қарай, қазақ жаратылыстану ғылымдарының алғашқы қарлығашының бірі, зерттеулерінің өндірістік мәні бар, нақты қолданымға түскен, күні бүгінге дейін жолға қойылмаған және аттары мүлдем ұмытылып бара жатқан өсімдіктер мен зоологиялық терминдердің атауларының авторы Жұмахан Күдериннің есімі ғылым саласында ғана емес, сонымен қатар бірнеше рет әр түрлі жобалар арқылы басылым көрген Алаш туралы энциклопедиялардан да орын алмай келеді. Жаратылыстану туралы оқу құралдары мен аудармалардың авторы. Оның бір мысқалын марқұмның қызы өз қаржысы есебінен тоқсаныншы жылдардың басында бастырып шығарды. Жұмахан Күдериннің өзі түгілі бір жасқа толар-толмаста әкесінен жетім қалған ұлы Сарым Жұмаханұлы Күдерин де қазақ ұлтының рухани тарихынан алатын орыны ешқашанда ұмыт қалатындай жөні жоқ тұлға. Сарым Жұмаханұлы Күдерин – қазақтың тұңғыш кәсіби альпинисі, 1962 жылы 25 жасында альпинизм саласы бойынша СССР чемпионы атанды. Ал 1963 жылы 14 шілде күні 11 сағат 20 минутта Кавказ тауының Сванетия шыңдарының Чатын – Тау мұздағында 6 адамнан тұратын Лев Мышляевтің командасының құрамында қаза тапты. Сарымның есімін мәңгі қалдыру мақсатында Алматы аңғарындағы шыңға Күдериннің аты берілді. Ал оның шәкірттері Э.Ильинский, Ю.Голодов, В.Хрищатый 1982 жылы кеңестік тұңғыш құраманың қатарында Гималайды бағындырды. Шәкірттері өздерінің тұңғыш жаттықтырушысы Сарымның суретін ала барып, Эверес шыңының ұшар басына ескерткіш ретінде белгі етіп қалдырды. Рухы асқар да асқақ Сарымның денесі Чатын-Таудың мұздағында мәңгі қалды. Ұлының рухына жыл сайын тағзым етіп тұрған анасы Т.Г.Күдерина – Насонованың өсиеті бойынша Лариса Жұмаханқызы Күдерина мен немерелері анасының күлін Сванетияның асуынан асып барып мұздақтың түбіне жерлейді. Денесі қай жерде қалғаны белгісіз әкелерінің де портрет тақтасын сонда ескерткіш етіп орнатады. Міне, өр рухты намыс иесінің рухы да әлемнің ең биік шыңдарында асқақтап тұр. Алаш жасағының майдангер сардары, алаштың тәуелсіз ғылым идеясын мақсатты түрде тікелей өндіріспен байланыстыруға ұмтылған, бүгінде аты Алаш қайраткерлері туралы анықтамалардың өзінде аталмай жүрген, аягөздік, үржарлық жерлестері де ұмытқан әмбебап ғалым, тағдыры кеңестік жазалау жүйесінің «қара дәптеріне» жазылған Жұмахан Маусымбайұлының тағдыры, міне, осындай. Тек сенімді жардың, Сарым және Лариса сияқты намысты үрімінің әке әруағы алдындағы тағзымының нәтижесінде ғана, артында із қалдырғаны көңілді жұбатады. Қаламгер Табыл Құлиястың мәліметінше, қазір Лариса Жұмаханқызы Мәскеуде тұрады, Россия Академиясының мүше-корреспонденті, аймақаралық «Феникс» қорының президенті. Әкесі туралы отыз жылдан астам жиған деректерінің басын біріктіріп, дербес кітап құрастыруды ойластырып жүр. Жұмахан Маусымбайұлы Күдериннің тауқыметті тағдыры сонда толық ашылады, ғалымның еңбектері жинақталып, дербес басылымға ие болады – деген үмітпен әфсанамызды аяқтаймыз.

Серіктес жаңалықтары