«АЛАШ» АТАУЫ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?
«АЛАШ» АТАУЫ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?
Соңғы кезде елiмiзде ғылым саласын дамытуға байланысты түрлi шаралардың тұсауы кесiлуде. Әсiресе ғалымдар мен зерттеушiлердiң ой-пiкiрi мен жеке көзқарасы Ғылым күнiне арналған ауқымды басқосуларда пiкiрталасқа түсуi заңдылық. Таяуда Бiлiм және ғылым министрлiгi Ғылым комитетiнiң «Ғылым ордасы» мен Қазақстан мұсылмандар дiни басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Қазақ жерiнiң ортағасырлық ғұламалары және олардың ислам өркениетiндегi орны» атты ғылыми-практикалық конференция тың деректер мен соны пiкiрлерге толы болды.
Конференцияның негізгі мақсаты – қазіргі заман руханиятының, оның ішінде ғылым, философия, дін, мәдениет, өнердің қалыптасуына зор үлес қосқан ортағасырлық гуманист-ғалымдарды, тарихи тұлғалардың шығармашылық мұрасын зерделеу және насихаттау. Осы тұрғыда алғашқы сөзді алған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бас мүфтиі Әбсаттар қажы Дербісәлі «ІХ-ХVІ ғасырдағы Отырар және отырарлық ғалымдар» атты баяндамасында Ислам дінінің өзі ғылым екендігін, оның хадистерінің 719 жерінде ғылым-білім туралы айтылатындығына екпін түсірді. Сондай-ақ ол қазақ даласының, қазақтың ислам өркениетіне үлкен үлес қосқан халық екендігін айта келе, талай жылғы еңбек жолын қазақ жеріндегі әл-Фарабилерді зерттеуге арнағанын тілге тиек етті. «Халық несімен күшті? Өзінің рухымен, ұлттық санасымен, мемлекеттілігімен күшті. Қазақ – Орта Азия халықтарының ішінде өзіндік орны бар халық. Өзім ислам өркениетіне қазақ топырағынан шыққан ғұламалардың қосқан үлесін зерттеп жүрмін. Тіпті шетелдерде болатын конференцияларда да осы ойымды ашық айтып жүрмін. Басқа елдің ғалымдары «барлық ортағасырлық ғұламаларды қазақ халқы меншіктеп алды ғой» деп те жатады. Бірақ бұл – шындық. Өйткені ғұламалардың көбі қазақ жерінің тумалары екені анық. Бір ғана әл-Фарабидің өзін алатын болсақ, ол – толық бір зерттеу институтының еңбегін атқарған ғалым. Мен осыдан біраз уақыт бұрын қазақ жерінде 11 әл-Фарабидің болғанын жазғанмын. Бүгінде әл-Фарабилердің саны 30-ға жетті. Мүмкін, 50 әл-Фараби болған шығар? Осындай ғұламаларымызды ғылыми түрде зерттеп, дәлелдеуіміз керек. Кеңес дәуірінде жазылған 5 томдық тарихымызға біздің көптеген ғалымымыз енбей қалған. Алдағы уақытта тарихымыз қайта түгенделіп, бұған дейін беймәлім болып келген ғұламаларымыз оқулықтарға енгізілуі тиіс», – дейді бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі.
Ал белгілі тарихшы, профессор Талас Омарбеков өзінің «Қазақ тарихының этникалық мәселелері» атты баяндамасында қазіргі жазылып жатқан 15 томдық тарих кітабына қолдаудың болмай жатқандығын, оған басты себеп – балама тарихтың көбейіп кеткендігін баса айтты. «Бүгінде тарихшыларымыздың алдындағы ең ауыр жүк – қазақ деген халықтың қайдан шыққандығын зерттеп жазу. Осы мәселенің басы ашылмай тұр. Ең алдымен, арғы түріктердің кім екенін анықтап алуымыз керек. Осы уақытқа дейін біз көптеген бұрмаланған аударма тарих еңбектерін пайдаланып келдік. «Түрік» этнонимі, «түргеш», «қарахан», «қарлұқ» атаулары қайдан шықты? Осындай мәселелердің басын ашу үшін қытай жазбаларын, басқа да деректерді ақтаруымыз керек. Шыңжаңдағы бауырларымыз Қытай жылнамаларының үш томдығын қазақшаға аударды. Олардың да еңбегін бағалау қажет. Біздің тарихымызда әлі күнге дейін «Алаш» атауының қайдан, қалай шыққаны туралы жөнді дерек жоқ. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі шыққан 5 томдыққа неге «Алаш» атауы, түрік этнонимі енгізілмеген? Мұнда бұл атауға бір ғана абзац арналыпты. «Қазақ» сөзінен бұрын пайда болып, кейіннен синониміне айналған «Алаш» атауы қайдан шықты? «Алаш» атауы VІІІ ғасырда белгілі болды. Неге ол орнықпады? Өзімізді Алаш баласымыз деп атаймыз, бірақ бұл атаудың шығу тегін білмейміз. Сондай-ақ қазақтың ірі-ірі тайпаларының атауын зерттеп алмай, біз тарихымыздың тереңіне бойлай алмаймыз. Бір өкініштісі, біздің тарихшыларымыз бұл мәселеге батыл бара алмай отыр. Қолымызда мәлімет көздері бар кезде оқулыққа енгізуіміз керек», – деп өзінің әріптестеріне деген ренішін білдіре кетті.
Бұған Алаш қозғалысы, Алаш зиялылары туралы зерттеп, зерделеп жүрген тарихшы Мәмбет Қойгелді не дейді екен? Біз конференция арасында тарихшы-ғалымның пікірін білуді жөн көрдік. – «Алаш» этнонимі қазақ халқының, қазақ ұлтының қалыптасуына байланысты туындады. Өз басым қазақ тарихының ғажап әрі ұлттық жаңғыру кезеңін, яғни ХХ ғасырдағы Алаш қозғалысын там-тұмдап зерттеп келемін. Кез келген ұлттың жұлдызды кезеңі болады. Қазақта бұл – Алаш қозғалысы. Оған дейін де, кейін де мұндай саяси мықты қозғалыс болған жоқ. Бір әттеген-айы, Алаш қозғалысын арнайы мемлекеттің тапсырысы арқылы зерттеген жоқпыз. Сондықтан да өз дәрежесінде зерттелмей келеді. Алаш қозғалысына байланысты жабық қорларда жатқан құжаттар осы уақытқа дейін біздің қолымызға еркін зерттеу, еркін айналымға түсуі үшін берілген жоқ. Бұл туралы билік орындарына айтып та, жазып та келеміз. Өкінішке қарай, билік әлі күнге бұл мәселеге құлақ асатын емес. Алаш қозғалысының зиялыларына байланысты сот процестерінің материалдары жарық көруі керек. Неге десеңіз, бұл материалдар жарық көрмей «Алаш қозғалысы деген не?», «Алаш» деген сөз қайдан шықты?», «Оның алатын орны қандай?», «Жалпы біздің рухани кемелденуіміз үшін Алаш қозғалысының қандай қажеттігі бар?» деген сұраққа ұлттың, халықтың алдында жауап бере алмаймыз, – деді.
Тарихшы-ғалым Мәмбет Қойгелді қазақ халқының қалыптасуы жолында діннің алатын орнына байланысты пікірін былайша өрбітті. «Кеңестік әкімшілік билік қоғамның, халықтың, ұлттың даму тарихында діннің орнын бұрмалап келді. Тіпті діннің рөлін төмендетіп жіберді. Өйткені большевиктер партиясы өзіне балама ретінде халыққа ықпал ете алатын күштерді ығыстырып отырды. Сондықтан да дін туралы жаңсақ пікірлер қалыптасты. Кез келген ұлттың қалыптасу процесінде діннің рөлі өте жоғары. Ислам діні ортағасырлық кезеңдерде халықтардың жаңа сапаға көтерілуіне белгілі бір дәрежеде әсер етті. Дін – халықты тұтастырушы, біріктіруші ұйытқы элемент. Ислам дінінің қазақ даласында мемлекеттіліктің қалыптасуына ықпалы болғандығы даусыз. Алайда бұл мәселені біз әлі де ғылыми тұрғыдан дәлелдеуіміз керек. Ғылым әділдікті, шындықты жақсы көреді. Конференцияда қазақтан шыққан 30 әл-Фараби туралы айтылды. Әрине, олардың көбі дәлелдеуге мұқтаж. Бұл біз үшін маңызды тақырып. Әл-Фарабидің музыкалық трактатының өзі неге тұрады? Әл-Фараби – кезіндегі антикалық грек философиясына жаңа көзқарас түсінік берген ғалым. Жүсіп Баласағұнның «Құтадғұ-Білігі» – дидактикалық поэма. Ғажап поэма. Мұндай поэма сол 11-12 ғасырда Еуропада, Батыста болды ма? Болған жоқ. Жүсіп Баласағұнның еңбегін әлі де болса жас ұрпаққа түсіндіре алмай жатырмыз. Тарихты бойға сіңіру арқылы өсу, өркендеу болады. Мұны әлі толық зерттеу ғана емес, бойға сіңіруіміз керек. Рухани іргетасымыз ретінде қабылдауымыз керек. Сонда ғана ол біздің құндылығымызға айналады». Шын мәнінде, қазақ – үлкен тарихы бар халық. Әлемде қанша өркениет, ұлт болса, біздің де өркениетіміз, рухани тарихымыз олардан бір мысқал да кем емес. Осы ойды бойымызға, ойымызға сіңіруіміз керек. Сонда ғана өзіне-өзі сенімді халыққа айналатындығымыз даусыз. Қазақ халқының бастан өткерген тағдыры тарих парағына әлі толық жазыла қоймағаны барша жұртқа мәлім. Ғылыми-тәжірибелік конференцияда ортағасырлық ғұламалардың ғана емес, қазақ халқының азаттық алуына айтарлықтай үлес қосқан Алаш қозғалысы қайраткерлерінің еңбектері мен олардың егемендікке қол жеткізу жолындағы табанды күресі туралы материалдардың толықтай ашылмай жатқандығы анық айтылды.
Бiлiм және ғылым министрi кеше ғана «Ғылымға 49 млрд. теңге бөлiндi!» деп сүйiншi сұрады. Бұл бұрын-соңды тарихымызда болмаған нәрсе. Бұл жағымды жаңалықты естiген ғалымдар: «Халықтың дүниетанымы, ұстанымы өзгерiске ұшырап жатқан кезде гуманитарлық ғылымдарға көңiл аударуымыз керек. Оның тарихын, рухани мәдениетiн зерттеуге үлкен бетбұрыс жасау қажет. Онсыз бәсекелестiкке төтеп бере алмаймыз. Сондай-ақ мұндай конференциялардың мазмұнды, тағылымды болғаны жөн. Мықты ғалымдардың зерттеулерi, құнды пiкiрлерi сөз жүзiнде қалмай, iске асырылып, оқу орындарындағы бiлiм беру үрдiсiнде пайдаланылғаны дұрыс», – деп тарқасты.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ