КӨГІЛДІР ЭКРАННЫҢ КӨКБАЛАҒЫ
КӨГІЛДІР ЭКРАННЫҢ КӨКБАЛАҒЫ
1984 жылы Жамбылдан Қазақ теледидарына жұмысқа ауысып, «Қазақстан» ақпараттар Бас редакциясына редактор болып жаңа қызметіме кірісіп кеттім. Ол кезде дәл қазіргідей көп телеарна жоқ. Санаулы ғана.Күніне екі рет жарты сағаттық хабар дайындап, тәуліктің ең маңызды саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік жаңалықтарын бүкіл республикаға таратамыз. Бас редакторымыз Төкен Қаймулдинов жұмыс барысында қатал, қатаң талап қоя білетін азамат. Мен үшін алпысқа жуық адам еңбек ететін шығармашылық ұжым үлкен шеберлік мектебі болды. Арада екі жылдан соң, сол кездері жаңадан шаңырақ көтеріп жатқан «Алатау» телеарнасына жұмысқа ауысудың реті келді. Ол кезде Республикалық радио және теледидары комитетінің төрағасы белгілі қаламгер Камал Смайылов ағамыз болатын. Шығармашылық ізденістің нәтижесінде дүниеге небір тамаша хабарлар келіп, көрермендердің ыстық ілтипатына бөленіп жүрді. Басқаларын айтпағанда, «Қымызхана», «Тамаша» хабарлары бүкіл исі қазақ асыға күтетін хабарларға айналды.
Қазақ теледидарында сол жылдары небір мықты журналистер, қаламгерлер қызмет атқарды. Сәнгерей Тәжіқұлов, Тыныс Өтебаев, Ғұсман Игiсінов, Әділбек Тауасаров, Фатима Бөгенбаева, Жүрсін Ерманов, Серік Байхонов, Нұртілеу Иманғалиев сияқты «телевизиончиктер» шетінен сен тұр, мен атайын дейтін мықты журналистер. Жасымыз қатарлас болған соң, көбінесе Серік пен Нұртілеуді жағалаймыз.
Нұртілеу Иманғалиев – Қазақ теледидарындағы ең жас Бас редактор. Ол жиырма сегіз жасында «Құрдастар» деп аталатын Жастар Бас редакциясын басқарды. Комсомол және жастар өмірін, олардың өміріндегі ең өзекті проблемаларды Нұртілеу басқарған шығармашылық ұжым дер кезінде көтере білетін. Әр хабардан «Құрдастарға» жүздеген хаттар ағылып келіп жататын. Жастар Бас редакциясының эфирден өткен хабарлары әр аптада өтетін лездемеде оң бағасын алып, «Қызыл тақтаға» ілініп тұратын.
Нұртілеу ұзын бойлы, сымбатты жігіт. Жас кезінде Алматының құрылысында еңбек етіп, әбден шыныққан, құрыш қол. Алғашқы көргенде маған тәкаппар, менмендеу болып көрінген. Кейде адамның сыртқы бейнесі алдамшы келеді, араласа келе ол мүлдем басқа жан болып шықты. Жүрек кілтін таба білсең, одан асқан ақ көңіл жан жоқ, көбіне бала құсап кетеді. Достыққа берік. Екіжүзділікті жек көреді, шындықты бетіңе тік айтады. Біздерді жақындатып жіберген осы қасиеттері болар.
Нұртілеу нағыз зиялы жан ретінде өзінің ұлтын, салт-дәстүрін, ана тілін қастерлейтін азамат, қолынан келсе, өзінің қаракөз бауырларына жақсылық жасағысы келіп тұратынын талай көргенбіз.
Жақында жұмыс бабымен Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданына бардым. Атақты тұлпар, Рим Олимпиадасының алтын жүлдегері Абсенттің отаны – Луговой жылқы зауытында Нұрлан деген агроном жігітті кездестірдім. Ол 1980 жылдардың басында Қазақ ауылшаруашылығы институтында оқыпты. Кезінде өнерпаз ретінде талай рет Қазақ теледидарының «Алтыбақан» жастар ойын-сауық хабарына түсіп, «Құрдастардың» пікірталастарына қатысыпты.
– Сол кезде «Құрдастар» хабары жиі түсірілетін және бас редакторы Нұртілеу аға еді. Әлі есімде, бірде «Құрдастардың» кезекті бір хабарына Абай атындағы педагогикалық институттың химия факультетінің 2-курс студенті Гүлмира Ақүрпекова екеуміз қатыстық. Гүлмира гитарада ойнап, әдемі ән салатын. Хабар түсіріліп біткен соң, жанымызға Нұртілеу аға келді.
– Қалқам, таудай талабың бар екен. Бүгінгі өзің орындаған «Тамшылар» деген ән маған өте ұнады, – деді Бас редактор ризашылығын білдіріп. – Өзің қайда оқисың?
– Абай атындағы педагогикалық институттың химия факультетінің студентімін, – деді Гүлмира сыпайы жауап беріп.
– Химик деген, әрине, жақсы мамандық. Бірақ сен өте дарынды әншісің. Осы жайлы ойлан, – деп Нұрекең қоштасып, кетіп қалды.
– Студияда болған бұл әңгіме Гүлмираның өміріне үлкен бетбұрыс әкелді. Бүгінде ол бүкіл қазаққа есімі белгілі әнші. Әрине, өнер жолы оңай емес, Гүлмира қиналғанда Нұртілеу ағасы үлкен азаматтық жасап, талай рет қолұшын беріпті, – деді Нұрлан бауырым өткен күндерді еске алып. – Нұртілеу аға «Хабар» арнасынан «Бетпе-бетті» жүргізуші еді. Соңғы кезде теледидардан көрінбей жүр.
– Айналайын, «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген. Менің досыма деген көңілің кіршіксіз таза екен… Нұртілеу ағаң бүгінде бар қазаққа белгілі азамат. Қазақ теледидары және радиосы корпорациясының төрағасы. Сондықтан ағаңның «Бетпе-бетті» жүргізуге уақыты болмай, арқасы құрысып жүр, – дедім сөзімнің соңын әзілге бұрып.
Ел сыйлайтын, құрмет тұтатын жолдасың туралы жүрекжарды жақсы сөз есту бір ғанибет емес пе?! Нұртілеу Жастар Бас редакциясына жетекшілік жасаған жылдары талай-талай бұлқынып жатқан бұлақтың көзін аша білді. Қайталанбас өнер иесі, күміскөмей әнші, марқұм Мәдина Ералиева, қазақ әнін талай жерде асқақтатқан орыс қыздары – үш Татьяна және басқа өнерлі жастардың тұсауын кесіп, сәт-сапар тілеген үлкен жанашыр иесі Нұртілеу Иманғалиев екенін біріміз білсек, біріміз біле бермейміз.
1990 жылдардың басында Қазақ теледидары Бас директорының бірінші орынбасары болып қызмет атқарып жүрдім. Нұртілеу – Қоғамдық-саяси Бас редакциясының Бас редакторы. Үнемі ізденіс үстінде жүретін ол 1994 жылдың басында Қазақ теледидарына бедерлі жаңалық әкеліп, берілген хабарлардың мазмұны, берілу формасы және маңыздылығын арттырды. Қазір Ресейдің ұлттық теледидарында «24» деген канал бар. Бұл канал тәулік бойы маңызды жаңалықтарды, экономикадағы, әлеуметтік және мәдениет саласындағы қол жеткен жетістіктер мен проблемаларды топтама түрінде беріп отырады. Кез келген тақырып, нақты, қысқа, әрі мазмұнды болуымен ерекшеленіп тұрады. Сондықтан да «24» каналы миллиондаған көрермендердің көңілінен шығып, лайықты бағасын алуда.
Электронды бұқаралық ақпарат құралдарының білгірлері «24» канал Ресей теледидарындағы жақсы үрдіс пен ізденістің жемісі» деп жоғары баға беріп жүр. Мен осы хабарды көрген сайын Нұртілеу жетекшілік еткен Қоғамдық-саяси Бас редакциясы дайындаған хабарларды көріп отырғандай әсерде боламын. Яғни ресейліктердің мақтауын асырып жүрген хабар жүргізу әдісін біздің Нұртілеу осыдан 18 жыл бұрын жүзеге асырып тастаған болатын.
Бірде дүйсенбі күні өтетін дәстүрлі лездеме болып, оған Қазақ радиосы және теледидары корпорациясының президенті Шерхан Мұртаза, Қазақ теледидарының Бас директоры Рафаэль Жұмабаев және басқалар қатысты. Лездеменің басты мақсаты – өткен әрбір телевизиялық хабарға шығармашылық тұрғыдан талдау жасап, лайықты бағасын беру. Өкінішке қарай, бұл лездеме ойлағандай өтпеді. Шолу жасаушының дайындықсыз келгені айтпаса да аңғарылып тұрды. Нұртілеу Иманғалиев жетекшілік ететін Қоғамдық-саяси Бас редакциясының дайындаған хабарлары қай тұрғыдан болса да мықты еді. Шолушы бұл туралы аузын ашпады. Шолушыдан соң сөйлеген екі журналист те мардымды ештеңе айта алмады. Шындық пен әділдік айтылмай қалса, Нұртілеу шыдай алмайды. Кейбіреулер құсап ойын бүгіп қалу деген жоқ. Бұл жолы да орнынан ұшып тұрды.
– Эфирден өтетін хабарлардың шынайы әрі өткір болуына, мазмұны мен маңыздылығының артуына бүкіл редакторлар және режиссерлер тобы болып, барымызды салып, сол шығармашылық ізденістің бағасын естуге келдік. Шынымды айтсам, әріптесімнің бүгінгі шолуына көңілім толмады. Біздің апта бойы жасаған хабарларымызға әділ баға беріп, талдау жасай алмады. Мен өткен хабарлардың бәрі шетінен төрт аяғынан тік тұрып кетті деп айта алмаймын. Дегенмен олардың жетістігі неде, кемшілігі неде? Лездемеде сол айтылу керек еді. Жақсы дүние болса, бағалайық, кемшілік тұстары болса, оны да айтайық. Лездеменің басты мақсаты осы емес пе? Ол дәл бүгінгідей болып өте беретін болса, біз шығармашылық жағынан өспейміз, төмен құлдыраймыз. Басшы тарапынан да жағдайларың қалай, не істеп жатырсыңдар деген бір ауыз жылы сөз естімейміз. Бұл қалай? – деп Нұртілеу Шерхан Мұртаза мен жанында отырған Рафаэль Жұмабаевқа қарады.
Байқаймын, корпорация президенті Нұртілеудің сөзін онша жарата қойған жоқ. Бас директор үндемей құтылды.
Ертесіне Шерхан Мұртаза Қазақ теледидарының Бас директоры және Бас директордың бірінші орынбасары ретінде Рафаэль екеумізді шақырды. Шәкең күнделікті жұмыстың барысы туралы айтқан соң, кадр мәселесіне көшті.
– Қоғамдық-саяси Бас редакциясының Бас редакторы Нұртілеу Иманғалиевті басқа жұмысқа ауыстырамыз. Оның орнына лайықты адам бар ма? – деді Шәкең бізге қарап.
Мен тікелей бастығым – Бас директорға қараймын, ол болса үндемей жерге қарайды. Одан асып маған не жоқ деп үнсіз қалайын десем, арым мен ұятымның алдында үлкен сын болғалы тұр.– Нұртілеу Иманғалиев өз орнында отырған адам, – дедім мен пікірімді айтып. – Өте сауатты, іскер басшы, өзінен де, өзгеден де талап ете алады. Әрдайым шындықты ашық айта біледі. Оны басқа жұмысқа ауыстырудан ештене ұтпаймыз.
Өмірден көргені мен түйгені мол, әрқашанда әділдікке жүгінетін Шерағаң ойланып қалды.Осы әңгімеден кейін талай уақыт өтті. Мен бұл әңгімені Нұртілеуге айтқан да емеспін, ол да сұраған емес. Ар алдында таза екенімізді екеуміз де жақсы білеміз.
Бүгінде алпыстың асқарына шыққан Нұртілеу Иманғалиев талай-талай биіктерден көрініп, жемісті еңбек етті, адал қызмет атқарды. Кезінде Қазақстан Министрлер Кеңесінде Мәдениет бөлімін басқарып, ұлттық мәдениет пен өнеріміздің жандануына үлкен үлес қосты, жанашыр болды. Қаламы қарымды, белгілі журналист бір кездері қатардағы редактор болып бастаған Қазақ теледидары және радио корпорациясы акционерлік қоғамының төрағасы болып, ұлттық электронды бұқаралық ақпарат құралдарының бүгінгі заман талабына сай өркендеп, дамуына лайықты үлес қоса білді.
Мен Нұртілеудің замандасы, жолдасы ретінде оның үлкен табандылығына, жүректілігіне, жігерлілігіне таң қаламын. Әріптесім Қазақ теледидары және радиосы корпорациясы акционерлік қоғамының төрағалығы қызметінен босағанда журналистика, оның ішінде электронды бұқаралық ақпарат құралдарына шын жаны ашитын қаламгерлер іштей келіспедік. Ол орынды да еді, соңғы кездері корпорация басшылары тұрақтамай, жиі ауысады. Нұртілеу журналистиканың күрделі саласына жаңалық пен үлкен серпіліс әкелген болатын. Бірақ құлашын кеңге сермеуге мүмкіндік бермеді.
Нұртілеуді екі күннен соң кездестірдім. Басқа біреу болса, үлкен мансаптан айрылып қалғанына іші күйіп, қайғырып, ешкіммен хабарласпай, үйінде жатып алар еді. Нұртілеу түк болмағандай жайдары қалпы, тіп-тік, жүзінен кішкентай болса да реніш табы байқалмайды.
– Байқаймын, тақтан мен емес, сен түсіп қалғандай болып тұрсың. Бос сөзді қой, мені жұбатып қайтесің. Қызметімді алса да, қаламымды ешкім тартып алған жоқ. Оданда жүр, Ғалым Жайлыбай мен Ұлықбек Есдәулетке барып, бильярд ойнайық. Айтпақшы, сенің бұл ойыннан мүлде хабарың жоқ, қашан үйренесің осы, – деді күліп.
Арада бір ай өткен соң, теледидарды қоссам, Нұртілеуім қасқайып, «Көршілер» хабарын жүргізіп тұр. «Әй, сабазым-ай! – дедім іштей сүйсініп.
Айта берсе, «Алтын жұлдыз» және Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты, қаламгер Нұртілеу Иманғалиев туралы жүрекжарды сөздер көп. Менің досым нағыз қазақ, нағыз журналист.
жазушы, Халықаралық«Түркi әлемi» телестудиясының Бас директоры