ҰБТ-ДА ТАҒЫ ӨЗГЕРIС

ҰБТ-ДА ТАҒЫ ӨЗГЕРIС

ҰБТ-ДА ТАҒЫ ӨЗГЕРIС
ашық дереккөзі
192

Бұдан былай ұлттық бiрыңғай тестiлеу жауаптарын сатып, айласын асырғандардың жолы кесiледi. Естерiңiзде болса, былтыр Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында 500 талапкерге тест жауаптарының сатылғаны анықталып, оған қатысы бар адамдардың үстiнен iс қозғалып, сот үкiмi шығарылған болатын.

Соттың шешiмiне сәйкес, ҰҚК-нiң екi жауапты қызметкерi және министрлiктiң екi маманы сотталған. Бiлiм және ғылым министрi бұл iстiң көп адамға, соның iшiнде ата-аналарға үлкен сабақ болатындығын айтады. Өйткенi ұлттық бiрыңғай тестiлеу мемлекеттiк құпия құжаттар тiзiмiне жатады. Ал Жоғарғы соттың ресми өкiлi Оксана Петерс Оңтүстiк Қазақстан облысында ҰБТ материалдарын сату кезiндегi шығынның 16, 5 млн. теңгенi құрағанын айтты.

Сондай-ақ министр Жұмағұлов ұлттық тестiлеу орталықтарының дайындығымен таныса келе, биылғы жаңалықтарды жария еттi. Оның айтуынша, ұлттық тестiлеуден халықаралық мектеп пен апатты аймақта қалған түлектер босатылып, кейiн кешендi сынаққа жiберiледi. Тағы бiр өзгерiс – орта оқу орындары, яғни колледж бiтiргендер биылдан бастап кешендi тест тапсырады. Ал жинауға тиiс ең төменгi балл – 50 болса, бұл жоғарғы оқу орындары үшiн 70 баллдан кем болмауы тиiс. Жалпы биыл 125 мың мектеп бiтiрушi ұлттық бiрыңғай тестiлеуге қатысады деп жоспарланып отыр.

Алайда колледж оқытушылары мен сту­дент­терi кешендi тест тапсыруға наразылық танытуда. Өйткенi олар колледжге мектептегi ұлттық бiрыңғай тестiлеуден қашып келгендiгiн айтады. Екi айдан соң қолдарына дипломын алып, бiлiмдерiн жоғарғы оқу орындарында алаңсыз жалғастырамыз деп отырған қыз-жiгiттердiң үмiтi су сепкендей басылды. Себебi олар колледждi бес деген бағамен тәмамдаса да, тестiлеуден өтпейiнше университетке түсе алмайды. Қазiр бұл мәселе интернет сайттарында қызу талқыға түсуде. Колледж студентi Әсем Айғалиева: «Колледжден кейiн тағы тестiлеуге қарсымын. Тест тапсыратын болсақ, он бiрiншi сыныбымызды тастамай бiтiрiп, жоғарғы оқу орнына бiрден түсуге тырысатын едiк қой» десе, тағы бiр ызалы студент: «Мектептен мұғалiмдердiң өздерi қуады бiздi. ҰБТ-ны тапсыра алмайсыңдар, колледжге кетiңдер. Мектептiң беделiне кесiрлерiң тиедi. Төртiншi курсты бiтiрiп, ендi университетке түсем дегенде неге бұлай жасайды? Қазiр мен мектепте өткен сабақты ұмытып та қалдым», – деп шындықты айтыпты.

Бұл реформаға колледж ұстаздары да қарсы. Олар мұны кезектi «бүйректен сирақ шығару» әрi тым асығыс қабылданған шешiм деп отыр. «Тұран» колледжiнiң құрылтайшысы Қуандық Құдайбергенов: «Шикiлiк бар. Өйткенi көп реформалар жасау кезiнде жылдамдық танытамыз. Уақыт керек» десе, министр Жұмағұлов: «Кәсiптiк техникалық оқу орнын, колледждi бiтiрген балалар кешендi тесттен өтедi. Ол бiрiншiден, бiздiң оқитын балалардың келешектегi жақсы маман болуына, бiлiмнiң сапасына ықпал жасайды деп ойлаймын» деп шорт кестi.

Былтырғы есеп бойынша, республикада 896 колледж тiркелсе, онда 600 мыңнан аса студент бiлiм алып жатқан көрiнедi. Дәл қазiргi кезде осыншама студент жоғары оқу орнына түсу үшiн тест тапсыру керек дегендi естiп үрейлерi ұшып жүр. Алайда колледж студенттерi мен оқытушылары қанша жерден шыр-пыр болса да, екi айдан соң төрт пәннен кешендi тестiлеу тапсырады. Бiр қиыны, сынақтан сүрiнсе, қайта тапсыра алмайды. Жоғарғы бiлiмдi маман атану арманынан бiржола айрылады.

Ал бұл кезде Парламент мәжiлiсiнiң депутаты Розақұл Халмұрадов елiмiздегi басқа ұлт өкiлдерiнiң қамын ойлап «Бiлiм министрлiгiнiң қаулысы өзбек, тәжiк пен ұйғырдың құқын бұза ма?» деп депутаттық сауал жасады. Ол «бұған дейiн өзбек, ұйғыр және тәжiк тiлдерiнде оқытатын мектептердiң түлектерi мектеп бiтiруi туралы емтихандарды өздерi оқыған тiлде тапсырып, ал ЖОО-ға түсу үшiн кешендi тестiлеуге қазақ немесе орыс тiлдерiнде қатысатын едi. Ал қазiр өзбек, ұйғыр және тәжiк тiлдерiнде оқытатын жалпы бiлiм беретiн мектептер бiтiрушiлерiнiң орта мектеп курсының қорытынды (мемлекеттiк) емтиханы түрiндегi қорытынды аттестаттауды ана тiлiнде тапсыру құқығын шектеп отыр», – дедi.

Былайша айтқанда, әркiм өз жайымен бас ауыртып жүр. Колледж студенттерi алдағы кешендi тестiлеуден сүрiнбей өтетiндiгiне күмәнмен қараса, депутат Розақұл Халмұрадов басқа ұлт өкiлдерiнiң шағымын алдыға тартып әлек. Ал министр Жұмағұлов «Бұл соңғы шешiм. Сапалы, бiлiмдi маман дайындау үшiн колледж студенттерi кешендi тесттi тапсыруы қажет» деп бiрбеткейлiк танытуда. Алайда бұл бiлiм сапасына оң әсер ете ме, жоқ па, тағы белгiсiз. Тiптi бұл министрдiң өзi ақпарат құралдарында көп айтуға, жазуға тыйым салған суицид оқиғасының көбеюiне әкелуi де мүмкiн екенiн ешкiм жоққа шығара алмайды. Не десек те, биылғы жаңалықты естiген колледж студенттерiнiң психологиялық күйзелiсте жүргенi айтпаса да түсiнiктi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары