БIЗ ДЕ ҒАРЫШКЕР БОЛАМЫЗ!

БIЗ ДЕ ҒАРЫШКЕР БОЛАМЫЗ!

БIЗ ДЕ ҒАРЫШКЕР БОЛАМЫЗ!
ашық дереккөзі
720

Бауыржан Момышұлы атындағы №131 мектеп-лицейдің оқушылары қазақтың түрік тілдес халықтарының арасынан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіровпен КТК телеарнасында кездесу өткізді. Кездесуде Тоқтар Әубәкіров өзінің бақытты балалық шағынан сыр шертті. Қарқаралы аймағына аты мәшһүр Әубәкір есімді темірден түйін түйген ұста жігіт болған. Тосыннан келген ауру кеудесі көріктей алпамса жігітті аяқ астынан төсекке алып ұрды. Бұл кезде ұлы Тоқтар жеті айға жаңа толған еді.

Сәби сол күні тұңғыш рет жер бауырлап, талпынып еңбектей бастапты. Айықпас дерттен төсек тартып жатқан Әубәкір жалғыз ұлының алғашқы аяқ алысына сүйсіне қарап жатып көз жұмған екен. Рухым жебеп жүрсін дегені ме, әйтеуір баласының басынан сипап үлгеріпті. Соғыстың соңғы жылдарында күні-түні қара жұмыс істеп, қажып жүр­ген анасының қабағына қарап өскен қамкөңіл бала жігіт он беске толар-толмас шағында ойламаған жерден өзі шешім жасайды. Аудандық милиция бастығының кеңсесіне енген бойда әй-шәйға қарамай, әңгіменің тоқ етерін айтқан.

Екі иығы қақпақтай балаң жігіт қабағын тарс түйіп алыпты. Екпіндей басып келіп, бастықтың қарсы алдына жайғасып:

– Не маған паспорт бересіздер, не менің анамды асырайсыздар! – деген.

Әңгімелесіп, мән-жайға қаныққан милиция бастығы екі сөзге келмей, сол күні-ақ он бес жасар бала жігіттің қолына төлқұжатын ұстатып жібереді.

Теміртау мен Қарағандының арасын жол қылған Тоқтар өмірдің барлық сынынан сол жылдары өтіп қойған секілді. Зауытқа темір жонушы болып орналасқан кезде анасы Қамия: «Балам-ау, қара жұмысқа асықпа, буының қатайсын» деген жанашыр сөздеріне бала Тоқтар: «Апа, енді мен сені асыраймын!» дегені әлі есінде.Теміртаудың танымал бұл зауытында Тоқтарсыз да белгілі, темірден түйін түйгендер тобы аз емес-ті. Қандай темірді сүрлесе де, оймақтай ғып шығаратын баланың шеберлігі өз алдына бір төбе. Денесі шымыр, ісі ширақ, жанары өткір жігітті цехтың ақсақалдары айналсоқтап алады. Бұл жәй ақсақалдар емес, осы өндірістің ең таңдаулы еңбек адамдары болатын. Қаршадай баланың суреті зауыттың ауласындағы «Құрмет тақтасына» ілінеді. Көп кешікпей темір жонушы Тоқтар Әубәкіровтің есімі облыстың «Құрмет кітабына» Алтын әріппен жазылады.

Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшар кезіндегі анасы Қамияның жалғыз баласын қимай: «Тым биік ұшпа, төмен ұш, тым қатты ұшпа, жәй ұш» дегені де жадында.

Ата-анасынан ертерек айрылған Тоқтар өмірдің ащы-тұщысын көріп өсті. Жастайынан қоңыр қаздай тел өскен қарындасы Гүлсім екеуі әп­кесі Бикен мен жездесі Нығметтің қам­қорлығында өседі.

Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров 1969 жылы Ресей Федерациясындағы Армавир жоғары әскери ұшқыштар училищесін, ал 1979 жылы авиация инс­титутын бітіреді. 1969-1975 жыл­дары Әскери-әуе күштерінде ұшқыш, звено командирінің орынбасары боп қызмет етті. 1988 жылы Кеңес Одағында тұңғыш рет әуеде ұшаққа 2 рет жанармай құйдыру арқылы Солтүстік полюске ұшу сапарын сәтті орындады.1989 жылы бірінші болып, авиатасушы крейсердің алаңқайшасына «МиГ-29к» реактивті ұшағын үлкен шеберлікпен дәл қондырды.Сондай-ақ Тоқтар Әубәкіров реактивті ұшақтың елуден аса түрін сынақтан өткізді. 1990 жылы ғарышкерлер құрамына алынады. Қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров Франс Фибек, Александр Волков есімді ғарышкерлермен бірге 1991 жылы 2 қазанда Байқоңырдан «Союз ТМ-13» кемесімен ғарышқа ұшты. Одан ол өзге ғарышкерлермен бірге биотехникалық, металлургия, медицина салалары және Арал аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Зерттеу нәтижесінде Арал үстіндегі тұзды шаң борамасының пайда болу процесі, сол зиянды аэрозолдардың Қазақстан мен Ресей аймақтарына таралуының ғарыштық суреттері алынды. Талғат Сүйінбайдың «Тұңғыш» атты еңбегінде Тоқтар Әубәкіровтің Арал туралы айтқан мына сөздері жазылған:

«…Сонау ғарыштан төмен қарап, туған жерге көз салғанда мен көп жайтты түсіндім. Сенесіздер ме, суы тартылған Арал теңізінің басындағы жиегі кәдімгі қарындашпен сызғандай ап-анық көрініп жатыр. Қандай аянышты, жүрегің ауырады, бір кездегі айдынды шалқар теңіз үп-үлкен шалшыққа айналыпты. Менің тағы бір байқағаным, Жер бетіне Күннің жарық сәулесі түскен мезеттен бас­тап, ол аймақтан тіп-тіке жоғары қарай ұшып шыққан аппақ тозаң, бұлт көзге түседі. Бұл – тұзды тозаң. Содан кейін, әлгі шаңдатқан ақ тұман біресе солтүстікке, біресе оңтүстікке бет алып, алып бұлттың үйіріндей жеңіл ауады. Қысқасы, жел қалай тұрса, солай қарай ұшады.

…Жаңа әлгінде Қазақстанның үстінде тұзды тұман көтерілген Арал теңізі туралы айттым емес пе, тура сол сияқты құбылысты өзіміздің Павлодар аймағынан да байқадым.»

Тоқтар Әубәкіров ғарыштан көр­гендері мен зерттегендерін осылай сипаттады.

Тұңғыш ғарышкермен өткен кез­десуде мектебіміздің беделді мұғалім­дері Гаухар Қабдешовна, Ғалия Тұр­лыбекқызы, орыс тілі маманы Қыстау­баева Гүлсім Нығметқызы, сонымен қатар қазақ тілі және әдебиет пәнінің маманы Аманова Жаңыл Демелханқызы т.б. мұғалімдер қатысты.

Мектебіміздің бетке ұстар, жас ақыны Дүйсенов Жамбыл өзінің өлеңімен шашу шашты.

Бұл кездесуге Тоқтар Әубәкіровпен сыйласып жүрген жайсаң жан Мәскеу олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, академик Төрегелді Шарманов сияқты жандар да келіп, тағдыры тым күрделі азаматтың өмір жолы, сынаққа толы сырлы соқ­пақтары, боямасыз болмысы ту­ралы әңгімелерімен оқушыларды қызықтырды.

Біз ғасырда бір туар ғарышкер Тоқтар Әубәкіров ағамызбен кездесуде ерекше әсер алып, қимай қоштастық. Біз де Әубәкіровтей ғарышкер боламыз!

Тiлеш НҰРМҰХАМЕТӘЛI,

Б. Момышұлы атындағы№131 мектеп–лицейдiң оқушысы

Серіктес жаңалықтары