ДЕНСАУЛЫҚ ФОРМУЛАСЫ
ДЕНСАУЛЫҚ ФОРМУЛАСЫ
Өткен сенбі күні Астанада Бүкіләлемдік денсаулық күніне арналған «Белсенді ұзақ өмір сүрудің қарапайым формуласы» деген атпен акция болып өтті. Шара мақсаты – Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстанның халқына арнаған биылғы Жолдауында айтылған міндеттерге, азаматтардың денсаулығын сақтау және нығайтуды көздейтін «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына үндес.
«Жастар» сарайының алдында өткен шара шеңберінде «Денсаулық қалашықтары» ұйымдастырылып, жиналған азаматтарға салауатты өмір салтының түрлі аспектілері, денсаулықты сақтау және нығайту мәселелері бойынша мамандар кеңес берді.
Игі шарадан қария кісілер де қалыс қалған жоқ. Өйткені биылғы Бүкіләлемдік денсаулық күні «Белсенді қарттық денсаулықты нығайтады» деген ұранмен өтті. Қариялардың қатысуымен «Тайцзи-цюань» сауықтыру бағдарламасы және гимнастика бойынша шеберлік-кластарының көрсетілуі, әсіресе бүгінгі жастарға нағыз үлгі болғандай, ал енді бірі сол жерде қан қысымдарын өлшетіп жатты.
Сондай-ақ акцияға қатысушылар арасында байқаулар, викториналар, спорттық жарыстар өткізіліп, денсаулық сақтау, аурулардың алдын алу тақырыбында халыққа ақпараттық-білім беру материалдары, буклеттер мен брошюралар таратылды.
Осы орайда Бүкіләлемдік денсаулық күніне арналған салауатты өмір салтын насихаттайтын мұндай іс-шаралар «Денсаулығымды сақтап, өзіме көмектесемін», «Серпілсең сергек боларсың», «Жолда жүру – өмір, жүгіру – денсаулық» деген тақырыпта Қазақстанның барлық облыс орталықтарында, қалалары мен аудандарында ұйымдастырылғандығын да айта кеткен жөн.