СҰРҚАЙ ӨМIРЛI «СТУДЕНТ»

СҰРҚАЙ ӨМIРЛI «СТУДЕНТ»

СҰРҚАЙ ӨМIРЛI «СТУДЕНТ»
ашық дереккөзі
263

Соңғы жылдары қазақ мәдениетi мен өнерiнде бiраз серпiлiс пайда болды десек, көрермендер көзқуанышына айналған туындыларды санамалап шығуға да болар едi. Дегенмен бүгiнгi әңгiме тiзгiнiн ертеңгi болашағымыз, өнер жолына түскелi отырған жастарымыздың көзқарас, пiкiр-ойларын саралағанды жөн көрдiк. Сонымен, көрерменге «Қайрат», «Кардиограмма», «Киллер», «Жол», «Шұға» сияқты туындыларымен таныс режиссер Дәрежан Өмiрбаевтың шығармашылығы, яғни «Студент» атты жаңа туындысы әңгiме арқауына айналмақ. Аты айқайлап тұрғандай, 27 наурыз күнi қаламыздағы «Цезарь» кинотеатрында тұсауын кескен бұл кинолента туралы жастардың айтары аз емес…

Айғаным Хаметова, 1 курс студенті: «Шынымды айтсам, мен бұл фильмнен өзіміздің студенттік қалыпты өмірімізді көре алмадым. Студенттік өмір мен фильмдегі бас кейіпкер студенттің өмірі мүлдем ұқсамайды. Ал Дәрежан Өмірбаевтың студенті тым күрделілеу бейне».

Әсем Рахымова, 1 курс студенті: – «Фильм маған керемет әсер берді деп айта алмаймын. Кейіпкер солғын, өмірі сұрықсыз өтіп жатыр. Тіпті «Студент» деп аталғанына да таңмын. Біз білмейтін студенттің тіпті, адам өлтіруге дәті барып, өзі жасаған қылмыстан кейінгі жалғыздығы соншалықты әсерлі болғанымен, түсініксіздеу жәйттер басым».

Мақсат Ағабек, 1 курс студенті: «Фильмді көргеннен кейін мен өз бойымдағы өзгерістерді байқадым. Нақтырақ айтсам, бұдан 5-6 жыл бұрындағы Мақсат емес, «қатыгез» Мақсатқа айналыппын. Фильмнің әсерінен әлі айыға алмай, әлі ойға батып жүрмін. Фильмдегі студенттің іс-әрекеттері, мінез-құлқының әсері зор болды. Кейіпкердің өзінен гөрі, ол өмір сүріп жатқан ортаның сипаты басымырақ па деген ой түйдім. Кейіпкерден Дәрежан Өмірбаевтың өзін көргендей болдым. Өйткені Өмірбаев қоғамдағы бүгінгі құбылыстарға аса араласа қоймайтын, сырт көзге томаға тұйық көрінгенімен, қоршаған ортадағы әлеуметтік теңсіздіктерге немқұрайлы қарай алмайтын суреткердің бірі. Ашық тартысқа түсе қоймаса да, пікірін фильмдері арқылы білдіріп, күресіп келеді. Сондықтан да, студенттің іс-әрекеті мен ортаның, қоғамның көрінісін әдемі берген».

Тоғжан Балтабаева, 2 курс студенті: «Қазіргі таңда қазақ киноөнерінің беделді режиссерлерінің бірі Дәрежан Өмір­баев «Студент» атты туындысында бір­неше қоғамдық мәселелер тақырыбына тоқталып өткен. Нақтырақ айтар болсақ, адамзаттың бір-біріне деген көзқарасын, қоғамдық дәрежеге де бөлінетінін көрсетті. Жануарлардың төбелесу көрінісі бүгінгі қоғамдық өмірдің алыс-тартысындай метафора ретінде қабылданады».

Альфия Қазақбаева, 2 курс студенті: ««Студент» фильмі қоғамдық мәселелерді қозғап отыр. Басты кейіпкер мен досының философия пәнін оқып қана қоймай, оны өмірде пайдалану көзқарастары жер мен көктей. Мәселен біреуі көрген-білгенін қорытындылай келе іс жүзінде дәлелдесе, досы теорияны ғана қаузап, қоғамнан мүлдем тыс қалып қойғаны. Ал студенттің тұрмыс жағдайы жақсы, бірақ қатыгез, адамгершілігі жоқ. Дүкен иесіне атылған оқ қоғамға атылған оқ деп қабылдадым».

Соңғы жылдары қазақ киносының қор­жынына түскен, үлкен экранға жол тартқан жаңа кезеңдегі ұлттық көркем туындылардың сапасы туралы пікір таластыру уақыт талабы. Дегенмен, әзірге ауыз толтырып айтуға тұрарлық жаңа­лықтардың бірі – кино өндірісіндегі сандық жетістіктер. Бір жылдың ішінде Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясынан 10 толықметражды көркем фильмнің кең прокатқа жоспарланып отыруы осы ойымыздың айқын дәлелі.

Республикамыздағы ең ірі оқу орны – Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясы кинотану бөлімі студенттерінің жоғарыдағы бір-бірін толықтырып отырған пікірлеріне белгілі кинорежиссер Дәрежан Өмірбаевтың өзі не дер екен? Тағы да жастарды тыңдасақ. Төменде осы бөлімнің 1-курс студенті Қуаныш Әбудің режиссермен болған шағын әңгімесін мұртын бұзбастан оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

– Дәрежан аға, фильм маған аса күрделі болып көрінді. Кейіпкердің басынан өтіп жатқан түрлі оқиғалар, оның әрбір іс-әрекеті түрлі ойларға жетелейді. Идея қалай туындады?

– Осы тақырыпқа келуіме бірнеше жағ­дайлар түрткі болды. Біріншіден, өздерің сияқты студент кезімде орыс классикалық әдебиетінен, әсіресе Чехов, Достоевский, Толстой шығармаларын көп оқыдым, әрине олардың маған әсері де зор болды. Әсіресе Достоевскийдің Раскольников туралы рома­нының тартымдылығы, кейіпкер өмірде бір әділеттілік бар дегенге сенеді. Сендер де сенетін шығарсыңдар? Сөйтіп, сеніп өсесің ғой. Содан аяқ астынан бір әділетсіздікті көргенде, бұл қалай болды, онысы несі деп ойға батасың. Жаның ауырады. Әсіресе жай халықтан байы көп осы заманда да мұндай әділетсіздіктер, теңсіздіктер көп кездеседі. Осындай теңсіздікке көнбейтін жиырма-жиырма бес жас аралығындағы жастар. Екіншіден, фильм Достоевскийдің «Қылмыс пен жаза» романының желісімен түсірілген. Ол Ресей қоғамындағы аса бір күрделі кезең болатын, яғни капитализмнің енген тұсы. Бұған дейін айрандай ұйыған орыс халқы қоғамдағы өзгерістердің әсерінен ендігі жерде «бай» мен «кедей» болып екіге жіктеле бастайды. Романдағы бас кейіпкер Раскольников мұндай өзгерісті, теңсіздікті қабылдай алмаған жас. Албырттықпен «Менің де қолымнан бір нәрсе келеді» деп, ойына келгенін жасаған. Ал сол жағдай бізге, Қазақстанға енді келді. Бір кездері біте қайнасқан Қазақстан халқы енді «бай», «кедей» болып, әлеуметтік теңсіздік жағынан аралары тым алшақтап барады. Раскольниковты теріс жолға апарған сол кездегі мәселе бүгін Қазақстан жастарының алдынан шығып отыр. Үшіншіден, Достоевскийдің жазу стилі Чеховтың жазу мәнеріндей керемет болмағанымен, романдары фильм түсіруге ыңғайлы, себебі композициясы жақсы. Оның үстіне бұл экранизация­сы емес, жай сол романның желісімен түсірілген. Міне, осындай бір-бірімен байланыс тапқан ой фильм түсіруге түрткі болды.

– Бұған дейінгі фильмдеріңіздің желісі­нен де орыс әдеби шығармаларының иісі бұрқырап тұрғандай…

– Қазақ мектебін бітірсем де, орыс әдебиетіне студент кезімнен әуес болдым. Көп оқыдым. Зерделедім. Әрине, бұл қазақ әдебиетіне қызықпадым деген сөз емес. Дегенмен классикалық орыс әдебиетінің маған аса бір ұнайтын жері, Раскольников сияқты өмірдің қиын тұстарында, шыңырау түбінде қалған шарасыз адамдарын сырт қалдырмай, солардың қиын да шытырман тағдырларын көркем шығармаға арқау ететіндері. Көлеңкелі тұстарды дөп басады, сонысымен тартымды. Қазіргі жаппай жаһандануға қарсы тұру үшін тек өз әдебиетіңмен шектеліп қала алмайсың. Сондықтан да орыс әдебиетінен қашпау керек.

– Фильм оқиғаларын бүгінгі Қазақстан­ның қоғамдық өміріндегі құбылыстармен қалай байланыстыруға болады?

– Жаңа айтып кеткендей, сол кездегі шынайы капитализм Қазақстанға енді кел­ді. Байқаған болсаң, оның бір көрінісін Студенттің машина астына түсіп қала жазда­ған эпизодтан көруге болады. Көліктегі жігіт пен Студенттің әлеуметтік жағдайы жер мен көктей. Жауынның астында малмандай су болып ұнжырғасы түсіп келе жатқан Студент… Астында үш жүз мың доллардың «жайлы» көлігі, тыңдағаны шетелдік музыка, желдей есіп келе жатқан көлік иесі… Екеуі де қазақ, бірақ екеуі екі халықтың өкілі сияқты. Әлеуметтік жағдайын теңестіру түгілі салыстыруға да келмейді. «Мынадан менің қай жерім кем, не деген әділетсіз тірлік» деп күйінген Студент көлік астына түсіп кете жаздайды. Осы жағынан, адамдар арасындағы әлеуметтік теңсіздік белгісі күн санап тереңдеп келе жатқан бұл қоғамның халық бірлігіне аса қауіпті екенін түсіндіргіміз келген-ді.

– Жаңа туындыңыздың қаржылық шығынына «Қазақфильмнен» басқа демеушілік жасағандар бар ма?

– Басқа туындыларыма батыс мемлекет­тері демеуші болғаны жасырын емес. Бұл жолы таза «Қазақфильм» көмек жасады. Әлемдік дағдарыс күшейіп тұрған қазіргі заманда демеуші табу да оңай емес.

– Тұсауы әлі кесілмеген жаңа фильмді бірінші Қырғызстанға апарып қайттыңыз. Аздап қызғаныш сезімі туындап қалды…

– Қырғызстанға барған кезде бұл фильм әлі дайын да болмаған. Мен жаңа фильм түсіріп жатқан режиссер ретінде « дөңгелек үстелге» шақырылдым. Кино саласының кәсіби мамандары бас қосқан бұл жиында үзінді ғана көрсетілді.

– Фильм көрсетілді. Үлкен экранға жол тартты. Қоғамдық пікірлер де әртүрлі. Халық қалай қабылдайды деп ойлайсыз?

– Мен үшін көрерменнің санынан гөрі сапасы артық. Халықтың көп жиналғаны, көргені жақсы-ау, дегенмен сол көпшіліктің 10-15 пайызы дұрыс түсініп, жақсы қабыл­дап жатса, ол нұр үстіне нұр ғой. Бұрын «өнер алды – қызыл тіл» десек, қазір «өнер алды – кино» деген мәндірек тәрізді. Өйткені жастардың көбін телеэкран ғана тәрбиелеп жатқаны ақиқат.

Сыннан қашпау керек, сол арқылы адам болашағының айқын екенін өзі-ақ анықтап, ажыратып алады деп ойлаймын. Әсіресе жастардың ой-пікірімен санасқанды құп санаймын.

Иә, теледидар – тәрбие құралына айналғалы қашан. Егер ондағы тәрбиенің ұлттық болмыс-бітімі қазақилыққа, имандылыққа баурап жатса, кәне?! Бүгінде қазақстандық телеарналардан түспейтін толып жатқан түрік, кәріс фильмдерін бақылап отырсаңыз, дүние жүзін баурап алғандарымен қоймай, өздерінің ата салт-дәстүрлерінен, ұлттық үрдістерінен тамырларын үзбегендері көрініп тұрады. Үлкенге құрмет, кішіге ізет, бауырға мейірім сияқты адами қасиеттері көзге ұрып-ақ тұр. Сүйсінесің. Қызыға қарайсың. Ал бізде?..

Сондықтан да, өнерде, киноөнерінде өзіндік қолтаңбасы бар Дәрежан Өмірбаев­тың « Студенті» туралы студент-жастардың пікірлеріне қосыла отырып, көркем дүниеге деген көзқарастары, ондағы өрбіп жатқан оқиғалардың жақсылы- жаманды көріністері жандарын ауыртып, ойға батқандарына жанымыз сүйсінді. Болашағымыз – жастарға сөз бергеніміз де сондықтан.

Дайындаған Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары