Үйлестіру кеңесі... Үкіленген үміт
Үйлестіру кеңесі... Үкіленген үміт
Азаматтық қоғамды қалыптастыру – Елбасы саясатының пәрмендi бiр тармағы. Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кiтапхананың ғимаратында Мәдениет және ақпарат министрi Дархан Мыңбайдың төрағалығымен ҚР Үкiметiнiң жанындағы Үкiметтiк емес ұйымдармен өзара iс-қимыл жөнiндегi үйлестiру кеңесiнiң отырысы өттi.
Отырыс барысында Қазақстан Республикасында Азаматтық қоғамды дамытудың 2006-2011 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру қорытындылары, енгізілген өзгерістер мен толықтырулар шеңберінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың іске асырылуы, сонымен қатар мемлекеттік органдардың азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимыл мәселелері қарастырылды.
Мәжіліске Президент Әкімшілігінің, Премьер-министр кеңсесінің, әлеуметтік блог министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ Қазақстанның ірі ҮЕҰ өкілдері қатысты.
Бұған дейін үкіметтік емес ұйымдарға тапсырыс бір жылға берілетін болса, ендігі жерде оның мерзімі үш жылға ұзартылады. Соңғы бірнеше жылда үкіметтік емес ұйымдардың саны едәуір өсті, бірақ олардың арасында аты бар, заты жоқ ұйымдар да жоқ емес. Ендігі жерде солардың бәрін заңды түрде тіркейтін тетіктің кілті табылып отыр. Олай дейтініміз, ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестер қызметтерінің тиімділігін реттеу және арттыру мақсатында әзірленген ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңестің Үлгі ережесі бекітілді. Үйлестіру кеңесінің мүшелерімен мақұлданған бұл ереже жұмыста басшылыққа алу үшін мемлекеттік органдарға жолданатын болады.
Сондай-ақ отырыста Үйлестіру кеңесінің 2012-2013 жылдарға арналған жұмыс жоспары бекітілді. Бұл жоспар алдағы уақытта жаңа қабылданған ережемен жүзеге асатын болса, онда бұрын орын алып келген көптеген олқылықтың орны толары сөзсіз.
Астана