ҰЛТТЫҚ КОМПАНИЯ жариялылықтан ұтады
ҰЛТТЫҚ КОМПАНИЯ жариялылықтан ұтады
Мемлекет пен iрi кәсiпорындардың сатып алу жоспарлары ұдайы жұртшылықтың назарында екенiне дау жоқ. Себебi бiзде сатып алу байқауларының ашық та әдiл өткiзiлуiне сыни көзқараспен қарау әдетi қалыптасқан. Қоғамдағы осындай көңiл-күйдiң алдын алу үшiн елдегi беделдi компаниялар сатып алу жоспарларын ашық жариялай бастады. Мұндай талпыныстарды сынау емес, құптау керек екенi анық.
Соның бір мысалы, өткен аптада «ҚазМұнайГаз» ҰК» тендер өткізу мәселесінің неғұрлым шынайы өткізілуі үшін, сатып алу байқауларына қазақстандық кәсіпорындардың атсалысу мүмкіндігін арттыру үшін бірқатар шаралар жоспарын жариялады. Компания өз мақсатының айқын екенінiң дәлелі ретінде өзінің ресми сайтында 2012-2016 жылдарға арналған тауарлар мен қызмет түрлерін сатып алу жайында жан-жақты әрі толық ақпаратты жариялады. Бұл ақпараттар компанияның еншілес ұйымдары сайттарында да жарық көргенін айта кету керек.
Компания менеджерлері үшін бұл қадамның жауапкершілігі мол екенін ескерген жөн. Өйткені сатып алу құжаттарының жұртшылық назарына ұсынылуы – сатып алу байқауының шынайылығы мен әділдігін көрсетіп қана қоймай, сондай-ақ ақпараттық қоғамның дамуына оң ықпал етпек.
Бұл ақпарат жарияланысымен, бұқаралық ақпарат құралдарында қызу талқыға түскені – осындай сипаттағы ақпараттың өзектілігін білдірсе керек. Қоғамда сатып алулар жөніндегі ашық та шынайы ақпаратқа сұраныс бар. Сондықтан бұл тақырыптағы түрлі пікірлер тоғысы ашық қоғамның құрылуына сеп болмақ.
Мұнымен қатар, «ҚазМұнайГаз Ұлттық компаниясы 2011 жылғы сатып алулар жөніндегі ақпаратты жариялауды жөн деп тапты. Оның ішінде, компанияға қарасты мекемелерде дене тәрбиесі, сауықтыру кешеніне арналған құрал-жабдықтар алу туралы деректі де жасырып-жапқан жоқ. Оның үстіне, бұл сатып алулар нәтижесінде ешқандай заң бұзушылықтың болмаған, ал компания қызметкерлері осы кешендерде тәнді сауықтыру шараларымен қамтылған.
Оның үстіне, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ қарасты еншілес компания да өздерінің сатып алу жоспары мен ережесін бекітеді. Дегенмен олар өздерінің сатып алу жоспарларын ұлттық компаниямен келісуге міндетті емес.
Былтыр желтоқсан айында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басшылығына Ләззат Қиынов тағайындалды. Жаңа басшының келуімен компанияның сатып алу жұмыстарының сапасы бірқатар өзгеріске ұшырады. Биылғы жылы бұған дейін құрылған сатып алу жоспарына егжей-тегжейлі талдау жасалып, соған байланысты жаңа тендерлер өткізу ісі уақытша тоқтатылған. Ұлттық компанияның қаржысын тиімді жұмсау мақсатында Оңтайландыру жөнінде арнайы комиссия құрылғаны да бұл істе неғұрлым шынайылықты, әділдікті қамтамасыз етеді.
Ләззат Қиыновтың бұйрығымен құрылған арнаулы комиссия құрамында білікті заңгерлер, кәсіби экономистер мен аудиторлар жұмыс істейді. Комиссия жұмысының нтәижесінде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ бюджеттік бағдарлама әкімшіліктерінің сатып алу жоспарының мақсатына, баға маркетингісіне кәсіби сараптама жасалмақ. Оның үстіне, сатып алу нәтижесінде жұмыстың экономикалық, әлеуметтік тиімділігі қандай болмағы да басты назарда.
Ең бастысы, мұндай оң өзгеріс жақын арада ұлттық компанияның еншілес компанияларын да қамтымақ. Осындай шаралардың арқасында «ҚазМұнайГаз» компаниясы елдегі сатып алу шараларының әділ өтуіне, бұл саладағы ақпараттың неғұрлым жария, ашық болуына едәуір ықпал етеді.