ЕҢСЕ ТҮСІРЕТІН ЕТ БАЗАРЫ

ЕҢСЕ ТҮСІРЕТІН ЕТ БАЗАРЫ

ЕҢСЕ ТҮСІРЕТІН ЕТ БАЗАРЫ
ашық дереккөзі
303

Көктем шыға бере базардағы ет пен сүт бағасы тағы көтерiлдi. Себеп – сан түрлi. Билiк қымбатшылықты ауыздықтағанын айтып, алаң көңiлдердi жұбатуға тырысқанмен, базардағы баға басқаша сайрайды.

Ресми деректерге сүйенсек, 2012 жыл­дың наурызында азық-түліктің кейбір түр­ле­рінің бағасы арзандапты. Өткен аптада үкіметтік отырыста есеп берген ҚР Ауыл­шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Евгений Аман дәнді-дақыл – 7,5%, сәбіз – 0,8%, пияз – 2,2%, картоп 0,6 %-ға төмендегенін мәлімдеді. Қазіргі кезде Үкімет тарапынан 45 мың тонна өнімді сақтауға қауқарлы 9 жеміс-жидек қоймасы салынуда. Бұл ішкі нарықта сұранысқа ие жеміс-жидек пен көкөніс бағасын көкке шарықтатпай, тұрақты ұстап тұруға сеп. Әрі қыс пен көк­тем мезгілдерінде өнім тапшылығын 25 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік бар. «Бағаның арзандауы аймақтық тұрақтандыру қорларына салынған азық-түліктер бойынша жүзеге асырылған» деген Е.Аман жыл басынан бері ет пен сүт өнімдері қымбаттағанын жеткізді. Себеп сойылатын мал басының кемуі мен маусымдық ауытқушылықтардан. Билік баға өсімі тапшылыққа байланыс­ты десе, базардағы ет сататын ағайындар басқаша уәж айтады. Көтерме сауда базарында өзіміз жай ғана «тәте» атап кеткен бір кісі: «Кедендік Одақ құрылғалы бері контрабанданың жолы кесілді. Етті кеденнен баяғыдай арзан бағаға өткізе алмаймыз. Шекара шектеулеріне бақылау орнатуға Ресей мен Беларусьтің өкілдері келгелі бері заңсыз өткізу мүмкін болмай қалды. Бұрын Қытайдан тасылатын өнімді емін-еркін «келісу» арқылы өткізсек, бүгінде оған зар боп қалғанбыз. Сол себепті ет пен ет өнімдерін қымбатқа сатуға мәжбүрміз. Сендерге баяғыдай арзанға бере алмаймын, күнім», – деп ағынан жарылды. Күні-түні нәпақа табудың жолында жүрген апамызды қинауға біз де қимадық. Сұраған ақшасын бердік. Бірақ көктемгі қымбатшылық қал­тамызға кәдімгідей салмақ салғанын тәте­міздің жанында тұрып-ақ байқадық.

Кедендік одақ демекші, соңғы кездері қымбатшылықтың себебін қит етсе, Кедендік одаққа жаба салу жиілеп барады. Бұл туралы белгілі экономист Қанат Берентаев: «Қазір Кедендік одақтың күнгейі мен көлеңкесін жан-жақты саралау мүмкін емес. Жалпы, көрсеткіштерге иек артсақ, Одаққа мүше елдер арасындағы сауда айналымы артты, орташа және ірі кәсіпорындар Ресей мен Беларусьтің нарығына жол тапты. Жағымды жаңалықтар, әлбетте, бар. Ал Біртұтас экономикалық кеңістік қызметі мен біріккен кәсіпорындар құру, мемлекетаралық компаниялардың интеграциясының арқасында күнгейлі жақтар көбейе берері анық. Өкінішке қарай, ішкі нарықтағы бағаның өсуі жоғарыда аталған жетістіктерге нұқсан келтірді және Үкімет бұл мәселеге назар аударуға аса құл­шы­нып отырған жоқ. Тіпті стратегиялық тұрғыда маңызды тауарларға деген баға мен тарифті рет­теуде жіберген кемшіліктерін Кедендік одақтың әрекетіне, біздегі бағаны Ресей мен Беларусьтегі бағамен бірегейлендіруге жабуға тырысады. Интеграциялық процестерді жүзеге асыруда әдіс-тәсілдің жоқтығы игі істерге кедергі», – дейді.

Түрлі деректерге сүйенсек, бұған дейін елі­мізде сатылымға шығарылатын еттің ширек бөлігі Қазақстанға контрабандалық жолмен әкелінген. Қытай елінен Қырғызстан арқылы бізге тасылған сиыр мен шошқа етінің бағасы кеденшілер шекараны бекіткеннен кейін тым шарықтап кеткен.

Бүгінде Беларусьтегі еттің көтерме бағасы 1 келіге – 135 ресейлік рубль (635 теңге) болса, Ресейде – 165 рубль (776 теңге). Ал Қазақстанда – 870 теңге. Өкінішке қарай, қазір 1000 теңгеге де жөні түзу ет таба алмайсыз. Мұндайда «контрабанданың қандай қатысы бар?» деген сауал туындауы – заңдылық. Алыпсатарлар табатын пайдасын 20 пайызға дейін көтерген күннің өзінде, ет бағасы 1000 теңгенің көлемі болса керек-ті…

Алматының ауа райы сияқты сан құбылған базардағы баға жуық арада тағы өзгеруі мүмкін. Алыстан ет таситын ағайындар: Ет экспорттау­да жомарттық танытып жатқан беларусьтер көп кешікпей ет тапшылығына ұшырауы мүмкін, онда біздегі ет тағы қымбаттайды», – дейді: «Кейде ет дефицит болса, олар экспортты тоқтатады. Демек біз Ресейден сатып алуға мәжбүрміз. Ондағы баға қымбат, яғни Қазақстанға да ет қымбаттап келеді». Жыл басында кімнің қанша келі май жеп, қанша келі шәй ішетінін есептеп берген Статистикалық агенттік жыл сайын Қазақстан азаматтары 1 млн. тонна ет пен ет өнімдерін тұтынатынын айтты. Сонда әр адамға шаққандағы көрсеткіш – 66 келі. Жылқы, сиыр, қой, ешкі, тауық, шошқа бәрі бар оның ішінде. Агенттіктің хабарлауынша, жыл сайын өндірілетін отандық өнім көлемі 939 мың тоннаға жуық. Жалпы тұтынатынымыз – 1 млн. тонна. Сырт қарағанда, айырмашылық 100 тоннадай ғана. Бірақ ескеретін жайт, агенттік өндірілетін еттің таза салмағын емес, союға жіберілетін малдың салмағын көлденең тартып отыр. Демек, шын мәнісінде, отандық еттің көлемі небары 500 мың тоннаға жуық. Ішкі нарықтағы сұраныстың артуы алыпсатарлардың бағаны көтеруіне әкеліп соғады. Қазір беларусьтердің арзан етіне емес, ресейліктердің қымбат өніміне иек артатын Қазақстанның солтүстік өңіріндегі кейбір сатып алушылар шекара шетін жағалап жүрген көрінеді. Мәселен Қостанайдағы кейбір шұжық цехтары етті Ресейдің Қазақстанмен шектесіп жатқан аймақтарынан алады екен. Кейінгі кездері ет пен ет өнімдерінің қымбаттауын Үкіметтегілер жем-шөптің қымбаттауымен байланыстырғысы келетін жайттар да кездесіп қалады. Әлбетте, жем түгілі, астықтың өзін сақтауға қойма тапшы, қанша егіннің алқапта шіріп кететіні ешкімге жасырын емес. Бірақ мал базарға келетіндердің көпшілігі шағын және орта шаруа қожалықтарының өкілдері екенін ескерсек, олардың төл туылғаннан кейін сәл қоң жинаса-ақ базарға апарып, сатып жіберуге асығатыны белгілі. Өйткені мал бордақылаумен айналысатын ірі шаруа қожалықтары әр малдың тамақ тәртібін, жем мен судың қашан және қалай берілетінін дәлме-дәл есептеп қояды. Бір бұқаны бордақылауға 2 жыл уақыт пен күтім керек екен. Ал шай-пұлын қорасындағы азын-аулық малының арқасында айырып отырған ауылдағы қарапайым шару аның қолы қысқа. Ет базардағы ағайынның айтуынша, өнімнің арзандауы кейде маусымдық жағдайларға да байланысты. Мысалы балалары мектепті бітіргелі отырған шаңырақтар Біріңғай ұлттық тестілеу қарсаңында қорадағы малын жаппай сатуға кіріседі екен. Ал малға дәрі егілетін көктемнің алғашқы күндерінде ет қайта қымбаттайды. Әрі дәріден кейін малдың етін 1 айға дейін жеуге болмайды. Дәрі демекші, бейресми дерек көздері кейінгі кездері аурудан арам өлген малдың еті де сатылымға шығарылатынын айтады. Мәселен өлген сиырдың қол-аяғын балталап тастайды да, ортаңғы бөлігін арзан бағаға сатады… Шағын базарлар түгілі кейде ірі базарлар мен сауда орталықтарының өзінде санитарлық талаптарға сай келмейтін өнімдердің шығып қалатынын ескерсек, көңілде «Қандай ет жеп жүрміз осы?» деген сұрақтың туындауы да – заңды…

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары