«...ЖЫЛДАМ ХАБАР АЛҒЫЗҒАН»... ОЛ НЕ ?
«...ЖЫЛДАМ ХАБАР АЛҒЫЗҒАН»... ОЛ НЕ ?
Елдiң батысында ежелден келе жатқан дәстүр бар: наурыздың он төртiнен бастап үлкен-кiшi көрiсе бастайды. Алты ай қыстан аман шыққан ағайын бiрiн-бiрi iздеп, хал-жағдайын сұрасып, қауқылдасып қалады. Мұнда тұрған не бар дерсiз? Екi соғыс, зұлмат аштық, қырық реформа көзiн жоя алмаған қазақы ғұрыптардың бiрi.
Жаһандану заманының жас адамы да ұлттық дәстүрге иiп, осы күндерi туыс-туған арасындағы үлкен кiсiге арнайы барып, сәлем бередi.
Әйтсе де, төрткүл дүниенi әуелi жамандығымен жылдамырақ теңестiрген ғаламдастыру құбылысы қазақтың бойында қалған сарқыттай салт-дәстүрдi мүлде сүрiп тастай ма деген қауiп те жоқ емес.
Ағайын арасы суыды. Амандасу мен қоштасудың қадiрi кеттi. Ғаламдастырудың бiр зұлматы – кiсi қаза болғанда қалта телефонмен көңiл айтуға көштiк. Интернет арқылы құттықтауды сөлекет көрмедiк. Арнайы iздеп барып, сәлем бергеннен гөрi теледидар немесе радио арқылы «сәлем жолдағанды» жөн көрдiк.
Ақпарат жылдамдығы адамдар арасындағы алыс-беріс жақындығын зымырандық уақыт өлшеміне салды. Қазіргі заманда елде үйленуден ажырасудың саны неге көп десеңіз, екі жастың бірін-бірі танып, сүйіп, біліп, үйленіп, одан соң жиреніп болар мерзімі қысқарды. Олардың әке-шешелері өз заманында бір-бірін таныс-білістік үшін екі-үш жылын сарп етсе, қазіргі кездің кесімі екі-үш ай ғана сияқты. Отыз күнде сыннан өтіп болмаған одақ үш жүз алпыс күнде қалайша сыр бермесін?
Енді батыстан «әлеуметтік желі» деген түр-түсі белгісіз құбыжық шықты. Өткен жылы америкалық Facebook өз желісінде әлем бойынша тіркелген 850 миллион адам бар екенін айтып, жар салды. Twitter желісінде ақпарат алмасатындар саны 200 миллионнан асқан. Ал Қазақстанда Mail.ru мен Вконтакте желілерінің дәурені жүріп тұр.
Ақпарат алмасудың тағы бір оңтайлы жолы болса, онда тұрған не бар дерсіз.
Әлбетте, әлеуметтік желілер арқылы дәл қазақты құртуды ойлаған ешкім жоқ шығар. Бұл зұлмат ХХІ ғасырда өмір сүретін барша адамзат баласына ортақ болмақ. Батыстың әлеуметтанушылары сансыз есеп-қисаптың бірінде виртуалды өмір сүруге «жағдай жасаған» әлдебір әлеуметтік желіде 500 мыңнан көп адамның өмір сүретінін анықтаған. Аты-жөнін, мекен-жайын, хат салар поштасын т.б. тіркеп, таныс-бейтаныстармен хабар-ошар алысып қана қоймайды, сол желіде басқа есім алып, әйел болса «күйеуге шығып», еркек болса «әйел алып», «жұмысқа тұрып», «үй салып», «кәсіппен айналысып», кейде тіпті «банкротқа ұшырап», әйтеуір мына фәни жалғанда кез келгеннің басына түсуі мүмкін түрлі жағдаяттарды бастан өткеріп, «кәдімгідей» өмір сүреді.
Психологтар бұл адамдардың қалыпты пендауи тірлікті жатсынатынын, «виртуалды» әлемде өмір сүруді қолайлырақ көретінін айтып, дабыл қағуда. Қорқыныштысы, олардың қатары күн санап көбейіп келеді.
«Facebook-та болмасаң, мына өмірде жоқсың ғой» деген ұғыммен өмір сүретін ұрпаққа ата-ана қақысы, туысқандық жол, ағайындық ғұрып, ұлттық мүдде дегенді ұғындырып көріңіз. Бәлкім, ақ-қара түсті теледидарды тамаша көрген буын мына өмірден өткенде, біздің бүгінгі қорқыныштарымыз әлдебіреулерге ерсі көрінер. Тіпті «ОЛ НЕ?» дер…
Әлеуметтік желіні батыстық адамдар өркениеттің жемісі көріп жүр. Әйтсе де, аты әлеуметтік болса да, заты саяси, қоғамдық құрылымға ықпал етудің құралына айналып барады. Былтырғы көктемде араб түбегінде болып жатқан оқиғаларды Facebook пен Twitter сол заматта бүкіл әлемге бұрмалаусыз таратты. Соның арқасында (әлде кесірінен бе?) ғаламтор қарама-қайшы, ресми және бейресми ақпаратқа толды. Әйтеуір, ақпаратсыз қалдық дей алмаймыз.
Қазіргі заманда ақпаратсыз қалуды баз біреулер «соқыр, мылқау, танымас тірі жанды» кейпімен салыстырады.
Ал содан араб жұрты не пайда көрді? Батыс та, Шығыс та, тіпті Қиыр Шығыс түбегіне дейін түгел тараған ақпарат ағынынан сол араб мемлекеттеріндегі халықтың жағдайы түзелді ме, көші оңалды ма?
Жә, алты мың шақырым жердегі араб түбегін былай қоялық. Әлеуметтік желілер мен ғаламтордың ақпаратқа деген ашқарақ арынын Жаңаөзен оқиғасы кезінде біз де сезініп қалдық-ау. 16 желтоқсан күні суыт хабар әуелі интернет желілері арқылы тарады. Әлеуметтік желілер арқылы жеке пошталарға жөнелтілді. Кімді кімнің атып жатқанын, кімнің кімді ұрып жатқанын. Алматы мен Астанада жылы кеңсе, ашық аспан астында отырған «жағалылар» да бұған бас шайқап, қынжылысты.
Қынжылысты, бірақ содан жаңаөзендіктер не пайда көрді? Сегіз ай бойы басынан күн, астынан сыз өтіп, ыза мен ашу буып отырған қандастарға ауамен барған ағайыншылдық жанашырлықтан келіп-кетер не бар? «Мынаны қара, Жаңаөзенде осындай болып жатыр екен» демек үшін бе?
Осыдан екі жыл бұрын Қызылағаш апаты кезінде барша қазақ ағайыншылық танытып еді. Үлкен-кіші жиналып, жылу жинап, қолындағы барын беріп, қызылағаштықтарға көмек қолын созғанда, қазақы әдет осы деп едік. Бұл бір аймақтың емес, барша қазақтың басына түскен сынақ еді. Ал сол кезде Facebook пен Twitter бүгінгідей қарқын алғанда, ол жағдайды әлдеқандай етіп таратар еді? Бәлкім, қазақтың қасіреті емес, бетке түскен шіркеуі әлде сүйекке таңба деп көрсетер ме еді?
Әлбетте, әлеуметтік желілер қазақ жастары үшін таңсық. Бұрын қазақтың Алтайы мен Оралының арасы атпен жүргенде алты күндік жол болса, қазір – әлеуметтік желілер арқылы алты секунд қана. Зымыран заманның жалына ілеспе, қалыс қал дей алмайсыз. Алайда «жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» дейтін қазақы сананы ескерген жөн-ау.
Әлеуметтік желілердің «жылдам хабар алғызатын» пайдалы жағы да, адамды шын ағайыншылықтан айыратын, адам емес, ақпарат іздейтін аласапыран әдетке бой алғызатынын да есте ұстаған жөн.
Ал әлеуметтік желілер кейбір мемлекеттерде жағдайдың ушығып, төңкерістің өршуіне қаншалықты әсер еткені арнайы зерттеуді қажет етеді.
Ақпарат адамды ғана емес, қоғамды, мемлекетті аздыруға дейін апаратынын осы әлеуметтік желілер дәлелдер-ақ. Оның қалай жүзеге асатынын уақыт көрсетер.
Ғаламтордан алшақтап, өзге әлемнен оқшаулануды тілемейміз. Ол заман келмеске кеткен. Соғыс көрген ұрпақ қолына қалтателефон ұстаған заматта-ақ заман ағысы күрт өзгерген.
Ғаламторға құлып салып, оны қолдан шектеуді де қолдамаймыз. Десе де, көрші Қытай өзге елден келген әлеуметтік желілерді түгел шектеп, өз елінде ұлттық әлеуметік желі құрып алған. Ресей де түбі америкалық Facebook пен Twitter-ге секеммен қарап, орыстілді, орысжанды Mail.ru, Одноклассники, Вконтакте, Вкуругу друзей т.б. ұлттық желілер құрып жатыр.
Осылай жалғаса берсе, бір ұлттық кеңістік – бір әлеуметтік желі – бір ақпарат аймағы – бір ықпал ету тетігі болмақ. ХХІ ғасырда төңкеріс жасауды ойлаған адам әуелі «телеграф пен телефонды емес», ең алдымен интернет пен жергілікті әлеуметтік желілерді жаулауды ойлайтын болмақ.
Осының бәрін ойлай келгенде, елде ақпараттандырудың әлі қарыштап дами қоймағанына көңіл жұбатасың. Мысқыл болса да айталық, интернетті ауыл-аймақтағы әр қазақтың баласы әлі толық танып-білмегені дұрыс па деп ойлайсың. Өйткені ақпараттандыру әр үйге дендеп кіргенде, ғаламдастырудың түрлі тажалына қарсы тұрар қазақ баласының бойында өзіндік ұлттық иммунитеті қалыптасып үлгіре ме деген үміт бар.
Өлшеулі уақыт, азғана мерзім, әйтсе де…
Елдің батысында көнеден келе жатқан жақсы дәстүр бар: наурыз айы туғанда үлкен-кіші, ағайын-туыс, дос-жаран, ата мен бала, көрші мен көрші хал-жағдай сұрасып, көрісіп жатады.
Ғаламдастыру тажалы жағадан алмай тұрғанда… кел, көріселік, әз Наурыз!
Гүлбиғаш Омарова