ТЕРМИНДЕРДІ ҮКІМЕТ БЕКІТУІ ТИІС ПЕ?

ТЕРМИНДЕРДІ ҮКІМЕТ БЕКІТУІ ТИІС ПЕ?

ТЕРМИНДЕРДІ ҮКІМЕТ БЕКІТУІ ТИІС ПЕ?
ашық дереккөзі
203

Жақында Қазақстан Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты, «Ақ жол» партия­сының лидерi Азат Перуашев қазақ тiлiндегi жаңа терминдердi Үкiмет пен Парламент бекiтуi тиiс деген мәлiмдеме жасады.

Мәжiлiсмен бұл процедураны заңдас­тыру қажеттiгiн айтады. Демек, жаңа қазақ терминдерiн қабылдаудан бұрын ол Министрлер кабинетi мен Парламентте сүзгiден өтiп, мақұлдануы тиiс.

– Бұндай тәжiрибе Германияда, Австрия мен Венгрияда, Грекия мен Хорватияда қолданылады. Қазақстан үшiн де бұл өзектi әрi қажет. Оның үстiне оған қосымша бюджет қарастырылмайды, – дейдi ол.

Осы мәселеге орай бiр-екi маманның пiкiрiн бiлудi жөн көрген едiк.

Дос Көшім:

Бұл – қазақ тілінің мәртебесін көтереді

– Әрине, бұған дейін терминдерді електен өткізіп, сараптайтын Терминком бар. Бірақ қазірдің өзінде әлі күнге дейін бір ізге түспеген терминдер көп. Айталық, «семья» сөзінің қолданылып жүрген бірнеше нұсқасы бар: отбасы, үйелмен, жанұя, т.б. Қазақ қоғамы әлі біреуіне тоқталған жоқ. Терминком жаңа терминдерді қабылдауда асығыстық танытады. Сол себепті де, Терминком бекіткеннен гөрі, Парламентте сүзгіден өткені дұрыс. Екінші жағынан, бұл – саяси тұрғыдан келгенде, мемлекеттік тілдің беделін арттырады. Өйткені Парламент орыс тіліндегі терминдердің, т.б. да терминдердің стандартын қабылдап жатқан жоқ. Тек қана мемлекеттік тілдегі терминдерді електен өткізбекші. Сол себепті де бұл мемлекеттік тілдің мәртебесін бір қадам болса да арттырады деп ойлаймын. «Ақ жол» партиясының осы мәселелерге қатысты отырысына мен де қатыстым. Дәл осы идеяны мен ұсындым. Бұдан өзге де 4 ұсыныс жасадық. Біреуі – Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдауда мемлекеттік тілден емтихан тапсыру туралы, екіншісі – Президенттен өзге бірнеше лауазым иелерінің мемлекеттік тілді білуін міндеттеуді алға тартып отырмыз. Үшіншіден – инвесторларға арналған заң жобасына тендерлердің міндетті түрде мемлекеттік тілде өтуін қамтамасыз ету.

Әбдіуақап Қара:

Бұл – ғалымдардың ісі болуы тиіс

– Әрине, оған Үкіметтік Қаулы қажет емес. Ол ғалымдардың, әсіресе тіл ғалымдарының жұмысы. Түркияда осындай мәселелермен айналысатын Тіл институты бар. Солардың шешімі соңғы шешім болады.

Дайындаған

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары