ПУТИН ЖӘНЕ ЕУРАЗИЯ ОДАҒЫ
ПУТИН ЖӘНЕ ЕУРАЗИЯ ОДАҒЫ
4 жылғы үзiлiстен кейiн Ресей Федерациясының президент тәжiн қайта киген Владимир Путиннiң ендiгi стратегиялық бағыты жайында шетел басылымдары өте көп сараптама жасауда. Путин президенттiкке үмiткер болысымен, «Известия» газетiнде жариялаған мақаласында алдағы мақсаты «Еуразиялық одақты» түбегейлi жасақтау екендiгiн айтқан болатын.
Путиннің бұл мақсаты қаншалықты жүзеге асады, бұл жайында нақты болжамдар жоқ. Дегенмен әртүрлі сараптамалар жеткілікті. Мәскеудегі Карнеги орталығының ғылыми қызметкері 8 наурызда АҚШ астанасы Джордж Вашингтон университеті жанындағы Орталық Азия жөніндегі бөлімнің ұйымдастыруымен өткен семинарда баяндама жасады. Осы баяндамада ғалым Ресейдің бұрынғы Кеңес одағын қалпына келтіру жайлы талпынысын империяның соңғы тұяқ серпуі деп бағалаған. Саясаттанушының пікірі бойынша, Ресей Қазақстаннан өзге Орталық Азия елдеріндегі басымдықтары мен мүдделерін айқындай алмай отыр:
– Қырғызстанның өзінде Ресей Америка, Қытай, Түркия, Қазақстан, Еуропа және басқа да мемлекеттермен бәсекеге түскен көп векторлы бағыттың бірі ретінде ғана бағаланып отыр. Қырғызстандағы Ресейдің ықпалының аса қуатты екендігі жиі айтылады. Алайда шын мәнісінде Қытай мен Қырғызстан арасындағы сауда айналымы жылына 2 миллиард долларға жетіп отыр – деген ол Еуразия одағының болашағына сенімді емес екендігін айтқан. Ұжымдық қауіпсіздік ұйымы ол үшін «қағаздағы жолбарыс» болып саналады. – Орталық Азияда қандай да бір оқиға болғанда, айталық 2005 жылғы Андижан оқиғасында, 2010 жылғы Қырғызстандағы ұлтаралық шиеленісте бұл ұйымдар не істеді? Қол қусырып қарап отырды ғой, – дей отырып, ол Ресей басшылығының Орталық Азиядағы Исламның өрістеуіне мән бермей отырғандығына назар аударады. Бұл болашақта Мәскеу үшін үлкен мәселе туғызатын проблеманың бірі екендігін айтқан.
Президент сайлауы кезінде Путиннің басты қарсыластарының бірі болған Прохоров Кеден одағын басы артық құрылым деп мәлімдеген. «Меніңше, Кеден одағының бізге еш қажеті жоқ. Бұл одақ КСРО-ны қайта құру жайлы идеядан туындағаны мәлім, бізге бұның қажеті шамалы. Ресей экономикасы Қазақстан экономикасымен бәсекелесе алмайды. Ресей капиталының мол мөлшері Қазақстанның Ресеймен шекаралас аймақтарында қосымша құн салығы аз, электроэнергиясы үнемделген, арзан жұмыс күшін пайдаланған зауыттар салуға жұмсалуда» деген еді ол.
«Известиядағы» мақаласында Путин «Еуразия одағы» Кеңес одағының салып кеткен жолымен жүзеге асуы керек деп жазды. «Ол – ортақ инфрақұрылым, аймақтық еңбек бөлінісінің дамыған жүйесінде, ортақ тілдік, ғылыми және мәдени кеңістік», – деді ол. Бірақ сарапшылар Путин ойлағандай Еуразиялық одақты жасақтаудың оңай еместігін көлденең тартады. www.eurasianet.org сайтындағы «Путин и шансы Евразийского союза» атты мақалада: «Еуразиялық интеграция Ресейде өз ықпалынан айрыла бастаған Путиннің ықпалын арттыру үшін қолданып отырған соңғы әрі күшті идеясы шығар. Дегенмен посткеңестік Еуразиядағы Ресейдің интеграциялық жобасы жүзеге асуы ек ықпалын арттыру мақсатында Еуразия одағын құруды мақсат етіп отыр. Бұрынғы «Кеңестік Еуразия» кеңістігінде Мәскеудің бастамасымен қайта интеграция жасау оңай сияқты көрінеді. Бірақ шынайы өмірде бәрі күрделі. Бұған кері ықпал ететін бірнеше фактор бар. Ресей стратегтерінің көбі Еуропа одағын көлденең тартады. Бірақ Ресей басымдыққа ие боп тұрған бұл елдерде Еуропалық интеграцияны салыстыру қисынға келе қояр ма екен?! Ресейдің әскери, экономикалық күшін ескерсек, оның аймақта жетекші күшке ие екендігін еріксіз мойындаймыз. Одақтың басқа мүшелері экономикалық одақтың Кремль пайдасына әрі саяси тәуелсіздігіне нұқсан келтіретін құралға айналып кетуінен сақтанады. Путин Еуразиялық одақты құру арқылы посткеңестік елдерде жоғалтып алған экономикалық ықпалын арттыруды көздейді. Мәскеудің геосаяси қарсыластары бұл аймақтағы стратегиялық және экономикалық ықпалын арттырып үлгерді. Ресей Түркіменстанның ірі газ қорын бақылай алмайтын болды. Оның басты сауда әріптесі Қытай бола бастағанын әлем біледі» делінген онда. Сондай-ақ, Путиннің бұл идеясы Кавказда да қолдау таппайды дейді сарапшылар. Аймақтық ірі державаның бірі саналатын Әзірбайжанның мұнай қоры мол екендігі мәлім. Әзірбайжандықтар Медведевтің Таулы Карабахтағы Армения мен Әзірбайжан арасындағы шиеленісті шешуге шындап бел буғанын мойындайды. Дегенмен бұл шиеленіс Ресейдің екі жаққа да ықпалын арттыруының негізгі көзірі екенін жақсы біледі. Сонымен қатар, Путин Түркімен экономикасының Ресейге тәуелді болғанын қалайды. Әрі бұл ісін ашық жүргізуде. Алайда Қазақстан мен Белоруссиядан өзге елдер Путин саясатынан сақтанады әрі бас тартып отырғанын өмірдің өзі көрсетуде.
Дегенмен посткеңестік мемлекеттердің ішінде Еуразиялық интеграцияны қос қолдап қолдайтындар да, оған кіруге мәжбүр екенін мойындайтындар да жеткілікті. Путин «Известияда» жарияланған мақаласынан кейін Санкт-Петербургте Армения, Белоруссия, Қазақстан, Қырғызстан, Молдавия, Тәжікстан және Украинаның үкімет басшыларын жинап, кездесу өткізді. Осы кездесуде ол еркін сауда аймағының жасақталғанын мәлім етті.
– Біз бір-бірімізге ішкі нарығымызды ашамыз. Демек, бір-біріміздің тауарларымызды арзан бағамен ала аламыз. Бұл – жаңа бірлескен кәсіпорындар ашуға жол ашады, әрі экономикамыздың бәсекелестікке қабілеттігін арттырады, – деді ол бұл кездесуде.
Путиннің сайлауалды бағдарламасындағы интеграциялық бастамаларды қолдайтынын айтқан Беларусь президенті Лукашенко: «Егер, беларусьтер біздің азаматтар үшін бизнесте, кәсіпорындарда және басқа да салада тең дәрежелі жағдай жасалғанын көрсе, біздің дұрыс жолда екенімізге сенетін болады. Егер бұл тең дәреже болмайтын болса, біз үшін ортақ экономикалық кеңістік жасақтаудың қажеті не?» деп түпкі ойын ашық жеткізген болатын.
Қырғыз саясаттанушысы Марс Сариев Путин Еуразиялық интеграция арқылы халықаралық дәрежесін нығайтуды көздейді деген ойда.
– Ресей Қырғызстанмен тығыз қарым-қатынас орнататын болады. Сол арқылы Қырғызстанды Кеден одағы мен «Еуразиялық одаққа» енуге мәжбүрлейді. Егер Ресейдің ТМД елдерін біріктіру идеясы құрдымға кететін болса, онда Ресейдің өзі сәтсіздікке ұшырайды. Онда ол Еуропаның қақпасы немесе Қытайдың шикізат көзі болып қала бермек, – дейді ол.
Есенгүл Кәпқызы