6379
ТОҚАШ БОКИНДІ БІЛЕМІЗ БЕ?
ТОҚАШ БОКИНДІ БІЛЕМІЗ БЕ?
Тоқаш 1890 жылы сәуiрде Верный уезiндегi Мойынқұм болысының алтыншы ауылындағы (қазiргi Алматы облысы, Iле ауданы, Бокин атындағы кеңшар) көшпелi кедей отбасында дүниеге келдi. Оның әкесi Боқы Жанғасқин өмiр бойы байдың қойын бағып, күнкөрiстiк талғажауды ауыр азаппен тауып жүрдi. Сонымен бiрге ол баласы Тоқаштың алдағы өмiрiн ойлап, ұлының бай жалшысының басқа бермес ауыр тiршiлiгiнен аулақ, нағыз адал адам болып шығуын көкседi және де сол мақсатына жетудiң жолдарын қарастырды. Бала кезiнен Тоқаш әкесiне көмектесiп, байдың малын бақты, сөйтiп адамдардың теңсiздiгiн, әдiлетсiздiктi көрдi.
Жас кезіндегі өмірден көрген қиыншылығы мен жоқшылық оны ізгілікке, білiмге ұмтылдырды. 1898 жылы Верный уезі бастығының №6 ауылына Мойынқұм болысынан үш ер баланы Верныйдағы ерлер гимназиясына оқуға жіберу керек деген хаты келген. Бұл мәселені ауыл ақсақалдары өзара кеңесіп, талқылаған кезде жергілікті Қуандық молда: «Бай мен манап балалары қалсын, онда барса шоқынып кетеді. Бұған ішсе тамаққа, кисе киімге жарымайтын кедей балаларын жіберу керек» деген уәж айтады. Тоқаш 1898 жылғы бай балаларының орнына Верный ерлер гимназиясындағы даярлық бөліміне түседі. Ол мұнда сегіз жылдай оқып, білім алады. Верный гимназистерінің арасында Кочаровская, Ананьев тағы басқа социал-демократтар демократиялық идеяларды насихаттайды. Гимназия өміріне 1905-1907 жылдардағы бірінші орыс революциясы ерекше әсер етті. 1908 жылы Верный гимназиясының оқушылары Мусатов, Бендюков пен Лейбин саяси үйірмеге қатысқаны және революциялық жұмыс жүргізгені үшін айыпталып, Сібірге жер аударылады. Осының бәрі Тоқаштың дүниетанымына үлкен ықпал етеді. Ол да саяси үйірмелерге қатысып, тыйым салынған әдебиеттерді оқиды, саяси мәселелер жөніндегі өзінің көзқарасын білдіреді. Губернатордың тілмәші Ыбрайым Жайнақов Тоқаштың үстінен өсек таратып, губернаторға жеткізіп тұрды. Сондай-ақ соңына түсіп, оған үнемі қастандық жасап отырды. Осындай қуғын-сүргіннен кейін 1906 жылы Тоқаш гимназияны тастап кетуге мәжбүр болады. Гимназиядан кеткеннен кейін Т.Бокин Верный округтік сотына аудармашы болып орналасады да, 1909 жылдың қаңтарынан бастап хат-хабар тіркеуші қызметін атқарады. Мұндайда ол қайыршылық пен кемсітушіліктің қайғысына белшесінен бата жүріп, заңсыздықтың, парақорлықтың небір сорақы түрін, бай-манаптардың зорлық-зомбылығы мен ұрлық-қарлықтарын көрді. Тоқаш кедейлерге жақтасқаны, оларға өзінің ақыл-кеңесімен көмектескені, арыз-шағымдарын жазып бергені үшін патша төрелерімен, бай-манаптармен қақтығысып жүреді. Ақыр аяғында олар Т.Бокинді бүлікшіл дегенге дейін барды. Қызметтен босағаннан кейін Тоқаш 1914 жылы Верный қаласынан Самарқанға кетеді де, одан әрі қарай Ресейге барады. 1916 жылдың мамыр айына дейін Петерборда тұрады. Сонда жүріп өзінің ой-өрісі мен идеялық білімін толықтыра түседі. Тоқаш өзінің өмірбаянында: «Петерборға бару мақсатым – туған халқыма азаттық жолын іздеу еді. Өйткені маған алыстағы Петербор қаналған халқыма азаттық жолын нұсқайтындай болып көрінді», – деп жазды. Петерборда Тоқаш патша тәртібіне қарсы күресіп жүрген орыс революционерлерімен, жұмысшыларымен, студенттерімен танысады. Олармен кеңесе, сырласа жүріп, Тоқаш петерборлықтардың арасына кең тараған саяси әдебиеттерді, үнпарақтарды оқиды. Сөйтіп Т.Бокин большевиктердің жұмысшылар мен кедей шаруалардың мүддесін қорғайтын нағыз жанашыр ұйым екеніне, ал патшаның қазақ еңбекшілеріне қандай жау болса, орыс еңбекшілеріне де сондай жау екеніне әбден көз жеткізеді. Осыдан кейін ол 1916 жылы мамыр айында Верныйға қайтып келіп, революциялық күреске бүтіндей кіріседі. Мұнда Тоқаш алдыңғы қатарлы орыс жұмысшыларымен танысады. Олар патша өкіметіне қарсы күресіп жүрген жергілікті қайраткерлер еді. АЗАТТЫҚ ЖОЛЫНДАҒЫ АЙҚАС 1914 жылы басталған бірінші дүниежүзілік соғыс бұқара халықтың хал-жағдайын бұрынғыдан да бетер ауырлата түсті. Соғыстың салдарынан шаруашылық күйзелді, егіс көлемі азайып, оның өнімі күрт төмендеді, мал кеміді. Жұмысшылар мен шаруалар қауымы аштық пен жалаңаштыққа ұшырады. Соғыс қисапсыз көп шикізатты, азық-түлікті, мал мен ақшаны жалмай берді. Мысалы 1914-1916 жылдар арасында Жетісу облысында әрбір түтінге салынатын салық үш сомнан 8 сомға дейін өсті. Соғыс жылдарында қала тұрғындарының, ең алдымен жұмысшылар мен қолөнершілердің жағдайы күрт нашарлады. Азық-түліктің, басқа да халық тұтынатын заттардың бағасы үздіксіз қымбаттай берді. Осыған байланысты 1916 жылдың көктем айларында Жетісу облысының көптеген елді мекендерінде еңбекшілердің бас көтерулері тұтанды. Міне, осындай әлеуметтік және ұлттық езгінің күшеюіне байланысты таптық күрестің шиеленіскен тұсында патша үкіметі 1916 жылғы 25 маусымда Қазақстан мен Орта Азия халықтары азаматтарын майдандағы қара жұмысқа алу туралы жарлық шығарды. Ресей империясының заңдары бойынша шет аймақтағы халықтар әскерге алынбайтын, себебі патша үкіметі олардың қолына қару беруге сенбейтін. Дүниежүзілік соғыс патша үкіметін шет аймақтағы халықтарды майданның қара жұмысына шақыруға мәжбүр етті. Патшаның маусым жарлығы бойынша майданның қара жұмысына Орта Азия мен қазақ өлкесінен 19 бен 43 жастың арасындағылар алынуға тиіс еді. Бұл өлкеден 400 мың адам, оның ішінде Жетісу облысынан 87 мың кісі майданның қара жұмысына алынбақ болды. Оның ішінде жүйенің шенеуніктері мен қазақ ауылының билеуші топтары байлардан пара жеп, олардың балаларына тиіспей, кедейлерді майдан жұмысына алынатындар тізіміне жаппай тіркей бастады. Еңбекшілер қатты қиналды. Қазақстанның көптеген аудандарында кедейлер қауымы патша үкіметі мен алпауыт байларды майданға барып қорғағанша, қолға қару алып, олардың өзіне қарсы күреске шықпақ болған ниет білдіреді. Патша жарлығына қарсылық Қазақстан мен Орта Азияның барлық аудандарында бір мезгілде – 1916 жылы шілде айының алғашқы күндерінде басталды. Бұл қарсылық өлкенің әр түрлі аудандарында кенет басталған бас көтерулерден қарулы көтеріліс дәрежесіне дейін өсті. Бұл ретте Қазқстандағы көтерілістің, әсіресе, Торғай және Жетісу облысындағы ошақтары бұқаралық көтерілістерімен салыстырғанда ұйымдасқан түрде өтіп, ұзаққа созылды. Жетісу көтерілісіне осы өңірді мекендеген қазақ, өзбек, ұйғыр, дүнген, қырғыз халықтарының сан мыңдаған өкілдері қатысты. Жетісуда ірі көтерілісшілер сол кездегі Жаркент уезіне қарасты Қызылбөрік, Сөгеті, Шелек, Меркі болыстарында, жаз кезінде мыңдаған адам шоғырланған Қарқара және Асы жайлауларында, Нарынқол–Шарын учаскелерінде, Верный уезіндегі Қорам, Ұзынағаш, Ботбай, Шығыс және Батыс Қастек, Ырғайшы, Тайторы, Жәйілміш болыстарында, Лепсі және Қапал уездерінің кейбір болыстарында (Мақаншы-Садыр, Мәмбетбай-Қысқаш, тағы басқалар) орын алды. Жетісудағы қарсылық қозғалысының тарихының бірінші кезеңі, тамыз бен қыркүйектің басы – оның қарулы көтеріліске ұласуы, ал қыркүйек пен қазан көтерілістің бәсеңдеуі және жеңіліске ұшырау кезеңі. Ұлт-азаттық жолындағы Жетісу жеріндегі көтеріліс басшыларынынң бірі Тоқаш Бокин еді. Ол Верный уезінің ауылдарын аралап, халықты ақ патшаның кедейлерден әскерге адам алу жөніндегі жарлығына қарсы үгіттеді. Сөйтіп, Қазақстанның жергілікті ер-азаматтарын әскери-тыл жұмысына бармауға шақырды. Дұшпандар Т.Бокиннің қабілет-дарынын мойындап, оның жергілікті халық арасындағы зор беделінен өлердей қорқады. Сондықтан, полиция мен жандармерия Жетісу өңірінің әскери губернаторы М.А.Фольбаумның бұйрығы бойынша Тоқаштың ізіне түсіп, ұстау үшін жасырын агентура қызметін күшейтеді. Сол кездері Верный қаласының полицмейстері Т.Бокин әрекеті туралы әскери губернаторға: «Верный уезінің Мойынқұм болысындағы қырғыз (қазақ Тоқаш Бокин әр болыста тұратын ағайындарын аралап, бірнеше рет қырғыздардың (қазақтардың сьездеріне қатысты. Сол сьездерде армияға адам бермеу мәселесін талқылап, патша жарлығына қарсы сөз сөйледі… Бұл сөздер қырғыздарға (қазақтарға) күшті ықпал етті, олар Бокиннің сөзін мақұлдап, қандай жағдай болса да майдандағы әскер жұмысына ешқашан адам бермейміз деген шешімге келді, сөйтіп, сөздерінде тұру үшін «бата» жасады (ант берді). Сондай-ақ «Самсы» станциясына шабуыл жасағанда Тоқаш Бокин топтың артында тұрды, содан оның ұсынысымен телеграф сымы үзілді. Осының салдарынан Қордайға дейінгі бүкіл байланыс зақымдалды» деп жеткізді. (ҚР ОММ, 76-қор, 2140-іс, 46-47 б.) Бұл хабарды естіген Жетісу генерал-губернаторы: «Считайте малейшую группировку киргиз кучками за мятеж, подавляйте таковой. Наведите на эти волосы панику; при первом признаке волнения адресуйте полевому суду и немедленно повесьте. Никакие гражданские суды в этих случаях не должны действовать». (ҚР ОММ, 44-қор, 23-іс, 85-б.) Жетісу бай-манаптары қазақтарды орыс шаруаларына қайрап салып отырды немесе, керісінше, олардың арасында араңдату саясатын жүргізді. Мысалы, өздерінің арам пиғылдарын жүзеге асыру үшін олар Найденовка деген орыс селосын өртеді. Мұны көрген Тоқаш Бокин Молдахмет Ыстыбаевтың аулынан 60 қазақты жинап, Найденковадағы орыс шаруаларына өрт сөндіруге көмектесті. Осыдан кейін ол қазақтарға: «Орыстар сендердің дұшпандарың емес. Басына іс түскенде, оларға зиян тигізбей, қол ұшын беру керек. Сендердің қас жауларың патша және олардың жендеттері» деп түсіндірді. Тоқаш Бокиннің ықпалымен Самсыдан басталған 1916 жылғы көтерілістің өрті Бүкіл Жетісу өңірін тез шарпыды. Оған 102 болыс ел (оның ішінде 60 болыс қазақ, ұйғыр, дүнген, 42 болыс-қырғыз) қатысты. (ҚРООМ, 76-қор, 2140-іс, 1-тізбе, 182-б). 7 шілдеде Үшқоңырда Жайылмас қазақтарының сьезі болды. Отар приставы Гилевтің бірінші тамыз күні жазған хабарына қарағанда, 8 шілде күні Қарғалы, Бидалы, Күрті, Ұзынағаш болыстарының мыңнан астам қазақтары Үлкенсаз жайлауына жиналды. Мал санағын жүргізуге келген шенеунік Ивановқа: «Не істесе де балаларымызды солдатқа бермейміз» деп жазба түрде қарсылық білдіреді. Оған Әміре Төлеубаев бастаған 45 кісі қол қойды. 10 шілде күні тағы да сол Үлкенсазда 5 мың адам қатынасқан жиын өткізіледі. Жиналғандар «Патшаға солдат бермейміз, бәріміз бірігіп соғыс ашамыз» деп хабарлайды көпшілікке. Осы жайында 9 шілде күні Үлкенсазға барып, «ештеңені біле алмай оралған» Ыбырайым Жайнақов 13 шілдеде Верныйға – Меркі, Үлкен Алматы болыстарының әйгілі адамдарын шақырып, жиналыс өткізеді. Сол басқосуға Тоқаш Бокин де қатысты. Жайнақовтың іс-әрекеті, пиғылы әшкереленеді. Ол солдатқа бала беруді шешу үшін Жетісу қазағының басы қосылуын талап етеді. Ал келесі күні Т.Бокин Үлкен Алматы, Шамалған, Шығыс Кәстек болыстарын аралауға аттанады. 12 шілдеде – Мойынқұмда, 14 шілдеде – Үлкен Алматыда, 3-4 тамызда Шығыс Кәстекте болады. Ондағы ауыл азаматтарымен сөйлеседі. Көтеріліс басшыларын тағайындайды. Жалынды сөздер сөйлейді. Халықты патшаға қарсы көтерілуге үгіттейді. Сөйтіп, Самсыда (басшылары – Қасабек Кәкенов, Сырғабек Жалпыетеков, Қасеней Айдарбеков), Шиенде (басшылары – Досмұхамет Қашағанов, Нүке Сатыбеков, Мойнақ Берденов, Бектұрсын Кебекбаев), Ақшиде (басшысы Қарабай Аламанов, Ұзақ Саурықов, Жәменке Мәмбетов) болған халық қозғалысына белсене араласады. 3 тамыз күні Верный уезінің шығысындағы Асы жайлауында Қызылбөрік болысының тұрғындарынан құрылған 200 адамдық қарулы қол уезд жергілікті әкімдері бас қосып, әскерге алынатындар тізімін жасап отырған кезде шабуыл жасады. Көтерілісшілер уезд бастығының көмекшісі Хлыновский мен ол басқарған қарулы отрядты және оларға көмекке келген пристав басқарған полицейлерді Верныйға қарай қуып тастады. 6 тамызда көтеріліс Верный уезінің батысындағы болыстарда да басталды. Сол күні сойылдармен, өздері жасаған найзамен және қылышпен қаруланған Ботбай, Шығыс және Батыс Қастек, Ырғайты мен Тайторы болыстарының 5000-дай көтерілісшілері Самсы станциясын қоршап, оған орналасқан қарулы отрядты және тізім жасауға жиналған Отар учаскесінің приставы мен Ботбай болысының «құрметті адамдарын» Верныйға қашуға мәжбүр етті. Көтерілісшілер Верный-Қордай жолының бойындағы почта станцияларын өртеді. Осының нәтижесінде Верный-Ташкент байланысы үзілді. Тамыз айының ортасына қарай көтеріліс Жаркент уезінде кең етек жайды. 11 тамызда көтерілісшілер Жалаңаш станциясын басып алып, қоныс аударушылық басқармасының шенеуніктері Долгушинді, Адековтi, болыс әкімдерін өлтірді. Жетісу өңіріндегі ірі көтерілістің бірі Қарқара жайлауында болды. 5000-нан астам көтерілісшілер 11 тамызда Қарқара жәрмеңкесін қоршады және ондағы жақсы қаруланған жазалаушы отряд пен бай-манаптардың жаудырған оғына қарамастан төрт күннен кейін Қарқараны басып алды. Көтерілісшілер Қарқара жәрмеңкесін қыркүйектің басына дейін өз қолында ұстап тұрды. Жаркент уезіндегі көтерілісшілердің басқа жасақтары патшаның жазалаушы отрядтарынан 16 тамызда Қырғыз сайды, 20 тамызда Қалжат Сүмбені босатты. 10-12 тамызда қыркүйекте Лепсі уезінің Мақан-Садыр, Мәмбетбай – Қысқаш, Балқаш – Лепсі болыстарының мыңдаған адамдары көтеріліске шықты. Саратов селосы маңында көтерілісшілер уезд бастығының көмекшісі Маслов басқарған жазалаушы отрядқа шабуыл жасады. 14 қыркүйекте Ұзынағаш болысының Үлкен саз деген жерінде Жетісу облысының 11 болысынан 5 мыңнан астам адам қатысқан бас қосуы болады. Олар жиындарында «оқтың астына барғанша осында өлген артық» деген қаулы қабылдады. 15 қыркүйекте Верный уезінің Қорам болысының 68 тұрғыны (негізінен ұйғыр диқандары) болыс басшысы А.Абдурасуловты өлтіріп, майданның тыл жұмыстарына баратындардың тізімін құртты және болыстың үйінен табылған 20 мың сом ақшаны иеленіп кетті. Жаркент уезіндегі Нарынқол – Шарын учаскелік бастығы үйінің алдында жиналған бір мыңға жуық қазақтар «майданға адам бермейміз, адам жинауға көмектесіп жүргендердің бәрін өлтіре отырып, бір адам қалғанша өлуге әзірміз» деп мәлімдеп, барлық болыстық кеңселердегі әскерге шақыратындардың тізімдерін өртеп жіберді. Оқиғаның осылай өрістеуінен абыржыған Верный қаласы полицмейстерінің ісін атқарушы облыстың әскери губернаторына Отар учаскесіндегі қазақтар «бір жерге шоғырлану мақсатымен» қырдан тауға көше бастады деп хабарлай келіп, Отар учаскесі Жетісудағы көтерілістің өзінше бір орталығына айналып отырғандығын баяндады. (Восстание киргизов и казахов в 1916 году» Бишкек, 1997, с.126-129). КӨТЕРІЛІС КӨСЕМІ БЕКБОЛАТ ӘШЕКЕЕВ 1916 жылы тамыз – қыркүйек айларында Асы, Самсы, Отар, Жаркент, Үшқоңыр өңірлерінде де казак-орыс жазалаушылармен қарулы ұрыстар өрши түсті. Кәстек болысындағы көтерілісті Нұрке Сатыбеков, Сатай Қарашев басқарды. Жайылма болысында 73 жастағы қарт, ел басшысы Бекболат Әшекеев атқа қонды. Бекболат 1843 жылы Қаскелең тауында туды. Жастайынан мал бақты. Егіншілікпен шұғылданды. Ағаш шебері атанды. Домбырамен күй шертті, есейген кезінде ел арасындағы дау-жанжалдарды шешуге қатынасты. Әлінің келгенінше әділ төреші болды. Аз уақыт болыстықтың тәжін де киді. …Бекболат ауылында үш тәулік бойы ел ақсақалдары мәжілістесуде. Бұған Тоқаш Бокин де қатысуда. Ақсақалдар сөзі «Құрық ұстаған малшыны, таяқ алған қойшыны, соқа соңында жүрген егіншіні түгел матап беріп, бала-шағаны аштан қырмаймыз, қарақан басымыз қаңқиып қалмаймыз. Патша өкіметінің жарлығына қарсымыз» дегенге саяды. Әттең, қару болса! Қару Кіші Алматының әскери қорғанында (крепость) – Басшы Бекболат! Көтер Әшекейдің көк туын! Әумин!…–деп алақанын ілгері жайды тоқсанды алқымдаған Қалампырдың Мыңжасары. – Кеудесін оққа тоспайтындар атқа мінбесін! – деді Бекболат өзінен бір лебіз күткен қалың топтың шарасыз көздерін шола қарап. – Мылтық атылғанда тауға шаппай, жауға шабыңдар! – деді және біраз ойлана түсіп. – Ша-ба-мыз! Үздік-үздік шыққан дауыстар құздарды жаңғыртып барып сап болды. Баста бізді! Ел қызылтанау боп сабылып-шалдығусыз-ақ, қол көтермей-ақ, Бекболатты бірауыздан көсем сайлап алды. БЕКБОЛАТ ТА ЖҰРТ ҮКІМІНЕ ЖҮГІНДІ «Алматыдан орыстар шығыпты» деген хабар жұртты біраз сейілткендей болды, асуларға сақшылар жіберіліп, олар екі асудың (Шұбарат пен Жамбастың ) аузын алды: жол бойынан сыбыс тыңдайды, өткен-кеткендерді сұраққа тартады. Қайдағы орыс?! – дейді жансыз боп келгені кейініректе әйгіленген бір «жолаушы». – Алматыдан шықтым, ырымға бір орыс көргенім жоқ, –дейді ол сақшыларға. – Олай болса, жігіттер, тартыңдар, жуық жердегі ауылдан қымыз ішіп қайтайық. Сол екі арада Верныйдан шыққан жазалаушы отряд та асуға жетіп қалған. Отряд бастығы – қазақтың қас жауы, қазақты жазалаудан мұрдарлықтан өзгені білмейтін Верый уезі бастығының өзі, подполковник Базилевский екен. Отряд контингенті Верный гарнизонының құр сұлбасын сақтап отырған – Симбирск жаяу әскер полкінің солдаттарынан табан астында іріктелгендер… – Жау келіп қалды! Аттан, аттан! – деген айқай шықты тамыздың 13-күні. Жаяулатып сап түзеген солдаттар бірі жатып, бірі тізерлеп оқ жаудырды. Беттетпейді: жұрт әрі-сәрі. Дара шығып, ат қойған сойылшылар арқан бойынан әрі бармай оққа ұшты. Әсіресе, ең, ірі қантөгіс дәл осы ауылдың ортасында болды. Дүркін-дүркін атылған оқ алапатынан үріккен жылқы алай-түлей. Ат басын ірікпей, жеке-дара «төпелеп» шапқан Көпесбай мен Мұсабай қарт бірдей оққа ұшты. Осы қақтығыста 43 адам қаза тапты, алты адам жаралы болды. – Беке, қайтеміз? Ту құлады! – деді серік қарттардың бірі. Ұрыс өңіріне жайлау-жайлаудағы құз-шоқылардан жазбай көз тіккен үрейлі сақшылар: «біз жеңілдік» деп азан салуы-ақ мұң екен, артынып-тартынып дайын отырған ел қырғызды бет алып, одан әрі Қытай асуға лап көтерілді. Көшкен ел ұлардай шулауда. Мұны көрген Бекболат «ел басына түскен қорлыққа шыдамай» өзі келіп, Шамалғанда тұратын Төлегенов Балғабектің үйінде жауына беріледі. Қыркүйектің 7-сі күні губернатор Фольбаумның: «Екі күн ішінде тергеліп, сотқа берілсін» деген әмірімен Верныйда, қолма-қол соғыс жағдайындағы заңмен жүргізілген әскери сот процесінде: – Айыпкер Әшекеев, айтыңызшы, тастабандап тұрған Германияны тықсырып бара жатқан осындай дүлей күшке қарсы шығуға сізді кім еліктірді? – деді лепіре сөйлеген трибунал басшысы, орыстың юстиция полковнигі Левашев. – Елімнің ерлік ынтасы еліктірді, – деді Бекболат жайлап. – Сонда да болса, өзіңіздің әлгі сыбайластарыңыздың аттарын атаңызшы? – Сыбайласым – елім, оны қоршаған бір өзім, көрген – екі көзім, – деді Бекболат тайсалмай. Айыпкер Әшекеев, сіз ата жолын қуып, өзіңізді хан жариялапсыз ғой. Соны айтыңызшы? Қазақ ханнан ада болғалы қашан! Ертең бізді дарға ассаңдар, сонда «қан» болады. Қан төгу сендердің қолдарыңда, – деді Бекболат Левашевты табалай түсіп, аз қалған өмірін жұдырығына жұмып отырған жаудан жасқанбай. Сот мүшелері Бекболаттан бірнеше рет жауап алды. Бірақ халықтың адал ұлы, ержүрек ардагерінің: «Халқым, сендердің ешқайсысыңды да жылатпаймын. Бар кінәні өз мойныма аламын. Сендер үшін құрбан боламын» дегені бар. Айтқанын орындауы оның еліне деген шексіз сүйіспеншілігін, жау алдындағы қайсарлығын, батылдығын, бірбеткейлігін, алдына қойған мақсатына беріктігін байқатады. Сәске әлетінде Бекболаттарды мылтық кезеніп, қылыш көтерген айдауыл күні бұрын қазылған апанға айдап келді. Губернатор әмірімен төңіректегі дүйім ел осында айдаумен келтірілген: «Көрсін, түге! Шошысын! Дәрмені қашсын!» деген Фольбаум қатал үкімін іске асырды. Жендеттер топырақ бетін тегістеп, жермен жексен етті және қарулы күзет қойып, қазалы жерге бір ай бойы жан жуытпады. Ел даналарын солай қорлады олар. Тек бір айдан кейін, онда да түнделетіп, жау таптаған топырақ астынан жеті арыстың сүйегі алынды. Ол ол ма, Түркістан генерал-губернаторы Куропаткиннің сол жылғы 12 желтоқсандағы бұйрығы бойынша Жайылмыс болысының 23 адамы қосымша тергеуге тартылып, әскери соттың қармағына ілікті. Бас аяғы үш күн ішінде әскери сот 14 адамды «бүлікші» деген айыппен өлім жазасына кесті. Олардың ішінде: Әшекеев (Бекболаттың ортаншы баласы), Әбішев, Аманбаев, Нұрабаев, Сұлтанов, Аманжолов, тағы басқалары бар. Осылайша Жайылмыс болысындағы көтерілісті дайындаған, оған басшылық еткен Тоқаш Бокин екендігі айқын сезіледі. Ал Бекболаттардың сәтсіздікке ұшырауына келсек, Самсы, Шиен, Ақши көтерілісшілерінің айтылған уақытта Бекболаттың отрядына қосыла алмағандығы еді. Және Беболат Әшекеевтің соғыс жоспары орасан еді. Оның батыстағы – Ботбай, Шығыстағы – Қызылбөрік, Қырғыздағы – Пішпек, Тоқпақ, Ыстықкөл көтерілістерімен тікелей байланысты хаттамалары да дәлелдейді. Бекболат Әшекеев бастаған ұлт-азаттық көтеріліс жеңіліспен аяқталды. Рас, патша жеңдеттері бас көтерген қазақты атты, шапты, түрмеге салды, Сібірге айдады, бірақ тәуелсізікке деген елдің ұлттық рухын жоя алмады. Сөйтіп, қыркүйектің соңы мен қазанда Жетісу көтерілісшілерінің негізгі күштері жеңіліске ұшырады. Патша жендеттері көтерілісшілерді ғана емес, олармен бірге бейбіт халықты да қатал жазалады. Жалпы, Түркістан өлкесінен 1917 жылдың 1 ақпанына дейінгі мәліметтер бойынша мыңдаған көтерілісшілер сотқа тартылып, 129 адам түрмеге отырғызылды. Қатал қуғын-сүргінге ұшыраған 300 мыңнан астам адам немесе Жетісу өңірінің тұрғылықты халықтарының төрттен бір бөлігі ата-мекендерін тастап кетуге мәжбүр болды. (ҚРОММ, 46-қор, 1-тізбе, 385-іс, 42-п). Түрмеден 1917 жылы ақпан төңкерісінен кейін босап шыққан Тоқаш Бокин большевиктермен бірге Жетісу жеріндегі қайраткерлік қызметін қайтадан жалғастырды. Бұл кезде еңбекшілердің құқықтары үшін күрес бұрынғы қай кездегіден қиын болды. Жетісудағы текетірес әлі де өте күшті болатын. Т.Бокин митингілер мен жиналыстарда жиі-жиі сөз сөйлеп, Уақытша үкіметтің және оның комиссарларының халыққа қарсы саясатын, әшкереледі. Тоқаштың маңызды да мазмұнды сөзін Жетісудағы орыс, ұйғыр, дүнген жұртшылығы ықыласпен тыңдады. 1918 жылғы наурыздың 2-нен 3-не қараған түнде Верныйда Кеңес өкіметі жеңді. Қарулы көтеріліс барысында Уақытша әскери-революциялық комитет құрылды. Оған П.Виноградов, Т.Бокин, Л.Емелев, С.Журавлев және басқалар кірді. Верный қаласында Кеңес өкіметі жеңгеннен кейін 1918 жылғы наурыздың 4 күні еңбекшілердің бұқаралық митингісі өтті, онда қазақ кедейлердің атынан Т.Бокин сөз сөйледі. Ол былай деді: «Жергілікті еңбекші халық – қазақтар мен қырғыздар патша мен Уақытша үкімет езгісінен еңсесін көтере алмады, бұдан бұрын олардың еншісіне бай-манаптардың езіп-жаншуынан, қан қақсатқан қанаушылығынан басқа ештеңе тиген емес». Айталық, ақ гвардияшылардың Верныйда Кеңес өкіметін аштықпен тұншықтырғысы келгені мәлім. Қала халқын аштықтан аман сақтау үшін Тоқаш Бокин басқа серіктестерімен бірге Жетісу байлары мен кулактарының артық астығын тартып алды. Қазақ кедейлерінің қолдауы арқасында ол бұл тапсырманы ойдағыдай орындап, қаланы, оның 8 мың адамы бар гарнизонын азық-түлікпен қамтамасыз етті. Осындай күрделі жағдайда жер мен мал мәселесі күн тәртібіне өткір қойылды. Жер туралы Декретке орай әрбір ұлттың еңбекшілері жер мен суды пайдалануға тең құқылы болды. Ал қазақ кедейлері үшін мал өсіру мәселесінің маңызы бұдан ешбір кем болған жоқ. Себебі, мал негізінен байлардың қолында еді. Сондықтан 1918 жылғы мамырдың 29-ында Верный партия ұйымы мен облыстық комитет байлардың малын ішінара тәркілеп, оны кедейлерге бөліп беру жөнінде шешім қабылдады. Бұл шешімді іс жүзіне асыру үшін Т. Бокин үлкен жұмыс атқарды. Ол барлық ұлттардың кедейлеріне жанашырлықпен көмектесті. Өзінің облыстық атқару комитетінде жасаған бір баяндамасында Т. Бокин: «Менің жұмыстағы алғашқы қадамым кедейлерге сауын сиыр бөліп беруден басталды, өйткені сауын сиыр қазақтар мен қырғыз, ұйғыр, дүнген, өзбек кедейлерін азықпен толық қамтамасыз ететіндей көрінді, олай болса, ашыққан кедейлерге мал бөлу ең көкейкесті, ең өткір мәселе болып табылады. Мал бөліп беру ұйымшылдықпен өткізіліп, былайша жүргізілді: қай болысқа келсем де, ауыл адамдарын жинап, сол жиында кедейлердің тізімін көпшіліктің көзінше алатынмын, малды көздерінше санап, кедейлердің арақатынасын саралай отырып, сол жерде бөліп беретінмін…» – деді. Бокиннің байлардың малын тартып алып, кедейлерге үлестіру жөнінде жүргізген шаралары байлар мен манаптардың, кулактардың жауыға өшігуін өршіте түсті. Ақыр соңында олар Тоқаш Бокиннің көзін жоймақшы болды. Бұған жауап ретінде 1918 жылғы мамырдың 18-інде Т. Бокин «Заря свободы» газетінде хат жариялады. Онда ол өз дұшпандарының жымысқы жоспарын әшкерлеп, былай деді: «Мен естіген, яғни менің атыма айтылған қоқан-лоққы маған қорқынышты емес, сондықтан еңбекші халықты қорғау жөніндегі программамнан ешқашан айнымаймын. Еңбекші халық өкілдеріне саналы түрде немесе санасыздықпен өктемдік көрсеткендерге айтарым, мені, мен сияқты тағы біреулерді өлтіргенмен бәрібір көксеген мақсаттарыңа жете алмайсыңдар, бұрынғы биліктеріңді қайтаруға шамаларың келмейді». Жасырын жаулар астыртын әрекет жасап, Тоқашқа жала жауып, оның айналасына тор құра бастады. Тоқаштың үстінен жалған материал жинап, оған халықты тонаған, бағалы заттарды өзіне иемденген, малдарды туған -туысқандарына үлестірген, әйел зорлаған деген сияқты айыптар тақты.Тіпті Т. Боккин неміс тыңшысы деген жала да жабылады. Ақыр аяғында олар ревкомның санкциясынсыз Т. Бокинді қамауға алып, түрмеге отырғызады. Бұл туралы хабар Верный уезінің кедейлеріне жетіп, олар облыстық атқару комитетіне Т. Бокинді түрмеден босатуды талап еткен хат жолдады. Өздерінің хатында олар былай деп жазған: «Біз қазақ кедейлері, Т. Бокинді тұтқыннан босатуды сұраймыз. Оған болыстарды аралап, байлардың кедейлерден тартып алған малын өзімізге қайтарып беруін тапсыру керек, әйтпесе Кеңес өкіметінің көмегімен иемденген игіліктеріміздің бәрінен жұрдай боламыз. Бокин жолдас ашаршылықтың ауыр дертінен құтқарған мыңдаған адам бұл хаттың шешімін күтуде, өтінішімізді ескерусіз қалдырмайды деп сенеміз.» (ҚРОММ, 76-қор, 2140-іс, 1-тізбе, 45-52б.) Тоқашты түрмеден босату жөніндегі бұл хат және ревкомның талап етуі мәселеге тергеу комиссиясы қызметкерлерінің және қаскүнемдердің араласуына әкеп соқтырды. Т. Бокиннің ісі жөнінде жалған материалдар жасағандар өздерінің әшкереленетінін түсініп, 1918 жылдың 19 қыркүйегінде оны аяусыз өлтірді. Қазақтың аяулы ұлы, жалынды күрескер Тоқаш Бокин, елім деп еңіреген есіл ер осылай өмір сүріп, жендеттердің қолынан осылай қайғылы қазаға ұшырады.Ол бүкіл өмірін еңбекші халықтың бақытты жолына бағыттады. Бар болғаны 28 жыл өмір сүрсе де, ол халық үшін көп нәрсе тындырды.
Тiлеу КӨЛБАЕВ,
тарих ғылымының докторы