Түркияда тағы да той

Түркияда тағы да той

Түркияда тағы да той
ашық дереккөзі
394

1992 жылы Алматыда өт­кі­зіл­ген Дүниежүзі қазақтарының тұ­ң­ғыш құ­рыл­тайында іргесі қа­ланған дүниежүзі қа­зақтары қау­ым­дас­ты­ғы­ның 20 жыл­дық мерекесі 9 наурыз күні Ыс­там­бұлда аталып өтті. Қазақстан Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылы қыркүйек айында Түр­кия­ға барған сапарында Түркия қазақ­та­рымен болған кездесуінде 1992 жылы өткізілетін тұңғыш дүниежүзі қа­зақтары құрылтайы туралы шешім қа­был­дап, оның орындалуын ол кездегі Қа­зақстан Жазушылар одағының тө­ра­ғасы Қалдарбек Найманбаевқа тап­сыр­ған еді. Осы құрылтай кезінде дү­ниежүзі қазақтары қауымдастығы құ­рыл­ды. Міне, содан бері 20 жыл өтіпті.

1997 жылы наурыз айында Дү­ние­жүзі қазақтарының шетелдегі тұңғыш кі­ші құрылтайы Ыстамбұл қаласында өт­кізілген еді. Содан бері бұл құрылтай 2000 жылдан бастап жыл сайын Еуропа елдерінде өткізіліп келеді. Биыл мамыр айында Данияда өтпек. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына 20 жыл толуына байланысты өткізілген іс-шарада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың би­ылғы жолдауы таныстырылып тал­қы­ланды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың би­ылғы жолдауы туралы жиналысты Ыстамбұл университеті журналистика факультетінің докторанты, қазақстандық Ержан Қалымбай жүр­гізіп отырды. Салтанатты жиынды ашып сөз сөйлеген Дүниежүзі қа­зақ­тары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев қауымдастықтың 20 жылдығын шетел қазақтары ішінде бірінші болып Түркияда мерекелеп отырғандықтарын, өйткені қауымдастықты құру шешімінің Ыстамбұлда қабылданғанын атап өтті.

Мимар Синан Көркем Өнер уни­вер­ситетінің профессоры, тарих ғы­лы­мының докторы Әбдіуақап Қара қау­ымд­астықтың 20 жылдығына байланыс­ты Түркияда өтіп отырған іс-шараның маң­ыздылығына тоқталды. Биыл сонымен қатар Қазақ-Түрік дипломатиялық қа­рым-қатынастарының да 20 жыл­дығы, сондай-ақ қазақтардың Түркияға қоныстануының 60 жылдығы екенін атап өтті ғалым.

– Қазір келіп түсіп жатқан мә­лі­мет­терге қарағанда, қауымдастық осы жиырма жылдықта қыркүйек айында “Тәуелсіз Қазақстан және Шетел Қазақтары” деген атпен халықаралық симпозиум өткізгелі отыр екен. Бұл – өте маңызды. Өйткені Қазақстанда әлі де болса шетел қазақтары туралы дұрыс түсініктің толық қалып­тас­па­ғаны, Кеңестік кезеңдегі қазақты қа­заққа айдап салу жөніндегі идео­ло­гиялық жаңсақ мәлімет пен көзқа­рас­тардың сарқыншақтарының әлі де бар екені байқалады. Сонымен қатар шетел қазақтары туралы мәліметтер әлі де болса кемшін. Міне, осындай жағдайда шетел қазақтары жайында ғылыми конференциялар өткізу, зерттеулер жүргізу, кітап мақалалар жариялау, көркем өнер мен әдебиет, кино мен теледидар салаларында еңбектер шығару маңызды. Сонда шетел қазақтары мен атамекен байланыстарындағы қате пікірлерден арыламыз да, ынтымақтастық нығая түседі. Сөйтіп атамекен қазақтарында шетел қазақтарына деген сүйіспеншілік, ал шетел қазақтарында Қазақстанға деген патриоттық сезім күшейе түседі, – деді ол.

Мимар Синан Көркем Өнер уни­вер­ситеті тарих факультетінің докторан­ты Айнұр Ержібаева Қазақстанда адами капиталдың сапалы өсуі туралы Елбасының жолдауындағы жетінші тармақтың өзі үшін өте маңызды екенін тартымды түрде айта келіп, бұл туралы ойларын ортаға салды.

­Ыстамбұл университеті ха­лық­аралық қатынастар магистранты Бауыржан Сарқытұлы жалпы Түр­кия­дағы студенттердің жолдаудан үл­кен әсер алғандарын, елдің дамуы­на қалайда үлес қосу керектігі жө­нін­де, әсіресе студенттердің мен Қа­зақс­таннан не алам деп емес, мен Қазақстанға не берем деген ойда болып, сонда не беретінін осы жолдауда табатындықтарын айтты.

Жиналыс соңында көпшілік атынан ақ­сақал Омар Жігіт сөз алды.

– Өткен ғасырдың басынан­ бері көптеген қиыншылық пен тау­қымет­тер­ді басынан өткізіп келе жатқан Түркия қазақтарының өмірде екі үлкен қуанышы болды. Оның бірі – 1952 жылы Түркия үкіметінің құшақ жайып қазақтарды қабылдап, бауырына басуы. Екіншісі, Қазақстанның 1991 жылы 16 желтоқсанда тәуелсіздігін жа­риялауы. Сонда өлгеніміз ті­рі­ліп, өшкеніміз жанғандай адам айт­қы­сыз қуанышқа бөлендік. Осы қуа­ны­шымыздың бекер емес екенін 1992 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тұңғыш қазақ құрылтайын өткізу және дүниежүзі қазақтары қауымдастығын құру ше­шімімен көрсетіп берді. Қазір сол қауымдастық төрағасы Елбасының өзі. Бұл біз үшін үлкен абырой. Ал осы қауымдастықтың 20 жылдығында үлкен жаңалықтың бірі болып Алматыдан ат терлетіп Талғат Мамашев мырза осында келіп, бізге Елбасымыздың биылғы жолдауын таныстырып отыр. Бұл шара бізді қуанышқа бөледі, Мамашев мырзаға алғысымызды айтамыз, – деді ол.

Кешкісін Қазақстаннан келген өнерпаздардың концерті болып өтті. Онда Түркияның Қазақстандағы елшісі Жансейіт Түймебаев сөз сөйлеп, қоғам бастықтарына алғыс хаттар табыс етті. «Түріксой» төрағасы Дүйсен Қасейінов қатысқан кешке Түркия Республикасы Бас Министрі Режеп Таййіп Ертуған, Еуропа Одағымен байланыстарға жауапты министр Егемен Бағыш, Бас министрдің орынбасары Бәкір Бозтау, Мемлекеттік министр Ертуған Байрактар, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің депутаттары Мұстафа Жұрттас және Халұк Жібек, Еюп ауданы Әкімі Исмаил Қауыншы, Бағшылар аудан Әкімі Лоқман Шағрышының жіберген құттықтау телеграммалары оқылды.

Концертте Қазақстаннан келген ән­ші және күйшілер: Майра Ілиясова, Ме­руерт Түсіпбаева, Еркін Мерген, Өмірқұл Айниязов және Уатқан Захан­қызы өнерлерімен Ыстамбұл қа­зақ­тарын тәнті етті.

Концертте Абай атындағы бас­тау­ыш­ мектеп пен Ғазипаша атын­дағы бастауыш мектептің қазақ және түрік балалары қазақ ұлттық билерін көр­сетті. Нұргүл Тастемір деген қы­зымыз Зейтінбұрында тұратын ақы­нымыз Ибрахим Ақсел деген аза­мат­тың “Қазақтың еркіндігінде шек жоқ” деген түрік тіліндегі өлеңін ком­пью­терлік бейнекөріністер арқылы ше­бер оқып берді. Шеууал Тастемір деген бүлдіршін қызымыз қазақтың бір биін бір өзі билеп берді.

Гүлшырай МҰҚАШҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары