ҚАЗАҚША СӨЙЛЕУ — ар ма екен?!
ҚАЗАҚША СӨЙЛЕУ — ар ма екен?!
Наурыз мерекесі Алматыда жылда 21 наурызда тойланады. Биыл да солай болды. Ескі алаңда ұйымдастырылған қызықта ас та төк тілек, күмбірлеген күй, әуеде қалықтаған ән, бұрала билеген биші қыздар мен жігіттер, елімізге танымал әртістер тойға келгендердің көңілін серпілтіп-ақ тастады. Әркім әл-қадары жеткенше, әрине. Өкінішке қарай, кеудені кернеген қуанышқа көлеңке түсірген жайттар да болды. Мысалы белгілі әнші Роза Рымбаеваның жылда айтатын «Наурыз» туралы әнді әуелетіп тұрып, «С праздником вас!», «С праздником весны!», «День единства!», «Желаю вам счастья!» деп оқтын-оқтын айқай салғаны. Негізі кейінгі кездері Роза Қуанышқызы көп жерде қазақ тілінде ән айтып тұрып ортасында орысша әңгіме айтуды әдетке Тiл жолындағы күрес ешқашан тоқтамақ емес. Тiлдi насихаттау, ұлықтау, өзгеге таныту шаралары керек мұндайда. Өйткенi тiлi жоғалса, ұлт та жоғалады. Ол үшiн халық игi iске тайлы-тұяғы қалмай жұмыла кiрiсуi шарт. Бұл ханға да, қараға да қатысты. айналдырып алған. Наурыздағы мерекелік концертте де елі еркелеткен, еліне еркелеген Роза қыздың қылығына мән бермей-ақ қоюға болар еді. Тек әттең Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілінің мүшкіл халі болмаса. Әйтпесе, Роза Рымбаеваның аты тек қазаққа емес, бүкіл Кеңестер Одағына қазақтың Әлиясымен, кәдімгі аты аңызға айналған қазақтың батыр қызы Әлиямен, қазақша жазылған «Әлия» әнімен шыққаны белгілі. Рымбаева концерттерде не көшеде қазақша сөйлегеннен беделі кемімейді, ірілі-ұсақты концерттерге де шақырылмай қалмайды. Өйткені Розаның тума талантын, өнерін, шығармашылығын, адамгершілігін сыйлайтындар көп. Демек, Роза Қуанышқызы өзін төбесіне хан көтерген халқына деген сыйластық сезімін, ұлт алдындағы парызын мемлекеттік тілді ұлықтаумен үндестіре білсе, игі. Бұл исі қазаққа аты шыққан зиялы қауымға түгел қатысты. «Жақыныңды жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» деген пәлсапалық қағида осындайдан туындаса керек. Адамдар дүйім жұртқа танымал, аузы дуалылардың әрекетіне қарап бой түзейді. Ана тілін білмегенге мақтанатын, Ана тілінде сөйлеуге арланатын «өз қағынан өзі жерігендерге» кенде емеспіз, өкінішке қарай. Бірақ Роза Рымбаева сияқты тұлғалар тек қазақша сөйлеп, отандастардың барлығын мемлекеттік тілді меңгеруге үндесе, өзі де мүмкіндігінше қазақша сөйлесе, нұр үстіне нұр болар еді.
Бүгінде бүйректен сирақ шығарып, бұра тартатындар көп арамызда. Әсіресе, қазақтың осал тұсы – тіл мәселесінде. Президенттің «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген сөзін бас пайдасына, жеке мүддесіне пайдалануды көздейтін кейбір сыңаржақтар әр жерде ала қашып, ортаға көкпардың серкесіндей лақтырып кеп жібереді. Сосын отыр, қырық қазақ – бір жақ, қыңыр – бір жақ, онсыз да жұқа жүйкеңді одан сайын жұқартып. Ал ел ішіне іріткі салып, арандатуға мүдделілер сыртыңнан қарап, мұртынан күліп тұрғаны. Мұндайда олардың ұпайы түгел, әрине. «Мысықтілеулер» Н.Назарбаевтың орыс тіліне қатысты айтқан әр сөзін өз пайдаларына жаратуға жанталасады кейде. Қазақстан мемлекетінің келешегі қазақ тілімен бірге гүлденетінін, өсіп-өркендейтінін біле тұра білгісі, мойындай тұра мойындағысы келмейді ондайлар.
Негізі мемлекеттік тілді күшейту мәселесінде үлгі алатын жайттар көп. Мәселен күні кеше ғана Латвия халқының 75 пайызға жуығы елдегі орыс тіліне ресми мәртебе беруге қатысты өткізілген жалпыұлттық референдумда орыс тіліне қарсы дауыс берді. Саяси науқан аяқталған кезде Латвия президенті латыш тіліне қолдау білдірген халқына ресми түрде алғыс айтты: «Мемлекеттік тіл мен Латвияны қорғап, дауыс бергендеріңіз үшін алғыс айтамын. Латыш тілі мен латыштарға тән ұлттық құндылықтар тек Латвияда ғана өмір сүреді. Латыш тілі осы елдің нағыз патриоттарын бір арнаға тоғыстырады». Рухы биік, намысы өр ұлттың ғана қолынан келсе керек мұндай ерлік. Сырт көздің пікіріне жалтақтамай, латыштар орыс тіліне қатысты ойларын бір-ақ ауыз сөзбен кесіп айтты: «ЖОҚ». Мұндағы «Visu Latvijai!» «Бәрі де Латвия үшін!» партиясының көсемі Райвис Дзинтарс: «Латвия орыс тілін екінші мемлекеттік тілі ретінде мойындай алмайды. Өйткені орыс тілінде сөйлейтіндер миллиондап саналса, латыш тіліне керісінше жоғалып кету қаупі төніп тұр. Латвия – ұлттық мәдениетімізді және ана тілімізді сақтап қалуға және дамытуға мүмкіндік беретін жалғыз мемлекет» деп ашық айтты. Бүгінде Қазақ қоғамында да мемлекеттік тілге деген жанашырлығын бүкпесіз айтатын ұлттың ұлдары баршылық. Мысалы жуырда Дулат аға Исабеков мемлекеттік тілді білмейтіндерді мемлекеттік қызметке қабылдаудан бас тарту керек деген ой айтты. Алдаспан ағаның пікіріне құлақ асып, іліп әкеткендер кем де кем. Өйткені зиялы атап жүргендеріміздің көпшілігі (бәрі емес, әрине) жалтақтық танытады: кезекті кітабын шығару керек, авторлық кеші бар, қыр астында қылтиып тағы бір мерейтойы тұр…
Соңғы кездері қазақша сөйлеуден қашқақтайтын кейбір отандас «әлі ерте, мемелекеттік тілді білуді күштеп таңуға болмайды, уақыт беру керек» деген күлбілтелендіретін сыңаржақ пікірге жабысып алған. Бірақ Қазақстан тәуелсіздігін күні кеше алған жоқ. Бір, бес, тіпті, он жыл да емес. Бақандай жиырма жылдан асты! Жиырма жылда ақыл-есі бүтін, дені сау, алдына мақсат-мүдде қойған пенде бір емес, бірнеше тілді еркін меңгеріп алады. Әрі қазақ тілі – бір ауылы бір ауылының тілін түсінбейтін қытайлардың тілі емес. Шындап ниеттенген, ықыласы ауған адамдар қазақ тілін 4-5 жылда еркін меңгереді. Теледидарға қарасаңыз Қазақстанның мемлекеттік тілінде бұлбұлша сайрайтын мұхиттың арғы жағынан келген америкалықтар мен еуропалықтар қатары өсіп келеді. Өздерінің, немере-шөберелерінің ғана емес, арғы аталарының да кіндік қаны Қазақ жерінде тамған өзге ұлт пен ұлыс өкілдерінің құлақтарына алтыннан сырға. Мұндайда «әлемді өзгерткің келсе, өзгерісті өзіңнен баста» деген ұлы қағида есіңе түсіп, көңілің жабырқайды. Қазақша сөйлеуге арланатын қазақтардың кесірінен…
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ