КӨК СИЯ мен ҚЫЗЫЛ СИЯ
КӨК СИЯ мен ҚЫЗЫЛ СИЯ
Наурыздың 19-ында Кремльде өткен Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың (ЕурАзЭҚ) кезектi саммитiнде Кремль аталған қауымдастықты Еуразиялық экономикалық одаққа айналдыруды көздеген едi. Бiрақ ол мақсат жүзеге аспады. Әуелi Белоруссия «Еуразиялық экономикалық одақ» деген атауға қарсылық бiлдiрген. Ал Қазақстан экономикалық одақ құру шаруасын тым жеделдетуге қарсы.
Белоруссия Мәскеудің Еуразиялық экономикалық қауымдастық ұйымын жойып, оның орнына Еуразиялық экономикалық одақ туралы ұсынысын Еуразиялық біртұтас экономикалық кеңістік деген атаумен өзгертуді жөн санайды. Минскінің аталған құжаттағы көптеген мәселелерге орай Мәскеумен көзқарастары сәйкес келе бермеген. Бірақ соған қарамастан, олар Еуразиялық экономикалық кеңістігін биыл құруды қолдап отыр. Лукашенко ресми Астананы бұған кедергі болғаны үшін айыптайды.
Ресей президенті Дмитрий Медведев саммитті аша тұрып, бүгінгі ең маңызды мәселе ретінде ЕурАзЭҚ-ты ЕЭО-ға (Еуразиялық экономикалық одақ) айналдыру жайлы ұсыныс тастады. Ресейлік «Коммерсант» газетінің жазуы бойынша, РФ мен Белоруссия арасындағы келісімшартта (бұл келісімшарт тек аталған екі ел арасында жасалғандықтан, Қазақстан жағы оны қарау құқығына ие емес) Ресей тарапы көк сиямен, Беларусь тарапы қызыл сиямен өзгертулер енгізген. Ресейліктер дайындаған құжатта Еуразиялық экономикалық одақ осы одақтың жоғары кеңесінің (оған одаққа мүше елдердің президенттері енеді) шешімімен үшінші елмен келісімшартқа отыруға құқылы делінсе, Беларусьтік нұсқасында кез-келген келісімшарт мемлекет ішінде талқылаудан өтіп, ұлттық мүдденің ескерілуі көзделген.
Ресейлік тағы бір ақпарат көзі www.newsru.com Еуразиялық экономикалық одақ құруға Минскінің барынша кедергі болғанын айтады. Белоруссия президенті Александр Лукашенко былтыр желтоқсан айында ЕурАзЭҚ құрылымы мен оның шенеуніктерін қаржыландыруды тоқтататынын мәлімдеген. «Біз бұл құрылымға қатысты барлық міндеттерімізді атқардық. ЕурАзЭҚ барлық мүмкіндіктерін пайдаланып болды. Ары қарайғы іс-қимылдарын БЭК (бірыңғай экономикалық кеңістік) аясында жүргізген тиімді. Оған Тәжікстан мен Қырғызстан мүше бола алады» деген ол.
Қазақстандық «Караван» газетінің жазуы бойынша, Беларусь президенті Лукашенко Russia Today телекомпаниясына берген сұхбатында Еуразиялық экономикалық одақ құру ісі Қазақстанның бас тартуы салдарынан 2015 жылға шегерілгенін айтқан:
– Ертеректе біз ЕУРАзЭҚ-ты 2015 жылы ЕурАзЭО-қа айналдыру жөнінде шешім қабылдадық. Бірақ Ресей бұл процесті жеделдетуді ұсынды. Беларусь ол ұсынысты қолдады. Бірақ Қазақстан тарапы экономикалық одақ құруға үзілді-кесілді қарсы болды. Олар бұл процесті жеделдетудің қажеті жоқ деп мәлімдеді, – деді ол.
Алайда ресейлік ақпарат құралдарының басым көпшілігі негізгі қарсылық Беларусь тарапынан туындағанын, Қазақстан тек асықпау қажеттігін айтқандығын жазып жатыр.
РФ президенті ЕурАзЭО құруға да аз уақыт қалғандығын атап өткен:
– Біз Еуроодақтың қалай жасақталғанын еске алдық. 50-60 жылдардан басталған процесс, 1992 жылы Маастрихт келісімімен жалғасып, 2007 жылы Лиссабон келісімімен аяқталды. Бұның барлығы өте ұзаққа созылды. Бізде ондай уақыт жоқ. Бұл процесті аяқтау үшін екі жылымыз ғана қалды, – деді ол.
Кездесу барысында 3 құжатқа қол қойылды. Олар: Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің «Еуразиялық экономикалық қауымдастықты қайта құру туралы Келісім-шарт жобасымен жұмыс барысы жайындағы» шешімі, саммит нәтижесі бойынша «Еуразиялық экономикалық комиссия жұмысының басталуы жайындағы» шешім және «Мемлекет басшыларының «Кедендік одаққа мүше мемлекеттерде паспорт-визалық бақылауды бірегейлендіру жайындағы» шешімінің жүзеге асу барысы жайындағы» құжат.
ЕурАзЕҚ-ты құру жайындағы келісім-шартқа 2000 жылдың 10 қазанында Астанада қол қойылып, 2001 жылдың 30 мамырында оған мүше мемлекеттердің барлығы ратификациядан өткізгеннен кейін күшіне енген. Бұл қауымдастық құрылған күннен бастап, 5 мемлекет мүше. Олар – Ресей, Қазақстан, Белоруссия, Қырғызстан және Тәжікстан. 2002 жылдың мамырынан – Украина, Молдавия, 2003 жылдың қаңтарынан – Армения бақылаушылар қатарында.
Ресейлік «Коммерсант» газетінде ПИР орталығының сарапшысы Вадим Козюлиннің «Цена вопроса» атты мақаласы жарық көрді. Онда КСРО елесі Еуразия кеңістігін кезіп жүргендігі туралы жазылады. Сарапшы соңғы кездері посткеңестік елдер арасындағы интеграциялық процестерді солай бағалайды. «Ресей билігі Кремльдің газ құбырынан өзге де сыртқы әлемге ықпал етуші күші бар екенін тұңғыш рет сезініп отырған тәрізді. Ол – экономикалық ықпал. Бұған көп қаржы шығындаудың қажеті жоқ. Белоруссия мен Қазақстан билігі де одақтың тиімділігін бағалап үлгерді әрі олардың КСРО-ға қарай жасаған бір адымы табысты аяқталды. Бұл табыстар өзге де мемлекеттердің аранын ашып, қиялдың орындалуына жол ашуда. Егемендікті зиянсыз саудаға салуға болады екен. Дәл осы сауданы Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев та бастап кетті. Оларды қандай да бір одаққа жинау үшін нақты стимул керек. Егер ондай керемет идея болмаса, тек қана төлеу қажет. Соңғы жылдары КСРО да осылай күн көрген. Ал Ресейдің ТМД, Ұжымдық қауіпсіздік ұйымына, ЕурАзЭҚ-қа төлеп жатқан шығындары бүгінгі өлшем тұрғысынан түкке тұрғысыз. Қырғыз дағдарысы ТМД кеңістігінде Ресейдің болашақ рөлінің айқындалуына және ықпалының артуына мүмкіндік беріп отыр. Кремль мақсатының негізгі векторы интеграциямен өрнектелген. Мәселе – одақты құрушылардың жаңа құралы не болмақ: жақсы идея ма, рубль ме, арзан мұнай ма, жоқ әлде күшті ықпал ма? Бұл әзірге айқындалмай тұр» делінген онда.
Есенгүл Кәпқызы