ҚАП ТАУЫНАН БОСҚАНДАР…
ҚАП ТАУЫНАН БОСҚАНДАР…
1990 жылдары кеңес империясының өзегi сөгiлiп, бабалар армандаған еркiндiкке қол жеткiздiк. 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Республикасының тәуелсiздiгi жарияланып, Ата заңын қабылдады. Қазақстанмен қатар Өзбекстан, Қырғызстан, Түркiменстан, Әзербайжан республикаларының тәуелсiздiк алуы бүкiл түркi тiлдi халықтардың өрiсi бiртұтас болып, қайта жақындасуына мүмкiндiк туғызды. Бұл мүмкiндiк бүгiнге дейiн Ресей империясынан толық бостандығын ала алмаған түркi тектес автономиялы елдердiң және дербестiгi жоқ түркi ұлыстарының бiрiгуiне септiгiн тигiзерi сөзсiз.
Қырым түбегі мен оның таулы өңірінде ғасырлар бойы мекен еткен татарлар мен ноғайлар, Қап тауындағы әзербайжан мен ақысқа түріктері, Қап тауы сілемдерін мекен еткен қарашай мен балқарлар, құмықтар, қарайымдар және Балқан түбегіндегі ғағауыздар тағдыры туралы айтар сөз көп. Қап тауы мен Оңтүстік-шығыс Еуропа түркілерінің тоталитарлық (латынша – totalis) деспотизм (грекше – despots) құрығына түсіп, ел болып еленбей құқықтары тапталып, қуғын-сүргінді басынан өткізген зардабын және олардың Орталық Азия мен Қазақстан жеріне шашыратып орналастыру себебін қарастыру көп жайттың басын қамтиды. Мұндай қасіретті басынан кешу түркілер мен үндістердің ғана маңдайына жазылғандығын айтар кез келді.
Америка құрлығын мекендеген байырғы тұрғын халқы – үндістердің (испандықтар осылай атады) байлықтарын иемденген еуропалықтар құлқын үшін талай үндістерді қырып жібергеніне тарих куә.
Сол алапат заманда аман қалған америкалық үндістердің түркі жұрты ұрпақтары екендігін дәлелдейтін деректер аз емес. Біріншіден – мұз басу дәуіріне дейін (б.д.д. 11-9 ғ.ғ.) Солтүстік Америка мен Солтүстік Сібір жер қыртыстары тұтас бірігіп жатқан. Екіншіден – үндістер антропологиялық жағынан үлкен моңғол пішіндес тобына жатады, яғни тыва, топа, хакас, саха т.б. Алтай тауының теріскейінде мекен еткен түркі тектестер болып шығады. Үшіншіден – тек түркілерде ғана кездесетін жаңа туған баланың құйрығының жоғарғы жағындағы көк түймедей меңнің болуын бүгінгі күнгі медицина ғылымы АҚШ-тағы үндістердің сәбилерінде де кездесетінін дәлелдеп отыр. Төртіншіден – қазақтың белгілі ғалымы, академик Р. Бердібай АҚШ-та болған сапарында үндістердің үйінде қонақта болғанын айта келіп: «Олардың қонақ күту мәзірі біздің қонақ күтуімізге ұқсас және күн шығарда екі қолдарын жоғары көтеріп, күнге қарай өздерінше бірдеңелерді айтады» деген болатын. Бұл дегеніміз үндістерде баяғыдағы отқа, күнге, жарыққа табынатын шаман діннің сенімі сақталғанын дәлелдейді.
Қазақ жеріне түркі азаматтарының көптеп келе бастауы, 1917 жылы «Ұлы қазан төңкерісі» деп аталатын қозғалыста большевиктер (қызылдар) патшалық Ресей өкіметін біржолата құлатып, капиталистік қоғамның орнына социалистік қоғамды орнатудан басталады.
1928 жылдың 27 тамызында коммунистер «Ірі бай шаруашылықтары мен жартылай феодалдарды тәркілеу және жер аудару» туралы заң қабылдап, адамдардың қолындағы бар мүлкін кәмпескілеу басталды (конфискация – латынша confiskatio – қазақша мүлікті иесінен тартып алу). Байларды жер аударып, көшпенді кедейлерді отырықшыға айналдырды. Жергілікті халық өздерінің наразылықтарын отаршылдыққа қарсы бірнеше ұлт-азаттық көтерілістермен көрсетіп жатты. Оны Ресей билігі Кеңес өкіметіне қарсы емес, өздерінің жергілікті би-манаптарына қарсы шыққан елеусіз көтерілістердің бірі деп, ақиқатты жасырып келді.
1932-33 жылдар аралығында халық басына үлкен нәубет келді, ол Кеңес өкіметінің қолдан жасаған ашаршылығы еді. Бұл қасірет ең алдымен қазақтың басына түсті, өйткені жер беті де, асты да қазба байлыққа бай қазақтың кең даласын Ресей империясы шексіз иемдену жолдарын ежелден қарастырды. Кеңес одағын 1922-1953 жылдар арасында билеген Сталин өзінің сыбайластарымен бірге оның жолын да тапты. Голощекинді Қазақстанды басқаруға 1924 жылы жіберіп, қолдан жасаған ашаршылықты сәтті аяқтағаннан соң 1933 жылы қайта алып кетті. Қазақтар қол өнерді кәсіп етпеген, елеулі зауыт, фабрика және өндіріс орындары жоқ, көбіне малмен шұғылданатын. Жесе азығы, ішсе сусыны, мінсе көлігі, жатса жамылғысы, кисе киімі болған төрт түлік малынан айырылды. Отаршылар салықтың түр-түрін ойлап тауып, халықтың қолындағы бар малын сыпырып алды. Қолынан малы кеткен ел күн көрістің қамымен дүниенің төрт бұрышына, яғни Қытай, Моңғол, Иран, Ауған, Түркия т.б. көрші ТМД елдеріне барып жан сауғалап қалды. Бүгінде шет елде өмір сүретін қазақтардың ұзын саны 5 миллионды құрайды.
Әдейі ұйымдастырылған аштықтың салдарынан үш жылдың ішінде 2,5 миллион қазақ өз жерінде аштықтан көз жұмды, олар негізінен жас балалар мен әйелдер болғандықтан халықтың өсу деңгейіне бүгінге дейін әсері тиіп отыр. Бұл қасірет тарихта «қызыл қырғын», «голощекиндік геноцид» (геноцид – гректің genos тек, ру, латынша caedere өлтіру – нәсілді тегінен жою) деген таңбамен қалып қойды. «Түркі дүниесіне қызметі үшін» атты халықаралық сыйлығының иегері, жазушы Мұхтар Мағауин: «…егер 1932-33 жылғы советтік геноцид болмаса, бүгінгі қазақтың саны жиырма миллионға тартар еді» деген болатын.
Қоғам куә болған әрбір кезең көркем әдебиетте көрінісін бермей тұрмайды. Кеңес билігі аштық тақырыбына қалам тартқан авторларды қатты сынға ұшыратып қуғындады, атап айтар болсақ Хамза Есенжановтың «Көп жылдар өткен соң», Балғабек Қадырбекұлының «Алатау» атты романдары қысым көрді. Ақын Жақан Сыздықовтың «Әли қарттың әңгімесі» поэмасы Кеңес одағын сынға алғаны үшін баспа бетінде жарияланбай, ақыры Германияда жарық көрді. «Баламның етін жеймін бе, жемеймін бе?» деген жыр жолдары сол кезде Еуропа халқына үрей тудырған еді.
1937-38 жылдары сталиндік тоталитарлық жүйе бас көтерер саналы ел азаматарды жаппай «халық жауы» деген жалған хаттамалар түзіп, жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыратты, тұтқынға алынған зиялылар еш-дерексіз атып өлтірілді. Оларды «пантюркист» (түрік сыбайластары), «жапон шпионы» (жапон тыңшысы) деп жала жауып, әйел балаларына арнайы 1937 жылы құрылған АЛЖИР (қазақшасы – Отан сатқындары әйелдерінің Ақмола лагері) түрмесінде қорлықпен ұстады. Мәселен Сәкен Сейфулиннің әйелі Гүлбаһрам, Бейімбет Майлиннің әйелі Күлжамал, қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың әйелі Әзиза, С.Қожановтың әйелі Күләндам, Т.Жүргеновтың әйелі Дәмеш, С.Асфандияровтың әйелі Рәбиға т.б. әйелдер жас балаларымен осы түрменің азабын тартты. Лагерге анасымен түскен сәбилерді 2-3 жасқа жеткен соң аналарынан айырып, балалар үйіне өткізді. Әйелдер шартты түрде 5 жылдан 10 жылға дейін қалыптаса отырды, мерзімін өтеген әйелдерді белгілі уақытқа дейін туған топырағына жібермей арнайы бақылауда ұстады. Елім деп туған ерлердің көзін жойып, ұрпағын анасынан ажыратып, тектілердің тегін жою, кеңестік империяның геноцидтік әрекеті қазақ түркілерінен бастау алды.
Кеңестік империяның геноцидтік әрекетінен Қап тауы мен Оңтүстік Еуропа түріктері де шет қалған жоқ. 1941-45 жылдардағы екінші дүние жүзілік соғыс өз пайдасына шешілетіндігіне көзі жеткен Сталин өзінің құйтұрқы саясатымен табиғаты әсем, шұрайлы Қап тауы мен Қырым түбегінің байырғы тұрғындарын –діні ислам, тілі түркі болған халықтарды көшірудің айла-тәсілін тапты.
Бұл кезге дейін Сталин 1928-36 жылдары Ресейден, Украинадан, Белоруссиядан 360 мыңдай славяндарды, 1937 жылы Қиыр Шығыстан 20 мыңнан астам кәрістерді, 1940-41 жылдары 105 мың поляктарды, 1941 жылы 420 мыңдай Еділ бойындағы немістерді, 1942 жылы Краснодар өлкесінен, Ростов облысынан, Қырым автономиялы республикасынан, Армения, Әзербайжан, Грузия республикасына 24,670 адам және гректерден 29505 адамды қазақ жеріне еріксіз қоныстандырып, мол тәжірибе жинақтаған болатын.
1943 жылы 12 қазанда Қарашай автономиялы облысын жойып, 14 қазанда қарашай түркілерін жер аудару туралы құпия қаулы шығарды. Ол 2 қарашада, таңғы сағат төртте орындалды. Таңертеңгі сағат онда мал вагондарына 63323 қарашайлық толтырылып, Орталық Азия республикаларына қарай бет алды («Вопросы истории», 1989, № 5, 27-б.) Осы жылдың күзінде қазақ жеріне қарашайлардың 45529 адамы қонстандырылды.
1944 жылы 7 наурыз айында Шешен-Ингуш автономиялы республикасын жою туралы КСРО Жағарғы Кеңесінің жарлығы шығып, 406375 балқар түркілерін көшіру туралы қаулысына сәйкес 21150 адам, ақысқа түріктерінен 13260 адам және 1944 жыл 13 сәуірде «Қырымдардың Кеңеске қарсы әрекеттерінен тазарту» деген бұйрығымен Қырым татар түркілерін, болгарлар мен гректер қазақ жеріне күштеп қоныстандырылды. (Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы 5 т., 276-б.) Бұларды ұлт ретінде атауға 1957 жылға дейін тыйым салынды. Бұл әрекеттің астарында Ресей империясының барлық түрік халықтарын тұтас жаулап алып, өз дегеніне көндіруге негізделген шовинистік саясат жатты.
Ежелден өмір сүріп келе жатқан ақысқа түріктерінің Отаны – Оңтүстік Грузия, әсіресе оның батыс бөлігі – Месхетияда көптеп орналасқан. «Ақысқа түріктері», «Месхет түріктері» деп аталуы ең үлкен елді мекен Ақысқа мен Месхет атауынан шыққан. Мәселен Ақысқа – Оңтүстік Грузиядағы бес ауданның ең ірісі, түрікше «Ахалцихе» деп аталғандықтан «Ақысқа өңірі» деп те аталады.
Күштеп жер аудару соғыстан кейін де жалғаса берді. 1946 жылы Қазақстанға Солтүстік Қап тауынан, Грузиядан және Қырым автономиялы республикасынан 412191 адам көшірілген. 1954 жылы 1 қаңтардағы есеп бойынша Қазақстанға қоныс аударғандар саны 2 миллион адамға жеткен, азық-түлік тапшылығы, баспана мәселесі және ауыру-сырқаудың салдарынан Қазақстанға келген 101036 адам қаза тапқан. Босқынға айналған түркілерді орналастыруда да Кеңес өкіметі отаршылдық саясатынан айныған жоқ. Оларды тума-туыстарына жақындатпай, шалғай облыстарға шашып қоныстандырды. Өйткені бастары қосылып бірігіп кетуінен, өз ана тілдерінде оқуға мектеп талап етуінен қорықты, өсіп-өркендеуіне қарсы әрекет жасады. Түбінде орыстандыру саясаты жатты.
Ата-бабасының жерінде қалған түркілер Ресей империясынан өгейлік өксігін бүгінге дейін тартып келеді. Балқар мен қарашай түркілері төскейде малы, төсекте басы қосылған, тілі мен діні, жер аумағы бір, салт-дәстүрі ұқсас, тарихы ортақ, өнер мен мәдениеті бір-біріне жақын ұлттар. Алайда олардың басын қоспау мақсатында, тілі басқа өзге ұлттармен қосып бір-біріне әкімшілік тәуелді етіп қойды. Мәселен, Қабардин-Балқар автономиялы республикасы мен Қарашай-Черкес автономиялы облысы етіп, ал құмық түркілерін авар тілінде сөйлейтін Дағыстан автономиялы республикасының құрамына ендірді. Басқарудың бұл түрі билікке оңай, әсіресе шовинистік пиғылды Кеңес одағына таптырмас айла еді.
Мәскеудің арнайы қаулысымен республикаларда тың игеру 1956-64 жылдары науқанға айналды. Қазақ жерінде екі жүзден астам жер атаулары орысшаланып, қазақ мектептерінің саны күрт қысқарып, орыс мұжықтары мен қаңғыбастары, кісі өлтіріп сотталғандар мен бұзақылар қаптап кеткен. Осы келеңсіздікті дөп баса айтқан Қазақстан мемлекеттік сыйлығының иегері, филология ғылымының докторы, профессор М.Мырзахметұлы: «Отаршыл Ресей империясы Азиядағы түркі халықтарының атамекен туған жерін зорлықпен жаулап алып, отарланған басқа ұлттардың жерін басып алысымен, сол жерге келімсектерді көптеп орналастырып, жергілікті ұлтпен мидай араластырып, орыстандырып жіберу мақсатымен Хрущев заманында тың, тыңайған жерді игеру ұранымен қазақ жеріне бір жарым миллионнан астам славян халықтарының өкілі әкелініп, оларға барлық жағдай жасалды» деген болатын. Ислам дінді, түркі тілді ұлттарды көшіріп, орындарына славян тілділерді орналастыру Кеңес үкіметінің ежелден қанына сіңген орыстандырудың әдісі еді.
Құмық түркілері Х-ХІ ғасырлардан белгілі халық, арап әріпін пайдаланып келген. 1928 жылдан латын, 1938 жылдан кириллицаға көшкен. Дағыстанның батысына орналасқан 300 мыңнан астам халқы бар Бунақ, Хасаваюрт, Бабаюрт, Қизилюрт, Дербент, Қайтағ, Қаякент, Қарабудағкент, Дылым, Қызляр, Құмлы, Терекли-Мектеб сынды жер аттары мен Қойсу, Терек, Ақсай, Ақташ өзендерінің аттарының жарым-жартылай бүгінде орысшаланып кеткен. Н.С.Хрущевтің 60-жылдары айтқан «Орыс тілін қанша тез үйренсек, соншалықты коммунизмге тез барамыз» деген алдаусырату сөзінен көп нәрсені аңғаруға болады.
Ғағауыз түркілері тілі жағынан болғарларға жақын, бірақ Молдова республикасының оңтүстік батысында орна??????, ?????????, ?ласқан, Вулканешт, Комрат, Чадр-Лунга деген үш ауданнан тұратын автономиялы округ. 1807 жылға дейін Ресей өкіметінің қысымымен Қырым түбегіне ауа көшкен. Бұлғарлар мен ғағауыздар ХVІІІ ғасырдың аяғы ХІХ ғасырдың басындағы орыс-түрік соғысы кезінде Дунай өзендерінің бойынан ығыстырылған. 1957 жылға дейін румын әрпін қолданып келген, қазір кирилл әліпбиін пайдаланады.
Қырым татарлары ХVІ-ХVІІІ ғасырларда «қырымдықтар», ХІХ-ХХ ғасырларда «татарлар», Қазан төңкерісінен кейін (1917) «қырым татарлары» деп аталды. 1783 жылдан бастап күш жұмсау арқылы Ресей өзінің қол астына қаратты. Ресейге тәуелді болғанға дейін қырым татар түркілерінің астана қаласы Бақшасарай болып келген. Бақшасарайда бірнеше рет болған орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкин «Бақшасарай фонтаны» атты көлемді поэмасын жазғаны мәлім. 1883-1914 жылдары түріктің ұлы тұлғаларының бірі И.Гаспарински Бақшасарайда бүкіл түркі оқырмандарына арнап «Тәржімән» газетін шығарған. Атақты поляк перзенті, түркітанушы ғалым В.В.Бартольд Бақшасарайдың бүкіл түркі жұртының мәдени орталығы болғандығын еңбектерінде тілге тиек еткен. Қырым татар түркілері 1929 жылға дейін араб, 1938 жылға дейін латын, 1992 жылға дейін кирилл әрпін пайдаланды, Украина егемендігін алғаннан кейін латынға қайта өтті, қырым түркілері осы елдің құрамында болғандықтан бұлар да латын әріпіне көшті.
Жошы ханның немересі Ноғай (т.ж.б.-1300) батырдың есімімен байланысты ноғайлар ұлт болып ХІІІ ғасырдан бастап қалыптаса бастады. Прут, Днестр өзендерінің аралығын билеген. Алтын Орда дәуірінде Дон мен Дунай өзендерінің арасындағы ұлан байтақ жерді өзіне қаратты. ХІV ғасырда Алтын орда ыдырағаннан кейін Ноғай ордасы дүниеге келіп, орталығы Жайық өзенінің сағасына орналасқан Сарайшық қаласы болды. Ноғай батыр қайтыс болғаннан кейін қол астындағы елдер Каспий (Хазар) теңізі бойына қоныс аударды.
Ноғайлар бүгінгі күнде Ресей құрамындағы Краснодар, Ставрополь аймағы, Астрахан облысы, Дағыстан, Шешенстан, Қарашай-Черкес автономиялы облыстарында т.б. елді мекендерде тұрады. 2002 жылғы санақ бойынша 75 мың адам, діні мұсылман, тілі түркі тілдерінің қыпшақ тілдер тобына жатады. Тілдері ақ ноғай, қара ноғай, кубан-астрахандықтар диалектілеріне бөлінеді. 1557 жылдары ноғайлар шоғырланған Қазан мен Астрахан хандықтарын Ресей жаулап алғаннан кейін, отаршылдардың жауыздығынан 250 жыл ішінде ноғайлардың үштен екісі жойылып кетті.
ХХ ғасырдың басында жазылған Құрбанғали Халидтің «Тауарих хамса», Әбілғазының «Түрік шежіресі» атты еңбектерінде айтылған түркінің бұлғарлар, малқарлар, мажарлар, хазарлар тармағы қазіргі күнде ұлт ретінде жойылып, Еуропа елдеріне сіңіп кеткені белгілі. Тамырымыз бір екенін білуіміз керек. Сондықтан, біріншіден – түркі тектес елдердің жазу таңбаларын ортақтастыру; екіншіден – әдебиеті мен мәдениеті және өнерінің онкүндіктерін өткізіп отыру; үшіншіден – тілі мен дінін, тарихын, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына қозғау салатын халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар ұйымдастырып тұру түркі халықтарын бұрынғыдан да жақындастыра түсетіні сөзсіз.
филология ғылымдарының кандидаты