ОЛИМПИАДАЛАРҒА АРНАЛҒАН ОРТАЛЫҚ

ОЛИМПИАДАЛАРҒА АРНАЛҒАН ОРТАЛЫҚ

ОЛИМПИАДАЛАРҒА АРНАЛҒАН ОРТАЛЫҚ
ашық дереккөзі
219

Қызылордалық балаларға білім нәрін құяды

Наурыз мерекесі қарсаңында Қызылорда облысының әкімі Болатбек Қуандықов Жаңақорған ауданына іссапарға барып қайтты. Өткен жылы Жаңақорған ауданының Бесарық ауылдық округіне қарасты тау бөктерінде «Тау сама­лы» тынығу лагері жұмыс істей бастаған. Биылғы жылдан бастап, «Тау самалы» тек жазғы мезгілде ғана емес, жыл бойы жұмыс істейтін болды. Бұған облыс басшысының арнайы шешімі мұрындық болғаны белгілі. Бұл жерде енді «Қы­зылорда облысының білім басқар­масының олимпиадалар және қосымша білім беру орта­лығы» жұмыс жасайтын болады. Аймақ басшысы «Тау самалы» лагерін түгел аралап, жауап­ты қызметкерлермен, тыны­ғуға келген жеткіншектермен тілдесті.

Өткен жылы осы «Тау самалы» жазғы тынығу лагерінде облыстың әр ауданынан келген 1500 бала демалған еді. Биылдан бастап, облыс әкімінің шешімімен дарынды балалар демалумен бірге, олимпиадаларға дайындық сабақтарына қатысатын болады. Сонымен бірге, барлық облыстық олимпиадалар да осы орталықта өткізілмек. Қазірдің өзінде облыс аудандарынан, қаладан бірінші ауысымға 300 дарынды бала жиналған екен.

– Былтырғы оқу жылында облысы­мыздағы орта білім беру орындарын 8433 оқушы бітірсе, оның 207-сі «Алтын белгі», ал 127-сі «Үздік аттестат» атағын қорғай алды. Ұлттық бірыңғай тестілеудің орташа балы – 90,5-пен қоры­тындылануы да зор жетістік. Биыл­ғы оқужылын да жақсы жетіс­тіктерге қол жеткізу мақсатында жұмыс жүргізіліп келеді. Мектеп бітірушілер арасынан «Алтын белгіге» үміткер саны 471 болса, «Үздік аттестатқа» 296 оқушы талап етіп отыр. Бүгінгі күні аталмыш «Тау самалы» тынығу лагеріне келгендердің арасында түрлі республикалық олимпиада жеңімпаздары мен жоғары оқу орындарының грант иелері топтас­тырылды, – дейді облыстық білім бас­қармасының бастығы Абзал Мұхимов.

Тынығу лагеріне қажетті дүниелер әлі де керек. Оған қосымша құрылыс ретінде арнайы жабдықталған оқу корпусы, спорт залы қажет-ақ. Осыған орай, бұл жерде арнайы құрылыс жұмыстары да жүргізілетін болады.

Осы күні аймақ басшысы түрлі пәндерден республикалық олимпиада жеңім­паздары және ерте бастан-ақ, ЖОО грант иегері атанған дарынды балалармен де кездесті. Кездесу барысында: «Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев­тың 1996 жылы «Дарынды бала­ларға арналған мектептерді мемле­кеттік қолдау және дамыту туралы» Жарлығы дарынды балаларға білім берудің маңыздылығын және оның көпшіліктің көкейкесті тілегімен ұштасып жатқандығын білдірді. Өйткені қабілетті балаларды тек арнайы мектептерде ғана емес, жалпы білім беру ордаларында да қолдау қажеттілігінің ауқымы мол болмақ», – деді әкім.

Облыста білім саласына қатысты өзге де көптеген игі шара­лар жүзеге асырылып келеді. Облыстағы оқушылардың халықаралық олимпиадаларға қатысуы үшін бюджет есебінен арнайы қаржылық қолдау көрсетіліп келеді. Нәтижесінде, облыста 11 оқушы жүлделі орындарға ие болып, командалық есепте республикада үшінші орын­ға көтерілген болатын.

Кездесу кезінде облыс әкімі Болатбек Қуандықов оқушылардың көкейінде жүрген сауалдарына жауап берді. Кездесуден соң, лагерге жиналған қауым Наурыз мерекесінің құрметіне ағаш отырғызды. Ағаш отырғызғандардың қатарында аймақ басшысы Болатбек Қуандықов, оның орынбасары Ержан Уәйіс, Жаңақорған ауда­нының әкімі Сұлтанбек Тәуіпбаев те бар.

Гүлзина БЕКТАСОВА

Серіктес жаңалықтары