НАГАСАКИ НАҚЫШТАРЫ
НАГАСАКИ НАҚЫШТАРЫ
Кюсюдiң Солтүстiк Батысындағы Нагасаки префектурасы жал-жал аралдардан құралған. Кита Мацура, Ниси Соноги, Нагасаки және Шимабара жерлерi биiк-биiк төбелерiмен белгiлi. Жапонияда трамвай жолы сақталған жалғыз шаһар Нагасаки. Қала төбелер мен жоталардың үстiне салынған. Нагасаки трамвайы өрмен де, ылдимен де жүре бередi. Таудың төбесiнен етегiне дейiн сықасқан үйлер, ғимараттар. Тау үстiндегi Сува бала-бақшасына да бүлдiршiндер таң ата төбедегi соқпақпен жаяу барады.
Нагасаки шаһарының атауы қос таңбамен бейнеленеді. Нагаи (чйоу) ұлы, ұзын, үлкен деген мағынаны білдірсе, саки таңбасы үш түрлі мәнге ие. Бұл иероглиф түбек, құз және өмір азабы деген мағынаны астарлайды. Нагасаки қаласында жаңа замандық сәулет өнерінің ғажап үлгісі Ғылым мұражайы орналасқан. Негізінде төрт қабат болғанмен бұл зәулім ғимаратта ғылым әлемінің жетістіктері кеңінен көрсетілген. Нагасакиде туған ұлы ғалымдар өмірінен бастап, префектураның геологиялық ерекшеліктері, табиғаты, географиялық жер қыртысы туралы мол мағлұмат заманауи техниканың көмегімен көрермендер назарына ұсынылған. Нагасакиде тіршілік ететін сирек кездесетін аңдар мен құстар, өсімдіктер дүниесі де осы мұражайда. Жер бетіндегі табиғат әлемін әр қырынан көрсете отырып, геологиялық қабаттардың құпиясына да бойлататын осы мұражай. Жердің тектоникалық жағдайы мен зілзалаға қатысты зерттеулер мекеменің ғылыми тұрғыда құлашының кең екенін көрсетеді. Астрономия, космос әлеміне қатысты ғылыми жаңалықтар тарихына да қанығуға болады. Планеталардың қазіргі жай-күйі де сан-алуан материалдар мен экспонаттар арқылы бейнеленген. Мұражайдағы он екі адамдық «Адвэнча» ғарыш кемесіне мініп, ғарышқа «саяхаттауға» болады. Велосипедке ұқсас симулятор машинаға отырып, Күн жүйесіндегі ғаламшарларға барып қайтудың өзі бір ғанибет. Мұражайдың міндеті экспонаттармен таныстырумен ғана шектелмейді. Жаратылыстану ғылымдарына тиісті зертхана тәжірибелік сынақтарды жасап көруге мүмкіндік береді.
Нагасаки ғылым мұражайы толығымен басқа еш елде кездеспейтін заманауи бірегей техникамен жабдықталған. Төртінші қабатта ең жаңа үлгідегі обсерваториялық құрал-жабдықтар орнатылған. Қос обсерваторияның біріншісі — диаметрі 70 сантиметрлік телескоп рефлектор болса, екіншісі — диаметрі 15 сантиметрлік линзалық телескоп. Бұл телескоптардың көмегімен күндіз де қара дақ пен жұлдыздар көрінеді. Түнгі аспанды да тамашалауға болады. Гидрогеологиялық зерттеу нәтижелері де жүйелі аппараттарға орнатылған. Ауа мен судың циркуляциясы туралы мәліметтер де осында топтастырылған. Әлем бойынша мұхит суы мен Жапонияға жақын теңіздің, Нагасаки түбегінің төңірегіндегі гидрологиялық циркуляция арнайы аппараттар мен модельдердің көмегімен көрсетіледі. Диаметрі 23 метрлік планетариумде Аспан әлемінің қыр-сырына қанықтыратын бейнефильмді тамашалайды.
Геологиялық, археологиялық қазба жұмыстары кезінде Нагасаки жерінен табылған осы аймақта ғана тіршілік еткен хайуанаттардың қаңқалары қойылған. Нагасаки орманының жәндіктері қимыл-қозғалысына дейін толығымен көрермен назарына ұсынылады.
Мұражайдың кіреберісінен бастап, Санджоуки, Джюраки, Хакуаки кезеңдеріне жататын динозаврлардың қаңқалары қойылған. палеонтологиялық зерттеулер нәтижесінде динозавр сүйектері Оңтүстік полюстен бастап бүкіл үлкен құрлықтың әр жерінен шыққан болатын. Нагасаки ғылым мұражайындағы динозавр көшірмелері үнемі қозғалыста болады және үрейлі дыбыстар шығарады. Бұл мүсіндер ежелгі дәуір мақұлығының тірі кезіндегі тіршілігін көрсету үшін жасалған. Динозаврдың түрлері мен эволюциясы да экспонаттармен бейнеленген. Жапон жерінен тұңғыш динозавр қаңқасы Фукуи префектурасының Кацуяма қаласындағы Китадани деген тау қойнауынан табылған. 1988 жылдан басталған іздестіру нәтижесінде табылған алып динозаврдың қаңқасы еріксіз таңғалдырады. Фукуи жерінің қабаттарынан Джюраки, Хакуаки кезеңдеріне жататын қаңқалар, ұлу қабыршақтары да табылған. Алғашында динозаврдың төртінші жаңа түрі дромаэзаврдың қаңқасының 65 пайызы шығыпты. Фукуи динозаврының толық қаңқасының бөлшектерін жинақтауға мамандар он жылын жұмсап, 2003 жылы бас сүйегінің ерекшелігі ескеріліп, бұл қаңқа динозаврдың жаңа түрі деп танылды. Фукуи префектурасынан динозаврдың басқа да түрлерінің қаңқа қалдықтары әлі де табылуда. 2007 жылы дромаэзаврдың сүйегі Фукуиден шыққан. Бірақ ғалымдар құйрығы дромаэзаврға ұқсағанмен ауыз қуысында айырмашылық бар деп есептейді. Сондықтан бұл қаңқаны динозаврдың жаңа түрі деп тануға болады. Кацуяманың Китаданиінен шыққан тағы бір динозаврға Фукуициан ниппонеизис деген атау 2010 жылы берілді. Бұл атау Фукуидің алыбы деген мағына береді. Жаңа динозаврдың қолдан жасалған қозғалмалы мүсіні мұражайда арқырап, айбат шегіп тұр. Фукуирапторкитаданиензис деген динозавр аты 2000 жылы қойылған. 2010 жылы оның бүркіттің тұяғына ұқсас тұяғы толық зерттелген болатын.
Ал Нагасакидің Номодзаки деген жерінен 2004 жылы Хадрозаврид динозаврының жілігі табылды. Ғалымдар жан-жақты зерттеп, динозаврдың қос аяқпен жүргендігін, ұзын тұмсығы болғандығын дәлелдеген. Жіліктің құрылысы Моңғол жерінен 1952 жылы шыққан қаңқамен ұқсас екен. Бұл динозаврды тұмсығына қарап «Шағала динозавр» деп те атайды. Нагасакиден табылған сүйекке қарап динозаврдың төбесінде берік айдары болған деседі. Нагасаки ғылыми мұражайында Кумамотодан шыққан динозавр сүйегі де бар. Жапонияның Кюсю аралындағы Кумамотодан ең алғаш рет 1997 жылы мамыр айында динозавр табанының ізі табылды. Ғалымдар ұзақ уақыт зерттеу нәтижесінде «Кумамотода ықылым заманда динозаврлар көп болған» деген тұжырымға келген. Ғылым мұражайына Канада, Америка, Моңғолия, Германия, Қытай жерінен шыққан динозаврлардың қаңқалары сақтаулы.
Нагасаки аймағында ежелгі аңыздар мен мифтер көп. Бұл аймақтың фольклорында жапон халқының егіншілік дәстүрінің тарихынан хабар беретін туындылар аз емес. Соның бірі мынау:
АЙ ЕРЕКШЕ ӘДЕМІ»
Ертеде күріш, бидай, бұршақ, тары – бүкіл егіннің дәні түбірінен шығады екен. Адамдар көкөніс сорпасына күріш қосып жеуді бастаған кез ғой. Аспандағы Аманджягумэге бұл ұнамады. «Пенделер тым дандайсып кетті, жазасын беру керек» деген Аманджягумэ, Аспанды айналып жүріп, егістікке көз тігумен болды. Ол алдымен Күнді алыстатып, қақаған қыс түсіріп, түнді айсыз етті. Дүниені қараңғылық басты. Содан соң Аманджягумэ жерге түсіп, егістіктегі күрішті үгітіп, бидайды үгіп, дәндерін масақтың ұшында ғана қалдырды. Аманджягумэ бұршақты үгіте бастап еді, сабағының ұшы инедей қадалып, ұстатпады. Бұршақтың дәні сабағын толтырып тұратыны содан екен. Ең соңында тарыны үгіте бастап еді, өткір жапырағы Аманджягумэнің саусағын тіліп кетті. Саусақтан аққан қан тарының масағының түбірін қызыл түске бояды. Тары масағының түбірі қызыл болатыны содан екен.
Аманджягумэ теңізге барып, қанды қолын жуды. Теңіз ортасында адамдар балық аулап жүр екен. Ол кезде қайықтар да ерекше болатын. Қайықтың оң жағын түртсе оңға, сол жағын түртсе солға жүзеді. Аманджягумэ «Бұдан былай еменнің бұтағымен ұратын қылайын» деп, қайықты өздігінен қозғала алмайтындай етті. Содан бастап балықшылар ескекті пайдаланатын болыпты. Аманджягумэ адам баласына жамандық жасаудан ләззат алады екен. Оған қаһарланған Аспан Пірі Аманджягумэні құртқа айналдырып жіберді.
Тағы бір аңызда адамдар Аманджягумэні ұстап алып, ағашқа байлап, өртеп жібергені туралы айтылады. Оның күлінен маса, бит, шыбын шығыпты. Аманджягумэнің өлексесінен пайда болғандықтан бұл жәндіктер адам баласына тек зиян келтірумен келеді.
Нагасакидің табиғаты бай, таулы аймақ. Префектураның Сасэбо, Исахая, Омура шаһарларының әрқайсысы Шығыс мәдениетінің бір-бір ошағы. Префектура аумағында Ундзэн Амакуса, Сайкай ұлттық табиғи бақтары үлкен кеңістікті алып жатыр. Кюсюдің Батысындағы Ундзэн Амакуса бағы 1934 жылы мемлекеттік статусқа ие болған. Шимабара жарты аралында Ундзэнданэ вулкандар шоғыры бар. Ундзэн ыстық қайнары шипалық қасиетке ие. Кюсюдің солтүстік батысындағы Сайкай бағы 1955 жылы құрылған, жүздеген аралдан тұрады. Батысындағы Куджюкудзима (Тоқсан тоғыз арал) деген жерде екі жүзге жуық арал бар. Одан әрі батысқа қарай жүргенде Хирадошиманың қырлары мен төбелері көзге түседі.
Баяғыда Нагасакидің Коуджя қаласында бір амэясан (кәмпит жасаушы) болыпты. Бірде түнде жұрт ұйқыға кеткенде біреу есікті қағады. Есікті ашқан амэясан ақ кимоно киген, шашы жайылған бір жас қызды көреді. «Бір монға (көне замандағы ақша бірлігі) кәмпит беріңізші» дейді қыз.
Кәмпит жасаушы үш тал амэні (кәмпиттің түрі) қағазға орап, қызға ұсынды. Қыз бір мон берді. Содан соң сәл жымиды да, көзден таса болды. Кәмпит жасаушы есігін жауып, көрпесін жамылып ұйқыға жатты. Бірақ көз алдынан әлгі қыз кетпей қойды. «Ол қыз бұл ауылдікі емес. Киото мәнерімен сөйлейді ғой» деп ойлады ол. Келесі түні де дәл сол уақытта есік қағылды. Қыз бір монға кәмпит сұрады.
Кәмпит жасаушы тағы да ойлады, түн ортасында кәмпит сұрап жүрген бұл неғылған қыз деп. Жеті күн өтті. Есік қағылып, қыз кәмпит беруін өтінді. Бірақ сатып алатын ақшасының жоқ екенін айтып, қарызға сұрады. Амэясан амэні ұстатқан соң қыздың ізіне түсті. Қыз шаһардың тас көшелерін айналып, Коугэн ғибадатханасына қарай жүрді. Ғибадатхана жанындағы бейітке келіп, ағаштардың арасына кіріп кетті. «Әруақ!». Кәмпит жасаушы үстіне мұздай су құйып жібергендей қалшылдап кетті. Жүрейін деп еді, аяғы қозғалмады. Осы сәтте жер астынан сәбидің іңгәлаған даусы естілді.
Амэясан келесі күні бұл оқиғаны ошйоусанға (дінбасы) айтты. «Ғибадатханаға келіп жүрген кісілердің ішінде Кйонага деген мүсінші бар еді. Киотода жүргенде Камогава деген жердің қызына үйленген екен. Әке-шешесі шақырған соң, Нагасакиге оралды. Бірақ әйелі Киотода қалған болатын. Әйелі артынан Нагасакиге келсе, Кйонаганың әке-шешесі үйге кіргізбей қуып жіберіпті. Сен көрген бейіт сол әйелдікі. Сәбидің даусы естілді дейсің бе, барып көрейік» деді ошйоусан.
Ошйоусан көрді қазғанда, өлген әйелдің етегінде жаңа туған сәби жатыр екен.
«Кісі дүниеден озғанда ғұрып бойынша алты мон береді ғой. Бұл әйел күніне өзіне жиналған монды саған беріп, амэ алып жүріпті. Тек жетінші түні ғана «ақшам жоқ еді» деп, кәмпитті қарызға сұраған». Амэясанның көзінен жас парлады. Хабар Кйонагаға жетті. Мүсінші көрде туған баласын алып кетті. Құрбандық берді. Бірнеше күн өткенде түн ішінде амэясанның есігін біреу қақты. Амэясан орнынан тұра бергенде шошып кетті. Дәл бас жағында әлгі әйел тұр еді.
– Баламды аман алып қалғаныңыз үшін сізге алғыс айтуға келдім. Мұқтаждығыңыз болса айтыңыз, – деді әруақ.
– Бұл ауылда су тапшы еді, – деді амэясан.
– Су дейсіз бе? Мына жақтағы жерді қазыңыз, – деді әйел үйдің бір бұрышын нұсқап.
Таңертең амэясан айтқан жерге барса, әйелдің тарағы жатыр екен. Қазып еді, су шықты.
Бүгінде сол құдық бір ғимараттың астында қалды. «Суы тастай суық еді» дейді, көнекөз қариялар. Коугэн ғибадатханасында Кйонага мүсінші сомдаған әйел мүсіні сақтаулы. Бұл мүсінді жылына бір рет қана елге көрсетуге рұқсат етіледі.
Ал көрде туған бала кейін ғұлама әулие адам болыпты дейді.
Нагасаки Эдо дәуірінде елдің шет елге ашылған есігі болды. Осы аймақ арқылы Батыс елдерінің өкілдері көптеп келіп, әртүрлі салада орнын бекітіп кетсе де, көне Шығыс мәдениетін толық ығыстыра алмады. Нагасаки тарих және мәдениет мұражайына кіргенде ұлттық құндылықтың қашанда биік болғандығына көзіміз жетеді. Бұл мұражайда Нагасаки тарихынан хабар беретін 48 мың жәдігер сақтаулы. Сува орманында орналасқан мұражайда ежелгі Шығыс өркениетінің қолөнер, көркемсурет, әдебиет туындылары мен жиһаз үлгілері жинақталған. Ежелгі Нагасакиде халқының өмірін бейнелейтін экспонаттар, ұлттық сахна өнеріне қатысты сан қилы заттар, өңірдің өткенін көз алдыға әкеледі.
1634 жылы салынған «көзілдірік көпірі» Жапониядағы ең көне тас көпір болып табылады. Нагасакидің Шиппоку деген бай дастарханы мен ұзын тұмсық шайнегі шаһардың символы саналады. Ежелгі мерекелерге бай қала Нагасакиде көптеген көне мейрамдарды тамашалауға болады. Ай күнтізбесі бойынша қаңтардың 1-15 аралығында Нагасакиде шырақ мерекесі өтеді. Теңіз айлағы болғандықтан сәуір айындағы кеме мерекесінде дәстүрлі ғұрыптық шаралар атқарылады.
Тамыздың он бесінде ақ желкенді қайықтар көші бой түзесе, шілденің 23-28 аралығында Гйон мерекесі салтанат құрады. Ақпан айындағы мейрамда қалада 1,500 шырақ жағылады. Қазанның 7-9 жұлдызы Кунчи мейрамын, 14-15 күндері қасиетті ағаш бамбукке қатысты мейрамды тамашалайды. Нагасакидің тау үстіндегі Сува ғибадатханасының ауласында Токкуриноки (торсық ағаш) өсіп тұр. Пішіні торсыққа ұқсайтын бұл ағашты тек осы шаһардан көруге болады. Инаса, Набэканмури тауларынан бастап, әр төбесіне тарихына тарих тұнған Нагасаки аймағы Шығыстың шежірелі өлкесі.
ЖЫЛҚЫБАЕВА,
жапонтанушы