«АКТИВ» АЛДАДЫ МА?

«АКТИВ» АЛДАДЫ МА?

«АКТИВ» АЛДАДЫ МА?
ашық дереккөзі
235

Қазір ұялы телефон – байланыс үшін таптырмайтын құрал. Оны еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін ұстайтын болған бүгінде. Әрине, қажетті адамыңа қоңырау шалу үшін телефонның қорында ақша болу керектігі айтпаса да түсінікті. Бірақ ұялы байланыс операторларының өздері пайда табу үшін небір қитұрқы әрекеттерге баратын сияқты.

Ұялы телефоныма хабарлама дамылсыз келіп жатады. Оның көбі сол ұялы байланыс операторларының өзінен. Өткенде «Активтен» келген кезекті бір хабарламаны ашып қарасам: «Ақша салу кассалары мен терминалдары 5 пайыздық үстеме ғана ұстап қалатын болады. Одан артық алса, бізге дереу хабарласыңыздар» депті. Менің ұққаным, операторлар телефонға салған ақшаңнан артық ұстап қалса заңсыздық екен. Бірақ та, сол хабарламаны жіберген «Актив» орталығының жер-жердегі нүктелері мен терминалдардың өздері ақша жегенге шебер болып алған. Тіпті көп жерде салған ақшаңнан 30 теңгеден 40 теңгеге дейін ұстап қалады. Сонда «Актив» кімді алдап жүр?

Негізі біздегі ұялы байланыс оператор­ларының тарифтері әлі күнге қымбат. Әсіресе, көрші қырғыз елімен салыстырғанда айырмашылық жер мен көктей көрінеді. Ал біздің ұялы телефон операторлары жыл сайын тұтынушыларының көбейіп жатқандығына қарамастан тариф құнын арзандатар емес. Оның орнына әлгіндей амалдар арқылы ақшаңды жұтып қояды. Әрине, әр компания арасында өзінің клиенттерінен айрылып қалмау үшін бәсекелестік болады. Соның арқасында жұрттың назарын аудару үшін түрлі тарифтер ойлап тауып жатады. Бірақ та кез келген арзан тарифіне қосылсаң да, күн сайын ақша ұстап есіңді шығарады. Сөйтіп, қайсысы арзан, қайсысы қымбат, айыра алмай дал боласың. Былайша айтқанда, бұл қарапайым халықтың ақшасын сору деген сөз. Сонда ұялы байланыс операторларының бұл әрекетіне тосқауыл болмай ма?

Гауһар ТӨЛЕПОВА

Серіктес жаңалықтары