«ҚИЛЫ ЗАМАН» — ХАЛЫҚТЫҢ ТАҒДЫРЫ
«ҚИЛЫ ЗАМАН» — ХАЛЫҚТЫҢ ТАҒДЫРЫ
Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрдың сахнасында «Қилы заманның» қойылғанына да бiр айдай уақыт өтiптi. Бұл қойылым екiншi рет сахналануда. Алғашқы қойылымы – 1997 жылы сахнаға шыққан екен. Тарихта «Қарқара көтерiлiсi» атымен белгiлi бұл оқиғаны заңғар жазушы Мұхтар Әуезов өзiнiң қаламына арқау еткен болатын.
«Қилы заман» романында сол замандағы билік басындағылардың солақай саясатына, патшаның қазақ азаматтарын қара жұмысқа алу туралы жарлығына, отаршылдыққа, зорлық-зомбылыққа қарсы шыққан елдің наразылық әрекеттері баяндалатыны белгілі. Қойылымның да көрсетуге тырысқаны сол жағдай. Яғни көтерілістің тарихын негізге ала отырып, қарапайым халыққа жасалған қиянатты ашуға тырысқан.
Пьеса авторы Нұрлан Оразалин басылымдарға берген сұхбатының бірінде: «Өткен ғасырдың елең-алаң басында – 1927 жылы жазылған «Қилы заман» повесі ұлы жазушының отызға дейінгі туындыларының ішіндегі ең күрделісі. Қазақ өмірін әлемдік контексте қарастыра отырып, белгілі бір тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғалардың өмірін, ащы тағдырын шыншыл суреттеуге қаршадайынан қалыптасқан суреткер қаламы Қарқара топырағында болған қанды оқиғаны әдейі таңдап алғаны еш күмән тудырмаса керек.
1916 жылғы қазақ жерінің қиыр-қиырын кең қамтып, Ресей самодержавиесінің ойын қалтыратқан ұлт-азаттық көтерілісінің халық өміріне қалдырған табы қалың. Кейбір дерек көздеріне сүйенсек, осы тұстағы көтеріліс салқынының ел өміріне қалдырған ізі адам сенгісіз. Ауыл-ауылдары мен елді мекендері тығыз орналасқан, жартылай отырықшы, жартылай көшпелі үлгіде жаңа ғасыр босағасын аттаған көрікті, көркем өлке – Жетісудан осы жылы Қытайға қарай 300 (үш жүз) мыңдай адам үріккен. Үш жүз мыңның екі жүз елу мыңдайы қазақ, елу мыңнан астамы қырғыздар… Ойланып көріңізші…» деген екен.
Қалың қазақтың басына бұлт үйірілген сол бір тұста патшалық билікке, отаршылдыққа қарсы бас көтерген қарқаралық батырлардың адуынды үні, қайсарлығы, батылдығы көрініс табады қойылымда. Тарихи драманы белгілі режиссер Әубәкір Рахымов қойған. Қойылымның музыкасын Бейбіт Дәлденбаев дайындаса, суретші Есенгелді Тұяқовтың сценографиясы да музыкамен ерекше үйлесім тапқан. Қойылымдағы басты рөлдерді Бекжан Тұрыс, Саят Мерекеұлы, Асылбек Боранбай, Ерлан Біләл, Дулыға Ақмолда, ал жинақтық бейне – қаражаулықты әйелді Күнсұлу Шаяхметова мен Айзада Сатыбалдиева ойнайды.
Мұхтар Әуезов өзінің «Қилы заманында» империялық саясатқа қарсы күрескен көтерілісітң тарихын бұрмаламай, оқырман қауымға нағыз шындықты, ақиқатты жеткізуге тырысқан. «Қилы заман» алғаш рет 1928 жылы жарық көрген болатын. Алайда кеңестік саясаттың салдарынан шығарма ұзақ уақыт жарияланбай, сөреде жатып қалады. Шығарма 60 жылдары ғана өз оқырманына жол тартты.
Тәуелсіздігімізді аңсаған, азаттыққа қол жеткізгісі келген халықтың «Қарқара көтерілісі» бастауы болатын. «Қилы заманда» – қазақтың тағдыры жатыр. Өткенсіз келешектің болмайтыны тағы белгілі. «Қилы заман» қойылымы сол ұлттық рух пен тарихи жадыны кеңінен көрсетуге тырысқан. Бұл қойылымнан іздегенін тапты ма, жоқ па, оны көзі қарақты көрермен өздері таразылай жатар. Ең бастысы, бұл қойылымда, кешегі халықтың мұңы, зары, өкініші мен өткені жатқаны ақиқат. Сондықтан «Қилы заманның», яғни классиканың көрерменіне қайта оралуының өзі – үлкен жаңалық. Қазаққа, ең бастысы, қалың көпшілікке мұндай классикалық шығармаларды жаңғыртып, жаңартып көрсету орынды-ақ. Қарапайым көрерменнің рухани дүниені, классиканы аңсап тұратыны тағы бар. Осы тұрғыдан келгенде, қазақ театрының сахнасына «Қилы заман» да, «Қарагөз» де, тағы басқа классикалық дүниелер қажет.