РОЗА БАҒЛАНОВА РУХЫНА ТАҒЗЫМ

РОЗА БАҒЛАНОВА РУХЫНА ТАҒЗЫМ

РОЗА БАҒЛАНОВА РУХЫНА ТАҒЗЫМ
ашық дереккөзі
475

Иә, өтіп жатқан күндер… Роза апамыздың жылы да өтіп кетіпті. Сол жылына арналған аста өзі еркелетіп «Бозторғайым» деп атап өткен жалғыз келіні Марал Бағланова жиылған халыққа, билік басындағыларға: «Ағайындар, мына алдағы жылы анамыз 90 жасқа толады. Соған орай, 2012 жылды «Роза Бағланова жылы» деп атап, жыл бойы әншіні қадірлеп, әр түрлі мәдени іс-шара өткізіп тұруымызды қолдасаңыздар екен» деп өтінген еді. Жақында Алматы қаласының әкімі А.Есімов қала тұрғындарына есеп беру кезінде биылғы жылды «Мәдениет жылы» деп атаған жоқ па? Демек, бұл ұсынысқа кім келіспейді?!

«Халқым, айналайын халқымнан еркелеткен…» деген махаббатын өзін сүйген халқына бағыштаудан бір адаспаған ұлы әншіні халқы да шексіз сүйетінін соңғы сапарға шығарып салуға келгендер саны байқатқан. Осы тұста есіме 1957 жылғы мына бір естелік түсіп отыр. Жоғары сынып оқушысымын. Роза Бағланова келеді дегенді естігенде Жамбыл қаласының ең үлкен деген мәдениет сарайына халық сыймай қалды. Тіпті кіреберістегі есік сынып кеткенін де көрдім. Бұл әнші халқын қаншалықты ыстық жүрегімен сүйе білсе, халқы да соншалықты риясыз ғашық екенін сол кезде аңғарып едім. Ән әлемінің падишасы Роза Бағланованы өнерлі оқушылар мен студент жастар да өнеге ретінде әр түрлі байқаулар арқылы үзбей дәріптеуде. Әрине, әр іс-шараның басы-қасында ұйтқысы, іздеушісі болатыны анық. Ол Р.Бағланованың қасында 25 жылдай бірге болған, соңғы ауыр күндерінде жанынан табылған сырласы, адал досы, сіңлісіндей жақын болып кеткен халқымыздың аяулы қызы, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер Гүлшара Есетқызы. Роза апайымыз Гүлшарасын «Жарқылдағым» деп атап өтіпті. Халық қаһарманы Роза Бағланованың өнердегі асыл мұрасы – асқақ әндерін ұрпақтан-ұрпаққа қаймағын бұзбай жеткізе беруін мақсат тұтқан Гүлшара Есетқызының ерен еңбегі жастарға үлгі. Ол өзі қызмет ететін Алмалы ауданының ғана емес, Алматы қаласының барлық оқушылары мен студент жастарын сайыстарға тартып, үлкен сахнада Роза апаларының әндерін бозторғайдай сыңғырлатып шырқатып келеді. Бұл кез келген өреннің өнер саңлағын мәңгі жадында сақтауына септігін тигізеді.

Жиырма студент қатысқан байқауды ұйымдастырған Гүлшара Есетқызы талай бұлақтың көзін ашты. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» демекші, теңдесі жоқ әнші Роза Бағланова артындағы өзі сүйген халқына разы болғай демекпін.

Өзифа ЖАТҚАНБАЙҚЫЗЫ,

«Мемлекеттiк тiлге құрмет» бiрлестiгiнiң хатшысы

Серіктес жаңалықтары