АРАЛ АЛТЫН БАЛЫҚҚА ЗӘРУ немесе «Қаратерең вальсі» кітабын оқығаннан кейінгі ой
АРАЛ АЛТЫН БАЛЫҚҚА ЗӘРУ немесе «Қаратерең вальсі» кітабын оқығаннан кейінгі ой
Есімі көзіқарақты оқырманға танымал журналист, әдебиеттанушы Бауыржан Омарұлының кезекті кітабы жарық көрді. «Қаратерең вальсі» деп аталады. Қаратерең Арал өңіріндегі балықшылар ауылы. Жазу-сызудың түрлі формасын меңгерген автор жаңа шығармасын да тың үлгімен шырайландыруға талпыныс жасайды. Және онысы сәтті шыққан да. Былай қарағанда кәдімгі ауыл, сол ауылдың тыныс-тіршілігімен біте-қайнасқан тұрғындары дерсің… Бірақ, оқырманын ә дегеннен баурап, кітапты парақтай түсіп, сөйлемдерді оқып, мазмұндық желісіне дендей енген кезде, шығармаға шын ықыласыңмен сүңги кетесің. Иә, сол өңірге, сол ортаға сіңісіп кетесің де, атақты Арал аймағының балықшыларымен бауыр, тұрғындарымен туыс, жастарымен жараса қаласың. Әр бөлімді шынайы фактілермен әрлендіре түскен жазушының бар ықыласы өзінің жерлестерін дәріптеумен қатар, түкпірде қалған Қаратереңнің тағдырына, әрі-берден соң Арал мәселесіне шын ниетімен араласқысы келетін сияқты. Бір кездері «балығы таудай тулаған» деуге жарайтын балықшылар ауылы құрдымның сәл-ақ алдында қалғанда еліне, жеріне жанын да, әнін де салуға даяр азаматтар болмағанда, кім білген, бұл да қиы қиқымдалып қалған көп ауылдың санатында кетер ме еді! Жоқ, бұл ауыл өмір сүруге қабілетті ауыл екен. Өзінің «Перл-харборын» қалыптастырған қаратереңдіктер бұл ауылды ешкімге де, ешнәрсеге де айырбастағысы келмейтінін аңғарасың. «Асан мен Үсенді» оқығанда автор Ыбырайдың «Бай баласы мен жарлы баласының» желісімен жүре отырып, атақты ағартушының кейбір қағидаттарының өңін айналдырып, қазіргі жастардың бай немесе кедей деп аражігін ажыратпай, оларды ымыраға шақыра отырып, зейнетке, яки байлыққа жетудің нақ жолы – бейнет екенін таразылап, «Асан мен Үсеннің» қазіргі ақиқатын аршып береді. «Құмды ауылдың киносы», «Бозбала мен бойжеткен»… Бұл жерде әңгіме не жайында екенін оқымай жатып-ақ ұғасың. Ұғу бір басқа да – оқу мүлдем басқа дүние екен. Кітапты парақтаған сайын шығарманың тағы бір кейіпкеріне айналасың да, сол өмірді көзбен көріп, адамдарымен үнсіз араласып, құмды ауылдың топырағын кешіп, қиялыңа қамшы саласың. «Қаратереңде тау жоқ… Тау түгілі төбесі мен жотасы да, қыраты мен дөңі де көп емес. Бұл ауылда жайқалған жасыл желек жоқ. Алма мен алмұрт ағаштары өспейді біздің жақта. Алма ағашы болмаған соң ешкімнің басына топ етіп алма да түсе қоймайды.
…Ньютонның әйгілі жаңалығы басына алма түсіп кеткен соң ашылғанын білгеннен кейін Қаратереңнің қара топырағына тәуекел деп, көшет егіп көрген балалар бар. «Бірақ біздің Сорқұдықтың басы секілді сортаң жерге алма да, пальма да шыға қоймайды» деп жазады автор. «Күн ұзаққа құм суырып тұратын жазық даланы» неге жасыл желекпен көмкеруге қауқарсызбыз деген ішкі қыжылы бар ма, әуелі сондай аянышты күйін көріп, жазушыға жұбаныш болғың да келеді. Жо-жоқ, сондай кейістік кейіп танытқан Баукеңнің жазуы бір бөлек те, кейіпкерлері ондай ойдан ада. Керісінше жазық даланы қорған тұтқан, құмынан қамал салған қаратереңдіктер жерін тауға да айырбастамайды, жауға да аяқ бастырмайды. Олардың еліне деген пейілі бөлек. Осындай ыстық ықылас болғаннан кейін де, ауылдың вальсі туғаны. Әуелі ақын Серік Сейітмағамбетов сөзін жазған болса, құмды ауылдың сазгері Орынбай Сейітжанов шабыт шақырып, әдемі ән де жазған-ды. «Ел арасында ол бұл әнді тағы бір музыкант Жаппар Құлмырзаевпен бірлесіп жазыпты деген де пікір айтылады» дейді Баукең. Ән Жаппармен жапсарласып жазылса да, сол ауылға деген махаббат ақынның да, сазгердің де, мұғалімнің де, бәрі-бәрінің кез-келген кейіпкерінің тыныс-тіршілігінен сезіліп-ақ тұр. Әсіресе, Жаңаберген Осымбетов пен Шынбай Пірімбетов сынды суретшілерді тәрбиелеп өсірген Қаратереңнің өзіне қылқалам шеберлері боя-маяуды баттастырып, пейзаждарды арнағанына не дер едіңіз. Жалпы бұл ауылдан кім шықпады десеңші, кітап оқыған сайын қаныға түсесің. Кәсіби актер де, кәсіби актриса да, облыс бойынша ауылынан ең көп шыққан ұшқыштар да, ғалымдар да, жазушы-журналистері де, шенді де шекпенді әскери қызметкерлері де бәрі-бәрі бар. Және бәрі Қаратереңге ғашық. Жолында садаға кетуге даяр. Міне еліне деген сүйіспеншілігін кім-кімге де үлгі боларлықтай-ақ.
Шығарманың құндылығы шынайылығында. Қарапайымдылығында. Қаратереңнің болмысын Қазақ елінің кез-келген елдімекенінен табасың. Адамдары да сол. Пошташы, электрик, киномеханик, директор, мұғалім. Алайда Б.Омарұлының кітабындағы осы кейіпкерлер жеке-жеке тұлғаға айналады да, сценарий бойынша өз рөлдерін шебер сомдай бастайды. Бірақ, түйін біреу. Онысын «Алтын балығында» мәселе арқауына айналдырған. Жерлестерінің мұңы мен шерін Аралға арнайды. Балықшылар ауылында бәрі балықшы. Тайлы тұяғымен балық асып, балықтың сорпасын ішкен ел үшін сол балығын баптайтын су керек! Аралың болса анау! Үмітін кіші Аралға байлаған балықшылардың ендігі бар арманы біреу! Алтын балық ауға түссе сонысын айтар еді. Ел тілегін Аралына қайта оралған, сол елдің тумасы Қазақстанның бұрынғы Балық шаруашылығы министрі Құдайберген Саржановтың аузымен айтқызар еді.
«…Ал алда-жалда алтын сағақ шабақ тіл қата қалса, бұрынғы министр дәстүрлі үш тілектің орнына:
– Аралды толтырып берші! – деген жалғыз тілек айтар еді…
Меніңше, кітаптың бар идеясын автор айналып келгенде осы мәселеге әкеп тірейтін секілді.