АҚШАҢҚАН ШАҺАРДА – ТМД ШЕКАРАШЫЛАРЫ

АҚШАҢҚАН ШАҺАРДА – ТМД ШЕКАРАШЫЛАРЫ

АҚШАҢҚАН ШАҺАРДА – ТМД ШЕКАРАШЫЛАРЫ
ашық дереккөзі
199

Шекара әскерлерi Қолбасшылары кеңесiнiң 20 жылдық мерейтойы қарсаңында Алматы қаласында шекара әскерлерi Қолбасшылары Кеңесiнiң 67-шi отырысы қорытындыланды. Ресей Федерациясы Қауiпсiздiк қызметi директорының бiрiншi орынбасары – Шекара қызметiнiң жетекшiсi, армия генералы Владимир Проничевтiң төрағалығымен өткен басқосуда мемлекеттер арасындағы қауiпсiздiк мәселесi кеңiнен сөз болды.

Отырысқа Ынтымақтастық елдерінің он бір шекара ведомстволарының делегациясы, сондай-ақ ТМД атқарушы комитеті, ТМД-ға мүше мемлекеттердің антитеррорлық орталығы, Ұжымдық қауіпсіздік келісім-шарт ұйымы, ЕурАзЭқ және Орта Азиялық өңірлік ақпараттық орталықтың өкілдері қатысып, өзара пікір алмасты. Мұнда негізінен ТМД-ға мүше Орта Азиялық өңірдегі мемлекеттердің сыртқы шекара шебінде трансшекаралық қылмыстардың алдын алу, 2012 жылы біріккен арнайы шекаралық операциялар мен жедел алдын алу шараларын өткізу және оларды алдағы уақытқа жоспарлау мәселелері қарастырылды. Атап айтқанда, ТМД-ға мүше мемлекеттердің шекаралық ынтымақтастығы жөнінде күн тәртібіне 11 мәселе қойылып, 20 тиісті шешім қабылданды. Мұнымен қоса Шекара әскерлері қолбасшылары кеңестің келесі жылға арналған жұмыс жоспарын бекітті.

Шекара әскерлері қолбасшысының тө­рағасы, генерал-полковник Александр Манилов өзара біріккен іс-шаралардың тиімділігін айрықша арттыру үшін ҰҚШҰ-ның шекара бойында туындайтын жаңа қауіп-қатерлерге қарсы тұру әлеуетін толыққанды пайдалану мүмкіндігіне тоқталды. Оның айтуынша, мұндай шаралар тәжірибелік іс-шаралардың тиімділігін арттыруға ықпал етеді. «Біз бүгін мамандарды дайындау, мемлекетаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ Орталық Азиялық аймақта лаңкестік әрекеттерге және есірткі тасы­малдауға қарсы күрес мәселесіне көңіл бөлдік. Қазіргі таңда әскери-техникалық достастық өз деңгейінде дамып келеді. Біз өткен отырыста қырғызстандық және тәжікстандық әріптестерге материалдық-техникалық көмек көрсету жөнінде шешім қабылдадық», – дейді Ресей Федерациясы Қауіпсіздік қызметі директорының бірінші орынбасары Владимир Проничев.

Бір айта кетерлігі, былтыр шекарада Ауғанстаннан келетін 8 тонна есірткі заты тәркіленген. «Бұл есірткі Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттері аумағына таратылатыны сөзсіз. Егер де осыншама есірткі заты шекарадан өтсе, қаншама ұрпақтың зардап шегуіне әкеп соғар еді. Кедендік одақ аясында шекарашылар өз қызметін тиімді атқаруда» дегенді айтады Шекара әскерлерінің өкілдері.

Ал Қазақстан шекара қызметінің директоры генерал-майор Нұржан Мыр­залиевтің айтуынша, отырыста көбінесе қазақ елінің шекарасына байланысты мәселе көтерілген. Бұл – лаңкестіктің, адам саудасының, есірткі тасымалының алдын алу. «Алдағы уақытта ТМД мем­лекеттерінің шекаралық қызметімен ақ­парат алмасу жағын қолға алу, біріккен операциялық шараларды жүзеге асыру іске аспақшы. Отырыста қабылданған шешімдер ТМД елдері шекарасын берік етуге қызмет етеді деп ойлаймын», – дейді Нұржан Мырзалиев.

Атап айтқанда, Қазақстан тарапы басқа елдердің қолбасшыларын Каспий теңізінде жедел шаралар ұйымдастыруға назар аудартып отыр. Әсіресе, шекара бұзушылар мен браконьерлерге қарсы әрекетті тоқтатпау қажет. Бұған дейін Ресей, Әзірбайжан, Қазақстан бірігіп ауқымды операциялық шараны жүзеге асырғанда, оң нәтижесін берген болатын. Осы іспеттес шараны тағы да өткізу керектігі сезілуде. Бұл тұр­ғыда шекара қызметінің директоры генерал-майор Нұржан Мырзалиев: «Мұндай отырыстар заңсыз миграция, адам саудасы, есірткі бизнесіне тосқауыл қоюға өз септігін тигізеді. Қазіргі кезде Өзбекстан мен Қырғызстан шекарасында қауіпсіздік жүйесі дұрыс жолға қойылған. Ағымдағы жылы еліміздің шекара қызметі Жетісай аймағынан Каспийге дейін инженерлік ғимараттар салуды жоспарлап отыр. Ал Қытай шекарасынан қорқудың қажеті жоқ. Бұл шекара Кеңес Одағынан бері берік», – дейді. Қолбасшылар кеңесі ШӘҚК-ның 20 жылдығына орай, мамыр айының 25-27 жұлдызында Мәскеу қаласында кезектен тыс мерейтойлық отырыс өткізіледі деп жоспарлануда.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары