ОЛАР БІЗГЕ ОСЫЛАЙ СIҢДI

ОЛАР БІЗГЕ ОСЫЛАЙ СIҢДI

ОЛАР БІЗГЕ ОСЫЛАЙ СIҢДI
ашық дереккөзі
347

1961 жылдың қазан айы. Аудан орталығынан жиырма шақырым жердегi бiздiң ауыл Жүзiмдiкте елуден астам үй түтiн түтетiп отыр. Жамбыл совхозының бiр бөлiмшесi. Мал шаруашылығымен айналысады. Он бiр отар қойы, алпысқа жуық сауын сиыры, жетi-сегiз үйiр жылқысы бар. Түс әлетiнде совхоз орталығынан шұғыл хабар жеттi де, ауыл басшылары табан астында әбiгерге түстi. «Қытайдан қандастарымыз келе жатыр. Соларды үйдi-үйге жайғастыруымыз керек».

Ауылда қаладағыдай қонақүй қайдан болсын. Кеңседе жиын өткізіліп, тізім жасалды. Әкем жылқышы еді.Үйіміз екі бөлме, бір дәліз. Кәдуәлгі қам кесектен соғылған, төбесі қамыспен жабылған қоржын там. Әкем үйге күрең атымен суыт келіп, апама: «Кемпір, Қытайдан келетін қонақтардың бір отбасы біздің үйге жайғасатын болды. Мына қонақ бөлмеге соларды кіргізейік», – деді. Апам бөлмедегі оны-мұнысын жинастырып, көрпе-төсектің, ыдыс-аяқтардың біразын соларға деп бөліп, ретке келтірді.

Түс қайта үлкен қорапты төрт жүк машинасымен қонақтар келді. Кеңсе алды адамдарға толған. Қонақтардың үстіндегі сырт киімдері де біздікінен басқаша. Ақ тықыр киізден тігілген көнелеу бешпеттер. Жиектерін басқа түсті матадан сызықшалап әдіптепті. Бас киімдері де сондай. Басқа елден, жат жұрттан келгендері көзге ұрып тұр. Балалары ата-аналарының бауырына кіріп алған. Бізге үрпиісе қарайды. Әкем бес балалы ерлі-зайыптыларды үйге ертіп келді. Егде тартқан ер кісі ат жақты, қызғыш өңді жан екен. Өзін Мәсімхан деп таныстырды.

Әкем мал сойып, шешем қазан көтерді. Бәріміз дастархан басына жиналдық. Әкем мен шешем көп сөзге жоқ жандар еді. Бала болған соң бізге бәрі қызық. Сөзге тартпақ болып, қонақтарға сұрақ қойып жатырмыз. Бірақ олар тұйық, жауаптарын шолақ қайырады. Әлденеден сақтанатын секілді. Тіліміз бір болғанымен, сөздері де біздікінен өзгешелеу. Қанша дегенмен дәм-тұз адамдарды етене жақындастырады ғой. Екі-үш күннен соң бір-бірімізге етіміз үйреніп, ашыла түстік.

Бұрын біздің үшінші сыныпта он сегіз оқушы бар еді. Қытайдан көшіп келген ағайындардың бес баласы қосылып, санымыз әжәптеуір өсіп қалды. Менің жаныма Әлімхан деген бала отырды. Үрімшіде үшінші сыныпта оқыған екен. Алғашқы күні шүберек қалтасынан оқулық кітаптарын шығарып, парта үстіне қойғанда еріксіз мойын бұрып, таңырқай қарадық. Кітап араб қарпінде жазылған. Ішіндегі суреттері өте сирек. Олар кітапты соңынан басына қарай парақтап оқиды екен. Өзіміздің оқулықтармен салыс­тырып жатырмыз. Барлық оқулықтарында да біздікінен айырмашылғы көп. Балалар бір айдан соң кириллицамен оқып, жазуды үйреніп алды. Олар бізден бір нәрсе сұрайтын болса: «Алдағы не?» дейді. Ал малды қазыққа байласа: «Шаптап қойдым» деп жүрді. Бұл сөздер бізге тосын естілетін, ал арамыздағы әзілкеш Шеңгелбай күлкіге айналдырып жіберетін. Көп қашанда көптігін жасамай ма. Олар үш-төрт айдан соң-ақ біздің сөйлеу үрдісімізге көшті.

Желтоқсанда күн суыта бастады. Шешем сандықтан басы артық жылы киімдерін шығарып, қонақтарға берді. Қонақтардың отағасы таңертең кетіп, кешке оралады. Ауыл ортасындағы базда қолға қарап тұрған са-уын малының бақташыларына көмектеседі. Бір жолы шәй үстінде әкеме: «Бөлімше бастығы келер жылдың тамызына дейін сол тұрған үйлеріңде боласыңдар. Тамыз айында отарлардан марқа қозылар бөлінеді. Соларды жеке-жеке отар етіп алдарыңа салып береміз деп отыр», – деді. Әкем: «Бауырым, маған сенің жаттығың жоқ. Елге оралып, қатарға енді-енді қосылып жатырсың. Үстеріңе келіп, салмақ салдық қой деп ойлама. Біз не ішіп, не жесек те сендер де соны ішіп, соны жейсіңдер. Тамыз да алыс емес. Шаруа қамымен жүріп, уақыттың қалай тез өткенін білмей де қаласың әлі»,– деді.

Оңтүстіктің қысы қысқа. Әне-міне дегенше қыс өтіп, көктем келді. Табиғат көк түске боялды. Мал төлдеп, өріс толды. Жадыраған жаздың соңғы айы – тамызда тамылжып тұрған шақта отарлардан марқайған қозылар бөлінді. Мәсімхан бір отар қоймен өз алдына бөлек үй болып шықты. Олар малсақ екен. Биязы жүнді ақ қой басқаларға қарағанда нәзік, ерекше күтімді қажет етеді. Қоғамдық малға ерекше күтім жасаудың арқасында өлім-жітімге жол бермеді.

Жайылымдарын жаздық және қыстық деп бөліп, ретімен пайдалануды алғаш рет солардан көрдік. Қыстық жайылымға қар түскенше отарды салмайды. Басқа отарлардың да, тіпті бірлі-жарым адасқан малдың да, түсіп кетпеуін қадағалап отырады екен. Жайылымның тізеден жоғары бұрқырап өскен жусаны қысқа дейін сол қалпында тұнып тұрғаны. Қарлы далада тебіндеп жайылған отардың қоңы жоғары. Ондай қоңды малдың көктемдегі төл түсімін айтсайшы.

Ақпанның соңынан наурыздың аяғына дейін қандас ағайындарда тыным жоқ. Күндіз өрісте, түнде қорада. Қоздаған саулықтарды балаша мәпелеп күтіп жатқаны. Сол еңбектерінің арқасында олар жылдан-жылға көрсеткіштерін көтере түсті.

– Социалистік жарыста кім алда?

– Арғы беттен келген Әуесхан!

– Жүз басқа қаншадан төл алып жатыр?

– Жүз елуден!

– Сол бір қарбалас күндері кеңседегі есепшілер аудандағы тиісті орындарға осындай ақпараттар беріп жататын. Көктемгі он күндік демалыста мектептегі бізді де екі-үш баладан отар-отарларға бөліп, жәрдемдесуге жібереді. Сонда біз олардың мал десе ішкен асын жерге қоятынының куәсі болдық.

Қоңыр күзде шопандардың төл алудан аудан көлемінде жарыс қорытындысы шығып, аудандық «Алғабас» газетінде жарияланды. Әуесхан ең үздік көрсеткішке қол жеткізіп, ауданда көш бастаған. «Мос­квич» автокөлігі сыйлыққа берілді. Ол кезде мұндай көлікке жұрттың қолы жете бермейтін. Қаражаты барлар ауаткомдағы кезекке тұрып, сарылып күтіп жүргені. Ал шопан Әуесхан ақ қойдың арқасында үш-ақ жылда иеленді. Ауылдағы жалғыз жеңіл автокөлік сол болғандықтан өңшең балалар қызыл «Москвичті» айналсоқтап, қызыға қараушы едік. Екі жылдан соң Әуесханның ұлы Дарубай еншісін алып, жеке отар бақты. Оның да қорасы қойға толып, тасы өрге домалады. Санаулы жылдан соң-ақ ауданда төл алу науқанында алда болған.

Қорытындысында «Волга» автокөлігін сыйға алды. Солай ұстаздан шәкірт, әкеден бала озды. Арғы беттен келген ағайындардың өзгелері де қоғамдық малдың арқасында жаман болған жоқ. Айналдырған жеті-сегіз жылдың ішінде бәрі де қоңданып, тұрмыстарын түзеп алды. Алды Алматы облысындағы Шелек ауданына артынып-тартынып көш түзеді. Олар солай ата жұртқа сіңісіп кеткен.

Қазір уақыт басқа. Тәуелсіздік алған соң шет жақта жүрген қазақтарды елге шақырып, Үкімет арнайы «Көші-қон» бағдарламасын қабылдады. Алыс жақын шетелдерден көшіп келгендерге мол қаражат беріп, жер де бөліп жатыр. Тіптен қос қабаттан тұратын дайын үй-жай да беруде. Осы уақытқа дейін миллионнан астам қандастарымыз ата жұртқа қоныс аударды. Ащы болса да айта кететін бір жәйт солардың кейбірі көмек қаражатын алған соң сәл нәрсеге өкпе артып, келген жақтарына қайта көшіп кеткендері де бар. Ондайда еріксіз қынжыласыз. Ойға өткен ғасырдың алпыс бірінші жылдары Қытайдан қоныс аударған қандастарымыз түседі. Олар Үкіметтен үй-жай, қаражат талап еткен жоқ. Ата жұртқа жеткендеріне шүкіршілік етіп, өздерінің маңдай тер еңбектерінің арқасында қалың елге сіңісіп кетті. Марқұм жазушы Нұрқасым Қазыбек те сол алғашқы көштің қалай болғанын, ата жұртқа қалай сіңісіп кеткендерін жазып, өмірден көргендері мен түйгендерін соңғыларға үлгі етіп қалдырған еді.

Иә, «Көші-қон» бағдарламасында әлі де болса шешімін таппай жатқан жайлар бар. Уақыт өте бәрі де орын-орнына келері анық. Ең бастысы – арнайы заң бар. Қазақтың өсіп өнетін, өркендейтін жері осы Атажұрт. Еліміз әлемдік дағдарыс кезеңінен шығып, қалыпты даму жолына түскен соң, көші-қонның бұрынғыдан да қайта жанданары хақ. Қандас бауырларымыздың Атажұртқа оралғандары абзал дер едік.

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары