НАЗ БЕН ГАЗ
НАЗ БЕН ГАЗ
Көгiлдiр отынның игiлiгiн тәптiштеп жатудың қажетi жоқ. Бұл қарапайым тұрмыс ғана емес, тұтас экономикаға дем беретiн қозғаушы күштiң бiрi. Қарапайым адамдардың тұрмысқа қатысты өкпе-назы көбiне-көп елдi мекендердi газдандыруға қатысты болатыны құпия емес. Елбасының ерекше тапсырмасымен құрылысы 2004 жылы басталған газдандыру жобасы қазiрде Қызылорда өңiрiне үлкен өзгерiс әкелдi. Әсiресе облыс орталығының әлеуетiн көтеруге, өндiрiстi, кәсiпкерлiктi дамытуға жаңаша мүмкiндiк қалыптастырды. Осы кезге дейiн қаланы газдандыру 80 пайызға жетiп отыр. Ал жуырда шаһарға iргелес ауыл тұрғындары үшiн жеткен жағымды жаңалық елдiң қуанышын еселени түстi. Яғни жақын арада Қызылорда қаласының әкiмшiлiк қарауындағы ауылдарды газдандыру жобасы басталмақ.
Ауқымы артқалы отырған бұл жобаға қатысты облыс әкімі Болатбек Қуандықов ел алдындағы есепті кездесуінде мәлім етті. Аймақ басшысының атап өткеніндей, қаланың газдандырылған жағдайын, оң өзгерісін көре отырып Абай, Досан, Махамбет, Қызылжарма, Талсуат және тағы басқаларын газдандыру қажет. Ақшабұлақтан қалаға дейін газ құбыры тартылды. Сондықтан қала әкімі және энергетика басқармасы облыс орталығының бас жоспарына өзгерістер енгізу үшін тиісті құжаттарды дайындауы қажет.
Жалпы, газдандыру жобасы қолға алынғалы 869 шақырым жоғары, орташа және төменгі қысымдағы газ құбырлары жүргізіліп, газ реттегіш пункттердің қызметі де үйлестіріліп отыр. Осының нәтижесінде қаладағы екі ірі бу қазандықтары мен газтурбиналық стансасы газға көшірілді. Бүгінде облыс орталығындағы 544 көпқабатты үйлер мен 25 мыңға жуық жеке тұрғын үйлерді көгілдір отынға қосуға қол жетті. Айта кету керек, республикада бірден-бір арзан газ тұтынып отырған қызылордалықтардың жеке үйлеріне газ кіргізіп алуына әріптестік меморандум үлкен ықпалын тигізді. Облыс басшылығы мен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ арасындағы келісім нәтижесінде 2010 жылдың басында қалада газдандырылған жеке үйлер саны үш жарым мың ғана болса, өткен жылы он жеті мыңға иек артты. Былайша айтқанда, қара пешке қыс бойы от жағып, күл шығаратын жұрт алдымен «азаптан», сосын бағасы удай отын- көмірге тәуелділіктен құтылды.Осындай игілікке енді әлгі айтқан қала іргесіндегі ауылдар да қол жеткізбек. Әрине, бұл қаншама халықтың тұрмыс-мәдениетін түрлендіруге мүмкіндік береді. Айтпақшы, көгілдір отынға қолжетімділік аясы алдағы жылдар еншісінде еселенетін түрі бар. Бұл «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральді газ құбырына қатысты. Әлеуеті зор бағдарлама екі кезеңге белгіленген. Соның алғашқы кезеңінде «Бозой-Шымкент» құбыры 2011-2013 жылдары жүргізілетін болса, екінші кезеңде «Бейнеу-Бозой» учаскесі қолға алынады.
Ұзындығы 1500 шақырымға жуық газ құбырының құрылысы елдегі ірі инвестициялық жобаның бірі саналады. Жоба іске асқан уақытта жалпы саны 577 елді мекенге газ жеткізілмек. Осы ретте «ҚазТрансГаз» АҚ өңірлерді газдандыру жөніндегі жобаларды айқындады. Стратегиялық бағдарлама бойынша Қызылорда облысының елді мекендерін газдандыру жобасына 2013-2020 жылдарға 70 млрд. теңге жоспарланған. Ал құбырдың облыс аумағындағы ұзындығы 670 шақырымды құрайды.
Сонымен Сыр өңірінде көгілдір отынның игілігін кәдеге асыруда қазіргі бетбұрыс осындай сипатқа ие. Жобаның жыл өткен сайын ауқымының артуы әрине, халықтың тұрмыс жағдайының, аймақ дамуының жаңа беталысын байқатады.
Қызылорда облысы