КӨШІ-ҚОН САЯСАТЫ ЖАҢАРА МА?
КӨШІ-ҚОН САЯСАТЫ ЖАҢАРА МА?
Жақында Үкiметтiң арнайы Қаулысымен оралмандарды қоныстандыруға арналған көшi-қон квотасы тоқтады. ҚР Iшкi iстер министрлiгi Көшi-қон полициясының мәлiмдеуi бойынша, бұл Үкiметтiң айрықша нұсқауына дейiн тоқтатылатын болады. Былтыр жыл соңына қарай, дәлiрек айтқанда 2011 жылдың 22 желтоқсанында 2011-2014 жылдарға арналған көшi-қон квотасы жылына 10 мың отбасы болып бекiтiлген едi. Қазақстан Үкiметi бұл қаулының күшiн жойып, жаңа нұсқаулық дайындап жатқанын мәлiмдедi.
Ішкі істер министрі Қалмұқанбет Қасымов бұл жолғы көші-қон бағдарламасын Ішкі істер министрлігі дайындайтынын, Қазақстанға оралып, тұрақты тұруға ниетті әрбір қазақ шекарадан өтпей жатып, қайда баратынын айқындауы керектігін, құжаттар содан кейін ғана рәсімделетінін мәлімдеді. «Бұған дейінгі жүйе өз миссиясын атқарды. Онда оралмандар бір облыстан екінші облысқа емін-еркін көшіп жүруіне мүмкіндік жасалған, жаңа бағдарлама бойынша ондай бейберекетсіздікке жол берілмейді» деген ол.
Үкіметтің бұл Қаулысы қоғамда түрлі пікірлерге жол беруде. Мәселен «31-канал» телеарнасының «Информбюро» жаңалықтар қызметі «Қазақстан Үкіметі шетелдегі бес миллион қазақтың көшін тоқтатты» деп үкілеген. «Жылына он мың отбасына бөлінетін квота туралы Үкімет қаулысы “ерекше құзыры бар пәрмен келгенше” деп, кері қайтарылды. Неге?
Бұл “оралмандар – оралмаңдар!” деген ұранның заңды күшіне енгені ме? “Енесі тепкен құлынның еті ауырмайды” десек те, бұл жолғы Қаулыны ешкім қуанышпен қарсы ала алмай отыр. Құлынды, Алтай, Тибет, Гималайдың басынан табаны тасқа тілініп көшкен елдің Тәуелсіздіктен күткен сыйы осы ма еді? Оралман оралма! Үкіметтің шеттегі қазақтарға бөлінетін квотаға қатысты желтоқсан айында ғана күшіне енген қаулыны кері қайтарып алуын – елдегі ағайын осылай түсініп отыр» делінген онда.
«Централ Азия Монитор» газетінде Кенже Татиланың «Политика репатриации требует пересмотра» атты мақаласы жарық көрді. Мақала авторы аталған Қаулы жайында сөз қозғай отырып, сарапшыларға «1. Оралмандарды Қазақстанға қоныстандыру саясаты Қазақстанның ұлттық мүддесіне қаншалықты жауап береді? Қазақ көшінен ұтқанымыз не, ұтылғанымыз не? 2. Бұл шешім отандастарды қоныстандыру саясатын жүзеге асыру барысында жаңсақтық кеткенінің жанама куәсі іспетті емес пе? 3. Жаңаөзен трагедиясындағы әлеуметтік қақтығысқа кінәлілер ретінде оралмандардың аталғаны белгілі. Соңғы шешім Жаңаөзен оқиғасына қатысты болып отырған жоқ па? 4. Осы шешімге орай сіздің жеке көзқарасыңыз қалай?» деген сауалдар қойған. Сауалнамаға қатысқан сарапшылардың үшеуі де Қазақстан қоғамына жақсы таныс есім. Қазақстандағы шекаралық ынтымақтастық қауымдастығының өкілі Марат Шибұтов аталған бағдарламаның басты жетістігі ретінде Қазақстанда қазақтардың көбейгенін айта отырып, оның кері әсері ретінде: «Экономикада шикізаты басым елдерде адам күшінің көп қажеті болмай қалады. Мәселен, бізде тау-кен байыту кәсіпорнында 194 мың адам жұмыс істейді, өңдеу секторында – 566 мың адам, қаржы саласында – 105 мың адам. Демек, аса жоғары төленетін жұмыс орындары аз – негізгі жұмыс көзі ауылдық жерде, білім беру мен саудада, мемлекеттік басқару қызметінде. Онда қандай жалақы төленетіні мәлім. Елдегі экономика құрылымы мамандандырылмаған жұмыс күшінің ағылуына дайын емес. Сонымен бірге, біздің мемлекет әзірше ішкі миграциялық ағынды реттей алмай отыр», – дейді ол.
Бірақ, бір нәрсе айқын, ол – Қазақстанға 2007 жылдан бері қарай жылына шеттен 500 мыңнан 1 миллионға дейін еңбек күші қажет болғандығы. Қазақстан секілді алып территориялы мемлекеттің қойны-қонышындағы байлығын игеру үшін кемінде 60 миллион адам қажет екендігін, сол себепті де 2015 жылы Қазақстан халқының санын 20 миллионға жеткізу керектігін 2004 жылғы халыққа Жолдауында Елбасы қадап тұрып айтқандығын еске алған жөн секілді. Мәселе Қазақстанға адамның қажет еместігінде емес, мәселе сол халыққа жайлы жағдай жасауда. Ауылшаруашылығы тұралаған елде сыртқы миграциядан гөрі, ішкі миграцияның проблемасы өршіп кеткені мәлім. Ауылдар бос қалуда, қала ауыл халқын қабылдауға қабілетсіз. Әуелі тірек қалалар мен ауылдардағы өмірді жандандырмай, бұл проблеманы шешу мүмкін еместігі мәлім. Қазақ мәселесінде ылғи қырын қарайтын Данияр Әшімбаев оралмандарға төленетін әлеуметтік жеңілдіктер жергілікті халықтың (тек қана қазақтың емес) қытығына тисе керек. Сол үшін Қазақстан осында өмір сүретін халықтың алдындағы міндеттерін орындауы керек. «Адамдар мұнда өмір бақи тұрады, бірақ жақсы баспанасы, жайлы жұмысы жоқ. Ал қайдан келгені белгісіз біреулер келеді де, қарадан қарап, осы жақсылықтарға қол жеткізеді. Бұған жергіліктілер өмірбақи жетуге тырысып келе жатқан жоқ па? Сондықтан бірінші мақсат жеңілдіктер үшін келушілердің алдындағы емес, осында тұрып жатқандардың алдындағы міндетті атқару керек» деген. Бұған дейін Жаңаөзендегі оқиғаға оралмандарды кінәлап, айды аспанға шығарушылардың бірі болған Данияр Әшімбаев «Время» газетінде «Казахи за независимость не боролись» (бұл өз алдына жеке әңгіме) деп сұхбат беріп, тағы да туған халқының ары мен намысына күйе жағады. Қазақ мәселесін, қазақтың құндылықтарын жан жүрегімен түсінбеген ол, қазақ проблемасы жайында бұдан артық не айта алсын. Данияр Әшімбаевқа қойылар сауал: «Израиль мен Германияда және Ресейде шетелден оралып жатқан отандастарына не үшін көмектесіп, олардың тарихи Отанына оралуына, тарихи жағдайларға бейімделіп кетуіне не үшін жағдай жасалып жатыр? Біріншіден, олар қандастарының шетелдерде қандай тарихи жағдайда қалып қойғанын біледі. Екіншіден, қаны, тілі бір қандасының ертең ел мүддесі үшін елдегі өзге ұлт өкілдерінен артық жаны күйетінін түсінеді. Ресейдің Премьері Путин мультикультурализмге жол жоқ екендігін, ендігі мақсат мономәдениет, біртектілік, бір тіл, бір ту астында жұдырықтай жұмылу екенін айтып отырғанда, біз космополиттік көкезуліктен басымыз айналып отырған сияқтымыз. Мәселеге тек оңтайлы баға берген саясаттанушы Айдос Сарым: «Қазақ диаспорасы – біздің байлығымыз. Қазақ диаспорасы біздің жіберуге болмайтын мүмкіндігіміз. Елге түрі-түсі, болмысы жат Қытай мен Үндістанның халқын шақырғанша, этникалық, мәдени, лингвистикалық, жан дүниесі бірге қандастарымызды шақырайық. Ресей қазақтарынан өзге, Моңғолия, Өзбекстаннан келген қазақтар көп балалы болып келеді. Бұл біздің демографиямызға оң әсерін тигізеді. Жылдар өте келе бұл тіптен көзге көріне түседі. Тәжірибе көрсетіп бергеніндей, қазақ-репатрианттары еңбек рыногына өз үлесін қосуда, олар тіпті «қазақемес» салаларда да жұмыс істеуден қорықпайды. Ал көші-қон квотасын тоқтату жайлы шешім мемлекеттік көші-қон саясатының дағдарысқа ұшырағанының белгісі», – деген ол.
Иә, көші-қон саясаты тығырыққа тірелген сияқты. Енді бұл тығырықтан қалай шыққан жөн. Ішкі істер министрлігі дайындап жатқан жаңа бағдарлама қандай сипат алуы керек? Біз осы сауалдарды Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқа төрағасының орынбасары, жазушы Сұлтанәлі Балғабаевқа қойған едік:
ЭТНИКАЛЫҚ ҚАЗАҚТАРДЫҢ АЗАМАТТЫҚ АЛУЫН ОҢАЙЛАТУ КЕРЕК
– Жиырма жыл бойғы қазақ көші-қон саясаты не берді?
– Жиырма жыл ішінде Қазақстанның бітірген ең басты шаруаларының бірі– шетелдегі ағайындардың басын қосып, атажұртқа көшіріп алу болды. Қазақстаннан өзге бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған 16 республикалардың ешқайсысы мұндай істі жүзеге асыра алған жоқ. Тіпті, шеттегі отандастарын кКәсiби бiлiктiлiктiң бағасы биiкшіріп алуды Ресей де бізден кейін қолға алды. Бұл ең алдымен – Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының жемісі. Соның нәтижесінде тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде бір миллионға жуық қандастарымыз Қазақстанға қоныс аударды. Мұның өзі Қазақстанның өсіп өркендеуіне үлкен үлес қосты. Қазіргі таңда атажұртқа оралған ағайындар еліміздегі экономиканың барлық саласында жемісті еңбек етіп жүр. Мәдениетіміздің, ана тіліміздің дамуына да олардың қосып жатқан үлестері өте мол. Бірақ өкінішке қарай, оралмандардың осы жақсы істерін ойдағыдай көрсете алмадық. Оның есесіне «оралмандардың бәрі күнін көре алмай жатыр, жағдайы қиын» деген байбалам кеңінен етек алды. Бұған қоса келген ағайындарға Қазақстанның заңдары мен ереже-тәртіптерін жан-жақты түсіндіруге де жеткілікті көңіл бөлінбеді. Мысалы жұрттың көбі «оралман» деген сөздің мағынасын әлі күнге жете түсінбейді. «Оралман» деген мәртебе алғашқы кезеңде жәрдемақыны рәсімдеу, тағайындау үшін ғана беріледі. Ал жәрдемақыға қол жеткізіп, Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін ешкімнің де өзін оралманмын деп атауға құқы жоқ. «Бұл «Халықтың көші-қон туралы» заңында тайға таңба басқандай атап көрсетілген. Бірақ, өкінішке қарай, осыдан он, жиырма жыл бұрын келгендердің де өздерін оралманбыз деп есептейтін жағдайлары жиі кездеседі. Бұл – қоғамда түрлі түсініспеушілік жағдайлардың туындауына да әсер етті.
Екіншіден, осыдан 5-6 жыл бұрын оралмандарға баспананың орнына ақша беретін тәртіп енгізілді. Бұл тәртіп бойынша бір отбасына шамамен 1 миллион теңгедей берілетін болды. Соған орай соңғы үш жылда көші-қон квотасына 60 милиардттай теңге қаржы бөлінді. Бірақ бұл ұшан-теңіз қаржыны шашау шығармай, тиімді пайдаланудың жолы жасалмады. Соның салдарынан көші-қон мекемелеріндегі шенеуніктер мен неше түрлі алаяқ делдалдардың бірлесіп жалған құжат жасау арқылы Қазақстанға келмеген немесе мүлдем дүниеде жоқ адамдардың есебінен ұшан-теңіз қаржыны талан-таражға салуы кең етек алды. Бұған бір емес бірнеше облыстарда арнайы қылмыстық іс қозғалып, біраз адамдардың сотталып кеткені айқын дәлел.
Болашақта осындай жағдайлар қайталанбауы керек.
– Ішкі істер министрлігі жаңа бағдарлама дайындап жатқанын мәлімдеді. Ол бағдарлама, сіздіңше, қандай болуы тиіс. Одан не күтесіз?
– Мен «егер, осы қалпымен жүре берсе, этникалық көші-қон тоқтайды» дегенді «Егемен Қазақстаннан» бастап, ақпарат құралдарында біраз жылдардан бері үнемі айтып келемін. Сол себепті де бүгінгі Қаулы мен үшін кездейсоқ емес. Бірақ оның неге тоқтағанын түсіндіріп, талдап айтатын адам жоқ. Ал менің ойымша, оның себебі бірнешеу. Ең алдымен бізде этникалық көшті қазақтар тұратын шетелдердің өзінде ұйымдастыру әлі күнге қолға алынған емес. Біз Қазақстанға өз аяғымен келіп, тұрақты тіркелуге тұрған оралмандармен ғана жұмыс істейміз. Бұл ретте, Қазақстанға жаңа келген адам тұрақты тіркелетін жерді қайдан табады; оны кім өз үйіне тұрақты тіркеуге алады деген мәселені мүлдем ойламаймыз. Соның салдарынан Қазақстанға өз күштерімен келген ағайындардың басым көпшілігі ешқандай құжат ала алмай, әуре-сарсаңға түседі. Уақытша тіркеуі мен визасының мерзімі өтіп кетіп, айыппұл төлеп, шекарадан кері қуылып кетіп жатқан ағайындарымыз да баршылық. Осыған орай, ендігі жерде оралмандарды көшіріп әкелу жұмыстарын шетелдерден бастап ұйымдастыруды қолға алу қажет. Мысалы, Моңғолиядан келетін болса, олардың алдын ала тізімін жасап, қай жерге барып, қайда орналасатынын анықтап, азаматтыққа өткізетін құжаттарын әзірлеп, содан кейін көшіру керек. Германия, Израиль сияқты елдер этникалық көшті осылай ұйымдастырады. Біз де осы тәжірибеден үйренуіміз керек Сондықтан, этникалық көші-қон үрдісін әрі қарай тоқтатпау үшін, қазақтар көп шоғырланған Баян-Өлгийде, Ташкентте, Нөкісте, Үрімжіде көші-қон мекемелерінің өкілдігі болуы керек. Қазіргі кезде бұл мәселемен Қазақстанның шетелдердегі елшіліктері айналысуға тиіс деп көрсетілген. Бірақ олардың бұл жұмыспен айналысуға қауқары жоқ. Өйткені оған арнайы штат та, қаржы да белгіленбеген. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы көші-қон мәселелерімен айналыспайды. Алайда ағайындардың сұрауымен мен жақында Астанаға барып Ішкі істер министрлігі Көші-Қон полициясы комитеті төрағасының орынбасары Хұсайын Сандыбаевпен жолықтым. Ол кісінің қазақшылығы, қазақ тілін білуі жоғары деңгейде екен. Өйткені бізде Көші-қон полициясында істейтіндер қазақша білмейді, қазаққа жаны ашымайды деген түсінік қалыптасқан. Бірақ Хұсайын Сандыбаевтың ондай кісі емес екендігі бірден аңғарылды. Біз ол кісімен бұл мәселелерді шешудің жолдары туралы біраз пікір алыстық. Соған орай болашақта біраз мәселе өз шешімін табады деп есептейміз. Жалпы болашақта қазақ көші мүлдем тоқтайды деген әңгіме болмауы керек. Жаңа бағдарламасы жасалып жатыр. Негізінен алдағы уақытта оралмандар негізінен Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Ақмола облыстарына орналасатын болады. Бұл облыстарда қазақ та, адам саны да аз. Сондай-ақ, енді қолға ақша берілмейді. Оларға берілетін көмек «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында жүзеге асырылмақ. Бірақ осы төрт облыстан өзге өңірлерге келген қазақтар Қазақстан Республикасының азаматы атануы үшін өзге шетелдіктер секілді бес жыл тұрақты тұруы және есеп-шотында 1 миллионнан астам теңге кепіл ақшасы болуы керек деген әңгіме бар. Бұл, біздің ойымызша, ойланатын мәселе. Мұндай талап қойылған жағдайда қазақтардың атажұртқа келуі барынша қиындайды. Соған орай оларға азаматтық алуда жеңілдіктер жасалып, атажұрттың кез келген өңіріне орналасуына Қазақстан азаматтарымен тең құқық берілсе дейміз.
– Ал «Азаматтық туралы» жаңа заң қабылданғалы оралмандардың азаматтық алуы қиындап кетті ғой. Оны қайта қарау көзделді ме?
– Қазір Парламентте «Азаматтық туралы» Заң қайта қаралып жатыр. Былтыр «Халықтың көші-қоны туралы» Заң қабылданған кезде, сонымен бірге бірнеше заң актілеріне өзгерістер енгізілді, соның бірі – «Азаматтық туралы» Заң. Ондағы ұлты қазақ шетел азаматтарының Қазақстан азаматтығын алу үшін келген елдерінің азаматтығынан шығуы қажет емес деген бап түсіп қапты. Осы бапты қайта енгізу керек. Меніңше, бұл жақын арада түзетілетін болады.
– Рахмет!
Есенгүл Кәпқызы