КӘСIБИ БIЛIКТIЛIКТIҢ БАҒАСЫ БИIК

КӘСIБИ БIЛIКТIЛIКТIҢ БАҒАСЫ БИIК

КӘСIБИ БIЛIКТIЛIКТIҢ БАҒАСЫ БИIК
ашық дереккөзі
239

Кейiнгi кездерi әлеуметтiк келiспеушiлiктер мен қызметтiк даулар, еңбек заңдарына қатысты заңбұзушылықтар қоғамда жиi қылаң бередi. Аталған мәселе жайлы ақпарат таратуда отандық БАҚ қаншалықты шынайы? Елдi елең еткiзiп, сенсация жасауға құмар әрiптестерiмiздiң барлығы дерлiк қолда бар деректi боямасыз беруге мүдделi ме? Кәсiби бiлiктiлiк пен қарым-қабiлетiмiз қай деңгейде? Осы сауалдарға жауап iзделген семинардан көңiлге түйгенiмiз көп.

Әлеуметтік әділетсіздіктер мен ке­ліс­пеу­ші­ліктер, дау-дамай кез келген мемлекетте, кез келген қоғамда кездеседі. Тек шешілу жолдары әртүрлі. Әлбетте, әрбір адам дау барысында заң шеңберіндегі талап-тілектерге сүйенуге мүдделі. Алматы қалалық әкімдігі Ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен өткізілген семинарда журналистер қауымы Еңбек заңдарының негізі, сондай-ақ, қызметтік даулар мен әлеуметтік келіспеушіліктерді бұқаралық ақпарат құралдарында түсіндіруге қатысты тақырыпты қаузады. Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының бастығы Бақтияр Мәкен семинардың басты мақсаты мен міндетін түсіндіру барысында қоғамда орын алатын әлеуметтік келіспеушіліктер, қызметтік даулар, еңбек туралы заңның бұзылуы не орындалмауы туралы ақпараттар отандық БАҚ-та бұрмаланбай, байыппен әрі жан-жақты саралана отырып көрсетілсе деген тілек айтты: «Қоғамға шынайы ақпарат тарату өте маңызды. Адамдар шынайы ақпараттан құлағдар болғанда ғана әділ шешім шығарылады. Ол үшін мемлекеттік органдар БАҚ-пен әріптестік байланыс орнатып, олардың ақпаратты жан-жақты зерттеп, зерделеуіне мүмкіндік жасауға себепші болуы керек».

Өкінішке қарай, бүгінде отандас­та­ры­мы­з­дың басым бөлігі жұмысқа қабылданар кезде еңбек туралы заңнамалық құжаттарда көрсетілетін басты шарттар мен талаптарды ескеруді құнттамайды. Мәселен қызметке тұрар алдында арнайы келісімшарт жасасу, еңбектік қатынастарды түзу, еңбекақы мәселесін заңды түрде шешіп алу, ұжымдық келісім, демалыс уақыты, іссапар, өтемақы, жұмыс уақыты т.б. аса маңызды мәселелердің ресми түрде қатталмауы салдарынан еңбекақысыз қалу, жалақысыз бірнеше ай бойы тегін жұмыс істеу, еңбек туралы заңдағы құқықтардың сақталмауы сияқты заңбұзушылықтарға жол беріледі. Семинарда БАҚ өкілдеріне қаладағы әлеуметтік және еңбектік мәселелерге байланысты ақпарат берген Алматы қаласы халықты әлеуметтік қорғау және бақылау департаменті бастығының орынбасары Ғаділбек Қарабалаев соңғы кездері кәсіпкерлер тара­пынан жұмыс күшін пайдалану мақсатында көптеген заңбұзушылықтардың жиі орын алатынын айтты. Оның мәлімдеуінше, департаменттің араласуымен былтыр жұмыс берушілер 1 млрд. 188 млн. теңге көлеміндегі қаражатты жалақы ретінде жұмысшыларға қайтарыпты.

Семинардағы «БАҚ-та еңбек ұжым­да­рын­дағы қызметтік даулар мен әлеуметтік ке­ліспеушіліктерді байыппен түсіндіру» та­қырыбындағы бөлімде ҚазҰУ журналис­тика факультетінің оқытушысы, тарих ғы­лым­дарының докторы, саясаттану профессоры Ләйла Ахметова журналистер тақырыпты қаузамас бұрын алдымен еңбек туралы заңды жетік білу керектігін айтты. Әлеуметтік келіспеушіліктер мен еңбек дауларының қашан да болғанын және бола беретінін көлденең тартқан Ләйла Сейсенбекқызы Жаңаөзендегі оқиғаны мысалға келтірді. Талай жыл бойы кәсіподақ ұйымында тер төгіп, бұл саланың қыр-сырын еркін меңгерген профессор ханым жұмыс берушінің пікірін білуге құмартқанын айтады: «Оқиға болған күні Астанадан Алматыға ұшқалы әуежайда отырған едім. iPhone арқылы Тwitter көрмек болып едім ашылмады. Cосын Facebook-тен Жаңаөзендегі жағдайды оқыдым. Аталған әлеуметтік желі бір-біріне қайшы келетін алуан пікірге толы екен. Шынымды айтсам, оқиға маған өте ауыр тиді. Бірақ пікір қосу, азамат ретінде ұстаным білдіру мақсатында ертесі күні «Хабар» телеарнасына барып, сұхбат беруге, пікір білдіруге өтініш айттым. Қарапайым көрермен үшін бұндай мәселелерде билік өкілінің, құқық қорғаушының, жұмысшының, сырт адамның, жұмыс берушінің де пікірі маңызды. Журналист, міне, осын­дай пікірлер алуандығына көңіл бөлуі тиіс. Қарапайым азамат ретінде маған бұл істе жұмыс берушінің пікірін біл­ген маңызды еді».

Сонымен қатар семинарға жи­нал­ған­ журналистерге әлеуметтік келіс­пеу­ші­лік­тердің туындауы, оның зерттелуі мен деңгейінің анық­талуы, журналистердің объективті көзқарасты ұстануы, еңбек дауын байыппен зерттеу мәселесін сөз еткен ҚазҰУ журналистика факультетінің оқытушысы, филология ғылымының докторы, профессор Назгүл Шыңғысова да әріптестерімізге өз тәжірибесінен бірқатар пайдалы кеңес берді. «Өңірлік мерзімді баспасөздің даму тенденциялары» (қазақтілді жарияланымдар бойынша)» тақырыбындағы докторлық диссертациямды жазу барысында аймақтардағы баспасөзде заң шеңберінен шығып кететін талай өрескел қателіктер мен кемшіліктерге куә болдым» деген ұстаздың сөзі орынды. Өйткені ұлт араздығын қоздыру, тұлғалардың ар-намысына тию, заңдық және саяси сауатсыздық жергілікті баспасөзде ғана емес, кейбір «мүйіздері қарағайдай» республикалық басылымдарда да жиі кездеседі. Мұндай олқылықтардың алдын алу үшін БАҚ өкілдерінің басын қосып, кәсіби біліктілікті ұштайтын шаралар жиі ұйымдастырылып тұрса, игі. Осы орайда Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары Есенбеков Айдар жас журналистерге арналған семинарлар, тренингтер мен мастер-кластарды алдағы уақытта жүйелі түрде өткізіп тұруға өздерінің мүдделі екендіктерін жеткізді.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары