ТОЙДА КӨРГЕН ӘНШIГЕ КӨРЕРМЕН КЕЛМЕЙДІ

ТОЙДА КӨРГЕН ӘНШIГЕ КӨРЕРМЕН КЕЛМЕЙДІ

ТОЙДА КӨРГЕН ӘНШIГЕ КӨРЕРМЕН КЕЛМЕЙДІ
ашық дереккөзі
227

Ол кiсiнi айтысты сүйетiн қауым да, жырды құрмет тұтатын жұртшылық та құрметтейдi. Есiмi алты Алашқа әйгiлi, бiртуар талант иесi, Халықаралық ақындар айтысының жеңiмпазы, Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi, Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Орал облыстық филармониясының жезтаңдай әншiсi Қатимолла Бердiғалиев жуырда Алматыға келген едi. Әншiнiң бұл жолғы сапары – Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның гастрольдiк сапары аясында болып отыр. Гастрольдiк сапармен келген облыстық филармония әншiсiмен жолығып, аз-кем тiлдесудiң сәтi түскен едi.

– Аға, өнер адамы қоғамның белді бір мүшесі. Қоғамдағы болып жатқан жаңалықтардан алшақ кете алмайтыны ақиқат. Осы тұрғыдан келгенде, сіз туған өңірдің бүгінгі хал-ахуалы қалай?

– Құдайға шүкір, біз туған өңірдің жағдайы жаман емес. Шүкіршілік деп айтар едім.

– Сізді толғандыратын мәселе жоқ па?

– Бізді ойлантатын мәселе – дәстүрлі өнер. Дәстүрлі музыка жағы. Дәстүрлі музыка жағына көбірек ақша бөлінсе, көбі­рек қамқорлық танытса дейміз. Біздің филар­монияның әншілерінің көбі жастар. Өрімдей жастар. Сондағы жас әншілердің жағдайы менің жүрегімді ауыртады. Жаңадан бітіріп келген жастардың жанары мұңлы. Жалақысы 25-30 мың теңгенің арасында. Жұмасына төрт рет оркестрдің әзірлігіне келеді. Сол әзірлікке келемін деп жүріп, жалақысының тең жартысын жұмсайды. Көбісі қайран өнерді сүйгендіктен жүр. Басқа салаға немесе базарға кетіп қалайын десе, өзінің сүйіп, ұнатқан өнерін қимайды. Осындай жақсы, дарынды, талантты музыканттардан айрылып қаламыз ба деп қауіптенем кейде.

– Диплом алған жас музыканттар ше? Олар ауылға келе ме?

– Ауылға келетіндер бар. Көбіне бізге келетіндер жергілікті аймақтағы музыкалық оқу орнын бітіретіндер. Алматыдан, Астанадан оқу бітіріп, келіп жатқандар жоқ. Кейбір мамандықтың иелері ауылға келсе, үй беріп, қамқорлық танытып жатқандарын естиміз. Жалпы, музыка саласынан елге кетіп жатқандар жоқ шығар. Медицина, мұғалімдікті бітіргендердің арасында ауылға баратындар бар. Өнердегі жағдай осындай. Әкімшілік жылдың басында өнерге деп там-тұм ақша бөледі. Сонымен ғана шектеледі. Күні кеше ғана Талдықорған қаласында болып, өнер көрсеттік. Бұл жақта жалақының үстіне облыс әкімшілігі дотация береді екен. Яғни қосымша үстеме ақы төленеді. Бұл тәжірибе біздің де облысқа енсе екен деп ойлаймын. Бұрын музыканттарға қосымша жұмыс істеуге мүмкіндік бар еді. Мектептерде, оқу орындарында музыкадан сабақ бере алатын. Музыканттардың көбінің қолы бос. Оркестр болмаған кезде, сабақ беруіне мүмкіндік бар. Соңғы кездері екі жерде қатар жұмыс істеуге болмайды деген заң шықты. Музыканттарға бұл заң келіңкіремейді. Өйткені музыканттың бос уақыты көп. Батыс Қазақстанда осы заңдылық қатаң ұсталады. Заң әрине, бәріне бірдей ғой. Бірақ бізде бұл заң қаталдау.

– Өнерді қанша сүйсе де, тұрмыстың сананы билейтіні бар емес пе?

– Оның да рас. Музыканттың қолы бос болса, тағы бір жерде жұмыс істеуіне мүмкіндігі бар.

Музыканттарға екі ставкада жұмыс істеуге болмайды деген нәрсені жою керек сияқты.

– Музыканттардың тойға барып, ақша табатыны бар емес пе?

– Тойға қайбір жетіскенінен барады дей­сің, қарағым. Той аралап жүру де оңай емес. Мәселен өзім тойға бармаймын. Шақырған жердің өзіне әзер барам. Жас музыканттар баратын шығар. Тойға барғанда да әртүрлі қабақ болады. Тойға барған музыканттың өзінің кәсіби шаруасына нұқсан келеді. Өйткені сол бағдарламаны тойда да көреді, сол бағдарламаны концерттен де көреді.

– Кәсіби өсу жағынан төмендейді дейсіз ғой.

– Төмендейтіні рас. Бір әншінің әнін қайта-қайта тыңдай берсе, адам да жалығады емес пе?

Оның әр концерт сайын жаңа бағдарлама ашуға мүмкіндігі жоқ. Тойда да, ойда да көретіні бір адам болғаннан кейін, көрерменнің концертті көруге деген ықыласы азаяды. Концертке келмейді дейміз ғой, соған жағдайды өзіміз жасап жатқан сияқтымыз.

– Жалпы, дәстүрлі әншінің эстрада әншісіне қарағанда жағдайы қалай?

– Дәстүрлі әншінің ішінде де жақсы әншілер бар. Академияда да, консерваторияда да дәстүрлі ән класы бар. Соны бітірген жастардың арасында жақсы-жақсы әншілер бар. Бір өкініштісі, біздің жақтың әншілерінің жарнамасы аздау. Теледидардан, орталықтағы үлкен концерттерден көріне алмайды. Орталықтағы жастардың үлкен сахналарда көрінуіне мүмкіндік мол ғой.

– Батыста қалыптасқан дәстүрлі ән мектебі бар емес пе?

– Ол мектеп бар. Сол мектеп көріне алмай жатқан жоқ па? Оған көп қаржы керек.

– Облыс аралау, орталықтарға гастрольдік сапарлармен шығу мәселесі де азайып отыр ма?

– Бұрын солай еді. Біз биыл тәуекелге түйініп, Алматыға, Алматы облысына шы­ғып отырмыз.

Бұрын тек облыстағы аудандарды жиі аралайтын едік. Бірақ аудандарды қашанғы аралаймыз. 90-жылдармен салыстырғанда көшілгері десек те, маңдайы шылқып отырған ауыл жоқ. Оған да шүкір. Облыстың іші кішкентай. Бұрынғыдай үлкен облыстарға гастрольдік сапарға шығу үшін облыстар бір-бірімен байланысқа шығу керек сияқты. «Біздің жаққа келсін, біздің бригада сіздің жаққа барсын» десе, мүмкін жағдай басқаша болар ма еді. Міне, бұл жолы біз Алматы облысына барып, Талдықорған қаласында өнер көрсетіп қайттық. Соған мүмкіншілік жасағаны үшін, Ержан Қосбармақов мырзаға рахметімді айтам. Талдықорған облыстық әкімшілігіндегі жігіттерге, ақпараттық демеушілік жасаған Айтақын Бұлғақовқа ризашылығым ерекше.

– Алматыдағы концерттеріңіз қалай өтті? Көңілден шығатын кеш болған шығар.

– Құдайға шүкір, жаман емес. Елдің көбі жақсы лебіздерін білдіріп жатыр. Тек бір түсінбестік жағдай болған сияқты. Көпшілік филармонияның концерті ме, әлде менің алпыс жылдығыма арналған концерт пе деп, аңтарылып жатты. Көбі менің шығармашылық кешім деп келіпті. Олай емес. Шығармашылық концертімді Алматыға бере қойғам жоқ. Мен бастап келгеніммен, менің концертім емес.

– Филармониядағы сіздің қызметіңіз қандай?

– Мен филармонияның әншісімін. Оркестрмен де орындаймын. Жеке домбырамен де ән шырқаймын. Дәулеткерей атындағы ұлт-аспаптық оркестріміз бар. Халық әндерін, романс, арияларды орындаймын. Мен дәстүрлі әндерді де орындай берем. Негізгі менің мамандығым – вокалист. Біз вокалды 70-жылдары бітірдік. Он алты жылдай ауылға барып жұмыс істедім. Ауылға барғанда, дәстүрлі әндерді жиі орындадым. Бала кезімнен Ғарекең, Жүсекеңдердің күйтабағын жиі тыңдап, басыма жастап өскен бала едім. Дәстүрлі әннен алыстаған жоқпын. Дәстүрлі әнмен классиканы қатар алып келемін.

– Талантты, дарынды жастың орта­лықта емес, шалғай ауылда қалып қоюы­ның сыры неде?

– Бұған әртүрлі жағдай болды. Оқуды бітіре салысымен, атам мен әжемнің қолында өстім. Әжем менің елге барғанымды дұрыс көрді. Оның үстіне, 75-жылдары біздің Оралда орыстар көп болатын. Қазақ баласына деген қамқорлық аздау болды. Ол жерден үй алу да қиындау болды. Сексеннің үстіндегі анамызды сүйреп қайда келеміз? 1991 жылы Мұхит Миралыұлының 150 жылдық мерейтойы қарсаңында дәстүрлі ән класын аштық. Сол жылдары қазақтың өнеріне деген, қазаққа деген бетбұрыс кішкене түзеліп қалған кез еді.

– Бір жылдары айтысқа шыққан дүлдүл ретінде бүгінгі айтыстың жай-күйінен де хабардар болып отыратын шығарсыз. Жиі тамашалайсыз ба?

– Жиі тамашаламасам да, кейде қарап отырамын.

– Соңғы кездері айтыстың төңіре­гінде әңгіме көп. Айтыстың тағ­дыры сізді ойландыра ма?

– Айтыс – қазақтың ежелден келе жатқан қасиетті өнері. Айтысты қазақтан, қазақты айтыстан айыруға болмайды. Әнебір жылдары тіпті, айтысты жиі насихаттап кеттік. Теледидар бетінде жекпе-жек айтыстар да көбейіп кетті. Мұның бәрі айтыстың құнын кішкене төмендетіп алған сияқты. Соның бәрі бірдей сәтті шыға қойған жоқ. Осының бәрі халықты кішкене мезі етіп алды. Бұрын облыс пен облысты, аудан мен ауданды айтыстыратын. Осы бір игі дәстүрді қайта жаңғыртса, дұрыс болар еді. Сонда айтыскерлер де намысын қамшылайтын еді. Әр ақын өз облысының кемшілігін бетке басып жатса, оған тыңдарман да намыстанар еді. Әр айтыскер өз облысының жақсылығын дәріптеп жатса, оған да қуанар едік. Кеңес Одағының кезінде айтыста айтылған сындарға билік құлақ түретін. Кемшіліктерін түзеуге тырысатын еді. Кемшілікті түзейтін шенеунік жоқ қазір. Ел айтып жатыр. Баспасөзде де жазылып жүр. Онда айтылған кемшілікті түзейін деп жатқан ешкімді көрмедік.

– Қатимолла ағаның мектебі бар ма?

– Ондай мектеп жоқ. «Мұхит» мектебі деген мектеп бар. Ғарифолла жалғастырған, оны Қатимоллалар ары қарай сүйреп келе жатқан мектеп бар. «Мұхит» мектебін жалғастырушылар Алматыда да, Астанада да кездеседі. Рахмет бәріне. Көпшілігі сол Ғаре­кеңнен тәлім-тәрбие алғандар. Олар сол мектепті жалғастырушылар болып табылады. Кісі басына бір мектеп болу шарт емес! Он сегіз жыл музыкалық колледжде сабақ бердім. Мұхит, Ғарифолла дәстүрінде. Сол колледжді бітіргендер республикалық деңгейде танылып жүр. Мен соған қуанам. Менің шәкірттерімнің қай-қайсысы да жұмыссыз емес. Олардың көбі мәдениет үйінде, музыка мек­тебінде сабақ береді.

– Сіз шырқаған әндеріңіздің тағдыры қалай болып жатыр? Таспаға жазып алып жүрсіз бе?

– «Ел» продюсерлік орталығы 2011 жы­лы 75 әнімді таспаға түсіріп алған еді. 58-і домбыраменен айтылады. 20-сы оркестрдің сүйемелдеуімен айтылады.

– Ол таспалар жалпы көпшілікке тарай алды ма?

– Біздің жақта тарап жатыр. «Ел» про­дюсерлік орталығы маған 500 данасын берген. Соны таратып жүрміз. Қазақ радио­сына да түгелдей апарып бердім. Оларда көркемдік кеңес деген бар. Бұрыннан да әндерім болған. Көркемдік кеңес қарап, бекітетін шығар деп ойлаймын. Кейде әндерім Қазақ радиосынан беріліп тұрады. Соңғы кездері эстрадалық музыкаларды беру көбейіп кетті ғой. Мен түгілі, орталықта тұратын үлкен әншілеріміздің әндерін беруді де азайтып жіберіпті. Олардың әндерін радиодан сирек естиміз.

– Дәстүрлі әннің орнын эстрада басып кетеді деп қауіптенбейсіз бе?

– Егер тыңдаушысы түзелмесе, басып кетуі мүмкін. Ол әншіден болмайды, ол тыңдаушыға байланысты. Ырғақтық музыкаға иығын селкілдетіп отыратындар көбейіп кетті. Тойда да сол, концерттерде де сол.

– Дәстүрлі әнді өңдеп, эстрада жанрында орындап жүргендер де көбейді. Бұған сіз қалай қарайсыз?

–Дәстүрлі әнді өзінің мінезіне қарай, болмысына қарай өңдеуге болады. Мәселен жақсы көңілді әндер бар. «Ой көк», «Бипыл», «Маусымжан» деген әнді өңдеуге келеді.

– «Әдемі қыз» әнінің өңделуі қалай әсер етті сізге?

– «Әдемі қызды» жаңа нақышпен айтып жүр. Соның орындауы менің көңіліме онша қонбайды. «Әдемі қыз» жігіттің қызға айтқан назы ғой. Осыны зар қылып жіберіпті. Бұл зарлайтын ән емес қой. «Айнамкөз» дейтін қыздың айтатын әні емес деп жүрміз, оған қыздардың өкпесі қара қазандай. «Әдемі қыз да» қыздың әні емес. «Майраның әнін» Жүсіпбек айтқан ба, айтқан. Жылқыбай атамыз айтқан ба, айтқан. Осы тұрғыдан келгенде, қыздар біз неге айтпаймыз деуі мүмкін. Айта берсін, тек әннің характеріне қарап айтса екен деймін. Зарлатпаса екен. «Ақ бешпет, қара қамзол, әдемі қыз,Тиген жоқ әлі күнге әлегіміз.

Бірге өскен кішкентайдан құрбы ғой деп,Біз сізден әлі күнге дәмеліміз» дейді. Тойда айтыла қалған ән ғой. «Қара қаншық» деген ән бар. Бұл ән – қайғылы ән. «Әдемі қыздың» орындауына қарасаңыз, сол «Қара қаншыққа» ұқсап кеткен. Жастар ғой, әлі тәжірибесі аздау шығар. Әнді жаздырмастан бұрын, ойланса екен. Бұрын Жүсекеңдер, Ғарекеңдер әнді жаздырмастан бұрын, бірнеше рет айтып, ел аралап келеді екен. Сонда әннің не айтайын деп тұрғанын, не айтқысы кеп тұрғанын сезеді. Қай нұсқада, қай сұлбада айту керектігін аңғарғаннан кейін барып, жаздырады екен. Мәселен, кейбір жастар бар, әннің сөзін дұрыс айтпайды. Осылар кітап қарамайтын сияқты. Жас әншілеріміздің бірі «Маралдым» деген әнді орындап жүр. Бұзып айтады. Мен осы туралы әлгі әншінің өзіне айттым да. «Аға, дұрыс. Бұдан былай бұл әнді айтпаймын» дейді. «Айтпаймын деме. Қайтадан жаздыр, сөзін дұрыста» дегем, бірақ әлгі әнді әлі сол күйінде беріп жүр. Кешеден бері тыңдап жүрмін. «Өзіңдей жігіт қызықсын» деген әнді дұрыс айтпайды. Оны да қарау керек. Жамал апаларымыз қалай айтқан, соны қарамайды. Не кітап оқымайды. Біреуден ести салып, айқайға баса беретін сияқты. Радиода көркемдік кеңес бар деп айтады. Сол көркемдік кеңестің не қарап отырғанын түсінбеймін. Үлкен әншілерді шұқшия қарап, өткізбеуге күш салатын сияқты. Алыста жүргендерді де өткізбеуге ұмтылатын сияқты. Қазіргі көркемдік кеңестің кейбір жұмысына түсіне алмаймын. Иегінің астындағы қатені көрмейді, құлағының астындағы қатені естімейді. Бұл қандай көркемдік кеңес?

– Сіз ән іздейсіз бе? Бұрын айтылған, қазір ешкім орындамай жүрген, жоғалып бара жатқан әндерді іздеу табиғатыңызда бар ма?

– Әндерді іздеймін. Шет мемлекеттерге шығып, қазақ қандастарымыздың арасына бара қойғаным жоқ. Елдің ішінде сирек орындалып қалған, кейбір беймәлім әндерді іздеуге тырысам. Өзіміздің «Алтын қорда» сақталып қалған, қазір орындалмай жүрген әндер де жетерлік. Соларды тауып алып, кейде шығарам. Мынау батыстікі, мынау шығыстікі деп бөлмеймін. Өзіме ұнаған әнді шығарамын. Арқаның әндерінің бірталайын айтам. Абайдың әндері де толық бар. Ақынның 150 жылдық мерейтойында Абай әндерімен жеке концерт бергенім де бар.

– Қатимолла аға өзін қанша­лықты баймын деп есептейді?

– Менің рухани байлығым бар. Қазақтың дәстүрлі әндерін, Абайдың әндерін, класси­калық шығармаларды түсініп, орындай алам. Соған қара­ғанда, негізгі арқауым, негіз­гі тұғырым – ұлттық әндер. Ұлттық музыка­дан біршама хабарлымын, жұрттан артықшылығым да сол шығар. Қадыр ағам­ның айтқаны бар еді: «Жұрт қанша мақтаса да, өзіңнің бір мақтанғаныңа тұрмайды» деп.

Қадыр ағам әзілқой еді ғой. Қадыр ағамның осы әзілін ұстап, осы жөнінен мақтана алам.

Серіктес жаңалықтары