ҚАЗАҚТАН ЖАСЫРЫЛҒАН ҚҰПИЯЛАР
ҚАЗАҚТАН ЖАСЫРЫЛҒАН ҚҰПИЯЛАР
>«Өзiмiздiң мынадай шамырқанған ғасырымыз туралы шындықты бiз айтпасақ, кiм айтады? Сiз бен бiзден басқа ешкiм ешқашанда айта алмақ емес!»Олжас Сүлейменов
Сан қилы саяси және әлеуметтік қайшылықтар және дүрбелеңмен өткен XX ғасыр адамзат санасында жойқын соғыстарымен де сақталары сөзсіз. Өйткені бір ғана екінші дүниежүзілік соғыстың өзі қаншама ұрпақты қайғы-қасіретке душар етіп, өмірін өксітті. Жалпы, шексіз тарих тұрғысынан алғанда азғантай мерзім болғанымен ұзақтығы жағынан төрт жылға жуық, нақтылап айтқанда 1418 күнғе созылған Ұлы Oтан соғысы өзінің ауқымы әрі қилы-қилы оқиғалар тізбегімен тұтас бір дәуірге тең. Өйткені ол – сан миллион адамдардың өмірін қиған, жер бетінде бұрын-соңды болмаған ең зардапты әрі қантөгісті алапат соғыс. Бұл соғыстағы жеңіске Қазақстан орасан зор үлес қосты. Майданда атылған әр он оқтың тоғызы Қазақстанда жасалғанын екінің бірі біледі. Жүздеген қазақ сол сұрапыл ұрыстарда Кеңес Одағының батыры атанды. Шовинистік іштарлық салдарынан ондай атақтарды ала алмай қалғандары қаншама?!.
Араға жылдар салып, сол бір сұрапыл соғыс алыстаған сайын бомбалардың жарылысы, танкілердің үні, ауаны тілгілеген оқтардың ысқырығы тарих қойнауына тереңдеп сіңіп барады. Бірақ соғыс салған зардап жойылар емес. Өйткені ол ұмытылмайды. Соғысқа аттанғандардың көбі қайтып оралмады. Қайта оралғандары соғыстан кейінгі өмірдің қызығын, жан рахатын да шындап сезініп, тата алмады. Себебі жүрекке түскен жара, тәнге қадалған оқ табы әлсін-әлсін мазалайды. Сөйтіп, уақыт өткен сайын олардың қатары азайып барады.
«Елу жылда ел жаңа» дегендей жаңарған, жаңғырған заман тұрғысынан кешегі сұрапыл қырғынның қияпатына көз тігіп, осы соғыстың біздің ұлтымыздың тарихындағы, тағдырындағы орны қандай екенін бағамдайтын уақыт жеткендей. Қабырғасы қираған Кеңес империясының санамызға сіңірген идеологиялық догмаларын қайта қарап, қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін анықтап, ақиқатты бүркемелемей айтқанымыз жөн. Соңғы ашылған архивтік деректер меи құжаттар өткен соғыстың аса күңгірт, қанқұйлы тұстарын да ашып отыр. Соғыс туралы том-том еңбектер жазылды, солай бола тұрса да майдан хикаясының «ақтаңдақтары», беймәлім тұстары толып жатыр.
Соғыс жылдарында Қазақстан бүкіл елдің әскерге шақыру орталығына айналды десек артық айтқандық болмас. Елімізде ондаған дивизиялар мен бригадалар, жекелеген бөлімдер кұрылғаны белгілі. Олар барлық майдандарда шайқасып, жеңілістің ащы дәмін де, жеңіс қуанышын да татты.Қазақстанда кұрылған әскери құрамалар мен бөлімдер тамаша ерлік үлгісін көрсетті. Олардың бесеуіне гвардиялық дивизия деген құрметті атақ берілді. Бұлар 8-Панфилов атындағы, 72, 73-сталинградтық, 30, 27-гвардиялық дивизиялар еді. Соғыстың басынан аяғына дейін қазақстандық 9 дивизия өзгермей сақталды. Олар: 314, 310, 316 (8-гвардиялық атқыштар), 238 (30-гвардиялық атқыштар), 38 (73-гвардиялық атқыштар) дивизиялары еді. Бұл құрамалар Мәскеу, Ленинград, Сталинградты қорғауда, Курск шайқасында, Украинаның оң жағалауын, Қырым мен Карпатты азат ету жолындағы шайқастарда өздерін өшпес даңққа бөледі. Балтық жағалауын азат етті, Польша, Румыния, Венгрия, Чехословакия, Болгария, Германия жерлеріндегі майдан жолдарында жеңіс туын көтеріп өтті. Ұлы Отан соғысы жылдарында біздің қандастарымыз қатыспаған бірде-бір үлкен шайқас болмады. Сондықтан да қанды шайқаста берілмей, елі үшін жанын берген жауынгерлердің ерен ерліктері ешқашан ұмытылмайды.
Отан соғысы кезінде Кеңес Одағының Қарулы күштері қатарында 143 ұлттың өкілдері неміс-фашист басқыншыларымен шайқасты. Өз Отанын қорғау үшін бір мемлекет әскерінің құрамында мұншама ұлт өкілдерінің болуы дүниежүзілік тарихта бұрын-соңды кездеспеген оқиға еді. Соғыстың алғашқы жылында-ақ аса қиын жағдайда ұлттық атқыштар бригадалары құрыла бастады. «Атқыштар бригадасы 1941 жылдың күзінде атқыштар дивизияларын жасақтау қиыншылықтарына байланысты (уақыт тығыздығы, адам және қару-жарақ жетіспеушілігі) құрыла бастады. 1941 жылдың аяғына дейін 159 атқыштар бригадалары жасақталды. Бригада құрамында 3-4 атқыштар батальоны, артиллерия және миномет дивизиондары, автоматшылар ротасы, арнаулы әскери және тыл бөлімдері, барлығы 4 мыңнан 6 мыңға дейін адам болады» («1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы»; Энциклопедия, 1985 ж.).
1942 жылдың қараша-желтоқсан айларында өзбектің 90-шы және 94-ші, түркіменнің 87-ші атқыштар бригадалары, қазақтың 100-ші және 101-ші атқыштар бригадаларымен бірдей уақытта қан майданға кіргені белгілі. Бірақ бұлардың кейбіреуі өздерінің жауынгерлік туларынан көп ұзамай-ақ айрылып қалған. 90-шы және 94-ші өзбек бригадаларының біріншісі – 40, екіншісі – 34 күннен кейін-ақ таратылса, ал 87-ші түркімен бригадасы 76-шы атқыштар дивизиясының құрамына қосылды. Қазақтың ұлттық 100-ші атқыштар бригадасы өз туымен 1 жыл 14 күн, ал 101-ші ұлттық атқыштар бригадасы 1 жыл 8 ай, яғни Орта Азияда жасақталған барлық ұлттық бригадалардан ең көп уақыт алғы шепте неміс-фашист басқыншылармен айқасты. Демек, қазақтың 100-ші және 101-ші ұлттық дербес атқыштар бригадаларының жауынгерлері Ұлы Отан соғысының шежіресіне талай жарқын беттер қосты.
Ұлы Отан соғысы кезінде қазақтар ерлігінің, жауынгерлік, қолбасшылық өнерінің арқасында Одақ бойынша ең жоғары мемлекеттік награда алғандардың алдыңғы қатарына еніп, Қазақстан мен қазақтарды бүкіл әлемге танытты. «Отан үшін» мен «Сталин үшінді» жаңғырта айтқан сол жауынгерлердің көбі майдан даласында қалды.
Сол сұрапыл соғыста қаза тапқан 600 мыңнан астам қазақстандықтардың бір бөлігі соғыстың ең ауыр кезеңінде жеңіліске ұшырап, шегініп бара жатқанда мерт болды, екінші бөлігі шабуылға шығып, жауды қуған кезде, үшінші бөлігі Шығыс пен Орталық Еуропаны азат еткенде, төртінші бөлігі Берлинді алған уақытта, бесінші бөлігі Жапонияны тізе бүктірерде қаза тапты.
Демограф Мақаш Тәтімовтің пайымдауы бойынша тікелей майданға 500 мың қазақ азаматы аттанды. Соның 350 мыңы, яғни 70 пайызы соғыстан қайтып оралмады. Олардың көбі отты майдандарда алдыңғы шепте соғысып қаза тапты. Соңғы кезеңде ғана белгілі болып отырған бір шындық – 5,3 миллионға жуық солдат жау қолына түскен болса, соның кемінде 50 мыңы қазақ азаматтары. Олардың арасында кейін аман-есен еліне қайтқандары бірен-саран ғана еді. Сөйтіп, қазақ сияқты аз халықтың өзінен ғана 300-350 мың азамат опат болды.
Ендеше осы орайда «қазақтардың басқа ұлттардан пайыздық өлшеммен көп өлуінің себебі неде?» деген заңды сұрақ туындайды. Көзі ашық адамдарға белгілі болар, соғыс басталғанда Кеңестер Одағында білікті әскери офицерлер аз болатын. Өйткені дәл соның алдында Қызыл Армия қолбасшыларының көбі репрессияға ұшырап, 45 мыңдай тәжірибелі офицерлер атылып кеткен еді.
1941 жылдың маусым мен қараша айлары аралығында майдан даласында күн сайын 17 мың адам құрбан болып, 7 мыңнан астамы жараланған. Бұл – күн сайын Қызыл Армия екі дивизиясынан айрылып отырды деген сөз. Оның ішінде алғашқы үш айда ғана кеңестер елі өлісі, жаралысы бар 1 млн. 200 мыңнан астам адамын жоғалтты. Олардың 700 мыңдайы командирлерінің жағдайды дұрыс бағалай білмеуінен, ұрыс тәсілдерінің жоқтығынан немесе қорқақтығынан тұтқынға түсіп кетті.
Мұндай жантүршігерлік қырғын тәжірибесіз жауынгерлерді ашық өлімге итермелеудің салдарынан болды. Тәжірибелі әскери мамандардың жетіспеушілігі осындай орасан зор шығынға алып келді. Өйткені нағыз офицерлердің орнын шала сауатты, жауынгерлерді басқару тәжірибесі жоқ көлденең біреулер басты да, жауынгерлердің көп қырылуына әкеп соқтырды. Бұл жағдай әсіресе орыс тілін білмейтін ұлт өкілдеріне өте ауыр тиді. Олардың ішінде біздің қазақтар да көп болды. Олардың біразы орыс тіліндегі берілген командирлердің бұйрығын түсінбегендіктен және қару-жарақты дұрыс меңгере алмағандықтан бостан-босқа құрбан болды. Мысалы Қазақ КСР-нің әскери комиссары полковник Мальков Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне жолдаған ақпаратында: «1942 жылдың 15 сәуіріне дейін жасақталып жатқан кұрамалардағы 31276 қазақ жауынгерлері орыс тілін білмейді», – деп көрсеткен. (ҚР Президентінің мұрағаты, 708-қор, 6-тізбе, 1 182-іс, 35-6).
Қазақстанда жасақталған ұлттық әскери құрамалар жөнінде тарихшы, академик Манаш Қозыбаев: «Ұлы Отан соғысы жылдарында ұлттық республикаларда құрамалар құрылғандығы белгілі. Алайда олардың басым көпшілігі соғыста дұрыс пайдаланылмады. Ал кейбір атты әскери құрамалар танкілерге қарсы шығып, жауған оқтың астында бірден жоқ боп кетті. Бұл бір жағынан халқымызға көрсетілген сенімсіздік болса, екінші жағынан тағдыр салған зобалаң еді. Өйткені мұндай әскери құрамаларға жаңа ғана өндірдей өсіп жетіле бастаған зиялы қауымның өкілдері алынған-ды», – деп жазған болатын.
Ұлы Жеңістің 67 жылдығына орай осы жолдардың авторы «Қазақтың 100-ші және 101-ші ұлттық атқыштар бригадаларының жауынгерлік жолдары» атты кітап жазу үстінде. Осыған байланысты 100-ші ұлттық атқыштар бригадасының ардагері, Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов өзінің бізге арнайы жазып берген естелігінде бұрын еш жерде жарияланбаған, бұған дейiн тек өзіне ғана белгілі болып келген 100-ші бригаданың жауынгерлік тарихындағы көптеген келеңсіз оқиғалар жөнінде сыр шерткен.
«… Бригада командирі подполковник Шевцов әскери стратегия мен тактика жағынан дарынсыз әрі моральдық тұрғыдан босаң адам болып шықты. Сондықтан жоғарғы командование оны қызметінен босатуға мәжбүр болды.
39-шы армия қарамағындағы 100-ші атқыштар бригадасы 1942 жылы 25 желтоқсанда Молодой Труд ауданында жау бекінісін бұзуға жіберілді. Бұл бағытта құрама 1943 жылдың 15 ақпанына дейін қимыл жасап, 12 елдімекенді жау шеңберінен босатты. Бірақ осы ұрыстарда бригада зор шығынға ұшырап, 2572 адамынан айрылды. 2572 адам! Осыншама орта, кіші командирлер және жауынгерлеріміз опат болды. Бұл – бригада құрамының жартысынан артығы қаза тапты деген сөз. Осылардың ішінде жараланып, елге келіп аман қалғаны бірен-саран ғана. Өлгендерінің көбі атақсыз қалды.
1942 жылғы желтоқсан айының соңында Шевцов бригададан кетіп, оның орнына полковник Воронков командир болып келді. Полковник Ефим Васильевич Воронков бұрын 8-гвардиялық атқыштар дивизиясында полк командирі болған аса жігерлі адам еді. Келе сала күні-түні тыным таппастан бригаданың қорғаныс жұмыстарын ұйымдастырып, танк өтеді-ау деген қауіпті жерлерді өз көзімен көріп жүрді. Жабық позицияда тұрған артиллеристер арасында да бой көрсететін. Сол командирдің 5 қаңтарда оққа ұшқанын естігенде біздің жігіттеріміз қатты мұңайып қалды. Сол күні кешке үшінші батареяның мерт болғаны туралы хабар және жетіп, жігіттердің көңілін мүлде күйретіп кетті.
Бұдан кейін бригадаға командир болып полковник Михеев келді. Ол бригадада небәрі алты-ақ күн болды. Бұл уақытта оның не істеп, не қойғаны, қайда болғаны белгісіз. Ал 13 қаңтарда Калинин майданы кадрлар бөлімінің жолдамасымен 100-ші бригадаға он алты күн ішіндегі үшінші командир болып полковник Морецкий Анатолий Александрович келді. Сөйтіп, соры қалың бригадаға командир құтаймады. Әркім бір міне шапқан арық ат сияқты болып, бригада әбден титықтады. Қолды-аяқты баладай шағын құрамдағы ұлттық бригаданы жоғарғы басшылар майданның кез келген жыртығына жамау етуге тырысты. Оны жауынгерлік бір учаскеден екінші киырға жиі ауыстырумен болды. Кейде арнаулы бұйрықпен қалың қарда ұзақ жол жүріп, бір пунктке қалжырап жеткен бригаданы: «Мұнда сендердің керектерің жоқ екен, кейін қайтыңдар» деген жаңа бұйрықпен сабылтып кері қайтарған шақтар да болды. Қақаған аяз, түтеген боранда босқа сабылу бригадаға оңайға түскен жоқ.
Мәселен 1943 жылы 3 қаңтарда сағат 17.00-де Великие Луки іргесіндегі (Сахни, Иванцево, Федьково, Щелково, Горушка деревняларының шетінде қорғаныста жатқан бригаданы орнынан көтеріп, 4 қаңтар күні сағат 06.00-де Великие Лукидің оңтүстік жағындағы темір жол вокзалына алып келу жөнінде 3-екпінді армияның штабынан бұйрық болды. Бригада артынып-тартынып, қапалақтап жауған қалың қарды кешіп, көрсетілген жерге келді. Сол жерде бригада иіріліп, жеті жарым сағат босқа тұрды. 13 сағат 30 минутта 3-екпінді армия штабының бастығы Юдинцев 100-ші бригаданың шұғыл түрде бұрынғы орындарына барып орналасуына жаңадан бұйрық берді. Күндіз жел көтеріліп, түнде жауған жұмсақ қар көзге түртсе көрінбейтін қатты боранға айналды. Боранмен алысқан бригада 15-20 шақырым жердегі бұрынғы деревняларға қайта жетуге мәжбүр болды.
– Мұндай келеңсіз оқиғалар бригада 39-шы және 22-ші армиялардың қарамағында болған уақытта да кездесті. 1942 жылы Молодой Труд түбінде бригада алғаш шабуылға шығарда армия штабы санитарлық қызметінің бастығы шабуылға қатар шығатын өзара көрші 46-шы орыс атқыштар бригадасы мен 100-ші қазақ атқыштар бригадасының жаралыларды қабылдау пункті бірге болсын деген бұйрық береді.
Бірақ ұрыс басталып, жаралылар көбейе бастаған кезде екі бригадаға ортақ санчастьқа тек орыс солдаттары ғана келіп жатыпты. Қазақтардан ешкім жоқ. 100-ші бригада санротасының командирі Ізтілеу Наурызғалиев жүгіріп далаға шығып, жаралылар келетін жолға шықса, онда 2-3 орыс сақшылары тұр. Олар санитарлар әкелген шаналардағы жаралы орыс солдаттарын пунктке жібереді де, қазақтарды кейін қайтарады. Басқа апарар жері жоқ болғаннан кейін 100-ші бригада санитарлары жаралыларды сол жерге аударып тастап, өздері қайтадан ұрыс даласына қарай жөнеледі. ЬІңырсып, зар жылап жатқан жаралы қазақ жігіттерін көріп Hayрызғалиевтің жаны шығады. «Мына жаралыларды ішке жіберіңдер!» деп сақшыларға айғай салады. Олар міз бақпайды. «Біз өз басшыларымыздың ғана бұйрығын орындаймыз» деп, қазақ командирін кеудеден кері итереді. Ол жүгіріп барып 46-шы бригада санрота-сының командиріне айтады.– Армия штабының бұйрығы бойынша екі бригаданың да жаралылары осында қабылдануы керек қой, – дейді жан ұшырып.
– Meн білмеймін. Оны бастықтар біледі, – деп ол басын шайқайды. Содан кейін ол өзінің 100-ші бригада санитарлық қызметінің бастығы капитан Бушовқа жүгірді.
– Мен не істеймін? – деп ол иығын қушитады.
Өйткені 100-ші бригаданың жараланған орыс солдаттары мен командирлері мұнда тоқтаусыз қабылданып жатқан болатын. Ол соған разы.
Наурызғалиев қайтадан жүгіріп қақпаға келсе, онда санчастьқа қабылданбай өліп, өлгелі жатқан қазақ жігіттерінде сан жок,– Бүйтіп өмір сүргенше, сендермен қоса өлейін, – деп Наурызғалиев тапаншасын суырып алып, өзін-өзі атып салады.
Бұл суық хабарды бригада командирі Шевцовқа айтқанда:
– Собаке – собачья смерть! – депті.
Рота командирлерінің өлімі, уақытында көмек көрсетілмей өлген талай жауынгерлердің қазасы тексерілместен аяқсыз қалды.
Осы оқиғаны 1975 жылы 12 қыркүйекте 100-дербес атқыштар бригадасының дәрігері, капитан Мәриям Сырлыбаева өз үйінде біздерді қонақ ете отырып, көзіне жас алып айтқан еді. Бұл әңгімені мен Мәриямның өз аузынан магнитофонға жазып алғанмын. Қазір ол жазба менің 100-бригада мен 1-ші атқыштар дивизиясының тарихына арналған сегіз дәптерімнің №2-сінің 59-62-беттерінде, өз архивімде сақтаулы тұр.
Ізтілеу Наурызғалиев марқұм атылып өлгеннен кейін 100-ші бригада санротасы хирургия взводының ординаторы, капитан Сырлыбаева санротаның командирі болған кезінде бірде-бір жаралы жауынгердің төбесінен құс ұшырмауға тырысады».
Молодой Труд түбінде санитарлық қабылдау пунктіне кіргізілмей, сақылдаған сары аязда ақ қардың үстінде қатып өлген сансыз солдаттарды, оларға көмек көрсете алмағанына қапаланып, қорлыққа шыдай алмай, бауырларының аяғының астына өзін-өзі атып құлатқан капитан Наурызғалиевті Мәриям Сырлыбаева өмір бойы есінен шығарған емес.
Сөйтіп бригадаға жаңа командир келді. Әрине, соғыс болған соң өлім-жітім болмай тұрмайды. Ол – соғыс заңы. Бірақ қағажу көріп, қисынсыз жерден солдат өмірінің қиылып кетуі бір басқа. Ал 100-ші бригада бұған дейін нағыз жанашыр командирге тап болып, Панфиловтай әке қамқорлығын көре алмаған құрама. Жақсы үміт күттірген бір командир Воронков болса, байғұстың бригададағы өмірі қысқа болды.
Сонымен 1943 жылғы қаңтардың ортасына 100-ші бригаданың құрамында калған адам саны мынадай еді:
1-атқыштар батальонында – 36, 2-атқыштар батальонында – 41, 3-атқыштар батальонында – 53, 4-атқыштар батальонында – 47, автоматчиктер – 26 және танк ататын дивизионда (ПТД) – 35, байланыс ротасында – 87, саперлер ротасында – 68 және барлаушылар ротасында – 38 адам. Барлығы 431 жауынгер. Мұның сыртында 257-ші атқыштар дивизиясының қарамағына арнаулы тапсырма орындау үшін жіберілген 300 жауынгер бар. Ол – 76 мм. артиллерия дивизионы мен 120 мм. миномет дивизионы. Олардың қаншасы тірі, қаншасы өлі екені белгісіз.
100-ші қазақтың ұлттық бригадасы алғашқы айқасқа 4889 адам болып кіріп, ұрыс соңында қатарда 430-дай жауынгер қалғанын қалай түсіндіруге болады?
100-ші бригаданың Великие Луки ұрысында да жолы болмады. IІолковник Воронков өз бригадасын жұмған жұдырықтай тегеурінді күш етіп ұстаймын дегенімен, оған ерік берілмеді. Армия басшылығы ұлттық бригаданың бұтын-бұт, қолын-қол етіп, бөлшектеп жіберді. Артдивизион мен миномет дивизионың өзі теңдес 47-ші атқыштар бригадасына бөліп берді. Батальондарды бөлшектеп, 257-ші және 32-ші дивизияларға жіберді. Олар: «Байдың малын аяма…» дегендей, «бөтен» бригаданың адамдарын ең қауіпті учаскелерге салды – қаладағы гарнизонды құтқарып алу үшін жөңкіліп келе жатқан жау танктерінің алдына тосты. 100-ші бригаданың үшінші батареясы сол шайқаста ерлік жасап мерт болды. Ақ қар, көк мұзда шабуылшылардың алдына барып жайғасқан жаяу әскер шегедей болып қатып қалған жерді қазып, өздеріне окоп жасай алмай, қардан соғылған ақ қаланың іргесінде жатты. Жау көктен бомбалап, жерден атқылап шабуылға шыққанда қорғансыз ашық алаңда жатқан жаяу әскер оларға төтеп бере алмады. Қалаға қарай шегінуге мәжбүр болды.
Шегінген солдаттарды танктерден сумаңдай атылған қызыл оқтар қуалады. 100-ші бригаданың артында бұрын окоп қазып, ірге теуіп, бекініп жатқан басқа дивизиялардың жауынгерлері жау танктерін қалаға кіргізбеді. Сондай ауыр күндердің бірінде солдаттарының қасында полковник Воронков оққа ұшты.
«Төрт жарым мың менің құрдастарым! Олар он сегізге жаңа ғана толған өрімдей балғын жастар еді. Олардың бірде-бірі үйленіп үлгермеген, жар қызығын көрмеген жастар еді. Олардың жүректерінде Отанға, ата-анаға, жандары сүйген жақсы қыздарға деген алаулаған асыл махаббат сезімдері бар еді. Соғыс деген тажал сол махаббатты су сепкендей өшіріп, төрт жарым мың боздақты түгел жалмай салды. Төрт жарым мың ата-ананың көз жасы көл болып, төрт жарым мың жас сұлудың жүректері қара жамылды. Сендердің ақ жүздеріңді көруге зар болып, өмір бойы күңіреніп өткен ата-аналарың қазір жер бетінде жоқ. Сендер жауды жеңіп келіп, жар болып қосылсақ деп арман еткен ару қыздарың да көбі өмірден өтіп кетті. Бірақ сендердің кеше өздерің жаудан қорғаған «қалың елің қазағың, қайран жұртың» бар. Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында сол елің аза тұтып, соғыста опат болған ұлдарын, өздеріңдей өрімдей боздақтарын есіне алып, әруағына бас иеді. Елің сендерді ешуақытта ұмытпайды. Өздеріңе өз тарихынан өмір бойы орын береді. Мен осыған сенемін!» – деген еді бригада ардагері Әзілхан Нұршайықов.Маршал Жуков «Воспоминания и размышления» еңбегінде «1942 жылы 8 желтоқсанда Калинин және Батыс майдандарының күшімен 1943 жылдың 1 қаңтарына дейін Ржев-Сычев-Оленино-Белый аймағындағы дұшпан күші жойылсын деген директива берілді», – деген. Осы бұйрықты орындаушы құрамалардың ішінде казақтың 101-шi ұлттық атқыштар бригадасы да бар еді. Оленино стансасы бригада шайқасқан Мишуков елді мекенінің іргесінде орналасқан. Түптеп келгенде, орыстардың негізгі мақсатын ол кезде ешкім де білген жок. Директива аса құпия болғандықтан оны біреудің білуі де мүмкін емес еді. Қалай болғанда да сол қиян-кескі ұрыстардың нәтижесінде жау күші айтарлықтай шығынға ұшырады. Гитлершілдер соғыс барысын түбегейлі өзгерткен Сталинград шайқасына бірде-бір дивизиясын жібере алмады. Демек ортақ Жеңіске 4-ші екпінді армияның құрамында болған қазақтың 101-ші ұлттық атқыштар бригадасы да өзінің қомақты үлесін қосты. Бірақ бұл үлес аса ауыр шығын әкелді. Бригаданың сапындағы 8 мың адамның 3 мыңы ғана аман-сау қалды. 5 мың жас өмір үзілді, талай ерлік елеусіз қалды. Рас, соғыс шығынсыз болмайды. Бірақ 101-ші ұлттық бригаданы стратегия тұрғысында пайдаланып, жалпақ тілмен айтқанда, «зеңбіректің жемі етіп» өлімге айдап салып, құрбандыққа шалғаны жанға батады. Өкініштісі сол, осы ерліктердің тарихтан алатын орны күні бүгінге дейін бағаланбай келеді.Шындықты алғаш peт Жеңістің ширек ғасыр тойында Ржев түбінде болған топтың қолбасшысы Кеңес Одағының Маршалы А.И.Еременко ашық айтқан еді. «Негізсіз шығын болған жоқ» деген саяси көзқарастың ығында мұндай дүниелерді ашық айтуға тыйым салынды, көптеген фактілер бұрмаланды.
101-ші бригаданың ардагері, жазушы Құланбай Көпішев 1998 жылы 12 шілдеде «Қазақстан сарбазы» газетіне берген сұхбатында: «…Соғыстан кейін бригада ардагерлерінің бір тобы Белоруссияның Россоны әуданына арнайы шақырумен барып, талай боздақтардың көз жұмған жерінде болып, аруақтарға тағзым еттік. Бауырлас республика қазақстандықтардың ерлігін ауыздан-ауызға жеткізіп, әркез мақтан тұтып жүреді екен. «101-ші қазақтың ұлттық атқыштар бригадасының ерлігі болашақ ұрпақтың есінде мәңгі қалады!» деген жазулар бар мәрмәр тас орнатылған мемориалды саябақта болғанымызда еріксіз көңіліміз босап, көзге жас келді. Неткен ризашылық, қаншалықты алғыс… Өкінішке орай, өз елімізде ондай құрметті көре алмай келеміз…» деген еді. Бір өкініштісі, біз 100, 101-ші қазақ ұлттық атқыштар бригадаларының қан майдандағы трагедиясын әлі күнге дейін толық аша алмай келеміз. Ол – 18 жасар Алаш боздақтарының ғана емес, КСРО құрамындағы теперіш көрген саны аз ұлттардың барлығына ортақ трагедия болатын.
тарих ғылымдарының докторы,профессор