ТЕКТI ТҰЛҒА
ТЕКТI ТҰЛҒА
Қазақ киносының классикалық кезеңі деген ұғым бар. Ол шын мәнінде, ұлы кино туындыларының дүниеге келген кезі. «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Тұлпардың ізі», «Таңғы жаңғырық», «Менің атым Қожа», «Отқа оранған Орал», «Оның заманы келеді әлі», «Көксерек», «Қараш-қараш оқиғасы» сияқты өлмейтін фильмдер Камалдың кезінде дүниеге келді. Ол жылдар әлі де болса, өңезе коммунистік қаһардың салқыны сына қоймаған кезі еді ғой. Сол кезде, әр қадамымыз аңдулы болды. Қазір қарап отырсам, бір сценарий жазылатын болса, сол бекіп келгенше, жиырма екі кедергіден өтеді екен.
Сондай қатал кезде, Мәскеудің киногерлері үкіметке, партияға жалтақтап, әйтеуір экранға өтсе болды деген себеппен әлжуаз, ұсақ фильмдер жасап жатқан кезде, Қазақстанда ғасырлардан ғасырларға кететін фильмдер жасалды. Осындай фильмдердің дүниеге келуіне Камалдың себепкер болғаны даусыз. Өзінің жайдары мінезімен жарқылдап күліп жүріп, бастықтар ұрысса да қарсы келместен, бір ауыз сөз айтпастан, үндемей жүріп, қыруар шаруа бітірді. Бастықтарына қарсы келмей, тыңдаған болып жүріп, кабинетінен шыға салысымен, өзінің дегенін жасайтын еді. Камалдың сол мінезі арқылы, Камалдың тазалығы арқылы, ешкімге жағына білмейтіндігінің арқасында дүниеге осындай ғажап фильмдер келді. Қазақ киносының төрт ұлы, төрт алтын тағаны деп, Шәкен, Мәжит, Сұлтан, Абдолланы айтып жүрміз ғой. Солармен тіл табысып, «аға-көке» деп жүріп, осы фильмдердің дүниеге келуіне Камал себепші болды. «Қыз Жібектің» түсірілуі тіптен қызық. Бір күні Камал маған: «Әкім, сен білесің бе? Ғабең кезінде «Қыз Жібек» деген сценарий жазған екен. Оны бастықтар ұнатпай, алып тастапты. Сол сценарий Ғабеңнің архивінде жатыр. Жүр, Ғабеңе барайық. Үйіне барып, сценарийді ептеп көндіріп, алып кетейік», – деді. Содан екеуміз бірге Ғабеңнің үйіне бардық. Ғабең: «Кезінде маған қойдыруға рұқсат бермей қойған еді. Сендерге рұқсат бере қояр ма екен» деп, аса сене қоймады. Сенбегені рас еді Ғабеңнің. Ғабеңнің келісімін алып, сценарийді Сұлтан Қожықовқа бердік. Сұлтан Қожықовқа берердің алдында, арнайы байқау өткізілді. Оған бірнеше режиссерлер қатысып, бақ сынады. Көрші қырғыздан да жігіттер келді. Ақырында Сұлтан жеңіп, «Қыз Жібекті» қойды. Камал үндемей жүріп, момындықпен бітіретін еді барлығын. Бір қарасаңыз, өркөкірек емес, азулы емес. Сөйтіп жүріп, Камал қазақ киносын аса биік деңгейге көтерді. Одан басқа талай бастықтар болған. Олар Камалға дейін де, Камалдан кейін де қазақ киносын ондай биікке көтере алған жоқ. Екі-үш жыл бұрын бір режиссер басылым бетіне сұхбат беріпті. Сол сұхбатында әлгі режиссер: «Қазақ киносы екіге бөлінеді. Менің фильміме дейінгі халтура, менің фильмімнен кейінгі классикалық фильмдер болып бөлінеді» деген екен. Осыған орай, газет бетінде мен де өз жауабымды қайтардым. «Оның айтқаны рас. Бірақ керісінше, сенің фильміңе дейінгі классикалық фильмдер және сен жасап жүрген халтура фильмдер болып бөлінеді» дедім.Мен мұны әдейі айтып отырмын. Камалдың қазақ киносына, кейінірек қазақ телевидениесіне сіңірген еңбегін бағалауымыз керек. Ол қазақ телевидениесіне келіп, «Қымызхана» сияқты жаңа бағдарламалар желісін алып келді. «Отан соғысына» байланысты қырық деректі фильмдерді шығаруы оның үлкен ерлігі. Камалдың тағы бір ерлігін айтайын. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы. Сонда өзінің бір қызметкеріне: «Ағаларыңның барлығы үйлерінде тығылып жатыр. Ағаларыңмен сөйлес. Алаңға келсін» депті. Әлгі қызметкер маған да қоңырау шалды. Содан Шерхан, Әбіш үшеуміз алаңға келдік. Біздің жүргенімізді естіп, Камал да жүгіріп келді. Ол кезде Камалдың қызметі Орталық комитетте. Онда «шаш ал десе, бас алатын» қызметкерлер істейтін еді ғой. Сонда ештеңеден қорықпай, кабинетінен шығып, біздің қасымызға келіп тұрды. Камалдың ерліктері өте көп. Оған талай кедергілер де болды. Маған бірде: «Мен сен емеспін ғой. Біреу бірдеңе десе, атылып шыға келетін. Менің тактикам солай. Үндемей жүріп, бәрібір өзімдікін істеймін» дейтін еді. Қай жерге барса да, өзінің мақсатын орындады. Оның да бір себебі бар ғой деп ойлаймын. Ол туысқандық жағынан Баубек Бұлқышевтің жамағайын інісі болып келетін. Соның әсері болды ма, әлде бабаларының әсері болды ма деп ойлаймын. Оның бір бабасы Түркістандағы қазақтың ұлы адамдарының зиратында жатыр. Болыс, батыр болған кісі. Камал деген ғажап құбылыс болды. Азаматтың беделі, азаматтың істеген еңбегі өзі дүниеден өткеннен кейін асқақтай түседі. Камалдың да есімі асқақтап келеді, биіктеп келеді.