АҒА ТУРАЛЫ СӨЗ

АҒА ТУРАЛЫ СӨЗ

АҒА ТУРАЛЫ СӨЗ
ашық дереккөзі
3684

Камал ағадан көз жазып қалу… Қандай ауыр сезім. Қандай өкінішті жағдай. Дәл сол күні… Иә, дәл сол күні түс әлетінде Т.Жүргенов атындағы Ұлттық Өнер акаде­мия­сының кең дәлізінде кездесіп қалдық. Кезекті бір мәжілістен шығып келе жатса керек, қашандағыдай көңілді, күлкісі қалпында, өзіне тән ашық-жарқын елгезек мінезімен шапшаң тіл қатты.

– «Егемендегі» Жер кодексіне байланыс­ты мақаламды оқыдың ба? Кешегі сандағы, – деді асығып-үсігіп. Оқымағанымды айтып, бұйыртса, кешке қарай оқитындығымды баяндай беріп ем, Камекең: «Оқы, оқы, міндетті түре оқығайсың», – деді де, жанымнан жылыстап өте берді. Әлдеқайда асыққан сыңайлы. Ұмытпасам, қасында киногерлер Әмен Қайдаров, Бауыржан Нөгербек, Әнуар Дауылбаев болды ғой деймін. Әй, өмір-ай, десеңші! Дәл сол күнгі кеште асыл аға мәңгіге көз жұмыпты. Білсем ғой, әттең! Етегінен қатып ұстап, жібермес пе ем, қайтер ем?! Жәй сөз ғой. Жан жұбатудың кебі де. Әйтпесе, күнделікті абыр-сабыр тіршіліктің шылауында тынымсыз құрақ ұшып жүрген мына біз секілді пенделер қайсымыздың дидарымызға ба­йыптай көз салып, қайсымызға бір-бірімізге қолдау, қошемет көрсетіп, мәре-сәре болып жатырмыз. Ерсілі-қарсылы жүгіріс. Үй мен қызмет арасындағы жанталас жүрістен жүрек талықсығандай. Сырласып, сұхбат құруға уақыт жоқ. Иә, солай! Адамнан уақыт қымбат. Адамнан қағаз қымбат. Адамнан ақша қымбат. Адамнан бәрі қымбат. Осындай кезеңге тап болдық. Өмір ырғағы солай. Сол уақыт екпініне шыдас бере алмаған азамат, қайраткер, қаламгер ағамның әзиз жүрегі кенеттен тоқтаған. Нәзік жүрек біржола дамылдаған. Естіген сәтте есеңгіреп қалдық. Кейін-кейін ғой ес жиғанымыз. Ой, тоба! Кеше көрген кісіңіз бүгін жоқ. Адамзатты бұл сұмдықтан құтқарар не шара бар? Шара жоқ! Болмайды да! Сондықтан да бір-бірімізді көзіміз тірімізде сыйлайық, ағайын! Сіз-біз деселік. Жылы сөз, оң қабағымызды аямайық бір-бірімізден. Кеу­делерде қыжыл оятып, қызғаныштың, күндестіктің, көреалмаушылықтың отын үр­лемейік. Қай-қайсымыз да бір-бірімізді тір­шілігімізде елеп ескерейік, естелік айтуға асықпайық. Десек те, ажал аждаһаның арбауынан, өт­кінші жалғанның алдауынан шыға алмаған шарасыз пенде әр жолы естелік айтуға мәж­бүр. Өйткені дүниеден өткен кісінің өне­гелі өмірін ұрпаққа кім жеткізер? Дәстүр қалай жалғаспақ? Біз-дағы осы ойлардың тұтқынымыз. Естелік айтуға ойысып келеміз. Міне, бастап та барамыз. Камал аға туралы. Ардақты Смайылов жөнінде. Оны қаршадай кезімде көрдім. Қызметтес інілерінің бірі болдым. Жазғандарын оқыдым. Сөздерін тыңдадым. Мәдениет саласында шамамыз келгенше бірге сабылдық. Ол кісінің соңынан ердік. Нұсқауларын жүзеге асырдық. Әсіресе, Камал Сейітжанұлы Қазақстан Орталық партия комитеті мәдениет бөлімінің меңгерушісі қызметінде болған жылдарында өзара қоян-қолтық араластық. Сол кездегі мәдениет министрінің орынбасары болып қызмет атқарған Камекеңнің идея-инициативалары, әр түрлі деңгейде көтерген проблемалық соны бастамалары қатты әсер етуші еді. Жігерлендіре түсетін. Қайраттандыратын. Қай нәрседен болмасын, қапы қалмауды талап ететін. Өнер, мәдениет төңірегінде өтер түрлі жиындардың қызғылықты өтуіне белсене араласатын. Жаңа да тың есімдер естісе (әсіресе, жастар арасынан), солармен сұх­баттасқанша асығушы еді. Театрлардағы жаңа қойылымдардан әлдеқалай жаңа леп, соны тыныс сезе қалса, жас баладай қуанып, жер-көкте тұра алмай тыпыршушы еді. Егер әлдеқандай бір себептермен болып өткен жаңалықты кеш естіп қалса, көпке дейін өз-өзінен қиналып, өкініші орнына зорға түсіп, көңіл-күйі бастапқы қалпына әзер келетін. «Камекеңе не болған соншама?» – деп күлісетінбіз. Солай еді. Жылт еткен жаңалық атаулыға жаны құмар-тын. Оқиға күнде туа бере ме? Оның үстіне, мәдениет майданы мен өнер өлкесіндегі күн сайынғы жаңалықты қайдан таба бермексіз?! «Дос-мұқасан» неге тым-тырыс? «Гүл­­дер­дің» жаңа бағдарламасы неге кешеуілдеп жатыр? Әлібек Дінішевтің репертуары қашан кеңейеді? Әуезов театры сахнасында келесі жылдың лауреаттығына лайық қандай қойылым бар? Асанәлі Әшімов не істеп жүр? Әнуар Молдабеков қайда? Алдына бара қалсаңыз, осы сияқты сан-сауалдардан бас қатар еді. Әр жолы: «Ошеломляющий» нендей дүние бар, ол неге аз әрі сирек деп дабыл қағудан танбаушы еді. «Ошеломляющий» – ол кісінің сүйікті сөзі. Әркез сол сөзді сан қайталап, жазушылар, суретшілер, композиторлар, артистер, режиссерлер арасынан соңы есімдер іздеуден танбасы бек шындық еді. Сәби мінезді Камекең тез қуанып, баяу ренжитін кісі еді ғой. Көңілі қашанда жақсылық жағына ыңғай танытып тұратын. Адамгершілігі, азаматтығы зор еді. Шіреніп, шалқайып шүленсуге жоқ еді.Ешқашан да ешкімнің көңілін жыққысы келмейтін Камекеңнің мұңайып отырған сәтінің үстінен де түскенім бар. Сексенінші жылдардың орта шенінде «Мәдениет және тұрмыс» журналында М.Әуезов атындағы академиялық драма театры шығармашылық беделінің арзандап бара жатқандығы жайында Камал Сейітжанұлының көлемді сыни мақаласы шыққан-ды. Әрине, оны оқып танысқан сол кездегі театрдың көркемдік жетекшісі Әзірбайжан Мәмбетов жәй қарап қалсын ба? Оның үстіне, екі ағамыз жастары жағынан түйдей құрдас болса, өзара аянып қалмастары екі бастан белгілі ғой. Сондай бір екеуінің «сүйкелісіп» қалған тұстарында: «Осы Әзірбайжан қызық өзі, кемшіліктен мүлдем ада кісі секілді, әркез асқақ сөйлейді. Театр репертуары босаңсып кеткендігін мойындағысы да келмейді. Одан да дұрыстап жұмыс істегені жөн емес пе?» – деп, қынжыла тіл қатқаны есімде. Бұдан Камекеңнің өзіндік ұстанымға беріктігін танып білеміз. Құрдастық, әріптестік жолы бір басқа да, ал әділдік жолының мүлдем бөлектігін еш бұлтақсыз дәлелдеп өткендей өмірден. Қаламы ұшқыр көсемсөзші, ғалым жорналшы, қоғам қайраткері, қазақ киноөнерінің өсу, даму жолдарын зерттеуден титтей де қолы босамаған елгезек қаламгер Камал Сейітжанұлы Смайыловтың өмірден мезгілсіз озуы рухани ортамызды ойсыратып кеткендей. Қайтерсіз?! Өмір заңы. Тағдырдың жазуы. Осынау қатал үкімнің алдында азамат атаулы – шарасыз.

Серіктес жаңалықтары