ОН ҮШIҢМЕН, ОҒЛАН!
ОН ҮШIҢМЕН, ОҒЛАН!
Елдің ертеңгі күнге үміт артар сенімі – балалар. Бүгінгі бүлдіршін – ертеңгі елдің болашағы. Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Алматы қаласындағы Оқушылар сарайының орталық алаңында өнерпаз балалардың қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылды.
Халықаралық балаларды қорғау күні балалар үшін үлкен мереке. Балалар күнін есте қаларлықтай етіп атап өту үшін жер-жерде түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Осындай шаралардың бірі – ұрпаққа ұлттық тәрбие беру мен қазақтың нағыз патриоттарын тәрбиелеуге септігін тигізетін «13 жас – мүшел тойы» Оқушылар сарайында 1 маусым балаларды қорғау күні мерекесімен ұштастырыла жасалды.
Мерекелік кеш барысында әртүрлі ойындар ұйымдастырылып, 13 жас мүшелге толған жас жеткіншектерге сыйлықтар тапсырылды. Мүшел жасқа толған 55 баланы құттықтап, естелік ретінде ұлдарға «ойыншық ат», қыздарға қолдан жасалған сандық тарту етілді. Аталған шараға оқушылар, педагогтар, ата-аналар, Ұлы Отан соғысының ардагерлері және Алматы қаласы Білім басқармасы өкілдері қатысты. Ардагерлер балаларға ақ батасын берді. Мерекелік концертте сөз алған Оқушылар сарайының директоры Қуатбек Болатбекұлы Тұрысбеков балаларды мерекесімен құттықтап, өскелең ұрпақты халықтық салт-дәстүрді білуге, патриоттыққа және ізгілікке тәрбиелеу қажет екендігін айтты. «Он үште отау иесі» деген даналыққа сүйенген ұйымдастырушылар шараға жиналған 13 жасар өнерлі өрендерге ерекше ілтипат көрсетті.
«Мүшел той» иелерін құттықтау дәстүрлі түрде 2009 жылдан бері өткізіліп келеді. Балаларды отансүйгіштікке, еңбекқорлыққа, ұлтын, елін сүюге үндейтін шара барысында оқушылар сарайының үйірме мүшелері өз өнерлерін ортаға салды.
Оқушылар мұндай іс-шаралардың жыл сайын ұйымдастырылғанына өте қуанышты. Бұл күнді олар өте маңызды санайды. Он үш жас елге тірек болатын жас деп есептейтін жеткіншектер «мүшел той» шарасының әлі де жалғасын табатынына сенімді.
ҚазҰУ-дiң студентi