ҚАРЖЫДАН ҚАҒЫЛҒАН ШАҒЫН ҚАЛАЛАР

ҚАРЖЫДАН ҚАҒЫЛҒАН ШАҒЫН ҚАЛАЛАР

ҚАРЖЫДАН ҚАҒЫЛҒАН ШАҒЫН ҚАЛАЛАР
ашық дереккөзі
387

Орталықтардан шалғай жатқан шағын қалалардың шағымы көп, жағдайы жоқ, сәнi де кеткен ендiгi. «Елеске» айналған қалалар бүкiл әлемде бар. Моноқалалардың кейбiрi даму үстiнде болса, бiрi жер бетiнен мүлде сүрiлiп жатыр. Әлеуметтiк ахуалы төмендеп, экономикалық маңызы жоғалған шағын қалалардағы қиындықтар шешiлмесе, қоғамды керi кетiретiн келеңсiздiктер көбеймек.Жер шарындағы шағын қалалар проблемасы дамыған мемлекеттердiң өзiнде өзектi. Өйткенi тұтас қоғамды керi сүйрейтiн келеңсiздiктердiң бiразы «өз сорпаларында өздерi қайнайтын» моноқалалардың үлесiнде.

Осы орайда, Қазақстан Үкіметі еліміздегі шағын қалаларды өндірістік, кәсіпкерлік және әлеуметтік тұрғыда дамыту мақсатында 2012 жылға арнап бюджеттен 135 миллион доллар бөлу қарастырып отыр. Аталған соманың 20 млрд. доллары алдын ала дайындық жұмыстарын жүргізу үшін тиісті бағытқа жол тартты. Аталған міндетті жүзеге асыруға тікелей жауапты мемлекеттік органдардың бірі – ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігінің мәлімдеуінше, Қазақстандағы Ақсу, Екібастұз, Текелі, Кентау, Жезқазған, Балқаш, Саран, Сатпаев, Шахтинск, Қаражал, Абай, Теміртау, Серебрянск, Қаратау сияқты даму келешегі бар шағын қалалар саны 27-ге тең. Ал министр Бақытжан Сағынтаев бюджеттен берілетін қаражат Қазақстандағы барлық шағын қалаларға арналмағанын айтты: «Қалалардағы жұмыс істеп тұрған бір немесе бірнеше кәсіпорындар бойынша қарастырдық. Егер ірі кәсіпорын болса, сол қала тізімге енгізілді. Осындай шағын қалалар саны бізде 27 екен». Ескеретін жайт, көлемі шағын қалалардың келешегі іргетасы Кеңес үкіметінің кезінде қаланған жергілікті ірі кәсіпорындарға байланысты. Үкімет іске асырғалы отырған бұл бағдарламаға ҚР Президенті Н.Назарбаевтың 2012 жылдың 27 қаңтарындағы халыққа Жолдауы мұрындық болды. Елбасы Жолдауда Жаңаөзендегі (Маңғыстау облысы) оқиғаны мысалға келтіре отырып, Министрлер кабинетіне шағын қалаларды аяқтан тік тұрғызуды тапсырған. Жоба шеңберінде былтыр желтоқсанда 7 айдан астам уақытқа созылған мұнайшылар наразылығының салдарынан қанды оқиға орын алған Жаңаөзен қаласы да қамтылған. ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Серік Ахметовтің айтуынша, Үкімет жаңаөзендіктерге мұнай өндіруден басқа да салаларда жағдай жасамақ: «Мұнай өндіру қарқыны мен көлемі мұнайды барынша мол өндірген кезеңмен салыстырғанда, төмендеген. Сондықтан Жаңаөзен қаласына байланыс­ты жаңа жұмыс орындары мен жаңа жобаларды қарастырған жөн. Негізінен жылыжайлар салуға баса назар аударылуда. Өйткені, меніңше, осы қаладағы өте маңызды бағыттардың бірі болып саналады». Вице-премьердің сөзі орынды. Өйткені Жаңаөзен оқиғасына себеп болған наразылықтар арасында қаладағы көкөніс пен жеміс-жидектің, азық-түліктің тым қымбаттығы да бар болатын. Жұмыссыздық ушыққан аймақта су, жылу, жарық секілді қиындықтар артып, қылмыстық оқиғалар саны көбейетіні белгілі. Демек келеңсіздіктер мен кемшіліктер қайталанбас үшін түйткілдерді дер кезінде шешкен жөн. Ал ішкі нарықтағы тұтынушылық сұранысты жергілікті өнімдермен қамтамасыз етуде жылыжайлардың, жергілікті кәсіпорындар мен кәсіпкерлердің атқаратын рөлі зор. Ресми деректерге сүйенсек, әртүрлі дағдарыстар бүкіл әлемдегі көлемі шағын елес-қалалардың қатарын өсіре түскен. АҚШ, Ресей, Қытай мен Еуропадағы күні кеше ғана гүлденген ірі қалалардың өзі ірі кәсіпорындардың банкротқа ұшырауы салдарынан қаңырап бос қалуда. Мәселен Американың солтүстік-шығысындағы Детройт, Филадельфия, Кливенд, Питтсбург, Ньюкасл (Пенсильвания штаты) қалалары кезінде америкалық экономиканың локомотиві болған. Алайда ХХ ғасырда-ақ Ұлы дағдарыстан айыға алмаған бірнеше ірі кәсіпорындар тоқырауға ұшырады. Ал қалғандары 1970 жылғы рецессиядан ес жия алмай қалған. Жұмыссыздық пен қылмыс күшейген шағын қалалар қазір АҚШ-тың бас ауруына айналды. Еуропаға келсек, Ұлыбританиядағы бір кездері көмірдің кені болған шағын қала – Граймторпта жастар жағы үлкен қалаларға көшіп кеткен, ал 2 мың тұрғынның 50 пайы­зы жұмыссыз қалыпты. Ағылшындардың тағы бір көмір қаласы Каслфордта 1980-1990 жылдар аралығында 3 көмір шахтасы жабылуы салдарынан жергілікті тұрғындардың әл-ауқаты күрт төмендеп, жұмыссыздық белең алған. Жергілікті билік қаладағы әлемдік деңгейдегі тігін цехының арқасында ғана қаланы тұралаудан аман алып қалды. Ағылшындардың тағы бір шағын қаласы Бирмингемде көлік құрастыратын зауыттың тоқтауы қылмыстың артуына, нашақорлардың көбеюіне, адамдардың басқа жаққа жаппай қоныс аударуына әкеп соққан. Бірақ мүдделі адамдардың арқасында ақша жиналып, Бирмингемнің жаңа келбеті адам танымастай өзгерді. Қаланың сәулеті көркейіп, мәдени өмірі жақсарыпты. АҚШ-та келешегі бар қалаларды дамытуды көздейтін «Аман қалу үшін қысқарту» бағдарламасы іске қосылды. Шағын қалаларды дамыту бағдарламасы көршілес Ресейде де соңғы жылдары үздіксіз жүргізіліп келеді. Бұл елдегі шағын қалалар саны 460-тан астам. Оларды дамытуға «Лукойл», «Газпром» сынды ірі кәсіпорындардан талап етілетін әлеуметтік корпоративтік жауапкершілікпен бірге федералдық бюджеттен де жыл сайын қомақты көлемде қаражат бөлініп отырады. Осының нәтижесінде РФ-ның орталықтардан шалғай жатқан аймақтарында, әсіресе қытайлардың «көз құртына» айналған Қиыр Шығысындағы шағын қалаларды күйреуден аман алып қалу көзделген. Демек күн тәртібінен түспейтін шағын қалалар мәселесін шешуге, оларды үздіксіз дамытып, заман көшіне ілестіруге бүкіл әлем мүдделі.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары