СӘБИІНЕН АЙРЫЛҒАН АНА

СӘБИІНЕН АЙРЫЛҒАН АНА

СӘБИІНЕН АЙРЫЛҒАН АНА
ашық дереккөзі
847

Елiмiз бiр кездерi ана мен бала өлiмi көрсеткiшi бойынша көш басында болатын. Әсiресе, мұндай деректер Оңтүстiк Қазақстан облысында жиi тiркелгенi есiмiзде. Бұл мәселе әлi де күн тәртiбiнен түскен емес. Себебi жыл басында ғана Үкiмет Денсаулық сақтау министрлiгiне ана мен бала өлiмiнiң себептерiн жан-жақты тексерудi тапсырған. Алайда министрлiк өзiнiң есебiнде ана өлiмiнiң 1,5 пайызға, ал бала өлiмiнiң 10 пайызға азайғанын айтып жүр.

Тіпті кейбір дерек көздерінде жаңа туған нәрестелердің өлімі 15-20 пайызға төмендеді деген мәлімет бар. Бұған сенгіміз-ақ келсе де, бүгінгі жағдай басқаша сипат алуда. Мәселен 13 ақпанда Алматыдағы №5 перзентханаға толғатып келген Ләззат Бөпебаева босану кезінде өмірге сап-сау келген сәбиінен айрылып қалған. Оған дәрігерлер 14-іне қараған күні аяқ астынан кесарево отасын жасау керектігін айтқан. Бірақ артынша баласының өлі туылғанын хабарлайды. Шетінеген нәрестенің туған-туыстары мәселенің ақ-қарасын анықтау үшін қалалық прокуратураға шағым түсірді. Анығында жас сәби перзентхана дәрігерлерінің өз ісіне жауапсыздығынан жарық дүниені көрмей кеткен.

Сорақысы сол, дәл осы перзентханада Наурыз мейрамы кезінде тағы бір нәресте өмір есігін ашып тұрып, көз жұмды. №16 емхананың жолдамасымен №5 перзентханаға өз аяғымен босануға келген Гүлжайна Божбанова да осындай қайғылы жағдайға тап болған. Ол перзентханаға 19 наурыз күні жүктіліктің 37 аптасында түскендігін айтады. Өзінің де, іштегі баланың да денсаулығына шағым болмаған. Оны растайтын УЗИ аппаратының нәтижелері де бар екен. Біз мән-жайды Гүлжайнаның өз аузынан естігенді жөн көрдік.

– Алдыңғы екі баламды да кесарево арқылы тудым. Негізі бұл отаны жүктіліктің 37-38 аптасында жасайды. «Босанатын уақытың келді» деген соң, 19 наурыз күні сағат 13.00-де өзім келдім. Содан дәрігер УЗИ аппаратына түсірді. Қабылдау бөлмесіндегі кезекші дәрігер О.Литвиненко баланың 37 апталық екенін және барлық мүшелерінің толықтай дамығанын айтып, маған қатысты құжаттарды толтыра бастады. Менен қандай дәріге қарсы реакция барын сұрағанда, «Магнезия» мен «Цефазолинге» қарсы реакция бар екенін айттым. Бірақ дәрігер О.Литвиненко өз жұмысына жауапсыздықпен қарап, маған сол «Магнезияны» салу туралы қағаз жазып беріпті. Сол күнгі кезекші медбике И.Чеснокова егу бөлмесіне апарып, «Магнезияны» салып кетіп қалды. Бір кезде аллергиялық реакция басталып, есімнен танып, тұншығып, ауа жетпей қиналдым. Ұзақ уақыттан кейін медбике Ғ.Бектаева көріп қалып, ортасына жеткен жүйені суырып алды. «Мына құйып жатқандарыңыз қандай дәрі?» деп едім, «Магнезия» деп тұр. «Бұл дәрі аллергия береді деп айттым ғой» деп айқай салдым. «Біз дәрігер нені сал дейді, соны саламыз» деді. Содан менің жағдайым нашарлап, басым солқылдап, қан қысымым бір түсіп, бір көтерілді. Медбике тыныштандыратын дәрі егіп еді, ол да әсер етпеді. Дәрігерді үш рет шақырттым. Жоқ. Жанымдағы басқа әйелдер де «Мына келіншекті өлтіресіңдер ме? Бірдеңе жасамайсыңдар ма?» деп шарқ ұрса да, одан именетін медбикені де, дәрігерді де көрген жоқпын. Дәрігер Оңдасын Мұхтарұлы бір сағаттан кейін келді. Баланың жүрегін және менің қан қысымымды өлшеді де, «баланың жүрегі минутына 145-148 рет соғып тұр. Қауіп жоқ. Бірақ бұрынғы ота орны жыртылып кетуі мүмкін. Сол үшін қазір ота жасау керек» деп түсіндірді. Түн ортасында ота жасалды. Таңертең есімді жисам «Баланың жағдайы өте ауыр. Қазір тек аппараттың күшімен дем алып жатыр. Өкпесі дұрыс дамымаған» деді. Баламды бір күннен кейін ғана көрдім. Ешқандай қозғалыс жоқ. Бірақ баланың дене мүшелері дамыған. Шашы өскен. Тек шеке тұсында көгерген дақ болды. Ол осылай туылды, іштен тамырлары қысылған деді. Меніңше, сәби маған «Магнезия» құйғанда қысылған сияқты. Бала аппаратта екі тәулік жатып, 22 наурызға қараған түні сағат 3 жарымда шетінеп кетті. Ал ота жасаған дәрігер Оңдасын Мұхтарұлынан сұрағанымда, «бала жылап, ешқандай гематомсыз, дені сау болып туылды» десе, педиатрлар: «Бала дем алған жоқ. Басы көгеріп туылды. Салмағы – 2450 грамм, бойы – 48» дейді, ал баланы педиатрия бөліміне әкеткен акушер: «Бала бір сағаттан кейін ауыр халге түсті», – дейді. Үш маман үш түрлі пікір айтып тұр. Себебін сұрасам, «Өкпесі дамымаған. Балаға небәрі 34-35 апта болған» дейді. Содан не керек, баламның өлгені туралы парақшада «34-35 апта, салмағы – 1770 грамм, бойы – 43 см. Патологиямен туылды. Өкпесі дамымаған» деген жалған диагноз қояды. Ал №5 перзентхана меңгерушісі Галина Наурызбаева: «Ана жүктіліктің 34-35 аптасында түсті. Онда созылмалы артериальды гипертензия ауруы болған. Тіпті оның бойындағы ауру 10 параққа сияды. Дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасады. Бірақ бала 20 сағаттан кейін шетінеді», – дейді. Ал УЗИ аппараты баланың барлық мүшесінің дамығанын көрсеткен. Тіпті жүктілік кезінде ананың да денсаулығында ақау болмаған. «Егер өкпесі дамымаса, аппараттар мен анализдер көрсететін еді ғой. Білсек, сол кезде емделетін де едік. Білуімше, «өкпенің дұрыс дамымай қалуы» 22-24 апта болған балада ғана болады. Ал 1 келіден, яғни 30 аптадан асқан бала өлмейді екен», – деп ашынады ана. Неге екені белгісіз, Гүлжайна перзентханадан өзінің туу туралы картасын сұраса, жолатпапты да. Ол ол ма, №16 емханадағы әйелдерге кеңес беру бөлімінің дәрігерлері де 7 наурызда түскен баланың толық денсаулығын көрсететін КТГ аппаратының нәтижесін де бермей жатқан көрінеді. Шынымен де, егер былық-шылықтары болмаса, құжаттарды беруден неге жалтарады?

Біз бұдан кейін №5 перзентхананың меңгерушісі Галина Наурызбаевамен тілдескіміз келген. «Есікті кім ашады екен?» деп үрейлері ұшқан дәрігерлер меңгерушінің бүгін болмайтындығын айтып, тезірек шығарып салуға асықты. Алайда біз Гүлжайна Божбановаға кесарево отасын жасаған дәрігер, Жүктілік патологиясы бөлімшесінің меңгерушісі Оңдасын Имамұхаметовке хабарласып, сыртқа шығып кетуін өтіндік. Диктофонымды өшіруді талап еткен дәрігер әңгімесін бастағанда біз де құралымызды қосып үлгердік. – Оңдасын Мұхтарұлы, отаның басы-қасында болыпсыз. «Бала дені сау болып, жылап туылды» деп айтыпсыз. Неге бұл жағдай баланың өліміне әкеп соқтырды?

– Гүлжайна түнде өзін ауыр сезініп тұрғанын, іші ауырып жатқандығын айтты. Сосын анализдерін қарасам, алдыңғы екі баласын да осылай босаныпты. Содан орны жыртылып кете ме деп ота жасадық.

– Бұл жерде басты мәселе – дәрігердің аллергия беретін дәріні салуында болып тұр ғой. Бар қауіп-қатер содан келіп отырған жоқ па?

– Сіздер солай деп ойлайсыздар. Одан ба, одан емес пе, ештеңе айта алмаймын. Тағы бірдеңе айтсам, ол бос әңгіме болады. Оның бәрін экспертиза көрсетеді. Мен өз міндетімді дұрыс атқардым. Ал баланы туылған кезде-ақ педиатрлар қарады. Баланың жағдайын солар біледі. – Бірақ баланың өмірге шыр етіп жылап келгені рас қой…

– Бір сөзге екінші сөз қосылып, неше түрлі жағдай болып жатады. Сөз деген бәрін құртады. Қазірдің өзінде сол жағдаймен біздің де мазамыз кетіп жатыр. Тексеріп жатыр. Баланың аяқ-қолы, басқа да дене мүшелері бүтін боп туылды. Туылғанда «аһ» деп демалуын демалды. Бірақ баланың жағдайын «керемет» деп айта алмаймын. Оны сол мезетте педиатрлар алып кетті. – Гүлжайна Божбанова «Оңдасын дәрігер баланың өмірге шырылдап келгенін айтып еді» дейді. Бірақ сіз кеше кешірім сұрап барғанда басқаша сөйлепсіз.

– Мен – маманмын. Мұны менен сұрап керегі жоқ. Жанымда басқа бес кісі болды. Солар айтсын. – Бала уақытынан ерте туылды дейсіздер. Ана мен баланың картасында «денсаулығы жақсы» деп жазылады да, енді келіп ананы да, баланы да ауру қылып қоясыздар. Бұл қалай?

– Айтып отырмын ғой, сөздің түбіне жеткен қазақ жоқ. Сөз бар жерде дау болады.

Жауапкершілік болу керек дегеніңіздің бәрі дұрыс. Сіздер тілшісіздер ғой. Бізге келіп «Сіздер мына жерде қателестіңіздер, былай істеңіздер» деп кемшілігімізді бетімізге бассаңыздар, түзелмейтін нәрсе жоқ. Екіншіден, адамның қолынан келетін нәрсе бар, келмейтін нәрсе бар. Егер баланың өмір сүруге деген қабілеті болса, өлмейтін еді. Сенсеңіз, 600-700 грамм болып туылған нәрестелер адам болып кетіп жатады. Ал 4 келі болып туылған бала да шетінеді. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Ондай балалар бар. Көптеген диагноз қойылып жатыр. Ауруы анықталмағандар да болады. Міне, сондай да себептер болуы мүмкін.

– Бұл жерде бар мәселе жауапсыздықтан туындап отырғанын мойындайсыз ба?

– Мен өз жауапкершілігімді өз мойныма аламын. Эксперттер бар. Олар тексереді. Солардың қорытындысын күтеміз.

– Білуімізше, бұдан бұрын да дәрігерлердің өз ісіне селқос қараған­дығынан осы перзентханада өмірге келген сау бала шетінеген көрінеді…

– Сіздер де жұмыстарыңызда сүрінбей жүре алмайсыздар. Бір жерде болмаса бір жерде мәселе туындап жатады ғой. Кез келген жұмыстан кемшілік табуға болады. Сізден де, бізден де. Тек жұмыс істемеген кісіде ғана мәселе болмауы мүмкін. Ешкім әдейі жасамайды. «Осы бала өлсін» демейді. Ондай ой жоқ. Бәріміз қолдан келгенін істейміз. Тырнақтың астынан кір іздей берсең, табыла береді.

– Оған дау жоқ. Бірақ сап-сау, айы-күні жетіп туған баласынан айрылу кез келген анаға ауыр тиетіні белгілі.

– Мен бәрін түсінемін. Бұл – өмір. Мұндай жағдай шетелде, тіпті Австралия, Германияда да бар. Бірақ бізге қарағанда сирек кездесетін шығар. Қазір екеуміз қанша талқыласақ та, мұның түбіне жетпейміз. Әрине, мұндайға жол бермеу керек. Сіздер бізді сыртымыздан ақшақұмар деп ойлайсыздар. Өз басым біреуден бір тиын ақша алмаймын. Дәметпеймін де. Осыдан екі-үш жыл бұрын ақша алу болған шығар. Қазір жоқ. Дәрігер болу оңай емес. Он жылдың ішінде бір дәрігерді тәрбиелеп шығара алмайсыз. Бәрі бізді басып жатыр қазір. Ертең прокуратура тексереді. Одан ешқандай пайда көріп отырған жоқпын. Біз сол мәселемен басымыз қатып жүргенде басқа аналарға кім қарайды? Әрине, тәжірибесі жоқтар қарап, тағы кемшілік жібереді. Одан да тәртіпке шақырып, жиналыс ашып, ақыл-кеңестеріңізді айтып, кемшіліктерімізді бетімізге бассаңыздар, сонда ғана кемшілік түзеледі. Ал қазір бәрі келіп, сұрақтың астына алса, бізде жұмысқа деген қандай қызығушылық болады? Сіз келесіз, тағы біреу келеді, оған да жауап беруім керек. Шынымды айтсам, басымыз қатып жүр.

– Кейбір ақпараттарға сенсек, перзентханаға қазіргі меңгеруші келгелі осындай оқыс жағдайлар көбейіп кетіпті. Бұл рас па?

– Кім біледі, меңгерушіге де байланысты шығар. Бұрын Ошыбаевтың кезінде де проблема болды. Ол кісінің тұсында екі бірдей ана қайтыс болды. Бірақ ол кісінің тікелей кінәсі жоқ қой бұл жерде. Кісіге күйе жағу оп-оңай. Ал оны кетіру өте қиын нәрсе. Оны өзің менен артық білесің. Сіз біреу туралы даттап жазғыңыз келсе, жазасыз. Бірақ ол кісінің өмірін ешкім ойламайды. Сондықтан сіздердің беретін ауруларыңыз біздікінен де көп. Қаламның құдіреті күшті. Ал біздің қолымызда ондай мүмкіндік жоқ. Қырық жыл қызмет етіп жүріп, бір-ақ сәтте қара күйе жағып аламыз. Әрине, Гүлжайнаның басындағы жағдайды түсінемін. Өте ауыр екенін білемін. Менің жалғыз ғана өтінішім бар. Кеше үйіне барғанда да айттым. Бізге түсіністікпен қараса деймін. Өзім де бұл жағдайға солай қараймын деп ойлаймын. Дәрігерлер дұрыс қарамайды, дәріні дұрыс екпейді деп жатады. Не себептен олай болып жатқандығына ешкім үңілмейді. Неге? Дәрігер демалды ма? Жұмысқа қалай келді? Үкімет қандай жағдай жасап жатыр? Оны ешкім айтпайды. Дәрігердің алатын жалақысы төмен. Біз жыл бойы жұмыс істейміз. Демалмаймыз. Адамды қинай берсең, баса берсең не болады? Міне, дәрігерлер де сондай жағдайда.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары