КРЕМЛЬ ҚАБАҚ ТҮЙСЕ...
КРЕМЛЬ ҚАБАҚ ТҮЙСЕ...
Қазiргi әлемдiк жаһандану үдерiсi толқынында адамдардың ой-санасын тұмандатып, айқын жолдан адастыру, ақты – қара, қараны – ақ деп дәлелдеу үшiн қолдан келген амал-айланың бәрiн iстеп, адамгершiлiктен тыс қадамдарға да баруға болады. Макиавеллилiк мұндай қағида қазiр барлық саясаткерлердiң құпия қаруына, оның ақыл-кеңестерi қолдарынан тастамайтын оқу құралына айналған. Тiптен көзге, санаға анық белгiлi құбылыстың өзiн бұлдыратып, шындықты қанкөбелектей шырқ үйiрiп жiбергендерiнде, қалың көпшiлiк әу бастағы анықтың iзi қайда барып үзiлгенiн аңдай да алмай тосылып қалатыны рас.
Бұл бүгіндері бүкіләлемдік деңгейдегі беделді саясаткерлердің қолындағы ең мықты көзірге айналған іспетті. Және осы екіжүзділік дипломатияның, қоғамдық пікір қалыптастырудың ең озық үлгісі, биік шыңы, терең мағыналы саясат және қандай да қиын тұйықтан алып шығатын шеберлік ретінде кеңінен насихатталуда. Ал мұндай ұстанымды адамзат ықылым замандардан бері қарапайым тілмен бәтуасыздық, аярлық деп атайтыны бесенеден белгілі. Әсіресе Ресей тізгінін уысына ұстағандар бұл мәселеде алдына жан салған емес. Қол қойылған мәмілелерді сақтамау, өтірік айту, әріптестерін жалған айыптау, қоқан-лоққы жасап, бопсалау, тоңмойындық пен менмендік әр кез олардың саяси ойын құралына айналған болатын. Тарихи мысалды алыстан іздеудің де еш қажеті жоқ. Мәселен кеңестік қызыл империяның тізгінін қарулы күшпен өз уыстарына алған большевиктер Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарында патшалық Ресейдің АҚШ, Англия, Франция және басқа да одақтас елдерден соғысты жүргізу мақсатында алған қомақты қарызын қайтармай қойғаны белгілі. Мұның өзі Ресей мен Батыс елдері арасында ұзақ жылдар бойына дипломатиялық қарым-қатынастың орнатылуына кесірін тигізді. Ал Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Кремль Ленд-лиз бойынша алынған қару-жарақ, азық-түлік, басқа да әскери көмек үшін қарызды қайтаруды сиырқұйымшақтандырып жібергендері соншалық, соғыстан соң іле-шала күні кеше ғана одақтас ретінде ортақ жауға қарсы күрескен елдер арасында «қырғи-қабақ соғыс» тұтанды. 1991 жылдардан соң жаңа Ресейдің басшылығы да КСРО-ның батыс елдері алдындағы қарызын төлеуді саяси саудаға салған. Алпауыт елдер өз қарыздарының жұлым-жұлымы шығып, шартты түрде қайтарылғанына да амалсыздан дән риза болған.
Патшалық Ресей және Кеңес империясының қыр-сыры мен арадағы дипломатиялық қарым-қатынастың бүге-шігесіне әбден қанық, ант-су ішілген талай уағдаластық орыстардың тарапынан жел сөз ғана болып қалғанын өз көзімен көрген от тілді, әрбір уәжі жылдар өте келе мәңгілік афоризмдерге айналған Уинстон Черчилль: «Орыстармен жасалған кез келген келісім, қол қойылған дәп сол қағаздың құнына да тұрмайды» деп тегін айтпаса керек. Көзі анық жеткен шындықты кейінгіге үлгі болсын деп, күйінгеннен жайып салғаны күмәнсіз.
Басқаны былай қойғанда, Ресей Федерациясы тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде жарты ғасырға жалға алынған Байқоңыр ғарыш айлағы үшін стратегиялық әріптесі әрі мәңгілік дос деп саналатын Қазақстанға да сандаған жылдар бойы жүздеген миллион доллар ақшаны төлемей қойды. Тіптен өздері жасап, кепілдік берген «ҚазСАТ-1» жер серігі көп ұзамай-ақ шексіз ғарышта із-түзсіз жоғалып кеткенде де айыппұл төлемеу үшін қисынсыз сөзбұйдаға салып, қазақ елін келемеж қылғаны Уинстон Черчилльдің айтқаны нағыз ақиқат екеніне айқын дәлел.
Кремль ежелден уәде бергіш-ақ, бірақ уағдаласқан келісімдерді іс жүзінде орындауға келгенде күлбілтелеп, ант-су ішкен сөзінен тайқып шыға беретіні талайларды еріксізден тұйыққа тірейтіні де аян. Әсіресе дәп осындай көлгірсу мен бата бұзған бәтуасыздық қазіргі Қырғызстан мен Ресей арасындағы экономикалық, саяси қарым-қатынаста айрықша орын алып отырған сияқты. Қырғыз президенті Алмазбек Атамбаевтың айтуынша, соңғы 15 жылда Бішкек пен Мәскеу арасында жүзден астам түрлі құжаттарға қол қойылған. Алайда, солардың басым бөлігі Ресей тарапынан мүлдем орындалмаған көрінеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын Кремльдің қолдауымен «Интер РАО» компаниясы Қырғызстанның «Қамбарата-1» ГЭС-іне 2 млрд. доллар көлемінде инвестиция құюға уәде беріп, осы бір «ғасыр жобасы» байтақ Ресейдің барша бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихатталды. Тіптен сол кезде де Кремль билігін уысында ұстап отырған В.В.Путиннің өзі бірнеше рет биік мінберлерден мақтанышпен жар салып, бауырлас екі ел арасындағы достық, туысқандық байланыстардың жарқын көрінісі және озық үлгісі деп озандаған. Екіжақты келісімге де қол қойылған-ды. Алайда осы аса маңызды келісім дәп Кремль тарапынан орындалмай, құр сөз күйінде ғана қалды. Уәде етілген 2 млрд. доллардың орнына Бішкек небары 1 млн. доллардың ғана сыңғырын естіген.
Осымен қатар «РусГидро» компаниясы Нарын өзенінде төрт су электр станциясын салуға көмектесетіні жөнінде де шарттасқан еді. Қуатты компания Ресей билігінің көмегімен өздеріне аса тиімді келісімге қол жеткізген болатын. Аталмыш жоба да тек қағаз жүзінде ғана қалып, әлі күнге көк тиын да бөлінген жоқ.
Ақпан айының соңына Қырғыз республикасының президенті Алмазбек Атамбаев Мәскеуде Ресей басшысы Дмитрий Медведев, Ресейдің басқа да билік иелерімен кездесіп, екі ел арасында қалыптасқан кісі төзгісіз жағдайды әңгіме еткені мәлім. 27 ақпан күні қызуқанды, әділетсіздікке төзбейтін қырғыз елінің президенті беделді «Коммерсант» газетінің тілшісіне кең көлемді сұхбат беріп, Ресейдің осыған дейін жасалған келісімдердің көпшілігін мүлдем орындамай отырғанын ашық мәлімдеді. Ашуланып айтты.
Осы сұхбатта көтерілген басты мәселенің бірі – Ресейдің Қырғызстандағы «Кант» 999-әуе базасының жайы. Бұл базаның құрылғанына бес жыл толса да Ресей әлгі күнге бір тиын да төлемеген. Ол ол ма, әу баста келіскендеріне қарамастан қырғыз ұшқыштарына да ештеңе үйретпепті. Жал- ақысы төленбеген, көрсетілген міндеттемелердің ешбірі орындалмаған. Ақыр соңында 15 млн.доллар берешек болып отыр. Аса бай, әлеуетті Ресей үшін бұл сома соншалықты көп ақша да емес, бірақ шағын, ішкі алауыздыққа толы елге азын-аулақ ақша қайтарудың өзін Кремль ар санайтын секілді. Айта берсе сөз көп. Өткен жылы Бішкекке ЕурАзЭС-тің дағдарысқа қарсы қорынан 106 млн.доллар бөлінетін болып, бұл жайт та кеңінен насихатталған еді.Аталмыш несие қырғыз елінің бюджетін қамтамасыз етуге бағытталмақшы болған және аңқау Бішкек бұл соманы өткен жылдың бюджетіне де енгізген-ді. Алайда аса ауыр күндерді басынан өткеріп жатқан, экономикалық қиындықтармен күресіп жатқан қырғыз еліне бір тиын берілген жоқ.
Мұның бәрі түйткілдің бір парасы ғана. Ең таңданарлығы, осыдан кейін-ақ «Кант» әуе базасы Құрманбек Бакиевтің кезінде Ресейге мүлдем тегін пайдалануға берілгені ашылды. Гәп онда да емес. Қырғызстанда Мәскеу жалға алған түрлі әскери маңызды нысандардың саны көп. Мәселен Ресей әскери-теңіз флотының Қаракөл қаласындағы қайықтарға қарсы сынақ базасы, РФ әскери-теңіз флотының Спартак елді мекеніндегі 338-ші байланыс торабы, сондай-ақ Қорғаныс министрлігінің Майлы-Суу қаласындағы арнайы тексеру қызметінің автономды пункті. Жалға берілген нысандардың жалпы көлемі 863 гектар, оған қосымша әйгілі Ыстықкөл айдынының ауқымды бөлігі де ресейлік әскерилердің иелігінде.
Қазақстандықтар жаппай демалуға құштар жайсаң көлде Ресейдің әскери қызметкерлері құпия түрде теңіз торпедоларын сынақтан өткізетіні бұрыннан мәлім. Ресей жоғарыда айтылған маңызды нысандарды сонау 1993 жылдардан бері үздіксіз пайдаланып келеді. Бірақ соңғы 5-6 жылда бұлар үшін жалақысын төлеуді мүлдем жадынан шығарып, емін-еркін сайрандап жүр. Ресми Бішкек әлсіз наразылық танытса, Кремль қабағын түйеді…
Осының бәріне қарап, Ресей қазақ жеріндегі жалға алған әскери нысандар, түрлі әскери базалар үшін ақы төлей ме деген ой иектейді. Төлемдердің көлемі қанша және олар қайда жұмсалады? Кремль қабақ түйсе, Қазақстан да ешқандай төлем сұрауға қауқарсыз шығар, сірә?!
Жаңабек ШАҒАТАЙ