ТЕМЕНОВ НЕГЕ ТУЛАЙДЫ?
ТЕМЕНОВ НЕГЕ ТУЛАЙДЫ?
Осы мақаланы жазу ойымда бар екенін айтқанымда әдебиеттен, өнерден бір кісідей хабары бар ақын, жазушы, журналист жігіттер Талғат Теменовке сөзіңді шығын қып қайтесің деген еді. Cолар Талғаттың әсіресе «Көшпенділер» фильмі туралы жұртшылықтың мың сан ескертпесін құлаққа қыстырмай, ақыры «Көшпенділер» де, ондағы Абылай ханды да кісі танымас күйге түсіргенін де зар илеп айтып еді. Құдай берген қырсық мінез бе қайдам, оның «Түркістан» газетіндегі әлде сұхбат, әлде өзін жарнамалауына қысқаша жауап беруге бекіндім.
Иә, Абай шал өзінің небір тереңін толқын тербеген ордалы ойларын қанша жерден даналықтың дариясын шайқап, сөз маржанын кестелеп-ақ айтса да, «ұятсыз, арсыз салтынан» лағып кететіндердің кесірінен бүкіл асыл сөзінің желге ұшып жатқанын көріп, «қайран сөзім қор болды-ау» деп, күйіне күңіреніп еді. Ендеше Абай кім, мен кім? Әйтпесе «карментанушы» Талғаттың былайғы кездегі жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзін көре тұра менің мақалама қайтармақ болған жауап дегеннен гөрі, реваншинтервью деуге келіңкірейтін, біржарым беттік дүниесін жылы жауып қоя салу керек еді. Ал ол мені біресе «мыжырайған», біресе «қайдағы бір Мырзан», біресе «ен салып қоюға болар еді», біресе «асқақ Кармен Мырзанмен мұрнын сүрте ме?» деп арсылдайды. Басқасын былай қойшы, Талғат Теменовтің Карменді асқақ дегені оның өнердегі де, өмірдегі де асқақтық, биіктік туралы ұғымының қандай деңгейде екенін анық көрсетіп тұр. Әйтпесе етегінен жел есіп тұрған, «Времяның» Талғатпен сұхбаттасып отырған тілшісі айтқандай «шалаваны» асқақ деп, Талғаттан басқаның айта қоюы, әй қайдам-ау! Мен оның «Время» газетіндегі көпірмесі туралы мақаламда Талғаттың Құдай берген сықпыты туралы бір ауыз сөз айтқан жоқпын. Біз айтсақ, Т.Теменовтің 1913 жылы Әуезов пьеса жазған деген сауатсыздығын, Әуезов ол кезде ешқандай пьеса жазбағанын айттық. Өзінен өзгені әлде соқыр, әлде қазір айтылғанды қазір ұмытып қалатын есуас деп ойлай ма қайдам, «Түркістанның» тілшісіне берген жауабында ол 1913-ке жалма-жан 4-ті қосып, 1917 деп өзгерте қойыпты.
Жалпы, жазушы қауым өз кейіпкерінің образына тереңдеп еніп, өзі де бір сәт сол кейіпкерге айналып кететіні бар. Олар кейін өзінің Құдай жаратқан бастапқы қалпына келеді. Бұл – жазушының шеберлігі. Ал Талғат Карменнің образына кірем деп, біржолата «Карменмінезге» айналып кетті ме қайдам, әлгі жалт беру аз болғандай енді өзінің «Времядағы» «Әуезовтің пьесасы 19 ғасыр адамына тән. Ал қазір 21 ғасыр» деген сөзінен тағы да танып, мен оны бүгінгі пьесаның талабы, қойылымы тұрғысынан айтқам деп бұлаңдата жөнеледі. Менің мақаламда махаббаттың үлгісі ретінде кешегі Қыз -Жібек, Айман-Шолпанды былай қойғанда да Ләйлі мен Мәжнүннің, Шырын мен Фархаттың, Зылиха мен Жүсіптің махаббатқа деген адалдығын, сол сұлуларымыздың перизаттығы мен үрзадалығын неге көрсетпеске дегеннен басқа Карменнің образын, Талғаттың режиссерлығын талдаған емеспін. Ал қайран Талғат – карментанушы өзінің мен көрсеткен ерсі сөздеріне жауап берудің орнына ендігі сөздерін қырғауылдың құйрығындай қырық құбылтып келіп, «Времяның» тілшісі айтқан «шалава Карменді» шырқ айнала береді.Талғат – карментанушы сол сұхбатында «есть такая казахская черта – завистливость» деп бүкіл қазақ ұлтына қара таңба басты. Оның бұлайша қазақтарға қызғаншақтық, күншілдік тән деп қияпатты сөз айтуға қандай құқы бар? Сол үшін ол бүкіл қазақ халқының алдында жауап беруі керек. Біз мақаламызда соны айттық, «Түркістанға» берген жауабында ол бұл туралы ләм-мим демейді.
Талғат – Тәкең сол сұхбатында қазақтың бірнеше әншілерімен Мәскеуден Алматыға ұшақпен келе жатып, тек орысша сөйлесіп келдік деп лепіреді. Біз соны айттық. Оның «Түркістанға» берген жауабында бұл туралы да ләм-мим жоқ.
Талғат «Время» тілшісінің Назарбаевқа «Халық қаһарманы» атағын беруге қол қойдыңыз ғой деген сауалына баяғыда І.Есенберлин мен Н.Думбадзенің сыйлыққа таласын айтып кетеді. Біз: «Ау, Нұрекеңмен ешкім таласқан жоқ еді ғой, бұл не лағу», – дедік. Жасы біразға келген, театр басшысы әлі күнге жүйелі сөз айтуды үйренбегені қалай дедік. Талғаттың «Түркістанға» берген жауабында оған да не ләм, не мим жоқ.
«Адамдар өзіне ең ыңғайлы тілде сөйлесе, одан қорқатын ештеңе жоқ. Көп тіл білсең, өзіңе пайдалы дейсің, ал Қазақстанда тұратын орыстар неге көп тіл білейік, Қазақстанда тұрамыз ғой, ең болмаса бәріміз қазақша сөйлейік, ол өзімізге жақсы» демейді ғой дедік біз. Сосын алдағы уақытта қазақтар ағылшынша сөйлеуге көшетін шығар деуіңе жол болсын, дедік біз. «Түркістанға» берген сұхбатында ол мұны да айналып өтеді.
Талғат бұл сұхбатында сығандар қазақ сияқты деп тағы бір «жаңалық» ашады. Ол мұнысына сығандардың қысы-жазы көшіп жүретінін мысалға келтіреді. Бұл барып тұрған кімнің – кім, ненің – не екенін айыруға өресі жетпейтін дәрменсіздік, парасатсыздық па деп қорқамын. Неге дейсіз ғой? Біріншіден, қазақ ешқашан сығандарша бала-шағасын жалаңаяқ, жалаңбас қайыр сұратып, бал ашып берейін деп әркімнің етегіне жармасып, қысы-жазы босып жүрген емес. Екіншіден, қазақ көшсе әр ру, әр тайпа, ата-бабасынан мирас болып қалған белгілі бір аймақтан әрі асып, ешқайда қаңғырған жоқ. Жазда мал қамымен жайлауға, күзде күзеуге, қыста қыстауға көшті. Соның бәрінде қазақтың өз мәдениеті, өз сән салтанаты, өнегелі салт-дәстүрі анық көрініп тұратын. Мысал ретінде бір ғана «Қыз-Жібек» эпосындағы, «Қыз-Жібек» фильміндегі көштің суреттелуін алсақ та жетеді. Үшіншіден, қазақ соның бәрін сол кездегі ең басты күн көріс көзі–мал шаруашылығының ыңғайына, күн райы мен жер, судың қолайлы сәттеріне орайластырып отырды. Ал сығандардікі мүлдем басқа нәрсе, олардың көші бұлайша еңбек етуге негізделмеген. Талғат – сығантанушының мұнысы да, сығандардың атқұмарлығын қазақтармен салыстыруы да өзі маған айтқан нағыз можантопайлық. Әлем ғалымдары жылқыны ең алғаш қолға үйретіп, оны көлік ретінде пайдаланған, еті мен сүтін тағам еткен скифтер дейді. Ал қазақтар скифтердің тікелей ұрпағының бірі. Бұл – бір. Екіншіден, қазақтағы құнан бәйге, жорға бәйге, аламан бәйге, ат үстінен теңге алу, тағы басқалары сияқты ат спорты сығандарда жоқ. Әзілдеп айтар болсақ, сығандардың ат спорты атты ұрлап мініп қаша жөнелу, ең әрі кеткенде сұлу, жүйрік атқа құмарлық қана. Міне, осыларды ажырата білмегендіктен карментанушы, сығантанушы Тәкең қазақ пен сығанды ұқсас деп отыр.
Т.Теменовтің тағы бір үлкен қателігін айтайын: «Кармен – бұл махаббаттың гимні» дейді ол. «Карменді» ешқашан, ешкім махаббаттың гимні деген емес. Әр халық өкілінің өз махаббатына үлгі, гимн етерлік, тарихта болған немесе аңызға айналған кейіпкерлері бар. Сол Проспер Мерименің отандасы, әлемге әйгілі Луи Арагонның өзі Карменді емес Ш.Айтматовтың «Жәмиләсын» ғана махаббат гимні деген еді. Әлде Луи Арагон Мерименің кім екенін Талғат Теменовтен кем білді ме екен? Бүкіл Шығыс әдебиетінде махаббаттың ең асқақ үлгісі, махаббаттың туы ретінде айтылатын шығармалар ондап, жүздеп саналады. Бірақ олардың ешбірі салдақы, яғни «шалава» атанған емес.
Т.Теменов түсірген «Көшпенділер» деп аталатын дүниесі туралы баспасөзде де, теледидарда да айтылмаған реніш, ащылы, тұщылы ескертулер қалған жоқ. Оған жұмсалған біреулер 30, біреулер 40 деп жүрген миллиондаған доллар рәсуа болғаны талай әңгіме болды. Не кереметі, қандай жарылқаушысы бар екенін қайдам, Т.Теменовке сонда да бәле жуыған жоқ. Талғаттың «Көшпенділерінде» Абылай хан бір кезде қыздың артына міңгесіп қашып бара жатады. Абылай хан түгіл қазақтың кез келген батыры қыл мойынға қасқа қылыш төніп, ажал аузында тұрса да, қатынның атына, оның артына міңгесіп қашқаннан өлгенді артық көреді. Осы Тәкең мені енді Майя Плисецкаяға мінгестірмек болып, кейін ол ойынан айнып қалды ма қайдам, «Майя Плисецкая кім, Мырзан кім» деп мәселеге мүлде қатысы жоқ өзі айтқандай «собачий бредке» түсіп кетеді.
Әңгімені осымен доғарайық. Осының бәріне, сын ескертпелер айтқандардың бәріне «мырзанщина» деп ат қойып, ен салуға болады дейді карментанушы Талғат. Қазақ малға ғана ен салады. Талғат алдағы уақытта бұл «жануарщиналығы» үшін заң алдында жауап береді. Құдай бүгінгі қазақ театрын өзінің теріс сөздерін түзетудің орнына, арлы сөзге арсылдап қарсы шабатын мұндай «талғатщинадан» сақтасын!