«ГЕОЛОГ КҮНI» АТАП ӨТІЛДI

«ГЕОЛОГ КҮНI» АТАП ӨТІЛДI

«ГЕОЛОГ   КҮНI» АТАП ӨТІЛДI
ашық дереккөзі
540

Өткен жылға дейін республика геологтары сәуір айының алғашқы демалыс күнін кәсіби мереке ретінде атап келген болатын. Елбасы Н.Назарбаевтың 2011 жылғы 20 қазандағы жарлығы бойынша әр жылдың сәуір айындағы алғашқы жексенбісі «Геолог күні» деп арнайы белгіленді. Мереке қарсаңында Алматы қаласының Қ.Сәтбаев атындағы Геологиялық ғалымдар институтында салтанатты жиын өтті. Жиынға ҚР Индус­трия және жаңа технологиялар, сондай-ақ Мұнай және газ министрліктерінің өкілдері, «Самұрық-Қазына» АҚ, «Қазгеология» АҚ, «ҚазМұнайГаз» АҚ және басқа ҚР ұлттық компанияларының түрлі деңгейдегі басшылары, ҚР геологиялық ұйымдарының, гео­логия қызметкерлерінің кәсіподағы, гео­дезия және картография ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ геология қызметінің ардагерлері қатысты.

«Қазгеология» АҚ Басқармасының төрағасы Болат Өжкенов баяндама жасап, еліміздің геологиясының тарихына, жеткен жетістігіне, алдағы атқаратын жұмыстарға тоқталды. Содан кейін сөз алғандар: ҚР Премьер-Министрі кең­сесі бөлім меңгерушісінің орынбасары Ғ.Шынәлиев, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті төрағасының орынбасары М.Сәдуақасов, ҚР Өндірістік геологиялық ұйымдар қауымдастығының президенті А.Тілеубердин, «КазГЕО» Қазақстан геологиялық қоғамының президенті Ғ.Бекжанов, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі С.Дәукеев, ҚР геология, геодезия және картография қызметкерлері кәсіподағының төрағасы М.Қалтаев, «Қазақстанның мұнайшы-геологтар қоғамы» бірлестігінің президенті Б.Қуандықов және тағы басқалар өз салалары бойынша сыр шертті.

Тарих беттерін ақтарсақ, Қазақ КСР-нің Геология және жер қойнауын қорғау министрлігінің құрылғанына биыл 56 жыл толды. Министрлік құрылғаннан бастап, түрлі пайдалы қазбалар жөнінде еліміздің тек ішкі қажеттіліктерін өтеп қана қоймай, сонымен қатар зерттелген табиғи байлықтарының қоры мен сапасы жағынан Отанымызды әлем бойынша алдыңғы қатарға шығаратын бірегей минералдық-шикізаттық базаның қалыптасуына ықпал етті. Сол қалыптасқан геологиялық жүйе өзінің тиімділігін дәлелдеп, болмашы ғана өзгеріспен бүгінгі күнге дейін жетіп отыр. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде тапсырыстар азайып, өндірістік жүктемелер артқан кездің өзінде күрделі геологиялық мәселелер шешімін тауып, мемлекеттік органдар жер қойнауы мен оны пайдаланудың жай-күйі туралы ақпаратпен қамтамасыз етіп тұрды. Өткен жиырма жылда республика экономикасының негізгі саласының бірі ретінде геология құрылымы да күрделі өзгерістерді бастан кешті.

1998 жылы «Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын одан әрі іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Республика Президенті жарлығына сәйкес еліміздің геологтары минералдық-шикізаттық кешен қорының базасын дамытудың ұзақ мерзімдік стратегиясын әзірлеп шығарды. Жер қойнауы байлығын орынды пайдалану және қорғау осы стратегияның негізі болып отыр. Қазақстан геологтарының қол жеткізген табыстары аз емес. Әсіресе тәуелсіздік жылдарында ел экономикасына қосқан үлестері мол. Атап айтар болсақ, елімізде 123 пайдалы қазбалы кен орындары қорларына тұңғыш рет барлау жасалып, мемлекет есебіне қойылды. Солардың ішінде 50-ге жуығы кешендік нысан, 40-тан астам алтын шығатын, 30 темір-марганецті кен орындар, 1 уран, 1 хром өндіретін, 103 көмірсутегі шикізаты шығатын орындар бар. Васильков, Секисов, Варваринское және басқа кен орындарының барланған қорларының негізінде оннан астам заманауи тау-кен-металлургия өндіріс орындары іске қосылды. Мұнайгаз саласы бойынша Қашаған, Қайран, Қаламқас-Теңіз, Ақтоты, Хазар сияқты кен орындары ашылды.

Еліміздің экономикалық жағынан өр­кендеуіне геологиялық кен қазбалардың қосқан үлесі зор. Соңғы он бес жылда рес­публикада негізгі пайдалы қазбалар қоры қарыштап өсті. Мысалға алсақ, 761,6 тонна алтын, 5,2 млн. тонна мыс, 0,6 млн. тонна қорғасын, 1,9 млн. тонна мырыш, 90,2 мың тонна уран, 40,3 млн. тонна марганец рудалары, 1634 млн. тонна темір рудалары, 1839,7 млн. тонна мұнай, 126585,2 млн. текше метр газ өндірілді. Мұнымен қоса, жер қойнауын игеруге жасалған қолайлы жағдайлар 1996-2010 жылдар аралығында ел экономикасына 170 млрд. доллар инвестиция тартып, 80 млрд. доллар салық төлемдерінің қазынаға құйылуына ықпал етті. Бұл күндері отандық геология ТМД елдерінің геологиялық қызметтерімен ықпалдаса отырып, бірлескен зерттеу жұмыстарын жүргізуге белсенді түрде атсалысуда.

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары