АДАЛ АДАМДАРҒА МҰНДА ОРЫН ЖОҚ
АДАЛ АДАМДАРҒА МҰНДА ОРЫН ЖОҚ
Стейси Даллмэн – соңғы жылдары Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) сәттi өнер көрсетiп жүрген астаналық «Барыс» командасының капитаны Кевин Даллмэннiң әйелi. Ол таяуда өзiнiң Қазақстанда тұрған кезiндегi ауыр әсерлерiн, көзбен көрiп, куә болғандары мен ой-толғамдарын өз блогында жариялапты. Сырт көз – сыншы. Стейси Даллмэннiң блогындағы жазбаларын тәржiмалап, «Түркiстан» газетi оқырмандарының назарына ұсынуды жөн көрдiк.
«Қазақстанда өткізген таусылмастай сегіз айдан кейін міне, ақыры Солтүстік Америкаға да табаным тиді-ау. Өз басым бөтен жерде өзімді үйімдегідей бақытты сезіне алмаймын. Күткенімдей, Астанадағы өткізген төрт маусымнан кейін ол жердегі өмірім бұрынғыдан да ауырлай, жиренішті бола түсті.
Расында, бұған неліктен төзімсіздік таныта бастағанымның себебін түсіндіріп бере алмаймын. Ал мүмкіндігі мол және орасан зор табиғи байлығы бар елде халықтың соншалықты кедей өмір сүретінін көру аса ауыр. Мұндағылар өз жерлерін шетелдіктердің пайдалануынан көк тиын да пайда көрмейді. Елді ілгері дамыту үшін пайдалануға тиіс қаржы сыбайлас жемқорлық, өтірік, пасықтық пен ашкөздіктің кесірінен құмға сіңген судай із-түссіз жоғалады. Бұл әдет биліктің барлық деңгейінде – үкіметтік мекемелерден бастап, шағын бизнесте, үй қызметшілері мен бала тәрбиешілеріне дейін қанына әбден сіңіп кеткен. Мұнда адал әрі шыншыл күн кешіп, адал жолмен ақша жинап, өмірде өз жолымен ілгері қадам жасауды ойлайтын қарапайым адамдарға еш орын жоқ. Мен бұл жағдайды үнемі өз көзіммен көрудемін және бұл жайт мені қатты мазалайды. Егер әлдекім менен сұраған болса, өзіме мәлім жайттар мен адам айтарын жасырмай айтып берер де едім. Бар гәп менен ешкімнің ештеңе сұрамайтынында. Мұндай жайттарға мұнда ешкімнің жаны ауырмайды.
Неліктен қызметкерлерге айлықты газетке оралған нақты ақшамен береді – бұл мен үшін мүлдем жұмбақ. Егер бұның бәрі сіздің әрбір трансакцияңыз айқын көрінетін корпоративтік кредит карточкасының көмегімен жүзеге асырылатын болса, онда ешкім бір тиын да ұрлай алмас еді немесе жалған цифрларды қоя алмайтыны анық. Онда төлем жасау үшін көптеген адамдарды жауапкершілікке міндеттеп, ашықтық пен жариялылыққа көмектесетіні күмәнсіз. Ең бастысы, бұл үкімет үшін де, бизнес үшін де күнделікті қажеттілік емес пе, бірақ неліктен ешкім мұны істемейді?Кредит карточкаларын қолданудың орнына Қазақстанда нағыз ақымақтық жүйе жұмыс істейді әрі бұл хоккей клубында іс-сапар шығындарын толтыру кезінде мені талай тұйыққа әкеліп тіреген-ді. Егер сіздің қолыңыздағы қағазыңызға көк мөр басылмаса, онда ол ресми деп саналмайды. Мен әуе билетін онлайн жүйесімен сатып аламын. Билет сатып алу үшін авиагенттіктерге салпақтап баратындар әлі бар ма өзі?! Содан кейін мен билетті кредит карточкасы арқылы сатып аламын. Сөйтсем, шын мәнінде жиі жоғалып қалатын ұшақ билеті мен отырғызу орнына жүреді деп есептелетін түбіртекті баспадан басып шығаруға тиісті екенмін. Ал менің карточкамда билеттерді сатып алғаным көрсетілген. Ол ол ма, Кевинге билет сатып алғаным жөнінде де жазбаша құжат керек болады екен. Осының бәрі шынымен қажет пе? Ал осының бәрі билетті қолма қол ақшаға сатып алмағандығымнан және менің қолымда «көк мөрлі» түбіртек болмағандықтан туындайтын жайсыздықтар. Не үшін? Мұның бәрін кім орындайды? Осы қисынсыздықтың бәрін хоккей клубының пасық бухгалтері жасай ма, әлде Қазақстанда жұрттың бәрі осылай істей ме? Неліктен барлық мөрлер көкпеңбек? Бақытыма орай, күйеуімнің еңбекақысын төлеуде ешқандай іркіліс болған емес және оның ендігі келісім-шартына жол шығындарының өтемі енгізілмейтін болды. Олар бұл соманы оның айлығына қоспақшы және енді мен бұдан былай «көк мөр» жөнінде еш қам жемеймін.
Менің ең әлсіз жерім – әділетсіздікке төзе алмайтындығым. Базбір адамдардың өзіне тиесілі емес нәрселерді арсыздықпен иемденіп алуына сырт қарап тұра алмаймын. Өз басым Қазақстанға қатысты нәрселердің бәрін де жек көре бастаған сияқтымын, өйткені бұл елдегі өмір сүру дағдысы мүлдем әділетсіз. Мен адамдардың аса суық ауа райында, қауіп-қатерлі жағдайда ішер тамақ үшін ғана аса ауыр жұмыс істеп жүргендерін күнделікті көріп жүрмін. Менің Словакиядан келген достарымның бірі: «Егер бұл адамдар жолдарды басқан қарды тазаламаса немесе лас едендерді жумайтын болса, онда бұл бейшаралардың ешқандай да жұмысы болмас еді, яғни қазіргі жағдайлары өздері үшін ешқандай да жаманшылық емес», – дейді.
Мен де біраз уақытқа дейін осылай ойлаған болар едім-ау. Бірақ әйнектері көлеңкеленген көліктерінен айналадағы әділетсіздіктерді көре алмайтын шенеуніктер неліктен өздерінің қымбат «Мерседестеріне» мініп, шалқып жүр? Мен АҚШ-тағыдан гөрі екі есе қымбат тұратын автомобильдерді сатып алуға ақша шашудың орнына үкімет өз халқына қандай жақсылықтар істей алар еді деген сұрақты қоймай тұра алмаймын.
Әлгі шенеуніктер қарапайым, аса қымбат емес, сонымен бірге сенімді машиналарды мініп, үнемделген миллиондаған доллар ақшаны қарапайым адамдардың өмірін жақсартуға жұмсауына болар еді. Бірақ Қазақстанда «байлар бұрынғыдан да байысын» деген принциппен ғана өмір сүретін секілді, ал халықтың басым бөлігі бірдеңе айтудан қорқып, үнсіз азап шегуде. Өйткені биік лауазымды шенеуніктерді сынау заңға қайшы деп саналады. Және бұл осындағы адамдардың әрбірі дауысқа ие, нағыз бостандыққа иеміз деп жүрген жағдайдағы қалыптасып отырған келеңсіздік.
Қалай дегенде де мен бұл елге айналада болып жатқан нәрсенің бәрін сынау үшін келген жоқпын. Иә, әлемде мінсіз өкімет жоқ. Бәріміз де адамбыз және қашанда да осылай болып қала беретін шығар. Алайда бұл күнделікті тұрмысымыздың бөлшегіндей сыбайлас жемқорлыққа төзе беруіміз керек деген сөз емес. Әуелде мен де айналаға әбден сіңіп кеткен әділетсіздікті аңғармайтынмын. Бәрі де лас көлігім үшін МАИ-ге қайта-қайта ақша төлеуге мәжбүр болуымнан басталған. Бұл – мәселенің бер жағы ғана.
Бұл елде ұзақ өмір сүрген сайын осындағы адамдардың ауыр езгіде өмір сүре беретіндіктері және менің үйге қайтатыным жөніндегі ой жанымды ауыртады. Ал мұндағылар өздерін қоршаған әділетсіздікті сезбейді де. Әр кез қайтып оралып, ешқандай ілгерілеудің жоқ екенін көзбен көру ауыр ойларға жетелейді. Мен Қазақстанның ең ірі екінші қаласында тұрамын, ал шағын қалалар мен ауылдарда не болып жатқанын көз алдыма елестете де алмаймын. Астананың іргесіндегілердің өзі қақаған қыста да суды құдықтан алады. Егер олардың үйлерінде су болмаса, олар жалпы бұл елде не істеп жүр?
Еуропадан келген достарым өз уақытымды қазақстандықтардың жайлы өмірі жөнінде мазасыздануға жұмсағанымды құптамайды. Мұндағылар басқа тұрмысты көрмеген және осы сүреңсіз өмірлерін сүйеді. Бірақ адамға жерден қазылған шұңқырдан гөрі жайлы дәретхананы көрсетсең, адам жайлы дәретхананың орнына жерден қазылған шұңқырды таңдайды дегенге сену мүмкін емес.
Қазақстандағы өмір маған да, сондай-ақ қазақстандықтардың өздері үшін де аса ауыр деген қорытындыға келдім. Мұндағылардың бәрінің де жүздері қату болатыны сондықтан шығар, сірә?!»
Ж.БАҚҚОНДЫҰЛЫ